Қазақ тілінен халықаралық олимпиада өткізу керек

Tilalem.kz

Tilalem.kz

10 мамыр, 2018

Тіл – ұлттың ең асыл құндылықтарының бірі де бірегейі. Тіл – Тәуелсіздіктің тірегі, егеменді мемлекетіміздің айбыны. Бұл мәселеге ұлттық және әлемдік тұрғыдан да қарауға болады. Екі бағытта зер салып, оның ішкі және сыртқы мәселелерін оңтайлы шешіп, күн тәртібіне қоя білсек еш ұтылмасымыз анық. Ішкі деп отырғанымыз, әрине, тілдің өз мемлекетінде дамуына жағдайлар жасау. Құқықтық-заңдық тұрғыдан туындайтын мәселелерді дер кезінде шешіп, қолданысқа ендіріп отыру. Терминологиялық жүйесін шыңдай түсу, терминологиялық сәйкессіздіктерден барынша арылту, мемлекеттік тілге кешенді жүйе ретінде қарап, оның барлық ұйым­дастырушылық шаруаларын түгендеу, сондай-ақ тілдің әдіснамалық, әдісте­мелік бағыттарын дамыту және т.б.

Қазақ тілі бүгінгі таңда өсу, өр­кендеу үстінде деп айтуға болады. Латын әліпбиіне көшетінінің өзі тілдік рефор­­маның бір дәлелі. Елімізде қолға алынған «Жүз жаңа оқулық» жобасы да тіл аясының кеңеюіне өз септігін тигізеді.

Тіл жағдайына Тәуелсіздік алған жылдардан бастап зер салатын болсақ, шүкір ететін де, пікір ететін де мәсе­лелер баршылық. Өркениетті елдерде өздерінің мемлекеттік тілдері барлық салада үстемдік етіп тұрады. Оны көзбен көріп, түйсігімізбен сезіп те жүрміз. Әрине, ол елдер де мұндай дәрежеге бірден жете қойған жоқ. Қаншама кезеңдерден өтті. Тілдің тұғырын нықтады, оның айнала­сындағы барлық мәселелерді заң арқылы шешіп, реттеп отырды. Жалпы кез келген елдің мемлекеттік тілі сол мемлекеттің саяси-идеологиялық бағытымен біртұтас жүйеде дамитыны сөзсіз. Оны бөліп алып қарастыру мүмкін емес. Мемлекеттік тіл деген сөздің өзі сол мемлекетке тікелей қатысты мәселе. Мемлекет болғаннан кейін оның мемлекеттік тілі болатыны заңдылық. Ол тіл ұлттық деңгейден әлдеқашан асып кеткенін, яғни мемлекеттік деңгейде қызмет етіп жатқанын көрсетеді. Демек, мемлекеттік тілдің өзіне деген көзқарас біздің елімізде бөлек болуы керек. Қазақ тілін, шын мәнінде, мемлекеттік тіл ретіндегі функцияларын күшейтудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Әйтпесе, біздің қоғамда қазақ тілі тек қана қазақ халқының ғана тілі, сонда мен қазақ тілін не үшін, кім үшін үйренемін, орыс тілі арқылы да күнімді көріп, жұмысымды істей бермеймін бе деген көзқарас жоқ емес.

Заңдық-құқықтық тұрғыдан алсақ, мұндай түсінік заң талабына сәйкеспейді. Конституциямызда орыс тілінің дәрежесі бөлек. Ата Заңымыздың 7-ші бабының 2-тармағын оқитын болсақ: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Байқайсыз ба, өмірдің барлық саласында және барлық жерде емес, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қолданылады. Осы мәселені көп адам шатастырады. Орыс тілін мемлекеттік тілмен барлық жерде тең көргісі келеді. Ата Заңымыздың өзі айқын көрсетіп отырған жоқ па. ­Демек, біздің елде тіл саясатын халық арасында жеткілікті түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Елдің бәрі заңға бірдей сауатты емес. Біреу түсінеді, екіншісі басқаша қабылдайды дегендей. Кез келген заңның өзінде комментарийлер қоса жүретіні сияқты, әрбір заңды, оның баптарын түсіндіру жұмыстарына мән берілмегендіктен осындай олқылықтарға жол беріліп жататыны өкінішті. Орыстілді қоғамның өзі бұл Ата Заңда жазылған тіл бабын оншалықты жетік біле бермеуі де мүмкін. Демек, қос тілді қоғам да ортақ заңымыздың барлық талаптарын жақсы дәрежеде білгені жөн. Әйтпесе, мемлекеттік тіл мәселесінде әртүрлі түсінбестіктердің орын алып жүргенін байқаймыз. Біреулер, керек десеңіз, елімізде мемлекеттік тілдің қай тіл екенінен де хабарсыз. Мұның барлығы мемлекеттік тілдің заңдық-құқықтық мәселелерін білікті заңгер мамандардың көмегіне жүгіне отырып түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Қазақ тілі сонау 1989 жылдан бастап мемлекеттік тіл деген дәрежеге ие болды. Ендеше, оған деген талап та, тілек те қоғам тарапынан басқа болуы тиіс. Бұл – бір.

