​Сөйлемейтін термин тілді тұншықтырады

Терминология – арнайы функцияны атқа­ра­тын тілдің бір бөлігі ғана. Ол түрлі сала­лар­­дағы терминдердің қыз­ме­тін жан-жақты зерттеумен ай­налысады. Біздің қазіргі кезде қарастырып жүрген, проблем...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 мамыр, 2018

Соған қарамастан, жаңа сөздердің айналасында, онымен байланысты проблемалар кездескен, талқыланған, көтерілген, шара ұйымдастырылған, тағы с.с. толып жатқан сәттердің барлығында жекелеген авторлар тарапынан терминологтар қайда қарап отыр деген уәж жиі айтылады. Енді жоғарыда айтылып өткен арнаулы мақсаты бар тіл немесе арнайы функциясы бар тіл аясында ойланып көріңіздер, арнайы функциясы бар тілге де, терминге де, терминжасамға да, термин қалыптастыруға да, терминографияға да, осылардың барлығының практикалық аспектілеріне де тек терминологтар жауапты болуы керек пе? Әрине, жүйе олай емес, бұлай сын айту қисынға да, жүйелілік қағидатына да сәйкес келмейді.

Барша жаңа жасалған сөз атау­лының барлығы бірдей термин емес екенін тағы да баса айтқымыз келеді. Арнайы функцияны атқаратын тілдер ретінде құжат лексикасы, ғылым тілі, кәсіби сөздер, саяси лексика, интегра­циялық атаулардың толып жат­қан түрлері жатады. Тіптен, терминдердің қалыптасуы да дайындалған мамандар мен жазылған оқулықтарда, сол сала тілінде сөйлейтін мамандардың ғылыми ұғымдарын тұрақты, сенімді түрде қолдануымен, қолданыста айналымға енгізумен де тығыз байланыс­ты. Термин қалыптас­тыру дегеніміз – тек сөз жасау, терминді жасау, оның сөздіктерін шығару, тізбесін жасау, бекіту деген сөз емес. Тізілген терминдеріңіз сөйлемесе, ондай терминнен келіп-кететін пайда болмайды. Ресми тілде немесе қағаз жүзіндегі еңбектермен ғана шектеліп қала береді. Ал қалың көпшілік немесе белгілі бір пәнді үйренемін, сол тілде сөйлеймін деу­шілердің алдында кездесетін қиындықтар жалғаса беретін болады.
Жоғарыда практикалық ас­пекті дегенді негізсіз айтқан жоқпыз. Біздің жазылып отырған ойларымыз да ғылыми мақала мақсатын көздемейді. Терминологияда да, терминографияда да, тіпті бұл салалардан тыс кез келген ғылымның саласында теориялық жағы бар да, практикалық жағы тағы бар. Оның үстіне, термин туралы дерексіз пайымдаулар айтудан гөрі практикалық қисынды ұсыныс түрінде жеткізуді жөн санадық.

Бүгінгі терминологияда теорияны талдауды, оны дерексіз түрде сөз етуді қойып, практикалық жағына қарай мән беруге, нақты жинақтаушы, жүйелеуші, қолданушы, қалыптастырушы әрекеттерді іске асыруға, қолға алуға басымдық береді. Ол – іс жүзінде терминдер мен арнау­лы сөздерді қолдануға деген, олар туралы, олардың аудармасы туралы ақпараттарға деген сұраныстың нәтижесі. Өйткені қазіргі қоғам нақты практикалық шешімдерді қажет етеді. Әлемдік ғылым да, ғылым адамын да­йындайтын білім беру жүйелері де осы бағытқа артықшылықты көбірек беріп отыр. Бұл – әлемдік үдеріс. Ал сан ғасырлар қараусыз болып келген немесе қарауы аз болып келген қазақтың терминдерінің қатарын бірізге, жүйеге түсіру, әсіресе, нақты қадамдарды, түсінетін жерін түсініп, жүйе­лі жұмыс жасауды қажет етеді.
Осы бағытта нақтырақ ойларымызды ұсынуға ұмтылып көрейік.
Қазір біз терминдерді сынауды сәнге айналдырдық. Бұл – шындық. Мәжбүрлі түрде мойынсұнуды қойып, болып жатқан процестің, шара қолданушы, шешім қабылдаушы тарапынан болып жатқан іс-қимылдың қисынын оң нәтижелерге қол жеткізу қиындау болмақ деген ойдамыз. Сын негізді болса, әрине, дұрыс. Бірақ сынаушы қауым жаңа атаулардың жасалуына өз үлестерін қоспаған мамандар болып жатады көбінесе. Бұлай сын айту негізсіз.

