Сөз атасы өлмесін
Біз де өзімізше қаруы – қалам, ауызы батыр адамның біріміз. Бірақ қаламым қару екен деп кез келген жерде кезене берген де әбестік, ауызым батыр екенмін деп бейпілауыз болған да өрескел. Сөз қадірін түсінетін, мәйегін мәпелей білетін тәрбиелі, тәлімді адам кездестірсек жанымыз тұщынып, өз ана тілінде ойын жеткізе алмайтын өресіз жанды жолықтырсақ – қарнымыз ашатын кездеріміз соңғы уақытта жиірек боп жүргенін несіне жасырайық. Сондықтан сөздің атасын өлтірмейік деген ниетпен атадан қалған ақық аманат, ұлттық құндылықтарымыздан туындайтын асыл сөздердің мәдениеті, сөз әдебі мен астарын ары-бері ақтарғымыз келіп отыр.
Баяғыда Мәтжан деген биден: «Сіздің сөзден жеңілген кезіңіз болды ма?» деп сұрағанда, ол кісі: «Неге жеңілмейін?! Сөздің жанын, сөздің мәнін, сөздің дәмін ұқпайтын надан дүрден күнде жеңілем», – депті. Сол айтқандай, біздің де сөз қадірін ұқпайтын ағайындарымыздан күнде жеңіліп жүрген жайымыз бар. Әсіресе, қыз-келіншектермен жиі сырласамыз. Қатыгез тағдырдан теперіш көрген олардың әрқайсысын «Еңсеңді көтеріп, жарқылдап жүр!» деп жиі жұбатуымызға тура келеді. Жылы сөзімізден жылағанын қойып, аяқтарынан тік ұрып кеткендер, шүкір, баршылық. Дегенмен «жарқылдап жүр» деген ақылымыздың «жырқылдап жүр» деген сөз емес екенін дұрыс түсінбегеніне налып-ақ қаламыз. Бірақ бұл жалпақшешейлік, жағымпаздық емес. Басқаның «қабағын бағып», «көңіліне қарау» деп аталады. Ар жағында бірдеңесі бар адам айтқаныңыздың не шын, не шығарыпсалма сөз екенін өзі-ақ айырып алады. Басқаның қабағын бағып, көңіліне қарап, абайлап сөйлеу – жалтақтық па? Мен мұны әдептілік дер ем. Имам-ағзамнан: «Сіз неге осыншалықты әдепті болдыңыз?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерді көп көргеннен осындай әдепті болдым» деген екен. Әдептілікті жалтақтыққа теңеп, әлсіздікпен шендестіріп, қорқақтықпен байланыстыратындар бар. «Мен бетке айтам» деп өзеуреушілердің денінің бетке айтқандары батылдық емес, бетке басу, бассыздықтың бір нышаны екенін өздері ойламайды. Шын сөз бен шығарыпсалма сөзден едәуір айырмасы бар алыпқашпа сөздің де жеңіл жүрісті адамдарша өмірімізде өз орны бары рас. Алыпқашпа сөз – көбіне сатпақ-сатпақ ауыздан шығатын лас сөз. Лас сөз былғаныш ауыздан шыққан соң былапытқа айналады. Шикі еттей құрттап, айналасының бәріне, ауаға тарайды. Жұғады. Жұққан дерт адамдарды ауыртады. Осындай лас пікірмен уланған жан сол сөзді ойсыз айта салып, өзгенің жанды жерін мысықша тырналағанын ұқпайды. Кейбіреулері әдейі, өзі рахаттанып, ләззаттануы үшін айтады. Бірақ бұдан ешкімнің ештеңесі кетпейді, қайта, сол адамның өз бет-бейнесі, ішкі пасық, парықсыз келбеті әшкере болады. Алыпқашпа деп әдіптеп ат таңып, атау беріп жүрген сөзіміздің тоқетер түп негізі – «өсек». Өсек деген – үздіксіз, күндіз-түні, қысы-жазы бірдей жұмыс істейтін өсімтал неме.
