Туған тілің - түп қазығың

Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 қыркүйек, 2018

Қазақ халқы қашаннан дарқан көңілді, пейілі кең, бауырмал екендігі баршаға аян. Кезінде қазақтың даласына көшіп келіп қоныстанған сан түрлі ұлт өкілдері де жетерлік. Бүгінде бұл үрдіс жалғасуда. Қазіргі таңда олар – тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтары. Соның айғағындай Жылыой ауданында орыс, татар, өзбек, кәріс, украин, т.б. өзге ұлт өкілдері тұрады. Қасиетті де киелі өлкеде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» мекен етіп жатқан түрлі ұлттар бір отбасынан таралған балалардай ынтымақ пен бірліктің арқасында тіршілік кешуде.

Бүгінде олардың басым бөлігі кіндік қаны тамған Кең Жылыойды атамекені санайды. Оның үстіне жергілікті халықпен қыз алысып, қыз берісіп дегендей, құдандалы болып, татулықтың тамырын туысқандық арқылы тереңдете түскендері тағы бар. Бүлдіршін кезінен қазақ балаларымен құлын-тайдай тебісіп бірге ойнап өсіп, ана тілімізді кейбір қандастарымыздан артық білетін, қазақша ән айтып, домбыра тартатын орыс, татар, кәріс, украин жастары да аз емес.

Тіпті ата-тегін сұрасаң, «адаймын» немесе «тазбын» деп әзілдейтін жандар да кездеседі. Мұның астарында Жылыой жұртшылығының бауырмалдық, кеңпейілдік, қонақжай қасиетіне деген жүрек түкпіріндегі ризашылық сезімі жатқандығын аңғарамыз. Олар қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеп, қазақ тілін екінші ана тілі ретінде санайды. Соның бірі – Лариса Михайловна Ақсақалова. Лариса – орыс. Ол – қазақ жігітімен тұрмыс құрып, ұл мен қыз өсіріп, қазір немере сүйіп отырған ене. Лариса қазақ отбасына келін болып түскен мезгілден бастап қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, оны дамытуға үлес қосып келеді. Келіндік жұмысын адал атқара отырып, барлық үй шаруасын қазақша жасап үйренген. Ол – атасына, енесіне, тумаларына сәлем салып, түйе сауып, қонақ атқарып, шай құйып, құрт, сүзбе қайнатқан келін. Қазақтың салт-дәстүріне жүйрік Лариса: «Немереме жеті атасын жаттатқызып, тегін білдіру – парызым» дейді.

Өткен ғасырдың соңында Кең Жылыой әлемдік аренада кеңінен танылып, эконо­микалық тиімділігімен шетелдік инвес­тор­лардың қызығушылығын туғызды. «Теңіз­шевройл» бірлескен кәсіпорны, басқа да көптеген шетелдік беделді компаниялар ауданымызда жұмыс атқаруда. Сол компанияларда сандаған ұлттың өкілдері бар. Олар «жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір, тілі басқа болғанмен, тілегі бір» дегендей, тәуелсіз елімізде тату-тәтті тұрады. Өйткені достық пен келісім – біздің басты жетістігіміз, ұстанған ұранымыз, келешегіміздің кепілі.

Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылы ­ауданда «Мақсаттар бірлігі – рух бірлігі!» атты мәдени шара өтіп, жастар әртүрлі ұлт-өкілдерінің киімдерін киіп, халықтар достығын бейнелейтін көріністі, әр ұлттың салт-дәстүрін, биін, әнін көрермендерге паш етті. Сол сияқты, түрлі этнос жастары арасында «Абай оқулары» аудандық байқауы өтті. Аталған шараға өзге ұлт өкілдері қатысып, Абайдың өлеңдерін жатқа айтты, әндерін шырқады.

