«Тәуелсіздіктің дәуірі» - Отаншылдыққа тәрбиелейтін құнды еңбек

Елбасымыздың «Тәуелсіздіктің дәуірі» атты жаңа кітабы мазмұны бай, шынайы деректерге негізделіп жазылған, маңызы зор публицистикалық еңбек. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің тарихы мен болашағ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 сәуір, 2018

Елбасы Тәуелсіздіктің алғаш­қы күнінен бастап мемлекеті­міздің тұтқасын ұстап, әр жасаған қадамын бағамдап, неше рет ой елегінен өткізіп, әрдайым халқымен кеңесе шешкен, парасатты да батыл қадамдар, ел өміріне түбегейлі бетбұрыс жаса­ған тағдыршешті шешімдер жайлы баяндайды. Қазақстандық жолымен жүруі, халқын адастырмауы, кезінде тағдырын сеніп тапсырған халқын эволюциялық жолмен жүріп, ширек ғасыр­дың өзінде-ақ жүз жылдың еншісіне татырлық еңбек жасауы, нағыз ерлік емес пе?

Туындыда тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде орын алған елеулі оқиғалар мен фактілер жан-жақты талданып түсіндірілген. Кітапта мемлекетті іс жүзінде басқарудың және стратегиялық жоспарлаудың құнды тәжірибесі бар. Бұл өз кезегінде ертеңгі күнге сеніммен қарауға жете­лейтін жалпыұлттық тұғырнама деуге болады. Елбасы еңбегін­де үлкен саясаттан бастап, тәуел­сіздік тарихының әлеуметтік қырларына, рухани-мәдени құндылықтарға, осы кезеңдегі маңызды оқиғаларға үңіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев кітапта тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген 33 жетістік жайлы ой өрбітеді. Тәуелсіздік шежіресін тұтас қамтыған кітап төрт бөлімнен тұрады. «Мемлекеттің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу» және «Қалыптасқан мемлекет» деп аталады. Кезең-кезеңімен сипатталатын дәуірде жаңғырудың үш бірдей толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Кітапта Елбасы Қазақстан – қалыптасқан мемлекет – әлемдік саясат пен жаһандық экономиканың толыққанды субъектісіне айналғанын атап өтеді.

Қазақ елі аңсаған, атадан мұра болып қалған ұлан-байтақ жері, аңсаған тәуелсіздік таңы маңдайымызға бұйырып, 1991 жылы тарихи шындыққа айналды. Халқымыз өз тағдырын ұлты­ның маңдайына бақыт болып біткен перзенті Н.Ә.Назарбаевқа зор сеніммен табыстады. Халқы­ның ол үміті ақталды. Бүгінде біз тәуелсіз, жасампаз елге айна­л­дық. Ыдыраған Кеңестер одағы­ның әрқайсысы өз жолын таңдап, әр мемлекет өз тағдырын, өз жолымен жүріп өтті. Ал біздің ел қазақстандық жолын таңдады, өз Президентін сайлады. Тағды­р­ларын Елбасына сеніп тапсырды. Сол сенім бүгінде ақталды.

Еліміз тәуелсіздіктің киелі есігін бейбітсүйгіш халық ретінде, Елбасымыздың бастамасымен Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан өздігінен бас тартқан ел болып ашқандығы тарихи шындық. Біз алғашқы қадамымызды саясаттан емес, экономиканы көтеруден бастадық.

Біз халқы­мыз­ды сауатты, білімді, білікті, көзі ашық, көкі­регі ояу, бай әрі қуатты, бәсекеге қабілетті ел ретінде таныттық.

