Халықаралық терминдерді аудару мәселесіндегі түйіткілдер

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы халыққа арнаған Жолдауында «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықта...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 қаңтар, 2018

Әдетте тілдегі қандай сөз болсын көп мағыналы болып келеді де, оның мағыналық шегі айқын болмай, жылжымалы болады. Ал ой-пікірді дәл білдіру үшін сөздің мағынасы тұрақты, айқын болу қажет. Термин (латын тілінде terminus) – ғылыми ұғымға айқын анықтама беретін, оның мағыналық шегін дәл көрсететін сөздер. Терминдер мынадай шарт бойынша жасалуы тиіс: термин сөзде бір-ақ мағына болу қажет, термин сөзде қосымша, ауыспалы мағына болмауы керек және нақты заттардың атауы емес, ғылымның аясындағы дерексіз ұғымдардың атауы болуы керек.

Қазақстан Конституциясында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» болып бекітілді. Міне, осы заң қабылданғалы, көптеген істер атқарылып, жеткен жетістіктер аз емес. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілді қоғамда енгізуге, қолдануға және дамытуға бағытталған бағдарламалар Үкімет тарапынан қаржыландырылып отыр. Қазақ мектептері көптеп ашылып, университеттерде қазақ топтары көбейді. Қазақ тілін үйрену курстарында мемлекеттік қызметкерлер оқытылып, қазақ тілінде сөздіктер шығарылды. Мысалы, ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапынан «Қазақша-ағылшынша-орысша дипломатиялық сөздік. Kazakh-english-russian diplomatic dictionary. Казахско-англо-­русский дипломатический словарь», «Орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздік», «Русско-казахско-английский дип­ломатический словарь. Орысша-қазақша-ағылшынша дипломатиялық сөздік. Russian-kazakh-english diplomatic dictionary» шықса, басқа да министрліктер өз саласында көптеген сөздіктер мен түсініктеме және терминдер жинақтары жарық көрді.
Сонымен қатар қазақ тілін дамыту ісінде терминология мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Алайда бұл мәселеде біз қаншалықты дұрыс қадам жасап отырмыз? Халықаралық терминдердің барлығын қазақ ті­ліне аудару қажет пе? Міне, осы тұр­ғыдан алғанда кемшіліктеріміз жетерлік. Терминдерді жаппай аудару арқылы қазақ тілінің өрісін тежеп отырғандығымызды мойындау керек.
Қазақ филология ғылымының не­гізін салған ғалым Ахмет Байтұрсын­ұлы «терминдерді аударудың қажеті жоқ. Оларды қазақшаға бейімдеп атай салу керек» деген болатын. Мәселен, Түркия мемлекеті техникалық сөздерді араб, ағылшын, француз, парсы тілдерінен түрікшеге аудармай, сол күйінде сақтап, өз тілдеріне бейімдеп қолдануда. Соның арқасында түрік тілі бүгінде дамыған мәдениет, білім, ғылым, техника тілі болып отыр. Ал біз болсақ, әбден қалыптасып, санаға сіңген, халыққа түсінікті терминдерді жойып, бәрін қазақшалау арқылы көптеген олқылықтарға жол берудеміз. Жаңа терминдерді түсінбеудің салдарынан қазақ тілін жақсы меңгерген адамдардың өздері орысша оқуға мәжбүр болуда. Мәселен, мен министрлікте, әкімдіктерде жұмыс істейтін таныстарымнан «Сіздер заң, қаулы, жарғы, ережелерді қай тілде оқисыздар?» деп сұрағанымда, «әрине, бұрын қазақ тілінде оқитынбыз, бірақ орысшадан көп сөздердің аудармасы түсініксіз болған соң, орыс тіліндегі нұсқасын оқитын болдық» дейді. Бұл сапасыз аудармадан, ойдан шығарылған терминдердің себебінен орын алды. Бүгінгі таңдағы мәселеміз – жаңа термин жасау емес, қазақ тілінде сөйлеп, жаза алмайтын 6-7 пайыз қандастарымызды өз ана тіліне үйрету Білім және ғылым министрлігінің басты қызметі болу керек. Алайда бұл іс өз деңгейінде атқарылмай келеді.
1993 жылы қабылданған Қазақстан ­Конституциясында мемлекеттік рәміздердің атауы орысша «флаг – жалау», «гимн – әнұран» деп аударылды. Терминологиялық комиссия мүшелері мына сөздердің мағынасына көңіл бөлмей, «дипломат – мәмілегер», «паспорт – төлқұжат», «соглашение – келісімшарт» деп қате бекітіп жіберген.
Алайда халықаралық тұрғыда бекітілген, халық толық пайдаланып жүрген терминдерді аудару осы күнге дейін жалғасуда. Соның салдарынан көпшілік бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылып жүрген сөздер жұртқа түсініксіз болды. Ал енді бүгінге дейін ресми органдар және БАҚ өкілдері «договор» және «соглашение» деген екі сөздің қазақшасы бола тұра «договор мен соглашениені – келісімшарт» деп бір сөзбен қате қолданып жүр. Қалыптасқан дипломатиялық терминдер бар, «договор – шарт», «соглашение – келісім».
