​Латыншамыз сауатты болсын десек

Tilalem.kz

Tilalem.kz

05 маусым, 2018

Өткен жылдың сәуір айында бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы он жылда қазақстандықтардың өмір салты түбегейлі өзгеретіндігін айта келіп, қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым-білім процестерінің ерекшеліктеріне байланысты латыншаға көшудің терең логикасы барын ұлт азаматтарының санасына салған болса, ғаламдық даму керуеніне кешеуілдеп ілескен Қазақ елін шаң қаптырмай алға шығаруды көздеген Елбасының сөзінде үлкен мән бар.

Жоғарыдағы мақаласында Елбасының бізге астарлап жет­кізгенінің бірі – кеңестік дәуір жылдарында, оған дейінгі ғасырларда ұлттық тарихымызды түзудегі, басқа да жазу-сызу мәселелеріндегі бұрма­лау­шы­лықты дұрыстау екеніне ең әуелі филологтар мен қа­лам­герлердің ой жүгірткені лә­зім. Нендей жаңа­лықтың да прак­тикалық өмірге сіңуінде азды-көпті қиындық болмай тұр­май­ды. сол секілді, соңғы сек­сен жыл­ға жуық уақыт бойы қа­­зақ­ша жазуды кириллица ал­фа­ви­тімен орындап үйренген жұ­­рт үшін латын графикасымен жа­зып-хаттауға төселуде өтпе­л­і ке­дер­гілер ұшырасатыны бүгін­де іске білек сыбана араласқан ға­лым, мұғалім, қаламгерге мәлім.

Қашан қолға тиері уақыттың еншісіндегі жаңа сөздіктер әзір болғанша, қоғам болып ға­лым­дарға жәрдемдесіп, әр­кім-ақ өзінің кіші отанында ұшы­ра­сатын топонимикалық атау­лар­ды латынша бедерлеп ұсы­ну ар­тық болмас еді. Сондай-ақ жа­ңа әліпби қабылдауды әр­кім өз аты-жөнінің жазылу транскрип­циясын анықтаудан, тіл-әдебиетшілер курсының прак­тикалық «әл-қиссасын» әр­бір тың­даушы өзінің және оқу­шы­ла­рының аты-жөндерін латыншамен сауатты бедерлеуден бас­таса игі.

Кезінде қа­һар­ман Бауыржан Момыш­ұлы­ның өз аты-жөнін қазақ­ш­а­­лап жаздырғанын тарихи Қа­зан төңкерісі де жоя ал­ма­ған «ұлыорыстық шовини­зм» елесінен қаймыққан атқа­мі­нер­­лер үлгі-өнеге ете алмап­ты. Қа­зақстан тәуелсіздігі жария­лан­­ған жылдан соң ғана Үкі­метіміз әркімнің аты-жөнін төл­құжатына ежелгі айтылу-жазылу үлгісімен (тиісті тәр­тіп шеңберінде) қазақшалап жаз­д­ы­руға мұрсат берген тұста, бір­қа­тар қаламгер қауым бірден бас­тамашылық танытты. Сол ке­зеңде қазақтың маңдайына біт­кен біртуар азаматтардың бі­рі Ақселеу Сейдімбеков мақа­лаларына «Ақселеу ТАРАҚ­ТЫ» деп қол қойып бір өнеге көр­сет­кен еді, аудандық «Қар­қа­­ра­лы» газетінде істейтін біз­дер орыс­ша толтырылған пас­портта­рымызды дереу жаңа жекебас куәліктермен айырбастап, Сапарғали Ләмбекұлы, Шаймұрат Малғаждарұлы Оспан, Асқар Назипа Қожа­қы­зы деген аты-жөн куәлік­те­рі­нің иесі атанған болатын­быз. Кезінде орыстілді АХАТ қыз­метшілерінің сауат-жете­сі­нің «арқасында» Туу туралы куәлікке (одан паспортқа) өрес­кел бұрмаланып жазылған та­­лай аты-жөндердің жаңа төл­құ­жаттарға дұрысталып (нақты фа­ктімен айтсам: Аманбек Тюсю­тов – «Аманбек Түсіпов» болып, Айгүл Артакшинова – «Айгүл Артықша» болып, Ма­руа Конопьянова – «Мәруа Қа­н­а­­пияқызы» болып) қазақша жө­ні­мен жазылғанына куәміз.

Паспорттағы «Ибраев» тегін газетке, экранға «Ыбыраев» деп, «Иб­раимов» атауын «Ыбы­рай­ы­мов», Акба­ров атауын «Ақ­па­ров», «Сля­мов» атауын «Іс­лә­мов», Сисен­бековті «Сей­сен­бе­ков» деп «түзет­ке­н­і­м­із­ге» аты-жөн иелерінің қа­­бақ шытатынын ескерейік. Рахима, Рахи­мов, Илья, Ильяс аттарын да­ кез келген тілдегі БАҚ-та өз­герт­пей жазған жөн: сөз төр­кі­ні «раһим», «ибраһим» де­ген арабтық ұғымнан ғой. Күні ер­тең латыншаға көшкенімізде де бұл есімдер «һ» әрпі арқылы жа­­зыл­мақ.

