Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесіне арналған «Наурыз-думан» мерекелік бағдарламасы

13.8.2018 1150

Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесіне арналған

«Наурыз-думан» мерекелік бағдарламасы

Мақсаты:

Қазақ тілі курсының тыңдаушыларына мерекелік іс-шара арқылы халқымыздың салт – дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсету, Ұлыстың ұлы күнінің айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарын үлгі ету, таныстыру.

Павел:

Ассалаумағалейкум, ағайын!

Ирина:

Сәлеметсіздер ме? Құрметті тыңдаушылар!

Павел:

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Ирина:

Уа, халайық, халайық!
Мұнда назар салайық,

Мерекесі халықтың наурыз тойын бастайық.

Құтты болсын мереке, болсын думан береке.

Павел:

Ирина, бүгінгі бағдарламамызды бастамас бұрын, біздің тыңдаушыларымыздан Наурыз мерекесінің қалай тойланатыны жайлы сұрап алсақ, қалай қарайсың?

Ирина:

Әрине, Павел. Қанекей ұлттық мерекеміздің қалай тойланатыны жөнінде айта отырыңыздар.

(№2 орта мектеп тыңдаушылары наурыз туралы айтады)

  • Наурыз- шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни Ұлыстың ұлы күні. Наурыз сөзі парсының «Нау» - жаңа, «руз»-күн, яғни жаңа күн деген сөзінен шыққан. Қазақтарда бұл күн жаңа жыл, ырыс, береке, мереке, жыл басы деп есептеледі.
  • Ел арасында 21 наурыз түні даланы Қызыр баба аралайды деген аңыз бар. Осыған сенген халық дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қояды.
  • Жаңа жылда Қызыр баба үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін адамдар үйін тазартып қоятын болған.
  • Бұл күні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттеріне соғымның етінен пісірілген «Ұйқыашар» деп аталатын дәм дайындаған. Ал жігіттер қыздарға айна, тарақ, иіссудан тұратын сыйлықтар сыйлаған. Оны «Селтеткізер», «Діреткізер» деп атаған.
  • Наурыз айы басталысымен жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққа күнге иіліп сәлем берген.
  • Ұлыстың ұлы күні кем дегенде жеті түрлі дәмнен тұратын Наурыз көже дайындалады. Наурыз көжеге соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, қатық, сүт, бидай, тұз, су қосылады.
  • Қыдыр ата біздің тілдерді оқыту орталығына қош келдіңіз. Сізден, Ұлыстың Ұлы күніне, Жаңа жылға бата сұраймыз.

Павел:

Өте жақсы. Керемет. Ұлы мерекеміздің қалай тойланатыны жайлы көп мәлімет біледі екенсіздер. Рахмет сіздерге.

Ирина:

Ендігі кезекте, мен, наурыз мерекесіне қатысты сұрақтар қойғым келіп тұрғаны.

Павел:

Бұл сұрақтарға да біздің тыңдаушыларымыз мүдірмей жауап береді деген сенімдемін.

(Тыңдаушылар Наурыз мерекесіне қатысты сұрақтарға жауап береді).

Ирина:

Жыл басында алғаш жауған қар қалай аталады? (Ақша қар)

Павел:

Жыл басының алғашқы күні? (Ұлыс күні)

Ирина:

Жыл басының алғашқы желі? (Алтын күрек)

Павел:

Жыл басының алғашқы төлі? (Дүбір аяқ)

Ирина:

Жыл басының алғашқы сүті? (Уыз)

Павел:

Жыл басының алғашқы көгі? (Бәйшешек)

Ирина:

Жыл басының алғашқы асы? (Наурыз көже)

Павел:

Жыл басының алғашқы белгісі? (Көрісу)

Ирина:

Жыл басының алғашқы сый тамағы? (Ұйқыашар)

Павел:

Жігіттердің қыздарға беретін сыйы? (Селтеткізер)

Ирина:

Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы? (Наурызек)

Павел:

Наурыз айында өсетін жапырақты, қауашақты түрлі гүл? (Наурыз шешек)

Ирина:

Өте жақсы. Рахмет.

Павел:

Келе жатыр жылымыз
Мейрамдаймыз мұны біз.
Жас балаша нұрланып, жадырасып бәріміз.
Күннің жаңа нұры бар, мұнын ғажап сыры бар
Халық сүйген мейрамды қарсы алайық Наурыз!