Аудан деңгейінде тіл саясатын насихаттау мақсатында 7 байқау, 6 дөңгелек үстел, 8 семинар, 3 конференция, 12 кітап көрмесі және 15 әдеби, поэзиялық кештер өткізілді. Барлық ұйымдастырылған 51 шараға 4220 адам тартылды. Атап айтсақ, «Тіл – халықтың жанын табудың кілті» атты өзге ұлт өкілдері арасындағы қазақ тілі білгірлері байқауы, үш тілді жетік меңгерген «Тіл шебері – 2018» жастар арасындағы аудандық байқауы, «Тіл – барлық білімнің кілті» орыс тілі білгірлерінің аудандық байқауы, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз шеберлерінің аудандық байқауы, тағы басқа да шаралар ұйымдастырылды. Сол сияқты «Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі» атты дөңгелек үстел, «Тіліміз – асыл қазынамыз», «Тіл құдіреті», «Ана тілім – асыл қазынам», «Халық сүйген қаламгер», «Тілі – басқа, тілегі – бір, жүзі – басқа, жүрегі – бір», «Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі – Мұқағали», «Тілім менің – тірегім», «Тіл – халық қазынасы», «Халықтың қуаты – тілдің қуаты», ақын-жазушылардың шығармашылықтарын насихаттау бағытында «Ахмет Байтұрсынов – данышпан көсем», М.Өтемісұлының туғанына 125 жыл толуына «Дауылды жылдар жыршысы», «Ұлы Мұхтар қазақта – дана, дара», «Ұлы даланың ұлы жаршысы» тақырыптарында аудандық кітапханаларда шаралар ұйымдастырылса, ­аудан мектептерінде, балабақшаларда арнайы жоспарлары бойынша «Туған тілің – түп қазығың, айбының», «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Қазақ тілі – ана тілім ардақты», «Сүйемін туған тілді – ана тілді», «Ел тірегі – тіл», «Туған тілім», «Ана тілім – ар тілім», «Ана тілім – асыл қазынам», «Тілге құрмет – елге құрмет», «Ұш тұғырлы тіл» тағы басқа сол сияқты тақырыптарда апталықтар, сабақтар, байқаулар, шығарма жазу, кездесулер, кештер ұйымдастырылды.

Орталық алаңда Елбасымыздың ­«Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласынан ­туындайтын «Туған жер» бағдарламасын насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Кенттік, ауылдық округтердегі ауыл экономикасын, мәдениетінің жаңғыруын насихаттау, ұлттық өнер түрлерін, халық шығармашылығын ­дамыту, жас ұрпақтың өнерге қызығушылығын арттыру мақсатында 1 кенттік, 5 ауылдық округтерінің «Мәдени күндері» фестивалі ұйымдастырылды. Сол сияқты, қазақтың дәстүрлі өнері – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасын, киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдау мақсатында «Жылыойым – жырдың мекені» аймақтық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Байқауға Батыс аймағының Орал, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары арасынан дәстүрлі әншілер қатысты.

Тілді насихаттау, дамыту, туған жерді қастерлеу, құрметтеу, ономастика саласы бойын­ша мәселерді талқылау мақсатында әр жылдары ауданымызда түрлі облыстық семинарлар, байқаулар, конференциялар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Жылыой ауданындағы көрнекі құралдар, жарнамалар» тақырыбында семинар-кеңес, «Үш тілді меңгеру – заман талабы» тақырыбындағы облыстық семинар, «Ономас­тикалық жұмыстарды жүргізудің заңнамалық негіздері» атты облыстық семинар-кеңес, «Туған өлке – тұнған тарих» атты облыстық тәжірибе алмасу семинары, «Атырау облысы әкімдігі жанындағы тілдер туралы заңнаманы және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің Құлсары қаласындағы көшпелі мәжілісі» атты семинар өткізілді.

Ауданда «Абай – Шәкәрім оқуы», «Атадан туған аруақты ер…» атты Махамбет оқуы, «Мұқағали оқулары», «Фариза Оңғарсынова оқулары» байқаулары, қазақ тілі пәнінен «Жарқын болашақ» олимпиадасы, орыс сыныптарында қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдер арасында «Үздік оқытушы» атты байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар облыстық байқауларға, сайыстарға жолдама алды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шара жоспарын» іске асыру мақсатында Атырау облысы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.

