​Көпшілік алдында сөз сөйлеуді үйретті

Бүгін «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ «Тілдерді оқыту орталығы» КММ Алға аудандық Мәдениет үйінде «Көпшілік алдында сөз сөйлеуді үйрету жолдары» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

03 сәуір, 2018

Шара Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру, ересек тұлғаның сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, шаршы топ алдында сөз сөйлеу белсенділігін арттыруға ықпал ету, шешендік сөздің түрлері мен ерекшеліктері, пікірталас талаптары жөнінде мағлұмат беру, сөйлеу этикасын меңгерте отырып, тіл шеберлігін одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар-тренингтің ашылуында Тілдерді оқыту орталығының директоры К.Серғазина шараның мәні мен мақсатын түсіндіре келе, өз сөзін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «...Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деген сүбелі сөзімен түйіндеді.

Семинар жұмысының негізгі бөлігін Алға аудандық тілдерді оқыту курсының оқытушысы Б.Ерғалиева жүргізді. Модератор қатысушыларға көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, аудиториямен байланыс орнатудың әдіс-тәсілдерін меңгерту, сөз орамдарын, сөз саптау талаптарын дұрыс пайдалану дағдысын игертуге бағытталған түрлі практикалық тапсырмалар берді. Барлық қатысушылар интерактивті әдістер арқылы шағын топтарда түрлі тапсырмалар орындады. Сондай-ақ аудитория алдында өзін-өзі ұстау мәдениеті, көпшілік алдында сөз бастау және сөзді дұрыс аяқтау тәсілдерін үйретуге арналған шағын дәріс-презентациясын жүргізді. Ал В.И. Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің мұғалімі Элеонора Нұрлыбаева шара барысында психологиялық тренинг өткізді.

Диалогтық әдіс-тәсілдерді жан-жақты қолданған модератор Бақыт Ерғалиева қатысушылармен ынтымақтастықта жұмыс жасады. Бұл туралы қатысушылар рефлексия кезінде ерекше айтып өтті. Алға ауданы, Бестамақ ауылы мәдениет үйі меңгерушісі Есімжан Сағадинов: «Бүгінгі шара өте жақсы өтті. Шаршы топ алдында шешен сөйлеу оңай емес, сондықтан да көпшілігіміз қобалжитынымыз анық. Бүгінгі тренингте өзіме қажетті көптеген ақпараттар алдым, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге байланысты әдіс-тәсілдерді меңгердім. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын»,- деді.

Шара соңында барлық қатысушыларға естелік кітаптар мен сертификаттар табысталды.



Баға беріңіз