Бірден айтайын, мақаламда келтірілген аты-жөндердің бәрі теледидар титрынан, газеттен алынған нақты кісілердің есім­дері. кім де болсын төлқұжаттағы аты-жөнінің баспасөзде бұр­ма­ла­нғанын кінәлауға құқы­лы. Сондықтан танымал тұл­ғалардың да аты-жөндерін өздері өтін­гендей, төлқұжаттағы үлгі­сі­мен жазған жөн (Аты-жөні түр­кілерге тән «ин» аффиксіне біте­тін Айсарин, Төреғожин, Кейкин, Салахаддин, Байғанин, Жангелдин, Зейнуллин болып келетіндердің жағдайы бәрінен де ұтымды, әрине).

Ал енді тоталитаризм жылдары төлқұжатқа Урбисинов, Кидирмагамбетов, Бурбаев, Меерманов, Исенжулов болып өрес­кел жазылған отағалары әу­леттен-әулетке кете беретін те­гін паспорт айырбастау кезін­де ата-бабаларының аруа­ғын риза қылып, «Өрбісін», «Қы­дыр­мағамбет», «Бөрібай», «Мейір­ман», «Есенжол» деп дұрыс­та­тып алса ғанибет болмақ. Екі тіл­де бірдей шырқайтын эстрада әншісі Бейбіт Кушкалиевтің орыс титріндегі те­гін журналис­тер қазақ титрін­де біресе «Көш­қа­лиев», біресе «Қош­қалиев», енді бірде «Күшқалиев» деп жа­зып жүр. «Сол Бейбіт аты-жөнін ла­тын­шаға «Бейбіт Көшқали» үлгі­сі­мен түсірсе оңды болар еді...» деп қоямын ішімнен.

Енді бір айтатыны, өткеннің өкінішіне, ұлттық тілімізді ұмы­та жаздағанымызға кеңестік дәу­ір­дің тізгінін ұстаған ре­сей­лік­тер кінәлі десек те, тәуел­сіз­дікпен бірге қайтып оралған құн­дылықтарымызды жарқырата алмай жүрген жайымыз да бар. Бұған мысалды сәбилерге ат қою саласынан келтіруге болады. Ұлтымызда әйел затына жарасатын Жәмила, Нұриля, Үрниса, Гүлниса, Тоқмейіл, Жамал, Айтбану, Мәрия, Гүлбәден, Нәркес, Айнамкөз... сияқты, ер-азамат болар ұлдарға жарасатын Нартай, Айтмұқан, Заңғар, Байтұрсын, Имандос, Есенғали, Ерқара, Ануар, Жәнібек, Тәңір-Берген, Ғабдрахман, Сағынжан, Жарылғасын, Нұрділда... сияқты айбарлы есімдер барын ескермей жүрміз. Біздің орыстілді қа­зақтар ресейліктер секілді, Ол­жас Омаровты «Алжас Ама­ров», Орынтай Оспановты «Арын­тай Аспанов» деп айтуын қоймай келеді.

Бір қарағанда ұсақ-түйек кө­рі­­нетін осы жайттарды жас әріп­­тестерімнің қаперіне салуды жөн көрдім. Бұларым – айс­бер­гтің мұхит бетіндегі ұшы ғана, яғни филолог-ғалымдармен бір­ге қоғам болып ойластыратын тұс­тар баршылық. «Ө» әрпінің ше­ке­­сіне үтір қойғанша, белінен сы­за салмаймыз ба, «xeroх» секіл­ді халықаралық термин түгілі, «Жек­сен, Сексен» секілді қазақ сөз­­дерін жазарда да қажетті «х» (икс) әрпін әліпбиімізге қосу ке­­рек» дегендей пікірлердің ай­тылуы кәдік. «Ондайларын айт­тыр­­маймын» деп, демократия принципін тәрк етуге тағы бол­­майды.

Президентіміздің: «Заман ағы­мына саналы түрде қабілетті болу керек. Жаңа жаһандық үрдіс­тер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды, ...жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс...» деп айтқанына сәйкес, аудар­ма тілінің сапасын да же­тіл­­д­іруіміз қажет. Елбасының шет­елдік ақпарат алмасу тілінің нақ­тылыққа негізделгені туралы ес­кер­туін ұғынып, жазу емлесін ауыр­лататын басы артық жалғау, шы­лаудан құтылуымыз, іскерлік тіл стилін оқырманға насихаттай жү­руіміз дұрыс болар еді.


Баға беріңіз