«Қазақтың салт-дәстүрлері»

13 тамыз, 2018


Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік танымдық сабақ

Сабақтың мақсаты

  • тыңдаушыларды қазақ халқының ұлттық салт – дәстүрлерімен таныстыру;
  • тыңдаушылардың сөздік қорын молайту.

-ұлыстың ұлы күнінің айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарын үлгі ету, таныстыру;

-қазақтың ұлттық өнерінен, мәдениетінен тәлім – тәрбие беру;

-қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсету, насихаттау;

Көрнекіліктері: көрпе, жастық, қамшы, бесік, кілемше, мерекелік дастарқан, ұлттық тағам түрлері, наурыз мерекесіне арналған нақыл сөздер, наурыз тақырыбына арналған презентация, т.б.

Сабақтың түрі: Мерекелік танымдық сабақ, әдеби-монтаж.

Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, түсіндіру.

Сабаққа қатысушылар: қазақ тілі курсының өзге ұлт өкілдерінен құралған тыңдаушылары

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Аудиторияда Р.Рымбаеваның «Наурыз – думан» әні әуелеп тұрады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Сәлеметсіздер ме, құрметті тыңдаушылар! Бүгінгі Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік танымдық сабағымызға қош келдіңіздер! Сіздерді наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын!

Өздеріңіз білетіндей Наурыз мейрамы – бұл қөқтем мен еңбектің мерекесі, күн мен түн теңесетін күн. Көктем мен Жаңа күн мерекесі. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да жаңарып, адамзаттың бойына қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жаратын күн. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайтын, Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанатын, Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселетiн, Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайтын, араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiрлiкте болатын, бүкiл Шығыс халқына ортақ айтулы мейрам. Олай болса, кезекті осы мерекеге арналған салт-дәстүрден көрініске, ән мен күйге берейік.

Фанфар: Қазақ елі. (Ортаға жүргізушілер шығады)

1-жүргізуші:

Ирина:

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

Босқа қарап тұрмаңыздар.

Наурыз тойы басталды.

Көргендер де арманда,

Көрмеген де армандар,

Қызықтан тыс қалмаңдар!

2-жүргізуші:

Татьяна:

Кеңінен елге таралған,
Негізі ерте қаланған.
Еңбек шаттық жыл басы,
Наурыздан бастап саналған.

Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне арналған әдеби-монтаж

1.Унич Павел Николаевич:

Армысыздар, қадірменді қауым, Ардақты ағайындар! Бүгінгі Ұлыстың Ұлы күнгі Наурыз мерекесі құтты болсын!

Су жылтырап, бүрін ашқан жас талдан,

Бу бұрқырап, қатып қалған тастардан.

Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,

Бар тіршілік наурыздан басталған.

2.Кособуцкая Анна Викторовна:

Армысыздар, халайық,

Бармысыздар, халайық.

Келді наурыз сағынтып,

Қыздарға алқа тағынтып.

3.Азмухаметова Оксана Васильевна:

Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,

Арқаңды кеңге созшы, уа халайық.

Қаһарлы қыстан өтіп Наурыз келді,

Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.

  • Черняева Елена:
  • Наурыз тойы көңіл тойы, көктем тойы Жақсылыққа болса дейтін өмір бойы Биыл да былтырғыдай ақ көбейсін, Елдегі бақыт, байлық, бақ көбейсін!
  • Батищева Татьяна Александровна:

Наурыз тойы көңіл тойы, көктем тойы

Жақсылыққа болса дейтін өмір бойы

Биыл да былтырғыдай ақ көбейсін,

Елдегі бақыт, байлық, бақ көбейсін!

Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,

Ақ бәйшешек бөлеп алды маңайды.

«Жаңа жылмен құттықтаймын» деген үн

Қанаттана кең алқапқа тарайды.

6.Илющенко Александра:

Жыл басы наурыз мереке,

Ақ нұрға әлем боянды

Наурыз тойы береке,

Тіршілік жаңа оянды.

7.Гирко Ирина:

Наурыз - жыл он екі ай елдің жүгін,

Арқалап арамызға келдің бүгін.

Дамытып бейбіт елдің еркіндігін

Жайлауын жарыстырдың елдігімнің.

8.Евкурова Диана Тагировна:

Наурыз түріп тастап, жер түндігін

Айығып ақ күмістей, серпілді күн.

Сұлудай сылаңдаған мөлдір сулар,

Жылғамен ағып жатыр еркін бүгін.

9.Саломахин Дмитртий Михайлович:

Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,

Жүрген жандар таныс тапса, досындай,

Ол осынау наурыздың арқасы,

Ұлыс күннің шапағаты осындай.

10.Илющенко Алена:

Наурыз құтты болсын, ағаларға,

Наурыз құтты болсын, аналарға,

Жыл сайын тойланатын шаттықпенен

Наурыз құтты болсын баршаңызға.

11.Сольский Антон Викторович:

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Әумин!

1-жүргізуші:

Ирина:

Қазақ халқының жаңа жылы «Наурыз» айының 22-сі. «Ұлыстың ұлы күні» деп аса қадірлейтін бұл күн, бүкіл Шығыс халықтарының бас мерекесі. Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңесу сәті, халықтардың ынтымақ күні.

2-жүргізуші

Татьяна:

Наурыз келсе құт келгені халайық,

Есік ашып, шашу шашып,

Ел боп қарсы алайық.

1-жүргізуші:

Ирина:

Олай болса шашу шашайық.

(Асылбек Еңсеповтің Науаи күйі ойнап тұрады. Шашу шашылады.)

2-жүргізуші:

Татьяна:

Ұлы халқымыздың, ежелден тұрмыстық мерекесі болып келген, жаңа жыл мейрамы – Наурыз мейрамы құтты болсын халайық.

