Жаңа латын графикасына қатысты пікірлер

Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 ақпан, 2018

Латынға көшу – түркілік тұтастану

Біз рухани бауырымыз Қазақ­станның барлық үрдістеріне үлкен көңіл бөліп, ондағы әрбір жаңашыл қадамдарға ризашы­лықпен қараймыз. Қазақ тілінің латын графикасына толық көшіп жатқаны бізді керемет қуантты. Барлығымыз білетіндей, Әзер­бай­жан латын қарпіне ертеректе өтіп кетті. Ол біздің түркі әлемі­мен тұтастануымызға үлкен жол ашты. Сондай-ақ латын қарпіне көшу Әзербайжанның жаһанмен ықпалдасуына үлкен әсер етті. Қазақстан бүгінгі таңда бе­дел­ді мемлекет бола отырып, әлем­­дік саясатта өте маңызды рөл атқарады. Ондай елдердің әлем­­дік платформаларға интегра­ция­лануы латын графикасына көшуді міндетті түрде талап етеді. Бұл қадам және басқа түркі халық­тарымен жақындастыруды қолдайды. Латын қарпіне көшуде ше­шіл­­меген түйінді шешіп, бүкіл түркі әлемінің құрметті перзенті және әлемдік ауқымдағы саясат­кер ретінде біздің қадірлі ақса­қалымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқының мүд­де­сі үшін тағы бір тарихи қыз­мет көрсетті. Латынға көшу мә­се­ле­сін­де сыртқы күштер қазақ хал­қы­ның және оның Пре­зи­денті­нің тілегін құрметтеуге тиіс.

Азер ХАСРЕТ, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген журналисі

Жеті рет өлшеп, ойлану – қажеттілік

Қазақ жазуының уақыт талабына сай латын графика­сы­на көшірілуі – Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қол­дауы­­мен жүзе асырыла бастаған тәуелсіз Қазақстанның тәуел­сіз өз шешімі. Мұны айтып отыр­ғаным, біздің бұған дейінгі әліп­билерді қабылдауымыз өзіміз­дің бастамамызбен емес, өктем биліктің әміршілдік жүйе­сімен жүзеге асты. Олардың қанша деген­мен өз мақсаттары болды. Үлкен саяси ұрандармен жүзе­ге асырылған сондай бастама­лар­ды біз еріксіз орындауға мәж­­бүр болдық. Мұны біз әр­д­айым естен шығармауымыз қажет жә­не латын графикасына негіз­дел­ген жаңа әліпбиіміздің келе­­шек үшін маңызын тереңнен се­зі­­нуіміз керек. Сондықтан да қан­­дай қиындықтар мен кедер­гі­лер болмасын, бұл істі үлкен ақыл­ды­­­лық­пен, сабырлылықпен, та­бан­ды­лықпен жүзеге асыруға тиіспіз. Қазақ жазуының латын гра­фикасына көшу жа­йы жал­пыхалықтық үлкен талқылау­лар­дан өтуде, арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Сон­дықтан да жеті рет өлшеп, ойлану, іс жүзінде орындалуын тәжі­рибеден, сараптамадан өт­кізуді қажеттілік деп білемін. Сол тұстарда кейбір жетпей жат­қан, жетілдіруді қажет ететін тұстардың болуы да заңдылық. Шындығында, әліпби тек жазу­дың ғана құралы емес қой, қазір IT технологиясы дамыған заманда оның өрісі соншалықты кеңі­ген. Сондықтан өзге де ғы­лым салаларымен қатар неге ІТ талаптарын ескермеске. Онсыз біздің жазуымыздың алға қарай қадам басуы, қажеттілігімізді өтеуі күмәнді болып қалар еді. Жазу жеңіл де айқын, оқу нақты да қазақ тілінің дыбысталуымен, ішкі заңдылықтарымен соншалықты сәйкес келіп жатуы керек деп білемін. Бұл жеңіл шаруа емес. Осы бағытта біз­дің тілшілеріміз, жазуға қатыс­ты өзге де сала маман­­дары көп ізденіп, жұмыс жаса­ғаны жөн. Алдағы жылдары бір­те-бірте жетіле түседі, уақыт өз талабын қояды деп алда­ғы уа­қытқа сілтеме жасаудың қажет­тілігі жоқ. Қазірден пісіруіміз, жеті рет өлшеуіміз, ойлануымыз, із­­д­е­нуіміз керек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тілі әліп­биін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Жарлығы осы талаптан туындады деп білемін.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Ел ертеңі үшін енген өзгеріс

Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы Жарлығына өзгеріс енгізіп, қазақ тілі әліпбиінің түзетілген нұсқасын жұртшылыққа жариялады. Бұған тек білім мен ғылым саласының қызметкері ретінде емес, елдің азаматы есебінде өз пікірімізді ортаға салып, қол­дай­тынымызды жеткізгіміз келеді. Себебі мәселе қазақ жазуы туралы болып отыр. Ал жазу­дың қазіргі өмір сүріп отыр­ған ортамызда хабар тарату үшін, өткенімізді танып, бола­­шаққа із қалдыру үшін аса ма­ңызды құндылық екені айт­­п­аса да белгілі. Сол жазу­ды қа­лыптастырып тұрған ең ұсақ бөлшек – әріптің тілдің мәнін ашатын дыбысты таң­ба­лайтынына келсек, ол тіптен өзекті дүние. Сондықтан да болар, қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына негіздеп жасау мәселесі еліміздің күн тәртібіне қойылғалы бері бұқарада үлкен талқылау болды. Осы күнге де­йін ұсынылған нұсқалардың ар­тық-кем тұстары сараланды, еленді, екшелді. Енді міне, Ел­басының Жарлығымен бекі­тіл­ген әліпби нұсқасына көпші­лік­тің көкейінде жүрген өзгертулер енгізілді. Елбасы Н.Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазір­гі заман­ғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру процесінің ерек­ше­лік­теріне байланысты» деген болатын. Демек, саяси-әлеу­метт­ік мәні бар қадамымыз мем­­ле­кетіміздің барлық саласы үшін аса қажетті, болашаққа үңілудің пәрменді белгісі. Латын графикасына негіз­дел­ген қазақ тілі әліпбиінің жетіл­дірілген тұсын бәріміз бай­қап отырмыз, алдыңғы нұсқаға қара­ғанда көңілге қонымды, мәселен, көпшіліктің арасында резонанс тудырған апостроф енді жоқ, оның орнында тіл­шілер «акут» деп атайтын бел­гісі бар әріптер болатын болды, сонда бір дыбыс – бір таңба прин­ципі орындалған екен. Бұл мәтін­ді жазу кезіндегі көзшалым тұр­ғы­сынан туындаған қиын­дық­тарды жояды десе де болады. Екі әріп диграфтармен келіпті, ол да әлемдік тәжірибеде көзге үйреншікті таңбалар. Сондық­тан да Елбасының осын­­дай өз­г­ерістер енгізуге рұқсат бер­гендігі құптарлық жайт. Қазақ тілінің әліпбиін ауыс­ты­руға халық болып пікір қосуы­­­мыз – жазудың да мем­ле­­­кет­­­тік рәміздер сияқты тәуел­сіздігіміздің айғағы екендігін терең түсінгендігіміз. Қазақстан халқының рухани жаңғыруы да, соның ішінде, еліміз­дің бі­лім беру жүйесінің жетілуі де жазу жүйесінің әлемдік стан­дарт­тарға икемделуіне тіке­лей қатысты. Осыған орай Ел­басы Н.Назарбаевтың биыл­ғы «Төртінші өнеркәсіптік ре­вол­юция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жетінші басымдық ретінде адами капитал сапасын жақсарту мәселесі алға тартыл­ғандығы да бүгінгі күні елеулі оқиға болып отырған өзгеріске (әліпби өзгерісі) бай­ланысты. Байқасақ, жазуымыздың негізі болып табылатын әліпби мәсе­лесі ел болашағы – бүгінгі жас­тар­дың дұрыс қалыптасуына, бә­се­кеге қабілетті маман болуына, сауатты ұрпақ ретінде өсуіне, са­йып келгенде, әлемдік аренада сапалы қазақстандық тұлға ретінде өз орнын табуына үлкен сеп болатынына көз жеткіземіз. Біз тарихи кезеңде өмір сүріп, еңбек етіп отырмыз. Біздің бүгінгі маңызды мемлекет­тік қадамдарымыз ертеңгінің қамы. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі әрбір саяси шешімнің ұлттық мәні зор, соның ішінде латын графикасы негізіндегі әліпбиіміздің орны бірегей. Сол үшін де кешегі елеулі өзгерісті барынша құптаймыз.

