Жаңа әліпби емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялау басталды

Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын «Балдәурен» оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 шілде, 2018

«Әліпби бекітілді, келесі саты – емле ережесін анықтау, біздер, қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа әліпбиді сынақтан өткізуді «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына демалуға келген 6-9 сынып оқушыларынан бастадық. Мұнда еліміздің барлық өңірлерінің балалары жиналған. Енді қыркүйек айына дейін бұндай сынақтарды бүкіл республика аумағында көпшілік қауымның қатысуымен өткізу жоспарлануда»,- деді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев.

Ал апробация жұмыстарын алдымен оқушылардан бастау хақында қоғам қайраткері, «Тіл -Қазына» ҰҒПО-ның бас директоры Ғарифолла Есім:

- Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – елдің жаһандық келешегі, ел болашағы үшін жасалып жатқан мемлекет қамқорлығы. Біздер үшін жас ұрпақтың пікірі өте маңызды. Өйткені олар келешекте өмір сүретін, жаңа әліпбиді қолданатын болады" - дейді.


ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының профессоры, орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Назгүл Түленбергенова: «Сынақ қорытындысы бойынша алынған мәліметтер жаңа емле ережесінің жобасын жасаған кезде ескерілетін болады. Оқушыларға әртүрлі деңгейдегі алты тапсырама қамтыған брошюралар таратылды, онда орфографиялық нормалар жан-жақты қамтылған. Балаларға қиындық туғызған, көп қатеге жол берілген тапсырмаларды түзеу қарастырылады», - дейді.

Жалпы апрабация жұмыстары жаңа латын графикасындағы кейбір "э", "ю", "я", "ё" таңбаларын өзгерткенде оқушының қабылдау деңгейін анықтауға арналған. Негізінде тапсырмалар жоғарыда аталған әріптерді, сондай-ақ «ш», «щ» әріптерін санақтан өткізуге бағытталған. Сонымен бірге қиын, біріккен шет тілінің сөздеріне арналған тапсырмалар да бар.


Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет. Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын таңдауды, сондай-ақ ұсынылған «дұрыс» және «икемді» деген сөздерді екі нұсқада жазуды ұсынады. Сондай-ақ оқушылар өздеріне ұнаған, ыңғайлы нұсқадағы сөздерді және оларды латын қаріпінде және кириллицада жазады. Жинақтың соңғына оқушылар өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын қалдыра алады.

«Циркуль» сөзінде «s» әріпі оқуға ыңғайсыз, «sirkul» болып кетеді. Ал егер "s" алдына «t» қойсақ «ts» ыйңғайлы болады. "Ashat", "аshana" сөздері де оқуға қиын, олар "Ашат" және "ашана" болып кетеді. Сондықтан да араб тіліндегі сияқты оларды басқа бір таңбамен белгілеуді ұсынамын», - деді сынаққа қатысқан 8 сынып оқушысы Айтен Бексұлтан.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің емле ережесінің пилоттық жобасының бірінші кезеңін өткізуде. Жаңа әліпбиге негізделген емле ережені сынақтан өткізу еліміздің барлық аймақтарында жүргізіліп, барлық әлеуметтік топтарды қамтитын болады. Бұл пилоттық жоба жаңа емле ережені жасау барысында қоғамдық пікірдің ескеріліп, тиімді емленің қабылдануына оң әсерін тигізеді.


Баға беріңіз