​Латын әліпбиі - жаңғырудың жасампаздық баяны

Қазақ жерінің бар өңірі шуақ пен жылудың құшағына еніп, на­ғыз жазғытұры басталар шақта бар Алаш­қа тасталған ұран, жарияға са­лын­ған Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» еңбегі ел газе...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 сәуір, 2018

Өйткені ондай себеп көп бұл мақалада. Біздің ойымызша, дүйім жұрттың ықы­ласын өзіне осыншама бұр­ған еңбектің қазақ үшін ең бағалы тұсы – Елбасының кеше-бүгін-ертең арасына көпір салып, әрқайсысына ұлттық мүдде тұрғысынан келіп ұтыларымыз бен ұтарымыздың парқын саралауы. Яғни қазақ баласы болашақтың бағдарын айқындау үшін кешегіден не алу керек, не алмау керек, бүгін не істемек керек, неден аулақ болу керек, осылардан өрістеп келе­шек­тің кемесін қай қиырға бетте­теміз, міне мәселе де, мән де осында деп білеміз.

Адамзат баласы ес жиып, етек жапқалы мынау ғаламда жаң­ғы­ру­­дың сан түрі болған. Айта­лық Шығыс дүниесінде VIII, IX ға­сырлардан басталатын Мұсыл­ман Ренессансы немесе Ислам­ның Алтын Дәуірі, Батыста, алдымен Италияда ХІІІ ғасырдан басталатын Еуропа Ренессансы және әр елде әртүрлі кезеңдерде болған ұлттық ренессанстар. Қай жаңғырудың да мақсаты – байырғы дәстүрдің асыл арналарын бүгінмен жалғау, содан адам үшін, қоғам үшін қажеттіні өрістетіп, болашаққа қадам басу.

Қоғамдағы әрбір жаңғыру міндетті түрде белгілі бір дәстүрлі және жаңа алғышарттарды қажет етеді. Бұл – адамзат дамуының жалпы диалектикасы. Әсіресе дәл қазіргідей адамзаттық даму үде­рісі тез өзгеріп жатқан жа­һан­­дану кезеңінде осындай алғы­шарт­тарды жүйелеп алу қай қоғам үшін де аса маңызды. Сон­дық­тан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің осы «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ла­сының бастапқы бөлігін­де қазақстандық қоғамның жаһан­дану үдерісіне еркін кірігуінің бас­ты алғышарттарын саралайды.

Атап айтқанда, еңбектің «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана тура­лы» алғашқы тарауында біз­дің қо­ғамымыздың өрістеуіне негіз болатын байырғы ұлттық құнды­лықтарды сақтауды, соны­мен қатар ғаламдық өзгерістер тудыр­ған жаңашыл сипаттағы үде­ріс­терден де сабақ алуды ұсына­ды. Осыған орай, Елбасы: «Әлем­де бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды» дей келе, ол қоғамдық сананы жаң­ғыртудың, сол арқылы қоғам­дық қатынастардың жаңаша моде­лін қалыптастырудың себеп­­тері мен салдарларына тоқ­­тал­ады. Мұндағы мақсат мақа­лада ай­тыл­­ғандай, «Өзгеру үшін өзі­міз­ді мықтап қолға алып, заман ағы­мына икемделу арқы­лы жаңа дәуір­дің жағымды жақ­тарын бойға сіңіруіміз керек».

Мақала жарияланған уақыт ішін­де ұлттық код жөнінде сан­даған пікірлер айтылды. Елбасы қолданған осы тіркес санамызда белсенді ұғымға айналды. Ұлт­тық код ауқымына сол ұлтқа тән ерек­шеліктердің барлығы енеді десек, оны сақтаушы да, жеткізуші де – ұлттық тіл. Империялық отарлау кезінде қағажу көрген тіліміз тәуелсіздік кезеңінде өрі­сін аш­қан­дай болды. Дегенмен бет­бұрыс болғанымен, қарқынның баяу екені сезіледі. Ол үшін бұл сала­ға үлкен бір қозғаушы күш керек еді. Біздің ойымызша, Елбасы ма­қа­ласында бірінші міндет етіп қойылған латын әліпбиіне көшу мәселесі тіл арқылы қоғамдық сананы жаңғыртудың ең басты алғышарты іспетті. Қай әліпби болсын сол халық­тың мәдени болмысын аңғар­та­тын айғақтардың бірі. Өйт­кені мәдени мұра, мәдени жәдігер­лер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады.