Сөз ұқпау, сөз тереңіне үңіле алмау деген кемістік салт пен дәстүрді де білмеу, әдет пен ғұрыптарды да байыптамау деген кемшіліктермен барабар. Дала мен малдың тілін жатқа білген атам қазақтың қазіргі ұрпағы ретінде осы құндылықтарымыздың құнын қаншалықты бағалауымыз өзімізге тікелей байланысты. Ауыл-елдің бәрін шулатып, бұзықтығымен мазасын алып біткен бір інісін сол төңірекке абыройымен танылған беделді бір ағасы шақырып алып жөнге салмақшы бопты. «Қарғайын десе – жалғызы, қарғамайын десе – жалмауызындай» жақынына әбден ашуланғаны соншалық, алдына кеп сүмірейіп тұрған інісін көргенде ұрысарға сөз таппай:
– Ей, сен! Не, сен?! Өй сен!.. – деп алаөкпе болып, шығып кетіпті де, сыртта ойланып, «Қатты айтып қойдым-ау?» деп уайымдап жүр дейді ағасы. Болған оқиға. Керемет мысал емес пе! Ақылы болса әлгі інісі бұл «қатты айтылған сөзден», анығында түк те айтпаған ағасының жанашырлығынан бір қорытынды шығаруы керек қой. Ал санасында сәулесі жоқ адамға сүйектен өтетін ащы сөз тұрмақ, таяғыңыз да батпас.
Психологтар дерттің дені үндемеуден, көнбістіктен, тағы да басқа көптеген төзгіштік мінез-құлықтан пайда болады дейді. Дұрыс делік. Алайда оларды тыңдасақ, жер жүзін бетпақтар мен шайпаулар басып кетпей ме? Билердің шешіміне тоқтап, ақсақалдардың алқасын тыңдап өскен ата-дәстүріміздің даңғыл жолынан ауытқымай, сабырлы, ұстамды, істің аяғын, сөздің артын бағатын адам болғанға не жетсін. Одан да, жаман ой кедергілерді туғызады, жақсы ой оларды жояды дейік. Ойы әсерлі адамның өмірі әсем болады. Сұрықсыз ойға бойлағыштар сұлу өмір сүре алмас. Дегенмен сабырлылық, ұстамдылық, істің аяғын, сөздің соңын бағу дегенді жалқаулықпен, енжарлықпен салыстырсақ ұтыламыз.
Біз кезінде Қ.Мырза Әлі, Т.Молдағалиев, О.Бөкеев, Ф.Оңғарсынова, А.Бақтыгереева, К.Ахметовалардай көптеген қарымды қаламгерлердің шығармашылық кештерін телеарнадан күнұзаққа тапжылмай отырып, соңына дейін қызыға тамашалап, көріп, қараған буынбыз. Сол кездерде сол ақындар мен жазушылардың зәулім ғимараттың кең де жарық залдарына иін-тіресе жиналатын оқырмандарымен кездесулерін біздің шалғай ауылдарда бұлдырап, нашар көрсетсе де, республикадағы жалғыз қазақтілді телеарна бірнеше уақыт бойы үзбей беретін. Қазір көрерменнің сан алуан талғамына сай ана тілді арналарымыз бен ұлттық тіліміздегі түрлі бағдарламалар жетіп артылатын заманда теледидар уақытының басымын шоу мен көңілашар жобалар басып кетті. Ақпараттардың алапат ағыны аламан-тасыр миымызды айран-асыр ғып талқандап, ойран етіп жатқанда сіз құрметтеген әдебиет кімге керек деп келеке қылатындар да табылар. Әр жас талап өзiне дейiнгi ақындардың он мың жол өлеңiн жатқа бiлуге мiндеттi болғандығымен, әлемді мойындатқан ежелгi Шығыстың өркениетін өрлеткен өнер, мемлекетін дамытқан мәдениет емес пе еді. Бұл тұрғыда еліміздегі үлкенді-кішілі тәрбие ошақтары мен білім ордалары өз қал-қадерлерінше жұмыс жүргізіп жатқандығын айтпай кетуге болмас. Абай, Шәкәрім оқулары, Мұқағали, Мағжан оқулары және Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз байқаулары» секілді ауыл, аудандарды қамтып, облыстан асып, республикамыздың түкпір-түкпіріне дейін тарап, ұйымдастырылып, қалыптасқан жарыстар, конкурстар тәп-тәуір-ақ. Оқушылар мен студенттердің таным-тәлімін кеңітер ғылыми жобалармен шұғылдандыру ісінің де мұраты асыл. Ішінара қисса-дастандар мен эпостық жырларды жаттаудан ұйымдастырылып жатқан байқаулар да «Рухани жаңғыру» аясында деген мақсатқа ие. Бірақ бұлар – оқушылардың, жастар мен жасөспірімдердің белгілі бір бөлігін ғана қамтитын науқандық шара болып қалмауы тиіс. Бірізділік пен жүйеліліктің әбден керек жері осы тұс.