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ, география ғылымдарының докторы, профессор

Жаңа нұсқа көңілден шықты

Елбасының бастамасымен қолға алынған латын әліпбиіне көшу – тіліміздің даму тұрғысынан да, төл әліпбиімізді құру жағынан да алға жетелейтін бастама. Сол себепті бұл игі қадамды замана көшіне ілесуге септік болар үлкен серпіліс деп айтсақ та болады. Бауырлас түркі халықтары өз тәуелсіздіктерін алғаннан соң, көпке созбай өз әліпбилерін тезірек латынға көшіргеннен ұтпаса ұтылмағанын өмір тәжірибесі көрсетті де. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үстіміздегі жыл­ғы қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында «2025 жылға дейін білім берудің бар­лық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау керек» деп нақты көрсетіп беруі осы өзекті мәселенің өміршеңдігін түбегейлі шешіп берді. Елбасы­ның бұл нақты шешімі екі ой­лы болып жүргендердің де бұл бастаманың өте дұрыс екендігіне көздерін жеткізді ғой деп ойлаймын. Өйткені бұл өте ұқыпты, тиянақты жүргізілетін ауқымды жұмыс екендігі белгілі. Мамандар айтып жүргендей, біз латыншаға көшу арқылы қазақ тіліне тән дыбыстарды, әуезді дұрыс айтып, таңбалай аламыз. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру елімізге саяси жағынан да, ғылым-білім тұрғысынан да, заман талабына сай даму үшін өте маңызды. Латын графикасына көшу жай қаріпті ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениет­ті шешім. Себебі дүниежүзі хал­қының 80 пайызы қолданатын латын қарпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындаудың белгісі. Бола­шақ­та жастар да осы мүмкін­дік­тер арқылы электронды ақпарат құралдарын да жылдам игеретін болады. Болашаққа осындай жарқын жол ашатын латын қарпіне көшу жолында көптеген талқылаулар болып жатқанын бізде теледидардан көріп, басылым беттерінен оқып, хабардар болып жатырмыз. Қазақ халқының бір ұлы болған­дық­тан кей тұстарына келісіп, кейбір жерлеріне келіспейтін кездері­міз де болды. Осы орайда айта кеткен жөн, латын қарпінің ха­лық­қа ұсынылған алғашқы нұс­қа­сы онша көңілімізден шыға қоймады. Неге десеңіз, әріп­тер­ге қосақталған қосымша таң­ба­лары көп еді. Ертең осы бетін­де қа­былданып кетсе оқып, жазуы­мызға қиынырақ болады-ау деген қауіптің болғаны да белгілі. Әрине, біз тіл маманы емеспіз. Сондықтан да болашағымызды байланыстырып отырған әліп­биі­міздің «айналасы жұп-жұ­мыр, кедір-бұдырсыз, теп-тегіс» болғанын қалаймыз. Осы орай­да күні кеше Қазақстан Рес­пуб­­­­ли­­­к­а­сының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекі­­­­ті­л­ген қазақ қарпін латын­ға кө­шіру турасындағы соңғы үлгі­сі біздің көңілімізден шық­ты. Бұл тіл білімі саласында жүр­ген ғалымдарымыз бен ма­ман­­дары­мыз­дың көпшіліктің пікірімен сана­са отырып, кемші­лік­терді ес­керіп, елеп, жасаған жаңа үлгісі біз­дің де болашақ ұрпағымыздың да кәдесіне жарайды ғой деп ойлаймын. Не нәрсені болса да мың рет өлшеп барып, бір-ақ рет кес­кен жөн ғой. Бұл әліпбидің тех­ни­калық терминдері көп ауыл ша­руа­шылығы саласында жүрген біз­дерге де көп көмегі болары сөз­сіз. «Ел – бүгіншіл, менікі – ер­­тең үшін» деген екен ұлт көсе­­мі Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолын­да жасалып жатқан ауқым­ды іс деп білеміз. Олай болса, Ел­ба­сы­ның сындарлы саясатын қолдап, бірлік, білім, еңбекті ұштастырып, ортақ межеге қол жеткізуге бірге атсалысайық аға­йын, демекпін.