Екіншіден, қазақ тілін халықаралық тұрғыда өркендету жайы қалыс қалып келе жатқанын айтуымыз керек. Не істеліп жатыр, қандай шаралар атқарылуда? Бұл мәселеде нақтылық, айқындылық жоқ. Қазақ тілінің жағдайы әлемнің өзге елдерінде қалай? Қазақ тілінде сөйлеушілердің нақты саны қанша? Қазақ тілі әлемде қалай оқытылып жатыр? Бұл туралы да нақты ақпарат немесе белгілі бір мәлімет жоқ. Әлемде бес миллион қандастарымыз бар деп мақтанамыз. Ал солардың барлығы бірдей қазақ тілін біле ме? Толыққанды біледі деп айту қиын. Әсіресе Еуропа және Батыс елдерінде өмір сүретін қазақтардың тілдік жағдайы алаңдатары сөзсіз. Өйткені оларда қазақтілді орта жоқ. Орта болмағаннан кейін тілді ұмытпай қайтсін. Оның үстіне басқа мемлекетте өмір сүріп отырғаннан кейін, ол елдер аз ұлттардың тіліне қамқорлық жасайды деп айту қиын. Жалпылама жасалуы мүмкін, ал нақты орталықтар ашу, әдебиеттермен қамтамасыз ету, мұғалімдер шақыру ­деген мәселелер ескерілмейтіні ­бесенеден белгілі. ­Демек, біз шетелдегі елшіліктер арқылы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы арқылы қазақ тілін ­шетелдерде өркендету жайын қолға алуымыз керек. Қазір әлемнің рухани мәдени келбеті өзгеріп ­барады. Әр ұлт, әр ел өз құндылықтарын насихаттауға көшті. Және өз елінде ғана емес, мұндай жұмыстарды өзге елдерде де батыл қолға алуда. Мұндайдан біз неге қалыс қалуымыз керек деген ой ­туындайды. Дербес, егемен ел ретінде біз де шетелдегі өз қандастарымыздың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға, әдет-ғұрпын сақтауға жағдай жасауымыз керек емес пе? Осындай бағытта жұмыс жасайтын орталықтар ашып, нақты мамандарды белгілеп, оларға айлық-жалақы қойып, жұмысты осылай ұйымдастырса, несі әбестік. Сонда жұмыс өнімді болар еді. Негізі бізге көптеген бағыттар бойынша тілдік ­жобаларды ойластыруды қолға алу ­керек. Мұндай жобалар мемлекет ­немесе белгілі бір компаниялар тарапынан қаржыландырылып жүзеге асырылса құба-құп. Жалпы осындай жобалар арқылы біз елдікті таныту жолын да ойластырып қойғанымыз абзал. Мысалы, ағылшын тілі арқылы ағылшын елі туралы бүкіл дүниежүзі біледі. Тілдің ел танытушылық бағыттағы осындай артықшылықтары бар.

