Тіл тазалығы толғандырады

​Тіл тазалығын сақтау – сөздерді орнымен қолданып, дұрыс сөйлей білуден басталады. Бірақ оған мән беріп жатқан кім бар?! Қалай болса солай сөйлейміз. Кейде ауызекі сөз ғой деп ақталғандай боламыз. ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

02 ақпан, 2018

Бірде қоғамдық көлікте келе жатқан едім, автобус еркін жүре алмай, әрі-бері теңселіп кеткендей болды. Автобустың қозғалту жүйесінде ақауы бар екен, орнынан жұлқып-жұлқып әрең қозғалғанда бейқам тұрған жолаушылар біресе артқа, біресе алға жылжып, әбігерге түсті. Жүргізушіге деген ренішін де айтушылар болды. «Жолда көлік көп, әртүрлі жағдай болады, аман-есен жетсек екен» деп шүкіршілік айтып отырған егде жастағы жолаушының қасында менде отыр едім «Ұсталынып тұрыңдар, автобус бұзылып әрең келеміз!» деген кондуктордың саңқылдаған дауысы естілді.

– Әу, батыр, қай жердің қазағы едің?«Ұсталынып тұрыңдар» дегенің не сөз? – дедім. Мені жақтырмаған ол «Сіздікі жөн, ата. Алғы жаққа барып неге отырмадыңыз, мені естімейтін жерге» деді. Автобус тағы бір жұлқып қозғалғанда шалқақтаған жолаушыларға жаңағы кондуктор бала қайтадан: «Ұсталынып тұрыңыздар» деп айттым ғой, ұсталынып тұрыңдар!» деді қайталай. Шыдамым таусылған мен:
– Сен не айтып тұрғаныңды білемісің? Сөзіңді орысшаға аударсақ, «Будьте арестованными» болып шы­ғады. Сонда біз кімге барып, не үшін ұсталынуымыз керек? – десем, жаңағы бала: «Енді қалай айтамын?» дейді.
Түріне қарасам – қазақ, айтқан сөзі жаңағыдай. Ал енді сол баланың, басқада автобустардағы қандас кондукторлардың қойыртпақ, тұрпайы сөздерін естігенде құлағың сарсиды. Оларға «мыналарың жөн емес» деушіні Алматыда көргенім де, естігенімде жоқ. Барлығы дерлік көшелердің, аялдамалардың ескі атауларын айтады. Шала-пұла орысшасымен «По Мате Залке до Абая, дальше по «Правде» вверх» деп, ол көшелердің атаулары Өтеген батыр, Алтынсарин болып баяғыда өзгергендерімен мүлдем жұмысы жоқ. Мүмкін білмейтін де шығар. Мұндайға көбісі қыңқ демейді. Соған қарап, осы біздің тіл ешқашан түзелмейтін шығар деген уайым келді.Онымен әрмен қарай сөз таластырғым келмеген мен өз аялдамамнан түсіп қала бердім.
Тағы бірде автобусқа мінгенім сол еді, жұқалтаң киім киген, талдырмаш жігіт автобусқа кірген жолаушы­ларға жол ақысын төлеу керек екенін тек орысша ескертеді. Жарып тұрған орысшасы да жоқ. Әлгі баланы сөзге тартып атын сұрадым. Өзін «Алдияр» деп таныстырды. «Қайдан келдің Алматыға, неге ана тіліңде сұрамайсың жолақысын? Өз тілімізде аялдамалардың атауын айтсаң, соған халықтың құлағы үйрене берер еді. Осылайша, сен де ана тілімізді насихаттаушының бірі болып шыға келесің» деп едім, әлгі бала ойланып қалды. Өзінің Мақтааралдан келгенін айтқан ол, әрі қарай жұмысын қазақ тілінде атқара бастады. «Е-е, шүкір, бұл баланың түйсігі бар екен» деп топшыладым. Қорыта айтқанда, мені қоғамның мүшесі ретінде тіл тазалығы толғандырады.



Баға беріңіз