«Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдас­тыру­шылық негіз­дері» атты семинар-кеңес өтті

Талдықорған қаласындағы «Тіл сарайында» «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдас­тыру­шылық негіз­дері» атты семинар-кеңес өтті. Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

28 наурыз, 2018

Семинар-кеңес жұмысын Алматы облысының тілдерді да­мыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» тақырыбындағы баяндамасымен ашты. Ол өз сөзінде облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығына тоқталды.

- Ақпарат­тық-түсіндіру жұ­мыстары облыстағы барлық аудан, қала­ларды қамтып, 70 елді­мекенде арнайы шара өткізіліп, оған 12 мыңнан аса адам қатысты. Қазақ әліпбиін латын графикасына негізделген жаңа қаріпке көшіру бойынша түрлі тақырыпта дөңгелек үстел, конференция, кездесу, пікір алмасу, ақпараттық сағат, форум, дебат, акция, семинар, брифингтер өткізілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,- деді Айдар Башбаев.

– Латын әліпбиіне көшу – ұлттық бол­мысымызға оралу деп түсіну керек. Елба­сы­мыздың өзі мұны рухани жаңғыру­дың бірінші әрі басты шарасы ретінде қарас­тырып отыр. Себебі, әліпбиді реформалау арқылы біз тіліміздегі ұлттық нақышты, ұлттық жүйені сақтай аламыз. Ұлттық жүйе сақталатын болса, онда миымыздағы дүниені танитын ұлттық нейрондарымыз жұмыс жасайды, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директоры­ның орын­­басары Анар Фазылжанова.

Сондай-ақ ол осы реформа туралы қоғамда сан түрлі пікірлердің айтылып жүргеніне де тоқтал­ды.

Семинарда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының дирек­торы Ерден Қажыбек, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универси­те­тінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедра­сының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимова, облыстық білім бас­қармасының бас маманы Роза Тұрған­баева баяндама жасап, өз ойлары­мен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған облыстық тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының өркениет көшіне табысты ілесуіне, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосатындығын айтты.



Баға беріңіз