Қай әліпбидің болсын осындай тарихи миссиясы­мен бірге оның заманауи міндеттері де болады. Президент осы реттен келіп: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшелік-теріне байланысты», деп бұл әліп­бидің қазақстандық қоғам­ның жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты.

Елімізде латын графика­сын­дағы әліпбиге көшудің бірнеше себептері бар. Біріншіден, Елба­сы айтқандай, бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәти­жесінде қазақ­тың төл жазу ем­лесіне нұқсан келтірілді. Ол ма­мандар тарапынан тәуелсіздік ке­зеңінде ғана ашық айтыла бас­тады.

Жалпы, әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңба­мен береді. Мәселен, ағыл­шын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңба­мен, фран­цуз тіліндегі 35 ды­быс дәл осы­лай 26 таңба­мен беріледі. Қазір­гі кирилл графи­касын­дағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 ды­бы­сымыз 42 таңба арқы­лы беріл­ген. Осыдан-ақ қол­да­ныс­тағы осы әліпбидің тіл таби­ғаты­на қайшы екендігі көрі­ніп тұр. Соны­мен бірге бұл әліп­биде қазақ тілі­­нің төл дыбыстық жүйе­сін­де кез­деспейтін артық таңбалар бар. Ла­тын графика­сындағы жаңа әліп­би бізді осын­дай қажетсіздік пен ыңғай­сыздықтан арылтады.

Екін­ш­іден, дүние жүзіндегі түркі халы­қ­­тарының 60 пайызға жуы­ғы осы латын әліпбиінде. Қазір түр­кі тілдес халықтардың 7 дербес мемлекеті бар. Осылардың Қазақ­­­стан мен Қырғызстаннан ба­с­қасы латын әліпбиінде. Яғни Қазақ­стан ортақ түркілік әліп­би­лік жүйеден тыс тұр. Түркі ха­лық­­тарының көне заманнан қа­лыптасқан мәдени-тарихи та­мыр­­ластығын және осындай ру­ха­­ни қатынастың қазіргідей жаңа деңгейде дамып жатқанын ой­ла­­сақ, онда Қазақ елінің өзге әліп­­биде қала беруі осындай са­бақ­­тастық пен тамырластыққа қай­­­шы келеді.

Үшіншіден, ха­лық­ара­­лық қауымдастықта Ел­басы айт­­қан­дай, латын таңбалы әліп­бидің ма­ңыз­ы зор. Осыны ескеріп латын әліп­биіндегі мемлекеттерді айт­па­ғанның өзінде Жапония, Қы­тай, тіпті өзде­рі үшін тарихи кир­илл әліп­биіндегі Беларусь, Ресей, Украина сияқты мемлекет­тер­де латын әліпбиінің өзіндік стан­дарт­тары қабылданып, бекітіл­ген. Ал бізде латын әліпбиі бекі­тіл­мегендіктен халықаралық құ­жат­тар, пошта алмасуда, тіпті же­ке құжат­­тары­мызды толтыруда біз стан­дарт­талмаған әліпбиді пай­д­а­ла­­н­ып жүрміз. Мұндай жағ­даят­тар қа­зір­гі жаһандану кезе­ңін­­де заман ағымымен санаспауды көрсетеді.

Қазақ әліпбиі латын графикасына көшкенде туындайтын кейбір қиындықтар бар. Олар тұрақты емес, уақытша қиын­дықтар. Біріншіден, халықтың жаңа әліпбиге көз дағдысы мен қол дағдысы үйрену үшін белгілі бір уақыт қажет. Ол үшін ақпарат құралдарында насихат және машық­тандыру жұмыстары жүр­гізіліп, бұқара халық жаңа әліп­биге тезірек бейімделуі қажет.

