​Облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет делінген. Жастардың білімге деген құштарлығын, шығармашылы...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

06 желтоқсан, 2017

Осы орайда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қоры Ә. Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Мақтанышым, айбарым, желбіре, көк байрағым!» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасын өткізді.

Байқаудың мақсаты - жастардың шығармашылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 16-22 жас аралығындағы 23 талапкер қатысты.

Байқау 2 кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші бөлімде қазақтың белгілі өлеңдерінен жатқа үзінді оқыды. Екінші кезеңде Тәуелсіздікке арналған авторлық туындыларын паш етті.

Талапкерлердің өнерін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бекмағамбетов Шанжархан Бекмағамбетұлы басқарған қазылар алқасы бағалады.

Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, жатқа оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша Қазалы ауданындағы №98 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әбдіхан Бекзат І орынды жеңіп алса, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті Бақытбек Сұлтанбейбарыс пен «Болашақ» университетінің 4-курс студенті Ержігіт Бекжан ІІ орынды, Арал ауданындағы №60 орта мектептің 11-сынып оқушысы Жақыпова Сәния мен «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің 4-курс студенті Қайран Еркебұлан ІІІ орынды иеленді. Ынталандыру сыйлығына Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың 1-курс студенті Жалғасбекұлы Шернияз, И. Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Садықова Назгүл және «Болашақ» колледжінің студенті Кеңесов Данияр ие болды.

Байқау жеңімпаздары басқарманың бағалы сыйлықтарымен, арнайы дипломдар және алғысхаттармен марапатталды.


Баға беріңіз