Ирина:

Наурыз тойын жұп жазбай

Қошеметпен қарсы алайық.

Досқа құшақ ашайық.

Өлең-жырға басайық.

Қазақтың бір салты деп

Тойға шашу шашайық.

(Әже, келіншектер, шығады)

Әже:

Қашанда құт – береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу - салты елімнің.

Уа, халайық! Теріп ал несібеңді,

Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің! (шашу шашылады)

Құдайға тәубә! Қазір ел іргесі тыныш, аман есен өмір сүріп жатырмыз. Еліміз жылдан жылға гүлденіп, дамып келеді. Көпұлтты мемлекетіміз жасай берсін!

Ал, думанды кешке жиналған ағайын, Тәуелсіз еліміз одан әрі гүлденіп дами берсін деген мақсатта ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан аластау рәсімін жасайын.


Аластау рәсімі:
Алас, алас пәледен алас,
Алас, алас баладан алас,
Алас, алас жаманнан алас,
Көзі жаманның көзінен алас
Тілі жаманның тілінен алас,
Елімнен алас, жерімнен алас,
Алас, алас! Алас, алас!

Павел:

Наурыз тойым!
Құтты болсын халайық!

Қане достар
Шырқап әнге салайық

Ән: «Наурыз-думан»

(Барлық тыңдаушылар хормен)

Ирина:

Халқымыздың мифологиялық аңыздары бойынша Наурыздың 22-сі күні Қыдыр ата аралайды деген сенім бар. Жаңа күн табалдырықты аттап үйге енгенде, «Жалғыз шала сәуле болмас» деп, қос шырақ жағылып қойылады. Ыдыс атауларын «ырысқа» деп жеті түрлі тағамға толтырып қояды.

(музыка фон. Қыдыр ата келеді.)

Қыдыр ата:

Ассалаумағалейкум жамағат! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге, қазақ даласына жер әлемді жайнатып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Ендеше, той құтты болсын!

Павел:

Қыдыр ата:

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейін
Ықыласпен қол жайсаң
Ақ тілекті төгейін
Ұлыс оң болсын
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жәле жерге енсін
Көйлектерін көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын
Қуаныштарың көп болсын
Аумин!

Ирина:

Қыдыр ата, сізге үлкен рахмет. Батаңыз қабыл болсын. Төрлетіп жайғасыңыз.

Павел:
«Наурызым – бабамның сөзі, Наурызым – анамның сөзі, Ғасырдан ғасырға жеткен Даламның сөзі».

Ирина:

Ата – бабаларымыздың сөзімен айтсақ «ақ түйенің қарны жарылған күн».

Ирина:

Ал, құрметті қонақтар!
Айналайын балалар!
Жеп - ішсін деп, тамсанып,
Жеті түрлі дәм салып,
Наурыз көже пісірдім.
Тойға қазан түсірдім!
Құйдым алтын табаққа,
Құлшыныңдар тамаққа
Көжеге жас - кәріңді,
Шақырамын бәріңді

(дастарханға наурыз көже таратылады)

Павел:

Наурыз көжеден дәм татыңыздар.

Ирина:

Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, демекші наурыз көжеден дәм тата отырып қазақ халқының бай дастарханы жайлы ән шырқайық.

ӘН: Қазақтың дастарқаны.

(барлық тыңдаушылар)

Павел:

Осымен құрметті қонақтар, «Наурыз-думан» мерекелік бағдарламасы аяқталды.

Ирина:

Сіздермен бірге болған бүгінгі кештің жүргізушілері: Унич Павел Николаевич.

Павел:

Және Долгушева Ирина Владимировна

Ирина:

Жаңа жыл құтты болсын! Ақ мол болсын! Жұрт аман-есен болсын!

Павел:

Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін! Сау болыңыздар!

Мерекелік іс-шарадан көріністер

«Наурыз-думан» мерекелік бағдарламасының жүргізушілері

Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

60

ақпарат

Тілге қызмет – мінезден…

118

ақпарат

"Абай-175": Игорь Крутой Абай өлеңін оқыды

156

ақпарат

Абай өлеңдері испан тіліне аударылады