1-жүргізуші:

Ирина:

Наурыз жырын жырлаймыз
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге,
Ел дәстүрін сыйлаймыз.
2-жүргізуші:

Татьяна:
Олай болса, Ирина ұлтымыздық құндылығы болып саналатын «Балаға ат қою» дәстүрін бастайық.

(Ортада «Ат қою» рәсімі көрсетіледі)

Пэк Александр:

Бала дүниеге келгенде әр отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімдерін қояды.

Балаға есім жеті күн ішінде берілуі қажет. Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына 3 қайтара қайталаған.

«Сенің атың Нұрислам» 3 рет қайталайды.

1-жүргізуші:

Ирина:

Сәбиіміз ғұмырлы болсын! Атын қойдық енді бесікке салайық, әжелер. Бесікке салмас бұрын ұстазымызды тыңдайық.

Мұғалімнің сөзі:

Қазақ халқы ежелден бері нәрестенің әрбір қуанышына ерекше көңіл аударған. Бала бітімінің сымбатты болуына, тіл көзден сақтауда, тазалықты кішентайынан бойына сіңіру мақсатында сәбиді бесікке салатын болған. Бесікке бөленіп, бесік жырын тыңдап өскен, ана сүтімен бой түзеген бала ата-бабасының тектілігін бойына сіңіріп, жан дүниесі рухани құндылықтармен сусындап өсетіні сөзсіз. Әжелеріміз бесікті аластап, баланың басына үкі қауырсынын қойып, көз моншақ тағады. Бұның барлығы сәбидің игілігі үшін жасалатын салт-дәстүрлер. Бесікке салу дәстүрі қазақ халқында күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Қазақтың салт-дәстүрі: «Бесікке салу»

(«Бесікке салу» дәстүрі туралы бейнеролик көрсетіледі.)

ортада әже, келіншек, бала – шаға және сәби (қуыршақ).

Агбениз әже бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды және түбектің тесігінен балаларға тәтті (тыштырма) үлестіреді. Осыдан кейін баланы бөлейді. Бесік жыры айтылады.

2-жүргізуші:

Татьяна:

Көп рахмет, Агбениз әже. Негізі қазақ халқы әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұраларды насихаттап жүрген халық.

1-жүргізуші:

Ирина:

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар,

Өткеннен бізге жеткен асылы бар.

Сәбидің кейбір кезін қызықтайтын,

Қазақта «Тұсау кесер» рәсімі бар.

2-жүргізуші:

Татьяна:

Тұсау кесу дегеніміз - 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт.

1-жүргізуші:

Ирина:

Татьяна, бүгін біздің Ольга әже, өзінің немересінің «Тұсау кесер» тойын Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен орайластырып өткізбекші.

Ира:

Ал, келін балам, немеремді ортаға әкеліп, өзімнің құрбым, аяғы жеңіл, жүрісі шапшаң, ақкөңіл, елімізге сыйлы, ардақты ана, Ольга әжесіне табыс ет.

«Тұсау кесу» дәстүрі:

(Осы кезде ақ жайма жайылып, тұсау кесуге қажетті заттар ортаға қойылады)

Ольга:

Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі. Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.

(Баланың аяғын жіппен байлап, қолына пышағын алып, тұсауын кеседі.)

Ольга:

Қаз-қаз бала, қаз балам.

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың.

Алға қарай баса бер,

Асулардан аса бер.

1-жүргізуші:

Ирина:

Наурыз тойым!
Құтты болсын халайық!
Қане достар
Шырқап әнге салайық

2-жүргізуші:

Татьяна:

Иә, Ирина дұрыс айтасың, кішкене бүлдіршіннің құметіне барлығымыз ән салып, көңілдірек отырайық.

ӘН: «Наурыз-думан» Слайд.

(барлық тыңдаушылардың орындауында)

1-жүргізуші:

Ирина:

Керемет, ән айтып бір серпіліп қалдық. Енді барлығымыз «Сақина тастамақ» ойынын ойнайық, қалай қарайсыздар?

2-жүргізуші:

Татьяна:

Әрине, Ирина ойнайық.

1-жүргізуші:

Ирина:

Көп рахмет. Тартысты, қызықты ойын болды. Ендігі кезекті Наурыз мерекесіне арналған жақсы тілектерге берейік.

(Тыңдаушылар кезектесіп жаңа жылға жақсы тілектер айтады)

  • Гертнер Наталья Викторовна: Жаңа жыл құтты болсын!
  • Азизова Агбениз Вели-қызы: Ақ мол болсын!
  • Омельченко Оксана Владимировна: Қайда барса жол болсын.
  • Саломахин Дмитрий Михайлович: Ұлыс бақты болсын!
  • Попова Людмила Владимировна: Төрт-түлік ақты болсын!
  • Ульянова Татьяна Николаевна: Бәле-жала жерге енсін!
  • Сергиенко Вера Васильевна: Ұлыс береке берсін!

Жұрт аман-есен болсын!

2-жүргізуші:

Татьяна:

Еліміздің несібесі көп болсын.

Халқымыз көбейіп тоқ болсын!

Қош сау болыңыздар

Көріскенше күн жарық болсын!

1-жүргізуші:

Ирина:

Ой қосылсын ойыңа,

Бой қосылсын бойыңа.

Екеуі бірге:

Аман-есен жетейік,

Келесі наурыз тойына!

Қорытынды. Сабақ соңында Наурыз мерекесіне арналған ақ дастархан жайылып, тыңдаушылар ұлттық тағамдардан дәм татты, «Наурыз көже» ішілді. Бата берілді, тыңдаушымыз Айымның орындауында күмбірлеген күй тартылды.


Баға беріңіз