Ел бірлігі – мемлекеттілік негізі

Біздің жастық шағымызда, яғни КСРО кезінде Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күні деп аталған 1 мамыр мерекесі осыдан 23 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде ж...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 сәуір, 2018

Бұл – Қазақстан халқы үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Ол – ел ішіндегі түрлі этнос пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат тұтқан аяулы мейрам.

Жыл сайын аталған мерекеде Қазақ­стан аумағында тұрып жат­қан 130-дан ас­там этностың өкілдері киелі қара ша­ңы­­­рақ­­­та тату-тәтті, береке мен бірлік­те, бей­­­біт­­­­ші­лік пен ынтымақта өмір сүріп жат­­­­қан­­ды­ғын той­лайды. Елі­міз­дегі этнос­­тар­ды бұ­рын­ғы­дан да жақын­дас­­тыру үшін бүкіл Қазақ­стан­да жаппай пат­­риот­тық шеру­­лер өтеді. Тату­лық пен бей­­біт­шілік ме­ре­­ке­сін еліміз­дегі 29 рес­­пуб­­ли­ка­лық, 75 ай­­мақ­­тық және 530 жер­­гілікті этно­мә­дени бір­­лес­­тік­тер­дің мүше­лері асыға күтеді. Сон­­дай-ақ осынау мереке қар­саңын­да Қазақ­­­стан халқы Ассам­блеясы­ның қыз­меті, қо­­ғам­­дағы рөлі­нің маңыз­ды­лы­ғы жарқы­­рай көрінеді.

Елбасы Жарлығымен 1995 жылғы 1 наурызда Президент жанындағы консуль­тативті-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ел үшін игілікті болғандығына бүгінде әр­кімнің-ақ көзі жетті.

Президентіміз Ассамблея құру идея­сын алғаш рет 1992 жылы Қазақстан хал­қының бірінші форумында жарияла­ды. Мұндай институтты құру қажеттілігі сая­си, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуел­сіз, полиэтносты, поликонфессиялы мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған болатын.

Аталған бастама мәдениетаралық диалогті нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамы­­ту мәселелерін жоғары деңгейде шешу­­ге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәж­і­ри­­­бедегі тың бағыт болды. Жиырма үш жылдық тарихында Ассамблея қар­қын­­­ды дамып, елеулі өзгерістерді бас­тан кеші­р­­ді. Оның дамуы барысын­да этнос­ара­­­лық толеранттылық және қоғам­­дық келі­­с­ім­­­нің қазақстандық үлгісі қалып­тас­ты. Осы жылдар ішінде Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясының инсти­ту­ттық құ­ры­л­ымы нығайып, қоғам­ды ұйыс­тыру­­шы әлеуеті толысты, ол халық дип­ло­ма­тия­сы­ның ма­ңыз­ды күре­тамырына айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өмір­шеңдігін еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыс­тырып, олардың этностық, діни ерек­ше­ліктеріне қарамастан, құқықтары мен бос­тандықтарын қорғаушы бірегей инсти­тутқа айналғандығынан байқауға болады.

Сондай-ақ 2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мә­жіліске 9 депутаттан сайланып, олар заң шығарушы органда елімізді мекендеген барлық этностардың мүдделеріне сай қызмет атқаруда. Бүгінде біздер қо­ғам­дық келісім мен бірліктің сақталуын, ұлт мәселесінің саясиланбауын, эктремизм мен радикализмді болдырмауға байланысты бастамалар көтеріп, аталған мәселенің Парламентте қабылданатын заңдарда ескерілуіне ықпал етудеміз.

Осынау сәтте қоғамды ортақ мүдде­ге жұ­мыл­дыратын, тұрақтылық пен бей­­біт­­ші­ліктің кепілі ретінде мемлекеттік тіл мен қазақ ұлты екенін әсте естен шығар­маған абзал.

