Жаны қазақ Володя

– Тәке, ассалаумағалейкүм, – деп әдетінше күлімсіреп кіріп келді. – Уағалейкүмассалам! – Ауылда жоқ едім, Серіктің әкесі көп жылдан сыйлас ағай ғой, марқұмның жеті күндік дұғасынан мені қалдырмаң...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

30 сәуір, 2018

Бұл Володя. Никешин ­Володя дос. Ол тек менің ғана досым емес, осы ауданда тұратын үлкен-кішінің біразымен сыйлас, сырлас дос. Ганюшкиндіктер бұл жігітті тойларының төріне шығарады. Қазалы жерлерге шақырмаса да барып, қол ұшын береді. Ауданның белгілі ақсақалы Сабыр Нажимов аға бақилық болғанда көзінен жасы сорғалап, мұңайып жүрді.

– Марқұм әкемнің жан досы, құрдасы еді. Өзгенікін көтермесе де әкемнің әзілін көңіліне ауыр алмайтын-ды, – деп қойып, жұмысынан бірнеше күнге сұранып келіп, Сабыр ағаның ақтық сапарында бел шешпей жүргенін көз көрді.
Бұл аймақтың үлкен-кішісі марқұм Андрей Иванович Никешин­нің өзін де, ұлы Володяны, ұрпақ­тарын да қатты құрметтейді. Несімен тұрғылықты халықтың жүрегін жаулады? Әрине кісілігімен, кішілігімен, қарапайымдылығымен. Көп жылдар жолдас болғанда байқағаным, ол кешірімшіл, жүрегіне зіл ұстамайды. Кейде, қатар-құрбыларының шектен шығып сөйлейтіні, намысқа шабатыны болады. Володя, ол да пенде ғой, көңіліне алмайды емес, алады, бірақ кешіре салады. Ол үшін қандастарға біз ренжіп қалсақ:
– Әй, қойшы соны, ол өзі сондай жігіт қой, сөзіне есеп беріп жата ма? – деп қолын бір-ақ сілтейді. – Тәуірірек басқа бір әңгімені айтайық­шы одан да, – деп алып қайдағы мен жайдағыны есіңе салып, езуіңді жиғызбайды.
Қайырымды жігіт, дұрысы азамат, ел ағасы, зейнеткерліктің ауылы оған да алыс емес. Көктем түсе әр ауылда тазалық айлығы басталаты­ны белгілі. Себеп-сылтау айтпай-ақ ортасында күрегін не тырмасын қолына ұстап біздің Володя жүреді. Өткенде Наурыз мейрамында ұжым­дар бірлесе шығып, киіз үйлер тікті. Бірінің жанында біздің Володя жүр, болыскей ақ самауырға әлсін-әлсін жыңғылдың шоғын салып, көрінген үлкен-кішіге құшағын ала жүгіреді. Әйтпесе, ол тегіне тектілік біткен ­Никешин Андрей Ивановичтің ұрпағы болар ма, айналып қана кетейін.
Әлгінде қайырымды дедік. Расымен де көктем түсе өтініш еткеннің бау-бақшасына барып жүзімдіктерінің, жеміс ағаштарының артық бұтағын кесіп береді. Тыңайтқышты қанша мөлшерде қосу қажеттігін айтып түсіндіреді. Білмейтіні жоқ. Себебі ауласы түрлі жеміс-жидектен арылып көрген емес. Алма ағаштары қандай? Қазақы мінезді ол сатып пұл қылу дегенді мүлде білмейді. Шелек-шелегімен, табақ-табағымен көрші-қолаңға, жұмыстастарына, достарына үлестіріп жүргені. Өз сөзімен айтсақ, бұл «ауыз тигізу». Володяның өсімдік жайын жақсы білетіні – ол Агроөнеркәсіп кеше­ніндегі Құрманғазы аудандық аумақ­тық инспекцияда өсімдік қорғау инспекторы лауазымдық қызметін ұзақ жылдардан абыроймен мінсіз атқарып келеді.
Осы мақаланы жазу барысында ақкөңіл азаматтың жолы болып тұрғандай аталған мекеме басшысы Арман Құмарғалиев ініміздің ұшы­раса кеткені. Біз сұрадық, ол айтты.
– Володяға шаң тигізбейміз ғой, ондай маман болу қайда, – деді ініміз. – Ал адамгершілігін, көпшілдігін менен гөрі сіз жақсы білесіз. Сәл көрінбей қалса, ұжымдас­тар сағынып қалады. Ортаның гүлі деп жатады ғой, дәл сол сөз біздің Володяны айналып өтпейді. Еңбегі еленді. Министрліктен бері қарай грамоталар, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарын иеленді. «Еңбек Даңқы» төсбелгісі де Володяның өңірін жарастырып тұр, – дейді одан әрі Арман Мұқанғалиұлы.
– Бірінде, – дейді Володя ­шайын сораптап қойып, – жұмысым ­болып Волгоградтық туыстарымның үйіне бардым. Пойызда адам көп, жол шаршатты. Басым ауырып әзер жеттім. Үлкен апай «не ­ысытайын, не ішесің» деп бәйек болып ­жатыр. «Апа, шәйнегіңді қайнатшы, құманыңды бер, шайды өзім демдеп аламын, басқа ештеңенің керегі жоқ» дедім. Содан сүтін молырақ салып, 4-5 кесе күрең шайды қанып ішкеннен кейін самайымнан тер бұрқ ете түсті, маңдай жіпсіп көз ашылды. Мұны көрген туыстар «Өй, қазақ келді, шайдың тәуірі қайда?» деп күлі­сіп жатыр. Енді қайтейін, бала кезден үйренісіп қалған дәміміз – шай ғой, – дейді Володя дос өткенге ой жіберіп.
Батыс өңірінде, осы Құрманғазы ауданында қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері шүкір бар, бірақ ­Володядай болу қайда? Қазақы сөздің мәйегін ағызады, мақал-мәтелдермен тұздықтап жібергенде ұзақ жылдар қалам ұстап жүрген өзің қайда кетеріңді білмейсің. Сол үшін оны төбеңе көтермегенде, кімді төбеңе көтересің?! Тойыңда шалықтап билейді, билегенде аяғы жерге тимейді. Созғылап баянын тартады, тартқанда жай тартпайды, әуезді әуені тұла бойыңды шымырлатады. Қалтасына қолын салып шашуын да береді. Өлгеніңе топырақ салады. Жабырқап, сенімен бірге жаны қиналып, маңайыңнан кетпейді, басыңды сүйейді.
Жан жары Асия Сабирджанқызы татар ұлтының өкілі. Ибалы, инабатты. Әйтпесе, Володя досқа жар болмайды ғой. Үйіне бас сұқсаң күлімсіреп ақ дәмін алдыңа тосады. Дәмінен бұрын жылы қабағына, ықылас-пейіліне риза боласың. Ұрпақтары адам-асыл болды, ылғи оқыған білімділер, бір-бір шаңы­рақ болып Тәуелсіз Қазақстан­ның игілігін әр тарапта еселеуде. Қай-қайсысы да таза қазақ тілінде ағалап, көкелеп іші бауырыңа кіріп барады. Аман жүрсе екен, сол айналайындар!
Мен сені бауырымдай жақсы көремін, Володя! Тек мен ғана ма, жерлестердің бәрі де сені мақтан етеді.


Баға беріңіз