Мемлекеттік тілге байланысты айтатын үшінші мәселе қазақ тілін әлемге насихаттаудың бірден-бір жолы студент жастар арасында олимпиада өткізу мәселесін қолға алуымыз керек. Бұл олимпиадаға тек қана қазақтар емес, тілімізді меңгерген шетелдік азаматтарды да тартқанымыз жөн. Қазір әлемде қазақ тіліне қызығушылық танытып, оны меңгеріп жүрген шетелдік азаматтар, жастардың бар екенін байқаймыз. Бірақ өкініштісі, соларды қолдап жатқан ешкім жоқ. Тілімізді өркендетеміз десек, мұндай немқұрайдылықтан тез арада арылғанымыз жөн ғой. Халықаралық олимпиада өткізу керек деп отырғанымыздың бір мәнісі осында. Мәселен, өзіміз жақсы білетін Түркия елі түрік тілінен халықаралық олимпиада өткізуді дәстүрге айналдырған. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен (135 мемлекеттен астам) түрік тілін жетік меңгерген жастар келеді. Ұлттары әртүрлі, діндері, мәдениеттері де бөлек, бірақ бір ғажабы бәрі де түрік тілінде сөйлейді. Олардың барлығы бүкіл әлемде түрік кәсіпкерлерімен ашылған мектептерде тәлім алады. Біздің кәсіпкерлер шетелде қазақ тілін үйрететін мектеп ашыпты дегенді естідік пе? Міне, мәселе қайда жатыр. Тілге жанашырлық осындай нақты шаралардан басталады. Түрік тілі бойынша олимпиадалар алдымен сол елдерде өткізіліп, ақтық сынға жолдама алғандар Түркия еліне келіп, білімдерін сарапқа салады.

Айта кетерлігі, түрік тілінің мұндай олимпиадалық сайыстарға әлемдегі өнер, саясат, бизнес өкілдерінің қызығушылығы жоғары болып келеді. Дүниежүзі елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарында жаңалық ретінде хабарланып, баспасөзде, интернетте мақалалар жарық көреді. Әрине, олимпиада өткізудің тіл аясын кеңейтуге беретін артықшылықтары көп. Ең бірінші – тіліңді насихаттайсың, екінші – сол тілде сөйлейтін адамдардың санын арттырасың, үшіншіден тілдің халықаралық мәртебесін биіктетесің, төртіншіден – өз тіліңе деген басқа ұлттардың, өзге елдердің қызығушылығын тудырасың. Бұл айтылғандар негізгілері ғана. Шынтуайтына келгенде, тілдің өріс алып, дамуы үшін ол міндетті түрде білім беру жүйесімен, оқыту процестерімен тығыз байланысты болуы керек. Білім беру жүйесі арқылы дамытылмаған тілдің болашағы да бұлыңғыр. Себебі – білім дегеніміздің өзі жалпыадамзаттық құндылық. Ол әлемде ешуақытта өз бағасын жоймайды. Ал тілдің өзі білім. Олай болса, тіл арқылы білімді дамыту, білім арқылы тілді дамыту мәселелерін мықтап қолға алатын кез келді. Өйткені оларды бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Барлығы да бір жүйенің ішіндегі құндылықтар. Ғылым да солай. Қазақ тілі ғылыми бағыттар арқылы дамиды. Ол гуманитарлық салалардан бөлек, химия, ­биология, ­физика, математика, география және т.б. ғылым салаларынан да шет қалмауы керек. Тіліміздің әлеуеті бұл салаларда өріс алуына толығымен жетеді. Тек мықты терминологиялық ­базаны қалыптастыра білсек болғаны. Қарыштап дамыған технологиялардың соңынан көптеген тілдердің терминологиясы ілесе алмай жатқаны сөзсіз. Өйткені күн сайын, сағат сайын жаңа терминдер пайда болуда. Ондай терминдер тек технология саласында емес, медицина, фармацевтика, нанотехнология және т.б. салаларда қанат жаюда. Бұл орайда тілдің қолданысы технологиялық д­амумен де өлшеніп отыр. Ал бұл бәріміз жақсы білетіндей, ағылшын тілі арқылы әлемге тарауда. Қалай болғанда да, тілді дамытудың ар жағында өз ұлтыңның бәсекеге қабілеттілігі дейтін негізгі ­фактор ­жатады. Ұлт бәсекеге қабілетті болмайын­ша, оның тілі де бәсекеге қабілетті бола алмайды. Осындай мәселелерді ескеріп, нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана дамыған отыз елмен иық қағыстырып, алдыңғы шептен көрінеміз.


Баға беріңіз