Әбдіғали БЕГМАНОВ, экономика ғылымдарының кандидаты АЛМАТЫ

Әліпби уақытпен бірге жетіледі

Әліпби мәселесі көтерілгелі бері жүзге жуық жобадан хабардармын. Әркім өз әліпбиін әдемі санаған бәйге аяқталды. Алғашқы жобалармен салыстырғанда, ең дұрысы, біз, тілші-ғалымдар, көздеген мақсатқа жуықтап келетіні де Елбасы қол қойып, бекіткен осы нұсқа болып отыр. Бір ұтқанымыз, латын графикасына көшуді бүкіл қоғам қолдады. Әліпби ауыстырудың пайдасын, маңы­зын көзіқарақты азаматтардың бәрі түсінді. Қоғамда латын графикасы мәселесі қолға алынғанда-ақ біз «бір дыбыс – бір таңба» жүйесін жақтадық. Ұзақ уақыт талқылаудан өткен соңғы нұсқаны 80 пайызға дұрыс деп есептеймін. Бұл – ұлт үшін ұлы жеңіспен пара-пар. Ал қалған 20 пайызы жазу-сызуға қиындық туғызып жатқандай болса, онда уақыт өте келе әзербайжан, өзбек халқы секілді қаулы қабылдау негізінде түзетіп алуға әбден болады. Жалпы, негізгі дыбыстардың бәрі де түгелденген. Әліпби уақытпен бірге жетіліп, дамитын дүние. Қабылданған жаңа әліпбидің міндетті түрде жөнделуге тиіс жағын айтар болсам, ол кириллицадағы «и» мен біздің қысқа «й»-дің, «і» әрпінің бір таңбамен қосақталып келуі, «u» әрпіне орыстың «y»-ын алғаны, жазу дәстүрі мен тәрбиесіне қайшы, тіл заңдылығы бойынша дұрыс емес. Кешегі кириллицадағы «у»-ды тағы да қайталаудың мәні бар ма еді? «Y» – дауыссыз дыбыстың таңбасы. Дауыссыз дыбыстың таңбасымен дауыстыны белгілеуге болмайды. Ол жерде «у»-ды латындағы «w» таңбасымен белгілеу керек. Осындай қателерді жөнге салып, әлі де жетілдіре түссек, біздің әліпбиіміз ең озық, жетістігі мол әліпби болар еді. Әйтеуір көп болып кеңесіп жөнге келтіргендей болып отырмыз. Ендігі жерде бұл нұсқадан басқа жаңа жобаларды қарастыру мүмкін де емес. Тілді компьютерге икемдеуге болмайды, компьютерді тілге икемдеу керек. Компьютердің пернетақтасына байланған әліпбидің жақсысы болмайды. Ұрпақтың еншісіне қазақ тілінің төл дыбыс құрамын айқын түгендеп, әліпби үлгісін соған лайық ықшамдап, емле-ережесін реттеп беріп, «өзіңдікі мынау, өзгенікі анау» деп жөн-жобасын сілтеп кету тілтаным мамандарының борышы болу керек деп ойлаймын. Осыны есте ұстайық.

