Жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады
Жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Айталық цифрландыруды, 3D-баспаға негізделген BigDataны, биотехнологиялардың, жүргізушісіз автокөлік пен медицинаның жинақтау және талдау әдістерін дамыту, индустрияландыру талаптарына сәйкес жаңа мамандықтарды енгізу – бүгінгі жаһандану үрдісіне тән құбылыстар.
Осыған орай білім беру бағдарламаларының басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуға аударылып, жаңа білімді меңгеру қабілетін күшейту талап етіліп отыр. Инновациялық білім жүйесін дамыту мақсатында өңір ұстаздары биылдан бастап жергілікті Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін басқару, оқыту, білім беру және тәрбиелеу, сонымен қатар педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру істерінде қолданбақ. Елімізде педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Жаңа форматтағы аттестаттау нәтижесінде облыста жаңа 1599 ұстаздың жалақысына үстеме қосылмақ. Ал келер жылы химия, биология, информатика, физика пәндері жаңартылған бағдарлама бойынша ағылшын тілінде оқытылып, еңбекақы 30 процентке ұлғаяды. Оқушының білімі мен оқудағы табысы нақты критерий мен дескрипторлар бойынша сараланып, бағалау жүйесіндегі шынайылыққа қол жеткізіледі. Қазіргі уақытта мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуға басымдық беріле бастады. Мұндай тәжірибені 57 мектеп қолданады. Алдағы жылы олардың саны 205-ке дейін көбеймек. Түрлі байқауларға 1,5 мыңнан астам оқушы қатысып, 320 жүлделі орынға қол жеткізілді. Жалпы білім беру пәндері бойынша өткен республикалық олимпиадада солтүстікқазақстандық команда екінші орынды иеленді.
Ара мен жібек шаруашылығына даярлауда
Жолдау талаптарының бірі – білім беру жүйесін «цифрлы дәуір» кезеңіндегі индустрияландыру талаптарына бейімдеу. Облыста 12 жылдық білім беру моделіне негізделген ақпараттық-білім беру ортасы қалыптасқанын айта кеткен жөн. Цифрландырудың жол картасын жүзеге асыру шеңберінде барлық білім ордаларындағы интернет жылдамдығы 20 мбит/с-ке дейін жеткізіледі. Қазір жылдам интернетке қосылған мектептердің үлесі 80%-ті құрайды. Жыл аяғына дейін осы жүйемен толық қамтамасыз етіледі. Ұстаздар «Білімland» сандық білім беру платформасы мен өзге де цифрлы ақпараттық ресурстарды тұрақты пайдалана бастады.
Облыс орталығында «смарт-балабақша» мен «смарт-мектеп» жобалары іске қосылды. №1 жалпы білім беру лицейінде ІТ-лицей жобасы енгізіліп, оқыту пәнаралық интеграциялар негізінде атқарылады. «БЭСТ» гимназиясында мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде «Е-асхана» модулі қолданылмақшы. Өзге білім ошақтарында да STEM-технологияларын енгізу арқылы басқарудың негізгі процестері автоматтандырылған жүйеге көшіріледі. 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада мектептерде инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруге және ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін интеграциялық оқытудың модульдік жоспарын құруға ерекше назар аударылған. 339 мектепте инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдай жасалған. 830 сыныпта ерекше білім беруді қажет ететін балалар өзге оқушылармен бірге оқиды. Алдағы уақытта ресурстық, инклюзивті қолдау сыныптары ашылады. «Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлық және қызмет көрсету» жекеменшік мекемесі алғаш рет «Ара өсіру және жібек шаруашылығы» мамандығына мемлекеттік тапсырыс алып, түлектерді осы кәсіп түрін игеруге бейімдейтін болады.
Оқушылар сарайы ашылады
Әр білім ошағында жеке тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуға ықпал ететін орта құру – жаңа мазмұндағы білім берудің басты қағидаттарының бірі. Осы орайда жуырда пайдалануға берілетін Оқушылар сарайы әлемдегі ең озық техникалармен жабдықталған бірегей орталыққа айналмақ. Оның жұмысы жобалық-зерттеулерге, ғылыми-техникалық шығармашылықты дамытуға бағытталады. Онда балалар мен жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне және дамуына ықпал ететін эксплораториумды инновациялы IT-орталығы, «Multiplace Coworking» аймағы құрылады. Бағдарламалау және графикалық дизайн зертханалары, роботты техника құрылымдау, анимациялық студиялары, голография, каркасты-вакуумды кинотеатр, электромобильдер, басқа да технологиялар болады.
Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің алдында да зор міндеттер тұр. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге қолданбалы бакалавриат, ал өзгелеріне модульді білім беру бағдарламасы енгізілуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде 6 колледжде ІТ-мамандықтар бойынша кадрлар даярлау ісі қолға алынды. Бизнес-қауымдастықтардың техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жұмысына деген қызығушылығын арттыру үшін колледждерді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен коммерциялық емес акционерлік қоғамдардың ұжымдық басқаруына беру мәселесі қарастырылуда. Ірі кәсіпорындардың колледждерді басқару және мамандық иелерін даярлау ісіне қатысуы инвестиция тартуға, нарықтық жағдайға бейімделуіне әсер етері сөзсіз. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құқықтық формасын енгізудің алғышарттары жасалды. Жергілікті колледждер 4 жылдан бері «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлердің мектеп түлектерін қабылдап келеді. Оқу бітіргеннен кейін оларға жұмыс орындары ұсынылады.
Қазақ мектебі салынуда
Таяуда ұстаздар қауымының тамыз кеңесіне қатысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында соңғы білім ғимараты 11 жыл бұрын салынғанын айтқан болатын. Қазір 1500 орынға лайықталған 2 қазақ мектебінің құрылысы басталды. Қызылжар ауданында мемлекеттік тілде білім беретін білім ордасын тұрғызу жоспарланған. Соңғы бес жылда жөндеу жұмыстарына жылына 300 миллион теңге бөлініп, ғимараттардың 10 проценті ғана қалпына келтірілсе, келесі жылы қаржы 10 есе артық бағытталады. Ал 2019 жылы 5 миллиард теңгеге 120 мектеп жөнделеді. Жыл сайын 300-400 компьютер жаңартылса, келесі жылы 4 мың компьютер сатып алынбақ.
Білім үйлерінің 80 проценті шағын жинақты мектептер болғандықтан қаржыландыру жағынан тиімсіз екені жиі көтеріліп жүр. Осы жағы ескеріліп, Құмар Іргебайұлы «Уақытша отбасы» жобасын жүзеге асырудың міндеттерін белгілеп берді. Оған сәйкес өзге ауылдарда оқитын оқушылар интернатта емес, патронатты отбасыларда тұрады. Ондай шаңырақтарға арнайы төлемақы беріледі. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан жас мамандарға баспана салып беру жолдары да қарастырылған. Бұл мақсатқа жеке кәсіпкерлер тартылып, экономикалық әлеуеті зор елді мекендердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылмақ.
Баға беріңіз