Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы
Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 ақпан, 2018

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын басшылыққа алсын және оны іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.НАЗАРБАЕВ

Астана, Ақорда, 2018 жылғы 15 ақпан № 636

«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығына

ТҮСІНДІРМЕ

Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен «Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2025 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2025 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму жоспары (бұдан әрі – Стратегиялық жоспар-2025) бекітілді.

Стратегиялық жоспар-2025 Мем­ле­кеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құ­жаты ретінде айқындалып, әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына кіру жо­лын­дағы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стра­тегия­сын іске асырудағы мемлекет да­муының орта мерзімді жоспары болып табылады. Ол Қазақстанның 2020 жыл­ға дейінгі Стратегиялық даму жос­парының орнын басады, ал оның жоспарлы іске асырылуы ұлттық экономиканың нақты көлемінің үштен біріндей өсуін қам­тамасыз етті, сондай-ақ жаһандық қар­жы­лық дағдарыстың салдарын бәсең­детті.

Құжаттың басты мақсаты – 2025 жылға дейін ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған экономиканың сапалы және орнықты дамуына қол жеткізу.

Стратегиялық жоспар-2025-тің негізіне экономикалық өсудің жаңа мо­делі салынған, ол бәсекелестіктің артуы, жеке сектордың көшбасшылық рөлі мен елі­міздің өңірлері дамуының әлеуетін іске асыру жағдайында адами капиталды дамыту мен жеке қаражатты тарту, күр­делілік пен өнімділікті арттыру есебі­нен экспортқа бағытталған өндіруді ын­та­ландыруға негізделген.

Бұл үшін құжатта елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірінде болатын жүйелі реформаларды жүргізу, сондай-ақ институционалдық жаңғыртуға бай­ланыс­ты шаралар қабылдау көзделген. Стратегиялық жоспар-2025-тің негізі – Стратегия-2050-дің негізгі ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін 7 жүйелі реформа мен 7 басым саясаттың үйлесімі. 7х7 жоспардың формуласы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуі үшін даму мен тұрақтылықтын теңгерімін қамтамасыз етеді.

Жеті жүйелі реформа ел өмірінің барлық негізгі аспектілерін қамтиды: «Жаңа адами капитал», «Технологиялық жаңарту мен цифрландыру», «Бәсе­келес­тік және бәсекеге қабілетті бизнес», «Сы­бай­лас жемқорлықсыз құқықтық мемле­кет», «Мықты өңірлер мен урбандалу», «Қоғамдық сананы жаңғырту», «Мем­лекеттік сектор өзгерістер көшбасшысы ретінде».

Стратегиялық жоспар-2025-ті іске асыру мемлекеттік бағдарламалар, мем­лекеттік органдардың стратегиялық жос­парлары, өңірлерді дамыту бағдар­ламалары, ұлттық холдингтер мен ком­па­ниялардың стратегиялары арқылы, сон­дай-ақ қолданылатын жобалық басқару аясында іске асырылатын болады.

Жоспарда 2021 және 2025 жылдары қол жеткізілуге тиіс мақсатты нәти­желерді көрсететін өзекті ұлттық инди­ка­торлардың негізі қаланған.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы

Стратегиялық жоспар-2025-тің толық мәтіні Қазақстан Республикасы Президентінің www.аkorda.kz ресми сайтында «Нормативтік құқықтық актілер» бөлімінде орналастырылған.


Баға беріңіз