Адамның кемшілігінің екі түрі болады: түзелетін кемшілік, түзелмейтін кемшілік. Түзелетін кемшілігін түсіндіре айтып, жөндеуге болар. Түзеуге келмейтін кемшілігін көрмеуге, байқамауға тырысыңыз. Сонда онымен арадағы жылы қарым-қатынасыңызды сақтайсыз. Мен көбіне осы ұстанымыма сүйенем. Алайда тойда жас жұбайларға «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деп құттықтауларын жолдаған ақкөңіл қонақтардың «үй ішінен үй тігудің» жаңа отау құрудың мағынасын бермейтінін, керісінше, алауыздықтың, ала қойды бөле қырыққандықтың белгісін білдіретінін түсініп, тілектерін түзесе деп арман қыламын. Туған жер тақырыбына жазылған оқушы эссесіндегі «Туған жерім – тал бесігім» деген теңеуді жоғары бағалап, «бестік» қойған ұстаздың бұдан былай «талбесік» деген сөздің біріншіден, өте тар ұғым екенін, екіншіден, туған жерді нәресте бөленетін талбесіктен көрі, айтылып жүрген қарапайым сөз «алтын бесікке» теңесе ғажап жарасатынын біліп, жербесік, талбесік деген ұғымдардың ара-жігін ажырата алса деп тілеймін. Сондықтан балабақшаға барып жүрген сәбиінің өз жасындағы қатарларынан өте озық, аса қабілетті болып өсіп келе жатқандығын, тіпті мектеп бағдарламасындағы тапсырмаларды да меңгеріп үлгергенін «Менің бұл балам өзі осылай, ылғи өмірден озып келеді!» деп қуана сөз еткен жас анаға дарынды балапанының уақыт көшінен қалмай, қатарларының алды болып келе жатқандығын бұл тіркеспен жеткізгені оғаш екенін, «өмірден озу» деген тіркестің қазақта «дүние салу», «қайтыс болу» деген сөздермен синонимдес екенін ерінбей айтып, түсіндіруіме тура келді. Өкпелетіп алмайтындай жеткізген сияқтымын. Лайым солай болсын.
Осының бәрі – кітапқұмарлардың азаюынан болған кемшіліктер. Кітап оқу мәдениетін мықтап қалыптастырмайынша, бұл олқылықтардың орнын толтыру кешеуілдей берер деген үрейдің қылаң беріп қалуының өзі біздерді қорқытады. Мектепте жұмыс істеген кезімде жиырма күнде немесе бір айда бір кітап оқып бітіруді оқушыларыма міндеттеп, үнемі қадағалап отырғаным жиі есіме түсіп, қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін жиі ойлаймын. Мен білетін ол мұғалімдердің бірі қағазбастылықтан бас көтере алмай жүрсе, бірі жыл сайын эксперимент алаңына айналған білім ұяларының мүшкіл халін алға тартады. Мен жұмыс істеген ширек ғасырға жуық жылдарда да алдындағы жиырма-отыз оқушысына әзер ие болған сол әріптестерімнің қайсыбіріне Білім мен ғылым министрлігінің шығаратын әрбір нұсқамалары мен жасайтын әрбір реформалары өте жақсы сылтау болып, өздерін ақтап алуларына оң жамбасынан келіп тұр. Англияның Ұлыбритания екенін, Тұманды Альбионның да түбі сол мемлекеттен тарайтынын, тіпті сол елдің дүниежүзі картасының қай жарты шарында орналасқанын да білмейтін ағылшын тілі пәнінің мамандары бар екенін ескерсек, бізге әлі тіл үйренушілермен емес, ең алдымен, қай тілді болса да үйретушілермен көбірек жұмыс жүргізуіміздің қажеттілігі туындамақ.
Алда атқарылар іс көп. Міндеттелген межелер көкжиегі менмұндалайды. Айтулы биіктен табылуымыз үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар ауызбірлік пен асқан іскерлік керек-ақ. Сонда ғана ата-бабалар аманатына адал болмақпыз. Жақсылармен бірге, жақсылықтармен бірге жақсы күндерге жетсек – бақыт деген сол.
Баға беріңіз