Әлімхан ЖҮНІСБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ

Мәмілемен шешілген күрделі іс

Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген сөзі бар. Алаш қайраткерлері де латын қарпін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Он бір жыл қолданған әліпбиіміз. Латын графикасы әлемде кеңінен қолданылады. Дүниеде бүкіл ғылыми үздік еңбектер, ақпараттар, елімізге керекті заманауи технологиялар латын әрпімен жазылған. Отыз дамыған елдер қатарына кіру үшін бізге бұл істе дереу әрекет қажет. Уақыт зымырап, көштен қалып қоямыз. Сондықтан осы қимылдарымыз сәтті болғай. Қырықтан астам елдерде тарыдай шашырап жүр­ген ағайын-бауырларымызбен толық­қанды қатынасу үшін, жастарымыз­­ды бір-біріне жақындату үшін, бізге тез латын әрпіне көшкен жөн. Цифр­лы Қазақстан құру мақсатына жету үшін де заманауи әліпби керек. Халықтың талқылауынан және ға­лым­дардың сынынан өткен жаңа нұс­­­қасы қазіргі заман талаптарына сай кел­ді. Әрине ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескерілді, латын әрпін басқа елдердің тәжірибесіне қарап, салыстыра отырып жасалды. Ақырғы өзгерістер өте орынды болды. Апострофтар сөздердің көлемін ұлғайтып, бір әріптің орнын алушы еді. «Ш» мен «Ч» әріптері үйреншік­ті орнына келді. Ал енді насихат жұ­мы­сын жақсы өткізсек, жұртқа кең таратып, оқыту жүйесін жетілдіріп, қалың бұқараға таныстыру қажет. Бұқара­лық ақпарат құралдарын, интернет агенттіктерін мемлекет қолдап, тиісті шараларды өткізе бастаса, баспа мекемелеріне жаңа бағдар берілсе сапалы түрде мақсатқа қол жеткізерімізге күмән жоқ. «Латын әліпбиіне көшу – ұлты­мыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлеммен ық­пал­дасуға, қазақ халқы ертеден қол­дан­ған әліпбиімізге қайта оралып, ұлт­тық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады» деген пікірлерге мен де толық­тай қосыламын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бас­тамасына қосылған ең маңызды шара жоспары өз уақытында орындалатынына зиялы қауым сеніп отыр.

Сағындық Салмұрзин, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы

Жаңа қаріп қазақтың қазығы болмақ

Қазақ жазуының латын қарпіне көшу мәселесі бүкілхалықтық назарда болуы заң­ды деп есептейміз. Осы күнге дейін тәуел­сіз­ді­гі­міздің төртінші рәмізі болмақ жаңа әліп­биі­мізге еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше нұсқалар ұсынылды. Міне, соның ішінен 19 ақпан күні Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, өзгертілген нұсқасына көңіліміз толатындығын жеткізуіміз керек. Ең бірінші, бұрынғы 42 әріпті әліпбиге салыстырғанда, ұсынылып отырған 32 әріптік нұсқа көзге жағымды көрінетіні сөзсіз. Алып тасталған 10 әріптің болашақ қазақ тілінің әліпбиінде орын алмайтыны әуелден-ақ белгілі болды, сондықтан олардың алынып тас­талғандығы ешбір талқыға жатпағаны дұрыс. Алдымен өзгешелік мәселесін айтқан жөн. Басқа түркітілдес елдерден бұл тұрғыда өзге­шелену жалпы шетелде қазақ халқын бөлек мем­л­екет ретінде көрсете алады. Екіншіден, қолайлылық. Барынша ыңғайлы болуға бағытталған бұл нұсқаға көздің де, мидың да үйренісіп кетуі еш қиынға соқпай­тынына сенімдіміз. Бұл мәселе тек халық­тың өзіне байланысты. Үйренемін десе жүз тіл үйренетін жадының жан-жақты қасиеттерін ұмытпағанымыз абзал.

Тобыш НИЯЗ, дінтанушы


Баға беріңіз