Атап айтсақ, «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» атты шара Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде өтсе, халыққа латын әліпбиінің қаншалықты маңызды екені туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Латын қарпіне көшу – ұлт болып шешетін мәселе» тақырыбы бойынша жастар арасында пікір-талас ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Латынға қөшу – уақыт талабы» тақырыбы бойынша колледж студенттері арасында диктант өтті. Қорытындысы бойынша Жылыой мұнай және газ колледжінің 5 студенті жоғары баға алды. Сол сияқты мектеп оқушылары арасында да «Латын қарпіне көшу керек пе?», «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы», т.б. тақырыптарда ашық сабақтар, шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Кең Жылыой» аудандық газетінде латын әліпбиін насихаттау, тұрғындарға латын графикасына кезең-кезеңімен көшуді түсіндіру мақсатында «Латынға көшкенше сабыр сақтайық», «Латын графикасына негізделген қазақ тілі Әліпбиі», «Латын әліпбиінен диктант», т.б. мақалалар жарияланды.

Көрнекі құралдарға тоқталатын болсақ, Жылыой ауданы бойынша барлық көрнекі құралдар саны – 145, оның Құлсары қаласында орналасқаны – 122. Қалғандары кенттік, ауылдық округтерде орналасқан. Көрнекі құралдар желісі жастар тәрбиесі, салауатты өмір салтына, ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға, нашақорлық, экологиялық сауықтыру, т.б. бағыттарға құрылған. Жоспар бойынша сырт­қы жарнама құралдарын тіл заңнамасы талаптарына сәйкестендіру мақсатында зерде­леу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ай сайын бөлімнің маманы дүкендерге, мейрам­ханаларға, т.б. әлеуметтік нысандарға барып, иелеріне «Тіл туралы» Заңға қайшы маңдайша жазуларды, жарнамаларды және т.б. көрнекі құралдарды заңға сәйкес­тендіру үшін әдістемелік көмек ретінде түсін­дірме жұмыстарын жүргізіп, көрнекіліктерді түзету үшін хат жолдайды. Атап айтсақ, заңға сәйкес емес көрнекіліктерді заңдастыру мақсатында жеке кәсіпкерлерге хаттар жолданып, «Айжан» шаштараз, «Мир одежды», магазин «Әлібек», «Элит» сұлулық салоны, «Ремонт сотовых телефонов», «Турецкие детские одежды», «Женские сумки», «Одеяло, плед», «Ремонт обуви», «Французские духи», т.б. нысандарға тіл заңдылығын сақтау туралы ескертулер берілді.

Аудандағы тіл саясатының дамуы, оның ішінде мемлекеттік тілдің қолданылуы аудандық «Кең Жылыой», «Құлсары» газеті беттерінде насихатталып келеді. Атап айтсақ, «Үш тілді білу – заман талабы», «Пай-пай қазақтың келіндері-ай!», «Өлең, сені келмейді өкпелеткім», «Қабиболла Сыдиықов 80 жаста», «Қазақша сөйлеп, ән салатын Игорь», «Журналист Бақытжан Бозданұлының ақындығы», «Көркем тілді жазушы», «Қазақшасы қақалған көше сілтемелері», т.б. сол сияқты мақалалар жарияланды.

Бүгінгі күні жастарымыздың бірнеше тілді меңгеріп, өзге ұлт өкілдерімен өресі тең дәрежеде болуы үшін ауданымызда Иштван Мандоки атындағы «Қазақ тілі» қоғамдық қорының филиалы бірнеше жылдан бері нәтижелі жұмыс жасап келеді. Атап айтар болсақ, филиалда мектеп оқушыларымен қатар, Теңіз кен орынында қызмет атқаратын ересек қызметкерлер де тіл үйренуде. Оларға маманданған ағылшын тілі пәні мұғалімдері дәріс береді.

Оқу жылы ішінде сабақ алушыларды шетелдік компанияларға саяхат ұйымдас­тырып, шетелдік мамандармен кездесіп, ауызекі сөйлесуіне, техникалық терминдерді еркін меңгеруіне толық жағдайлар жасап отырады. Нәтижесінде шет тілін меңгеруге деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.

Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.


Баға беріңіз