​Түркі жазбалары - руханият бастауы

Tilalem.kz

Tilalem.kz

02 мамыр, 2018

Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің Студенттер сарайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Түркі жазбалары күніне арналған «Рухани жаңғыру және байырғы түркілік руханият» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оған еліміздің барлық өңірлерінен ғалымдар, түркітану саласының мамандары және жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып Түркі жазбаларының маңыздылғын талқылады.

Түркітану баспалдағы

Конференцияны Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов ашып, оның ғылымдағы алар орны мен маңыздылығына кеңінен тоқталды.

– Тәуелсіздік алғаннан бері тарихымыздың көптеген ақтаңдақтары, тарихи белгісіз беттері ашылып, 26 жылдың ішінде осы түркітануға үлес қосып жүрген мамандардың үлкен шоғыры қалыптасты. Бүгін сол ғалымдардың бір тобы Қызылордада бас қосты. Салаға қатысты мәселелер бұрын Тараз, Алматы, Өскемен, Астана және Түркістан қалаларында өткен конференцияда талқыланған еді. Түркі халықтарының зерттейтін үлкен кешені – тілтану ғылымы. Оның негізгі тірегі - тіліміз. Орхон-Енисей заманынан көне ескерткіштен бастап бүгінгі күнге дейін жер жүзінде 50-ге жуық түркі халқы өмір сүреді. Сол халықтардың ортақ тілі, жәдігер мұрасы бар. ХІХ ғасырдың өзінде Қазанда, Мәскеуде, Санкт-Петербургте түркітануды зерттеген үлкен ғылыми орталықтар болған. Кеңес кезінде Алматыда, Ташкентте, Бакуде қалыптасты. Түркияның ірі қалаларында да зерттеліп жатыр, – деді ол.

Ауқымды шараның Қызылорда қаласында өткізілуінің де үлкен мәні бар. Алаштың анасы атанған Қызылорда қаласы биыл 200 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сырдың бойында ұлт тарихына қатысты құнды мәдени-ескерткіштер қалыптасты. Тарихтың толғауын ашып, бүгінгі ұрпаққа ұсынсақ, «Рухани жаңғыруда» айтылған мәселе ұлт ретінде өзін-өзі тану, рухымызды асқақтату, ал өзінің тегін білген, тарихын білген ұрпақ асқақ болары даусыз. Конференцияның мазмұны Елбасы көтерген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатыр. Алаштың астанасы аталған осы өңірде мәдениетіміздің қалың қатпарлары сақталған. Бүгінгі басқосумен үндесетін мекен. Аталмыш шара ауқымды екі тақырып төңірегінде өрбіді. Біріншісі – көне түркілік мұра, оны зерттеу мен зерделеу болса, екіншісі – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі.

Сыр елі - түркілердің бесігі

Келелі кездесу барысында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, рухани жаңғырудың Сыр өңіріндегі серпіні мен атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады.

– Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланды. Мәдени құндылықтарымызды, ұлттық болмысымызды насихаттай отырып дамудың келесі сатысына көтерілу жолындағы ізденістерді бүгіннен бастау керектігін айтқан мақала шыққаннан бастап, елімізде, оның ішінде облысымызда маңызды ісшаралар қолға алынды, – деді ол сөзінде.

Осы орайдааймақта бағдарламаны жүзеге асыру барысына қысқаша тоқталып өтті. «Рухани жаңғыру» орталығы жұмысын бастады.«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, 79 жоба жүзеге асты. Сонымен қатар, 600-ден астам іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал, биыл 81 жоба мен 100-ден аса ірі көлемдегі шараның өңірлік жол картасы әзірленіп, бекітілді.

Халықтың игі­лігі үшін жасалып жатқан тың жобалардың жалғасы ретінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін жаңа қаланың құрылысын мақтанышпен атауға толық негіз бар. Аумақтан әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объектілерімен бірге Жастар орта­лығы бой көтереді. Қазақ орталық атқару комитеті ғимараты үлгісіндегі музей құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы топ мүшелерімен бірлесе өңірдегі қасиетті орындар сараланды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми- зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері облысымызда іссапарда болып, тәжірибелерімен бөлісті. Сыр өңірінде сырын жасырған қасиетті мұралар көп. Өткен жылы жарыққа шыққан «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» және «Өңірлік қасиетті нысандар» кітабына облыс бойынша зиярат ету маңыздылығы, тарихи сипаттамасы қойылған талаптарға сәйкес келетін 12 нысан енгізілді.

Сыр өңіріміздегі 6 нысанға оғыз дәуірінің ескерт­кіштері Жанкент, Сортөбе, Жент, сақ мәдениеттерінің көрнекті жәдігері Шірік-Рабат қалашықтарына, Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне және қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Түркі жазбалары қақында ойталас

Конференция барысында ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы Тілдік дайындық кафедрасының меңгерушісі, профессор Шапағат Жалмаханов «Әбілқасым әз-Замахшаридың «Мукаддимат әл-әдеб» сөздігі (ХІІ ғ) мен қазақ тіліндегі көмекші морфемалардың тарихи тектестігі» тақырыбында баяндама жасады. Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Бекен Сағындықұлының «Қазақ метафорасы: таным мен таңбалық сипат» тақырыбындағы баяндамасы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының профессоры Шанжархан Бекмағамбетов «Әріп белгілерінің астарында адамзат өркениетінің асыл қазыналары» тақырыбында келтірген деректі дәйектемелері қатысушылар арасында пікір талас туғызды.

Сондай-ақ Бердібай Шалабай, Амангелді Мамыт, Гүлфар Мамырбекова, Нұрбол Садуақас, Қарлығаш Сарбасова, Гүлнар Сырлыбаева, Мәлике Шайхыстамова, Мұхтар Миров, Гүлмира Баялиевалар мазмұнды баяндама жасап, түркі жазабаларының ғылыми ортадағы қолданысы мен өзектілілігін сөз етті.

Ғылымның басты мақсаты ақиқат дейтін болсақ, ақиқат осындай ойталастар арқылы қалыптасады. Әрбір ғалым ойын ортаға еркін салып, тақырып аясында дайындаған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Жалпы, ғылыми жиынның негізі – ортақ түркілік мәдениетіміздің үлгілерін жүйелеу мен зерттеу жөнінде пікір алмасу және қазіргі кезеңде осы салада жүрген отандық ғалымдардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасу. Конференцияның екінші кезеңінде қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіне байланысты тыңойлар сарапталды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы жаңа әліпбиге байланысты міндеттің орындалу барысы мен оның маңызы, қажеттілігі туралы ой өрбіді.

Мұнан кейін шара қонақтары Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысты. Конференцияны мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен концерттік бағ­дарлама қорытындылады.


Баға беріңіз