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған ҚР ­Конституция заңында «гимнді– гимн», «дип­ломатты – дипломат», «паспортты – паспорт» деп қайта қалпына келтірдік. Бірақ радио-телевидение, журналистер, саясаткерлер осы күнге дейін паспортты «төлқұжат» деуден танар емес. Астанадағы Н.Назарбаев атындағы аэропортта «Паспортный контроль» – «Төлқұжат тексеру» деп бүгінгі күнге дейін жазулы тұр. Республика Сенатының кіруге рұқсат беретін бөлімінің есігінде «Рұқсат беру бюросы» деп жазылған, ал жанындағы Мәжілісте «Рұқсатнама бюросы» деп жазылып тұр. Бірізділік жоқ. Парламенттің қос палатасы әрқайсысы өздерінше аударып алған. Тіл мәдениеті осындайдан бұзылады. Бірақ оны елеп жатқан Заң шығарушы, Үкімет органдары жоқ. Қазіргі уақытта «музей» сөзін қазақ тілінде «мұражай» деп қате аударып жүр. Мен Атырау қаласында болғанымда облыстық музейде екі түрлі жазуды көрдім. Сыртында «мұражай», ал ішкі жағында «музей» деп жазылып тұр екен. Терминнің дұрыс қалыптаспағандығынан, мұндай жағдайлар көп жерлерде кездеседі. Алайда «мұражай» сөзі «музей-квартира» сөзінің мағынасын береді. Мұражай деп қайраткер тұлғаның тұрған үйін музейге айналдырған кезде айтуға болады. Халықаралық «музей» термині біздің қазақ тіліндегі сөз қолданысына еніп кеткен. Енді оны аударудың қажеті жоқ. Үлгі ретінде Астана қаласында «Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің музейі», «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Біз кейбір терминдердің баламасын табамыз деп, керісінше, мағынасын өзгертіп жатырмыз. Мысалға, қазақшаға аударылған бірнеше халықаралық термин сөздерге назар аударып көрейікші: «телефон – сымтетік, футбол – аяқдоп, баскетбол, волейбол – қолдоп, ­бильярд – тастаяқ, лифт– жеделсаты, интернет – ғаламтор (әлемде «интернет» деп қолданылады, ал «ғаламтор» бұл – всемирная паутина), адвокат – қорғаушы, рецензент – пікір жазғандар, кандидат в депутаты – депутаттыққа үміткер, студент – білімгер, газет – үнқағаз, үнпарақ, радио – үнжария, аэропорт – әуежай (бүкіл дүниежүзінде «аэропорт» дейді), авиакасса – әуе кассасы (әуенің кассасы бола ма?), бензин – жанармай, автомобиль – көлік (көліктің аудармасы транспорт), автомобильный завод – көлік зауыты, шампунь – сусабын, сауна – хауыз, телеграмма – жеделхат, клавиатура – пернетақта, империя – қағанаттық, гараж – көлікжай, капитуляция – тізе бүгу, салют – отшашу», т.б. сөздер осылай сауатсыз аударылып жүр. «Лифт» (саты қалай жедел болады? баспалдақ жүрмейді ғой), «адвокат» – тек заң қызметкерлеріне қатысты болғандықтан аударылмауы тиіс. «Стипендияны» «шәкіртақы» дейді. Ақы жұмыс істеген адамға ғана төленеді, ал студент жұмыс істемейді. Студентті «білімгер» деп аударған да тура емес, өйткені оқыған, білімді кісіні «білімгер» деп айтамыз. Жоғарыда айтылған шет тілдерінен алынған халыққа таныс әлемдік терминдерді сол қалпында қалдыру керек. Осы жолмен жүрген ағылшын, француз, неміс, испан, орыс, түрік, өзбек және басқа да тілдер байыған және жақсы дамыған. Ал енді адвокатты «қорғаушы» деп аудару қате, себебі «қорғаушының» аудармасы «защитник», мәселен, «Отан қорғаушы», «қақпа қорғаушы» болады. Журналист – жорналшы немесе жорналіст, доктор – доқтор, лоқтыр деп аударып жүргендер бар. «Крем – жақпамай, иісмай, медсестра – медбике, кейде мейірбике, гардероб – киімжай, киімілгіш, автовокзал – сапаржай, бекет» осы сөздердің нақты бір-ақ атауы болу керек. Ал шет тілден енген сөздердің барлығын қазақшаға аудара беретін болсақ, «әуежай», «жағажай», «шайхана», «кофехана» деген сөздегі «жай», «хана» сөздері парсы тілінде «орын, үй» деген мағынаны береді. «Республика, Конституция, Парламент, Сенат, т.б.» негізінде латын тілінен шыққан. Сонда бұл сөздерді де, шетел сөздері деп оларды да аудару керек пе?
