Ең қажетті таңдау

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жанынан қазақ әліпбиін латын графикасына кез...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 тамыз, 2018

ҚР Мәдениет және спорт министр­лігі Тіл саясаты комитеті Алматы қаласында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарын өткізді.

Қазақ әліпбиін латын ­графикасына көшіру бойынша ақпараттық ­насихат жұмыс тобының жетекшісі – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева, «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек сынамаға қатысушыларға қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен ғылыми негіздерін түсіндірді.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері бірнеше рет көтерілген латын әліп­биіне көшу мәселесі ақыры шешімін тапты. Әліпбиі мәселесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтеріліп, 2017 жылғы 26 қазандағы және 2018 жылғы 19 ақпандағы Жарлығымен бекітілді.

Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев: «…қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауы­мыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деуі қазақ елінің бұл істерге дайын екендігін білдіреді. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ел үшін ең биік белес.

Қай әліпби болсын сол халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақ­тардың бірі. Өйткені мәдени мұра, мәдени жәдігерлер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің болсын осындай тарихи миссиясымен бірге оның заманауи міндеттері де болады.

Әліпби жаңа кезеңдегі қазақ­стандық қоғам үшін ең қажетті және маңызды таңдау болмақ. Қазақстан өркениеттер тарихында мемлекеттік деңгейде өз әліпбиін өзі таңдаған бірінші ел емес. Бұл кез келген елдің дамуы барысындағы маңызды тарихи сәті.

Елбасы осы ретте: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, ком­му­ни­кацияның, сондай­-ақ ХХІ ға­сырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп, бұл әліпби қазақстандық қоғам­ның жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үшін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» құрылып, білікті мамандармен қамтамасыз етілді. «Тіл – Қазынаның» бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеті – жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындау жұмыстарын үйлестіру. Қазір бұл ережелердің жобалық нұсқасы дайын­далып, оның аробациясы Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Семей, Көкшетау, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өтті» деп атап өтті «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.
Сонымен қатар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарының күшейту қажеттігіне көңіл аударды.

Иә, латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе. Ашық және глобалды әлем пайдасына таңдауымыз – қазақ тілі жаңа динамика мен дамуға, танымалдылыққа мүмкіндік, бағыт алып отыр. Бүгінде көптеген тіл жаһандық процестер тарапынан қысым алуда. Осы орайда Қазақстанның латынға көшуі — білім саласына байланысты басқа да реформалармен тығыз байланыста. ­Демек, бұл жаһандану кезеңіндегі ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық білім жобасы болмақ.

«Ең бастысы – ұлттық сананың трансформациялануы, өзгеруі. Елбасы дәстүр мен заманауилық арасында тепе-теңдікте тұруға тиісті қазақстандық модернизация бағдарламасын енгізудің жүйесін ұсынды. Ол тек өткенге, бұ­рынғыға жалтақтай бермеуге, жаңаны да қуып артынан еріп кетпеуге шақырады» деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің мең­герушісі, филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарына қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытып, өз ойларын ортаға салды.

Таяуда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қаскелеңдегі Сүлейман Демирел университетінің дәріс залында латын графикасына негізделген жаңа емле ережелер жобасын сынамадан өткізді.

Сынамаға Сүлейман Демирел уни­верситетінің оқытушылары мен студент­тері, жалпы саны 60 адам қатысты.

«Әр ұлттың ұлттық әліпбиінде төл дыбыстары ғана таңбаланады. Бұрынғы зорлықпен танылған қырық екі таңбалы әліпби біздікі. (42-28=14). Әліпби ұсынушылар он төрт таңбаның ішінен бірді-екілісін қимай жүр. Бірін алып, бірін қалдыруда еш ғылыми қағида жоқ. Олардың он төрті де өзге тілдің жүйесіндегі әріптер. Оларды ұлттық әліпбиге кіргізуге болмайды. Сонда өзге тілден енген сөздерді қалай жазамыз дер біреулер. Алатын сөз солардың бірінің сөзі болған соң, ағылшын мен орыс қалай жазса, солай жазамыз. Олар да шетелге шыққанда аты-жөндері немесе жер-суының атауларын халықаралық стандарттармен латынның 26 қарпімен-ақ транслитерациялап отыр ғой. Басында соны пайдаланармыз, сосын Москваны – Мәскеу, Россияны – Ресей, Пекинді – Бейжің деген сияқты өз дыбыстық жүйемізге біртіндеп ыңғайлай береміз. Термин сөздердің шама жеткенін аударамыз, қазақша жаңа сөз тудырамыз. Бұның бәрі әліпби бекітілгеннен кейін де ұзақ мерзімге тоқтаусыз жалғаса беретін жұмыстар. Ал қазақ әліпбиінде қазақтың төл дыбыстарына ғана орын берілуі керек» деді «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек.

Сынаққа қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық таныттып, қызу талқылады.



Баға беріңіз