Екіншіден, қалыптастыра алмай жатқан сөздерімізге балама ұсынудың орнына сөздің түпкі мағынасын, тарихта берген мағынасын талдап, оның қазіргі ана мағынаны, мына мағынаны немесе қайсыбір дефиницияны (ғылыми мағынаны) білдіре алмайды деп сын айту сәнге айналды. Бұлайша шексіз талдасақ, тілдегі, соның ішіндегі қазақ тіліндегі де сөздердің барлығын жоққа шығаруға, тамтығын қалдырмауға болады. Сондағы айтпағымыз – қалыптасты ма, елдің аузы мен құлағы үйренді ме, жазуға үйреншікті сөзге айналды ма, енді өзге жағын жетістіріп алмай тұрғанда ұлт тілінде сөйлей бастаған ұғымдарды қазбалай түсудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз. Атыңызды шығарып, сөз арқылы ұпай мен даңқ иемденуге құмарлықты неге қоймасқа?!

Неге олай дейміз? Себебі тілдегі шарттылық дегеннің бар екенін, оның ішінде сөз, термин жасауда да шарттылық белгілі бір дәрежеде қатысатындығын естен шығармағанымыз жөн. Көпшілік мойындауға тиісті де, осы көпшілігіміздің сәтсіз аударма десек болды, сәтсіз жасалған термин десек болды келтіретін мысалымыз – сол қылтима, шаптырма. Әрине, дөрекілікті жария етпеу – барша адамзаттың жасыра білу мәдениетіндегі түсінік. Бұл екі сөздің қазіргі ұғымдық түсініктер тұрғысынан қолайсыз жасалғаны да рас. Бірақ осындай кейбір сәтсіз аудармаларды алға тартып, сынның жөні осы екен деп өзге сөздерді кері шегерудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз. Себебі тікұшақты, ұшақты, отынды, жүйені, айқұлақты, т.с.с. сынға алудың не­­гізін көріп отырған жоқпыз. Мә­селе – қалыптастыра алмауымызда, қабылдай алмауымызда, қабылдауға дайын болмауымызда. Кім не десе, тіл білімінің заңдылығы тұрғысынан, бұл – ақиқат.
Негізгі айтпағымыз – қазақ терминдерінің сәтсіздігін уәждеуде осы бір-екі сөзден басқа дүйім жұрттың өзге мысалдарды келтіре алмауы. Әрине, бұдан да басқа сөздерімізде кемшілік жетіп артылады. Осыған дейін қалыптасып үлгерген сәйкестендіру де идентификацияны, ота – операцияны, екпе – вакцинаны, тағы с.с. толып жатқан сөздер дәлме-дәл ашып бере алмайды. Термин жасауда мүмкіндігінше дефиницияны жан-жақты қамтып ашатын сөзбен беруге ұмтылу, әрине, орынды. Дегенмен бұл тұста жоғарыда аталған шарттылықты және сонымен бірге дефиницияға тән бір белгінің ядро ретінде қызмет етіп, тұтастай терминнің тілдегі аударма баламасын беруге негіз бола алатындығын да ұмытпаған жөн. Айталық, сәйкестік – «идентификацияны», «идентичносты» анықтаудағы дефиницияның бір жағы, бірақ негізгі семасы. Осы негізде сәйкестендіру идентификацияға балама бола алып тұр. Бұл тұста «сәйкес келушілік», «сәйкес болушылық» – терминді ашуда ядролық сема қыз­метін атқара отырып, оның негізгі қыз­метін беруге ұмтылады.
Практикалық терминтану тұрғысынан елімізде қолданылатын тетіктердің бірі – мемлекеттік терминком. Терминком жұмысының кемшіліктері осыған дейін де белгілі авторлардың мақалаларында тарқатыла жазылды, ерекшелігі мен ескерілетін мәселелері көтерілді. Оны қайталап жатудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен айналдыр­ған 20-30 күнде электрондық пош­тасына жіберілген мыңдаған терминді кез келген кәсіби маман да, ғалым да, терминком мүшесі де сапалы талдап үлгермейтінін ескерген жөн. Бұл тұрғыдан мемтерминком жұмысы, оған ұсынылатын