Ел бірлігінің нығаюына сүбелі үлесі қосып отырған Ассамблеяны қоғамдық келісімнің маңызды тетігі ретінде қарас­тыруға болады. Ал халықты біртұтас идея, ортақ мүддеге жұмылдыратын бағыт ретінде Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын атап өтуге болады.

«Кезінде тағдырдың жазуымен қа­сиетті қазақ даласына түрлі этнос өкіл­дері қоныс тепті. Бүгінге олар тегі бас­қа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек бол­ғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.

Туған елінің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді әр уақытта. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың үштағаны секілді «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр», деді Президентіміз. Елбасының осы екі ауыз сөзіндегі біріктіруші ұғымды әрбір қазақстандық біліп жүргені дұрыс.

Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігер­лі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген даналық сөзі бар. Шынды­ғында, ел бірлігі болмаса онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді.

Ассамблеяны құрудағы Елбасының алдына қойған мақсаты не еді? Ол – Қазақстан Республикасында қазақ ұлтының біріктіруші рөлі арқылы халқы­мыздың азаматтық және рухани-мәдени тұтастығы негізінде қазақстандық біре­гей­лікті және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастыру үдерісінде этносаралық тату­лық­ты қамтамасыз ету.

Ел бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғам­дық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға баянды ұлы мақсаттар қоя аламыз. Біздің әрбіріміз, мейлі өндіріс­ші болайық, диқан болайық, депутат бола­йық, көп этносты Қазақстан халқын бір ата­ның балаларындай еліміздің өрке­ниет­ті дамуы жолындағы игілікті іске жұ­мыл­­дырып, ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Еліміздің әр аймағында құрылған 29 Достық үйі этномәдени бірлестіктердің мәдени және әдістемелік орталығына айналып, бірлік пен этносаралық татулықты насихаттап, қазақстандықтарды отансүй­гіштікке, ұлттық бірлікке тәрбиелейтін органға айналды.

Биыл этномәдени бірлестіктердің жас­тар қанатының жетекшілері Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозға­лы­сын құру туралы шешім қабылдады. Бұл Ассамблея жастарының бірлестігі елдің тұрақтылығы мен бейбітшілігіне бағыт­талған шаралардан тысқары қал­май, бұрынғыдан да белсене үлес қоса­тын­дығын көрсетсе керек.

1 мамыр мерекесінің негізгі идеясы – бір­­лік болса, түрлі ұлт өкілдерінің ынты­­­­­ма­ғы, тату-тәтті тіршілігі әлемге үлгі болып отыр.

Қазақ халқының аяулы тұлғаларының бірі Әнет баба: «Ынтымақта болсаңдар еш жау ала алмайды», деген. Ауызбір­ліксіз ешкімнің де, ешбір елдің де ешқашан асығы алшысынан түспеген. Осы ретте қазақтың тағы бір бірегей қасиеті ретінде ешкімнің ала жібін аттамауын, көрші-көлем, ағайын-жұртпен, алыс-жақынмен тату-тәтті, сыйлас болуын айтуға болады.

Күрес – өмір заңы болса, ал бірлескен күш-жігер, тонның ішкі бауындай жым­дасқан бірлік пен өзара ілтипат, бауыр­мал­дық пен достық сынды киелі ұғым-се­зімдер ерлікке де, жеңіске де, сән-сал­танатқа бастайды. Ішкі бірлігі болмаған талай құдіретті империялар мен мемлекеттер, халықтар мен тайпалар тарихтың алмағайып тұстарында құрдымға кетті.

Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермеу, ұлтаралық келісім мен діни ымыра, азаматтық келісім арқылы тәуелсіз Қазақ елінің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсу – міндетіміз.

Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпэтносты Қазақстан жағдайында ма­ңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға татулықтың асқан үлгісін көрсетіп келеді десек, артық айтқандық емес. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқы қашанда қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Сол үшін көптеген ұлыстардың бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза.


Баға беріңіз