Екіншіден, кирилл әліпбиіндегі әде­биеттер жаңа әліпбиге көші­рілуі де белгілі бір уақыттық ме­же­ні тілейді. Ол үшін әр сала­дан ең маңызды делінген әде­биет­­тердің тізімі жасалынып, мемлекеттік тапсырыс бойынша сол әдебиеттердің шығарылуы қолға алынғаны абзал. Бұл арада бұрынғы кирилл әліпбиі мен жаңа қабылданған латын әліпбиінің бірнеше жыл қатар жүретінін де ұмытпауымыз керек. Ол жөнінде осы мақаласында Елбасы: «Әрине жаңа әліпбиге бейімделу кезеңін­де белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», деді.

Үшіншіден, кейбір адамдар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшсек, мемлекеттік тілді үйрену қиындайды дегенді айтады, бірақ тіл үйренудің тікелей әліпбиге байланысты емес екендігін бүгін­де ағылшын, қытай және басқа тілдерді үйреніп жатқан балаларымыз бен жастарымыздың тәжірибесі айқын аңғартып отыр.

Латын әліпбиіне көшуге мем­ле­кет тарапынан барлық ұйым­дас­­тыру жұмыстары жүргі­зі­луде. Атап айтқанда, Ұлттық ко­мис­сияның бірнеше отырысы өт­кі­зіліп, нақты тапсырмалар беріл­ді. Орфографиялық, әдіс­теме­лік, терминологиялық, са­рап­тама­лық-ақпараттық жұ­мыс топтары бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстарын барынша қарқынды атқаруда. Оған еліміздегі ең білік­ті сала мамандары мен ғалым­­дары топтастырылған. Үстіміздегі жылы жаңа әліпбидің ережелері да­йын болмақ. Келесі 2019-20 жыл­дан бастап нөлдік сыныптар жаңа әліпбимен оқитын болады.

Барлық салаға әліпбиді енгізу­дің шаралары қарастыры­лып, осы жұмысты уақытылы және сапалы атқару үшін Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді да­мыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жанындағы Ш.Шаях­­метов атындағы тілдерді дамыту­дың республикалық үйлес­тіру-әдістемелік орталы­ғына жаңа­ша мәртебе беріліп, оның біліктілік деңгейі мен әлеуеті күшейтілуде.

Жаңа қазақ әліпбиі ұлттық сана­ны жаңа деңгейге көтереріне сенім мол. Себебі біріншіден, біз өз та­ри­хымызда мемлекеттік дең­­гей­де тұңғыш рет өз әліп­биі­мізді таңдау мүмкіндігіне ие болд­ық. Екіншіден, кезінде отар­­шыл­дық саясатпен келген, тіл­дік та­биғатымызды ескермеген әліп­биден арыламыз. Бұл жөнін­де кезінде Президенттің өзі: «Осы контексте қазақ жазуының кириллицаның перифериялық нұсқасы болып отырған бүгінгі жағ­дайынан арылуымыз қажет», деп айтқан болатын. Үшіншіден, әлем­дік қауымдастыққа батыл ба­ғыт түзеген Қазақстанның аза­мат­­тары нағыз халықаралық үлгі­дегі осы әліпбиді қолдану арқы­лы өздерін әлемнің толық құқы­­лы мүшесі ретінде сезінеді. Осы­лардың аясында елімізде қазақ тілінің өз мәртебесіне сай болуы­на бағытталған көптеген жұмыс­тар жүзеге асырылатын болады.

Жазғытұры келіп, табиғат жаңғыр­ған шақта жалпыға жария болған Елбасының дәуірлік ең­бегіне жыл толыпты. Осы уақыт­та қазақ қоғамы барын тү­гендеп, барарын бағамдап, ерек­ше сер­пілді. Талай толымды шара, сан са­ли­қалы сөз айтылды. Бар­лы­ғы да Алаштың қамы, қа­зақ­тың ке­ле­шегі үшін. Әліпби тал­қы­ға салынды. Айтыстық, сынас­тық, ойлас­тық. Елбасы сарабдал ше­шім қабылдады. Ендігі амал – орын­­дау, жұмылу, еңсеру. Ол – Ел­басы сенімі, ел үміті. Жаңғы­ру­дың жасампаздық баяны да осында.




Баға беріңіз