Қазақ тілі – ұлттық рухтың негізі

Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2018

ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан көлемінде түрлі іс-шаралар кезең-кезеңімен ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік тіл бағдарламасының мақсат-мүддесі – мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу, дамыған тіл мәдениетін зиялы ұлттың әлеуетіне айналдыру, аудан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Сол себепті тіл мәдениетін жетілдіру, үш тұғырлы тілді дамыту, аудандағы тілдік әралуандықты сақтау, мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру, тілді білу мен оқытудың инфрақұрылымын нығайту, мемлекеттік тілдің қолданылу мәртебесін арттыру, ауданның ономастикалық кеңістігіндегі үрдістерді реттеу міндеттері бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Жергілікті басқару жүйесінде – аудан әкімдігі және оның дербес бөлімдерінде, жергілікті округтерде, басқармалар мен бөлімдерде, аудандағы ірі кәсіпорындарда «Тіл туралы» Заң талаптарының орындалуы ұдайы зерделеніп тұрады. Жергілікті басқару жүйесінде құжат алмасу 100% мемлекеттік тілде жүргізіледі. Барлық іс-шаралар БАҚ-та кеңінен насихатталып, аудан әкімдігінің ресми сайты мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жыл сайын мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағдарламасы қаржыландырылып, нәтижелі іс-шаралар жалғасын табуда. Ауданда қазақ тілінің қоғамдық қызметін кеңейтіп, оның маңызын, қажеттілігін табиғи түрде арттыру, жан-жақты дамытудың бірден-бір жолы – тілді оқытуды, оқыту сапасына қатаң талап қою, тіл қолданушының өздігінен білім алуын ұйымдастыру. Оның нәтижелеріне тұрақты бақылау жасау «Казтест» сынағын жүргізудің маңыздылығын арттырып отыр. Соңғы жылдарда ауданда осы сынақты тапсырып, сертификат алғандардың саны артып келеді.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, барлық салада оған басымдылық беру бағытында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі түрлі тіл байқаулары, семинарлар, дөңгелек үстелдер, олимпиадаларды жиі өткізіп тұрады. Солардың қатарында шешендік сөз өнері мен тіл мәдениетін қалыптастыратын бесік жырын жатқа айтушылардың байқауы мен батагөйлер сайысы, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» аудандық байқауы, Ф.Оңғарсынова, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов шығармашылығынан көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары, «Абай оқулары», жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Тіл шебері – 2018», «Тіл – барлық білімнің кілті», «Қазақ тілінің білгірі», «Тіл – халық жанын танудың кілті» сайыс­тары жоғары деңгейде өтті. «Латын әліпбиіне көшу – өркениетке қадам» атты аудандық семинар, «Үш тұғырлы тіл – заман талабы» тақырыбымен тіл мамандары мен үш тілді меңгерген жастар арасында дөңгелек үстел, «Қазақ тілі – ұлттық рухтың негізі, еліміздің тұғыры» акциясы аясында көшпелі кездесулер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін жетілдіру көп жағдайда мектептер мен балабақшалардың тиімді атқарған жұмыстарына байланысты. Ауданда 15 мектеп, 1 колледж, 11 балабақша мемлекеттік тілде білім береді. Елбасымыз тілдердің үштұғырлылығы мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынып отыр. Өскелең ұрпақтың үш тілді: қазақ тілін – мемлекеттік тіл, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін халықаралық тіл ретінде оқып үйренуге ұмтылыс жасауы заман талабынан, болашақ ұрпаққа қажеттіліктен туындап отыр. Аудан мектептерінің ішінде М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Жамбыл атындағы орта мектептер екі тілде оқытатын аралас мектептер қатарына жатады. Үштұғырлы тілді дамыту жобасына осыған дейін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп енсе, енді М.Әуезов атындағы орта мектепті де үштұғырлы оқыту алаңына енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге ауданда ағылшын тіліне оқытатын үш орталық бар. Олардың екеуі бастауыш сынып оқушыларына, біреуі балалар мен ересектерге арналған. Олар арнайы ақпараттық көрнекіліктермен жабдықталған.

Ономастика бағытында да біраз жұмыстар атқарылды. Аудан әкімдігінің қаулысымен ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Олардың ұсынысымен әкімшілік-аумақтық бірліктердің, олардың құрамдас бөліктерінің атауларының транскрипциясы және ауданда тіркелген барлық геонимдер тіл нормаларына сәйкестендірілді. Жергілікті округтерден және Индербор кентінен түскен ұсыныстар жұмыс тобында қаралып, жергілікті қоғамдастық жиындарының күн тәртібіне ұсынылуда. Бүгінгі күні ауданның әкімшілік аумақтық құрылысы бойын­ша Индербор кенті, 6 ауылдық округтер, 10 ауыл, 4 елді мекен бар. Әкімшілік аумақтық бірліктер мен елді мекен атаулары 100 пайыз қазақша атаулармен аталған. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық дерекқорында 809 геоним, оның ішінде 264 көше, 228 қыстақ, 236 жер телімі, 81 обьекті тіркелген. Сандық көшелерге жаңадан атау беру, мазмұны ескіріп, мән-мағынасы жойылған көшелерді қайта атау және растау құжаттары жоқ көшелерді құжаттандыру жұмыстары жүргізілді. 2015 жылдан бері ауданда 46 көше жаңа атауға ие болды. Индербор кентінің орталығында, жергілікті округтерде көше сілтемелері ауыстырылды. Растау құжаттары жоқ ескерткіш тақталарды құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ономастикалық жұмыстарды жүргізуде 2013 жылдың 21 қаңтарында қабылданған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын, «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138, 2013 жылғы 24 сәуірде қабылданған Үкіметтің №395, 396, 397 қаулысын басшылыққа ала отырып жұмыс ұйымдастырудамыз. Қазірдің өзінде халықтан кісі есімдерін көшелерге, объектілерге беру жөнінде біраз ұсыныстар түсуде. Дегенмен, ҚР Президенті әкімшілігінің 2017 жылғы 28 ақпандағы тапсырмасында кісі аттарын объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге (облыс, аудан, кент, ауыл, ауылдық округтер, қала) және олардың құрамдас бөліктеріне, көшелерге беруге мейлінше және қатаң шектеу қойылатындығы көрсетілген. Бұл жерде, кісі атауларына байланысты ұсыныстар тек тарихи тұлға немесе есімі республикаға танымал адамдардың еңбегіне сәйкес қаралатындығын да айтып өткенді жөн санап отырмын.

Елбасымыз Жолдауларында атап көрсеткендей, қазақ тілін жетік біле отырып, өзге тілдерді де меңгеру – Мәңгілік ел болудың шарты. Жолдауда айтылған осы түйінді қолдай отырып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі арта берсін дегім келеді.



Баға беріңіз