термин нұсқаларының негізделуі, ақпараты, талдамасы арнайы орталықтың немесе институттың жұмысының нәтижесіне сүйенуі қажеттілігі соңғы бірнеше жылдарда, тіпті онжылдықтарда айтылып келеді. Мемтерминком отырысы осылай аз уақыттың ішінде өткізілгеннің өзінде, оның қарауына ұсынылатын терминдер ұзақ уақыт сүзгіден өткізіліп, мониторинг жасалып, барлық мәнмәтін жүйесіндегі қызметі мен қолданысы жан-жақты қарастырылып барып ұсынылуы тиісті. Бұл тұрғыдан мониторинг жа­сауға тиісті сала мамандары, мониторинг жасаудың барлық мүмкін болған тәсілдері қолданылуы тиісті. Ал мұндай ауқымды жұмыстарды бір маманның үйлестіріп отыруы орынсыз деп есептейміз. Мұндай жағдайда сапа тұрғысынан терминология­лық жұмыстардың тиісті деңгейде үйлестірілмейтіндігі анық. Бұл жұмыстар зерттеу, талдау, мониторинг, қайта сараптау, жасау, ұсыну, қалыптастыру, жинақтау, жетілдіру, қалыптас­қан нұсқаны іріктеу, мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтай отырып қалыптастыру әрекеттері түрінде дербес ұйымның, бірақ білікті мамандары бар ұйымның құзыретіне берілгені орынды. Бір ғана дәйек келтірсек, бір терминнің аудармасының өзі әр салада әртүрлі қолданылуы мүмкін. Заң тілі тұрғысынан рассмотрение сөзінің өзі – қарау, қарастыру, предусмотреть сөзі – көздеу, қарастыру, знак – белгі, таңба, т.с.с. әртүрлі нұсқаларда келетін жағдайлар бар.
Тоқтала кететін тағы бір жайт – терминдердің жүйеленуін сөздік шығарумен өлшеуді де әдетке айналдырып алғандығымыз. Рас, сөздік шығару қажет, бірақ шығарылған сөздіктің барлығы жұмыс істемеуі, тиімділігі төмен болуы, сөздіктерден күтілетін нәтижені қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Мәселе – сөздіктің қомақты болып шығуында емес, қамтылатын ақпаратының тиімді берілуінде. Бұл да өз алдына қолға алынатын мәселе. Мысалы, қазіргі көп сөздіктердің құрылымынан, сөздік мақалалары мен анықтамаларынан талап етілетін сұраныс терминнің бірнеше салалардағы аударма нұсқаларының қатар берілуі, кешенді ақпараттың қамтылуы. Сондай-ақ, терминологиялық база мәселесі де терминтанудың айналасында өзекті болып отыр. Терминдердің дерекқоры – WORD, EXCELL, шағын дискілерге жазылып берілген тізілім түріндегі сөзтізбе емес. Өкініше қарай, біз терминологиялық базаны осылай түсініп жүрміз. Бұл – кешенді түрде жасалатын, бірнеше саланы қамтитын, ізденіс тілі бар, үнемі жетілдіріп, толықтырып отыруға болатын, онлайн режимде де көпшіліктің қолданысы үшін ұсынуға болатын күрделі бағдарламамен жасалған өнім. Қазіргі тілді үйлестіретін мемлекеттік орган мамандарының, сөздік шығарушылардың қолында бар сөздіктерінің қарапайым электрондық нұсқаларын терминдердің дерекқоры деп айта алмаймыз.

Дерекқор ізденіс арқылы оның бірнеше саладағы қолданыстарын, мысалдарын, түрлену ерекшеліктерін тұтастай қамтып көрсете алатын, екінші терминмен байланысын, қарсы сөз қолданысын, т.с.с. барынша толық қамтитын, күрделі бағдарламалық қамсыздандырумен қамтамасыз етілген жүйе болып саналады. Жинақтай айтқанда, практикалық терминтану тұрғысынан көрсетілген шаралар тиімді ұйымдастыруды талап етеді. Бұл бюрократиялық тәсілдермен емес, шығармашылыққа барынша жағдай жасай отырып, зерттеп-зерделене отырып шешілетін мәселелер қатарына жатады.


Баға беріңіз