Айта берсеңіз, Мәжілістің бір жас депутаты мәселені төтесінен қойып, қазақ тіліндегі шетелдің барлық сөзін алып тастау керек деп, жалған патриоттыққа басты. Ондай болса, біздің қолданып жүрген сөздеріміздің көпшілігі араб тілінен енген сөздер. Мысалы: қалам, дәптер, мұсылман, зекет, құран, аруақ, тәпсір, ақыл, ғылым, мұғалім, мектеп, саясат, дәреже, иман, медресе, арам, хикая, хикмет, мәжіліс, зілзала, кітап, емтихан, ғұмыр, табиғат, ақиқат, сапар, дұға, ораза, имам, азан, т.б. көптеген сөздерді қалай аударамыз? Осы жерде «бояушы бояушы дегенге, сақалын бояйды» деген мақал еріксіз еске түседі.
Қазіргі кезде термин сөздерді аударуда тіліміздің аясын кеңейтеміз деген желеумен халықаралық терминдердің барлығын қазақ тіліне қалай болса солай аударып, тіл мәдениетін ұмытып барамыз. Сауатсыз аудармашылар көбейіп барады. Керек десеңіз, орыс халқының атақты жазушылары А.С.Пушкин, Л.Толстойдың өзі орыс тіліне сөз ендіруде не бары 30-40-тай жаңа сөз кіргізген. Ал бізде әрбір автор, редактор, аудармашылар сөздерді ойдан шығарып, өздерін данышпан санап жаңалық ашпақшы. А.Байтұрсынұлы айтпақшы, «тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді», термин жасау – көп ізденісті, шеберлікті қажет ететін, өте күрделі жұмыс. Терминологиялық лексикада кездесіп отырған қателіктер термин жасаушының терминге қойылатын талаптарды білмеуінен, тілдің ішкі мүмкіншілігін дұрыс пайдалана алмауынан, ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшелігін ескермеуден, тәжірибесіздіктен, сауатсыздығынан болып отыр. Мысалы, машина жасау, физика, информатика, биология, филология, жаратылыстану, т.б. ғылым салаларындағы термин сөздерді әр мұғалім, оқытушы өзінше аударып, өздерінше термин жасап жүр. Соның салдарынан оқушылар мен студенттер оқулықтардағы терминдерді түсінбей, сауатсыз мамандар қатарының көбеюіне әкеліп жатыр.
Терминдерді аударуда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қажет, әртүрлі саладағы терминдерді сол саланың маманы, ұғымы мен ұлттың тілін жетік білетін филолог мамандармен бірлесе жұмыс жасап, оларды әбден пысықтап, тіл сүзгісінен өткізуі тиіс. Содан кейін ғана бекіту керек. Сонда ғана ол терминнің қолданыс аясы да кеңейері анық. Ал бізде бір терминнің бірнеше нұсқасы бар. Міне, мемлекеттік тіліміздің кері кетуіне бірден-бір себеп, өйткені сөздер шатасып жатыр, қарапайым халық қай сөзді қолданатынын білмей қалды. Содан барып жеңіл жолы орыс тілін таңдауға мәжбүр болуда. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы термин сөздерді бекіткенде сөздердің мән-мағынасына аса назар аударып, көп мағыналы емес нақты бір сөзге тоқтағаны жөн.
Терминологиялық комиссия мүшелері қоғамдық жұмыс ретінде ғана іс атқарады, олар қазақ, орыс тілдерін ғана меңгерген. Кейбір комиссия мүшелері біздің қолданып жүрген сөздеріміздің түрік, араб, парсы, ағылшын, француз тілдерінен енгенін білмейді. Сондықтан комиссия мүшелігіне шет тілдерін жақсы білетін ғалымдарды қосу керек. Оның үстіне, белгілі қазақ тілі мен әдебиетінің академик, профессорларының жұмыстары жеке бастарынан артылып жатыр. Оларға термин жасаудағы еңбегіне ақы төленбейді. Комиссия мүшелеріне топтап термин сөздерін бір-ақ әкеледі, олар негізгі жұмыстары бар болған соң, уақыттары да бола бермейді, сөйтіп, асығыс бекітіліп кетеді. Осындай шалағайлықтың кесірінен, тілді дамытып, байытудың орнына, тілімізді кедейлендіріп жатырмыз.
Сондықтан қоғамдық негізде жұмыс істейтін ғалымдар тікелей жауапкершілікті мойындарына алмайды. Менің ұсынысым, Үкімет шын мәнінде қазақ тілінің тағдырын ойласа, Республикалық терминологиялық комиссия мүшелеріне арнайы қаржы бөліп, жалақы төлеуі керек.
Тілді дамыту процесінде, ешбір тіл өз шеңберінде қалып қойған жоқ. Әлемдегі дамыған тілдердің барлығы: ағылшын, француз, орыс, араб, парсы, қытай және басқалары өзінің даму, кеңею жолында жаңадан пайда болған ғылым, техника саласында жаңалық ендіруде, ат беруде шет тілдерін, сөздерін пайдаланады. Қазіргі ақпараттық технология, нанотехнология, цифрлық индустрия күн сайын қарыштап келе жатқан заманда халықаралық тәжірибе бойынша барлық тілдерде жаңа сөздер пайда болуда. Мұндай әлемдік үрдістен қорықпау керек, шет тілдерінен келген жұртқа мәлім терминдерді пайдаланып, тілімізді дамытуымыз керек.


Баға беріңіз