Мемлекеттік тілді үйрететін мамандар біліктілігін арттырды

«Мемлекеттік тілді үйретудегі тәжірибе және инновация» атты республикалық біліктілікті арттыру курсы өтті. Республикалық деңгейдегі біліктілікті арттыру курсы қазақ тілі оқытушыларының тәжірибе алм...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 желтоқсан, 2017

Курсқа Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласының тіл мамандары қатысты. «Haileybury Astana»британдық мектебінің Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Г.Қ. Жұмағалиева біліктілік арттыру курсын «Қазақ тілі сабағында қолданылатын жаттығу түрлері» атты дәрісімен ашты. Ол қазақ тілін үйретудің заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, жаттығу түрлерін көрсетті.


Курстың екінші күні Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ж.А. Ағабекова «Тіл үйретудің инновациялық әдістері мен тәжірибелері» тақырыбындағы дәрісін оқып, тіл үйретудегі шетелдік тәжірибелерді қолданудің тиімділігіне тоқталды. Тіл үйрету процесінің педагогикалық қырымен қатар психологиялық тұстары да бары белгілі. Соған сәйкес курстың үшінші күні Еуразия гуманитарлық институтының Қазақ және орыс тілдері кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Н.Х. Шадиева «Тіл үйретудің педагогикалық-психологиялық негіздері» тақырыбында дәріс оқып, тіл үйренушілердің психологиялық жағдайын ескеріп, тілді меңгеруге деген құлшынысын арттыру жолдарын үйретті.

Үш күнге жоспарланған біліктілік арттыу курсында арнайы бекітілген лекторлардан бөлек Ш.Шаяхметов атындағы тілдері дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының Оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы М.З. Дарменова тіл үйретудегі заманауи әдіс-тәсілдер негізінде жазылған «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралын таныстырса, орталықтың әдіскерлері Ш.Елімай және Д.Оспанова сол оқу құралы бойынша сабақ көрсетті. Ал орталықтың Ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы М.Бақытқызы тыңдаушыларды қазақ тілін үйрету процесін жеңілдететін сайттармен таныстырды.

Курсқа қатысушылардың сұрауымен орталық директоры, филология ғылымдарының кандидаты Е.Тілешов «Латын графикасындағы әліпбиге көшудің әдістемелік алғышарттары» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек жаңа қазақ әліпбиі туралы дәріс оқыды. Латын әліпбиіне көшу көпшілікті толғандырып жүрген мәселе болғандықтан, тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мамандар осы мәселе төңірегінде пікір алмасты.

Кез келген істің нәтижесі маңызды. Сондықтан курс ұйымдастырушылары шара соңында қатысушыларға ұсыныс-пікір парағын ұсынды. «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның Іс жүргізу және мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің жетекші маманы Ж.Т. Абирова:

«Мемлекеттік тілді үйретудегі тәжірибе және инновация» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы өте пайдалы, қызықты әрі танымды курс болды. Үш күндік курста қазіргі кездегі мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері берілген. Олар жеңіл әрі қызықты мысалдар арқылы түсіндірілді. Лекторлардың дайындығы жоғары. Білікті мамандар екені көрініп тұр. Алдағы уақытта курстың ұзақтығы 1 апта болса деген ұсынысым бар. Сол кезде курсқа келген мұғалімдердің бәрі сабақ өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болар еді. Ш.Шаяхметов орталығының ұжымына алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс тілеймін!» - деп пікірін айтты.


Өзге қатысушылар да курс жайында ұсыныстарын білдіріп, курстың практикалық, ақпараттық, танымдық тұрғыдан өте пайдалы әрі қызықты болғанын атап өтті. Шара соңында барлық қатысушыларға сертификат табысталды.


Баға беріңіз