Тәуелсіздіктің қысқа жылдары аралығында мемлекетіміз дүниежүзілік қауымдастық­пен кіріге отырып, экономика­лық өсудің жоғары қарқы­нын көрсете алды. Қоғамдық даму деңгейінің, экономикалық қуат­тылықтың және елдің ұлт­тық қауіпсіздігінің белгісі ретін­дегі адами ресурстардың, білім беру жүйесінің рөлі мен маңыздылығының ерекшелігін таныта білдік. Білім – әлемдегі өркениетті дамыған елдердің барлығында дерлік дамудың негізгі көрсеткіші мен негізгі басыңқы бағыты болып табылады. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті елде ғылыми сыйымды технологиялық білімі бар, басқарушылық қабілетке ие, нарықтық экономикада дұрыс бағыт таңдай алатын жоғары білікті мамандар болған кезде және дүниежүзілік нарықтық экономиканың қажеттіліктері­не жауап беретін тиімді білім беру жүйесі құрылғанда ғана шешіледі.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ білімге баса назар аударып келеді. Адам капиталын дамытуға деген ұмты­лыс елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болатын болашаққа деген инвестиция екендігі белгілі. Президент өзінің кітабында тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесі дамуының бірнеше кезеңдерін атап өткен. Елбасы кітабындағы қазақстандық білім жүйесінің дамуы туралы ой тол­ғам­дарына тоқталып өтсек. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз кітабында: «Егемен ел атанып, тәуелсіз мемлекет құру – Еура­зия­ның байтағын мекен еткен ба­йырғы халықтың мың­жыл­ды­ғындағы ғажайып сәт еді. Мұндағы «ғажайып сәт» деген тіркестің астарында жаңа мемлекет құруды білдіретін аса күр­делі жасампаз процесс жатыр...» – деген. 1990 жылдардың бірінші жартысындағы еліміздегі экономикалық қиындықтарға қарамастан жаңа білім беру жүйесінің іргетасы қаланды. Талантты жастар мен ізденгіш педагогтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Білім беру жүйесін реформалау заңдық негізде қамтамасыз етіліп, «Білім туралы», «Жоғары білім туралы» заңдар қабылданды. Ұлттық білім берудің түрлеріне жастардың қол жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Білім жүйесі нарықтық сипаттарға ие болды. Жаңа тұрпаттағы оқу мекемелері пайда болды. Бұрын­ғыдан байытылған, жаңа оқу бағдарламалары, қазақ­стан­дық жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттарының екі деңгейі енгізілді. Елбасының болашақты барлай білуі, стратегиялық көре­гендігінің арқасында жасампаз процестің бірегей үлгісі іспет­тес жастарға арналған халық­аралық «Болашақ» бағдар­лама­сы іске қосылды. Прези­денті­міз мемлекеттің қаржылық жағ­дайы қомақты шығындардың ауыртпалығына қарамастан, елдің болашағын ойлай отырып, білімді жастарға әлемнің ең үздік универ­ситет­терінде оқуға мүмкіндік жасады. Бұл бағ­дарламаны бүгінде 12 мың­нан астам қазақстандық аяқтап, еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып жүргендерін мақ­танышпен айта аламыз.

Бұл жастар қазақстандық зияткер­лер шоғырын қалыптас­тырды. Білім беру жүйесіндегі келесі онжылжық адам капита­лының жаңа сапасын арттыруға негізделді. «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мектепте білім берудің жаңа түріне көшуді, дуалды оқытуды, алғашқы жұмысшы мамандығына тегін оқыту арқылы орташа жұмысшы табын қалыптастыруға ықпал етті. Қазақстан Республикасындағы білім берудің және ғылымды дамытудың бағдарламасы бекі­тілді. Ұлттық білім беруде халық­аралық ең озық үлгілерге сүйене отырып ақпараттық, электрондық оқытуды дамытуға арналған бағ­дар­ламаларға тапсырма берілді. Жоғары оқу орындарына шетелдік үздік ғалымдарды тарту, білім беру бағдарламаларын ұлттық және шетелдік аккредиттеуден өткізу арқылы мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуді арттыру талабы қойылды. Жоғары оқу орындарының рейтингі ұлттық, тәуелсіз және халықаралық рейтинг агенттіктерінде алған орындары арқылы тартымдылығы кү­шейтілді. Жоғары оқу орында­рын­дағы шетелдік студенттердің үлесі де назардан тыс қалған жоқ.

Адам капиталы дамуының дәлелі ретінде, жаңаша оқу орын­­дары – Назарбаев зияткер­лік мектептері ашылды. Оның саны бүгінгі күні 20-ға жетті. Бұл мектептердің тәжіри­бесін отан­дық мектептерге енгізу арқы­лы, орта білім беру мазмұны Назарбаев зияткерлік мектеп­тері­нің тәжірибесі пилоттық тәртіп­те енгізілді. «Балапан» бағ­дар­ламасы аясында 80 пайыз бал­дырған балабақшамен қамта­ма­сыз етіліп, бүгінгі күні осы бағдарлама жалғасын табуда. Білім беру мекемелерінің базасы нығайтылып, тәуелсіздік жылдарында 1,4 мың мектеп салынды.

Ғылыми-ағартушылық жүйе­сінің көшбасшысына айналған Назарбаев университеті ашылды. Бүгінгі күні бұл университет шетелдік ең үздік универ­ситеттерінің қатарында. Өйткені халықаралық стандарттар бо­йынша мамандар даярлайтын тұңғыш қазақ университеті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім еке­­нін әркім терең түсінуі керек. Жас­­тарымыз басымдық бере­­тін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйе­сінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап айтты. Ертең біздің болашаққа бағдар құру, еліміздің болашағын көздейтін жастар болса, соларға деген ең маңызды кітап­тың бірі Елбасының осы еңбегі деп айтар едім. Бұл кітап біздің жастарымызды өз тарихын құрметтей отырып, патриот­тық сезімге тәрбиелейтін құнды еңбек болып табылады.


Баға беріңіз