Ұлттық аударма бюросының ұтымды қадамы

Tilalem.kz

Tilalem.kz

13 қыркүйек, 2018

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы бастау алды. Бұл – қазақ тілінің сапасын жоғары деңгейге көтеретін әрі ғылым тіліндегі мүмкіндігін арттыратын бастама. Бұл жоба аясында тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік салалары бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында оқытылатын танымал оқулықтарды қазақ тіліне аудару қолға алынғанын білеміз.

Былтыр еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары ұсынған 800-ге жуық кітап­­тың ішінен әлеуметтік ғылым са­лалары бойын­ша іріктелген 18 кітапты аудару жұмыс­тарына 90-нан аса отандық белгілі ұстаздар, ғалымдар және аудар­машылар жұмыл­дырылған. Жобаға еліміздегі үздік білім ордалары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, АLMU, Нархоз және С.Демирел университеттері, сондай-ақ Жоғарғы оқу орындар қауымдастығы қа­тысты. 12 сәуірде Мемлекет басшысының қатысуымен 18 кітаптың таныстырылу рәсімі өтті, үздік оқу құралдары оқырман назарына ұсынылды. Оқулықтар мем­лекеттік комиссияның жаһандағы жетек­ші оқу орындарында оқытылатын, кем де­генде үш рет қайта басылып, жарық көрген, идеялық жағынан бейтарап кітаптар болуға тиісті дейтін талаптары мен критерийлеріне толықтай сай делінді. Енді Ұлттық аударма бюросы шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқушы назарына ұсынылған 30 оқулықты дайын­дауға кіріс­кен болатын. Бүгінде аудару ісі толықтай аяқталып, редакциялау жұ­мыстары жүргізілуде.

30 кітап қандай бағыттар бойынша таң­далды, оқырман қауым қай авторлардың туын­ды­ларын тосатынын сұрап-білу мақ­сатында «Ұлт­тық аударма бюросы» қо­ғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенже­ханұлына хабарласқан едік.

– Биыл 100 жаңа кітапты қазақша­лау­дың келесі кезеңі басталды. Өзіміздің шама-шарқымызды бағамдап, биыл 30 кітап аударып, ұсынуға мүмкіндігіміз бар деп шешіп, іске кірісіп кеткенбіз. Ал­дыңғы лекте аударылған экономика, менеджмент, кәсіпкерлікке қатысты бағытқа маркетинг, стратегиялық ме­неджмент, технологиялық инновация­лардың стратегиялық менедж­мен­ті, адам ресурстарын басқару, ха­лықара­лық бизнестің әлемдік нарықтағы бәсекесі және халықаралық бизнестің құқықтық ортасын талдап, түсіндіретін оқулықтар қосылды. Бұлар елімізде эконо­микалық және кәсіпкерлік бағытта білім беретін оқу ордаларының қазақ тілінде оқыту ісін дамытуға септік етуі тиіс. Өйт­кені жоба басталған сәтте, еліміздегі бизнес мек­теп­тері және экономикалық бағытта сабақ беретін факультеттер осы пәндерді қазақ тілінде оқытуға қажетті оқулық­тар­дың жоқтығын айтқан болатын. Дүние­жүзіне кең танымал МВА бағдарламасымен еліміздегі бірқатар білім ордасы орыс тілінде оқытып жүргені мәлім. Бірақ соңғы жылдары осы бағдарламамен оқы­ғысы келетін қазақ жастары да көбейіп келеді. Сондықтан дәл осы бағыттағы алдыңғы қатарлы оқу құралдарын аудару, оны еліміздегі МВА бағдарламасымен білім беретін ЖОО-ның кітап қорына тапсыру аса маңызды. Біз қолға алған кітап­тар оқыр­ман назарына ұсынылған­нан кейін, АLMU, Нархоз сынды білім ошақтары алғаш рет МВА-ны қазақ тілінде бере бастайды.

Биылғы жылғы жаңалығымыз – пе­да­гогика бағытындағы оқулықтардың ауда­рыла бастауы. Соңғы жылдары біздің мемлекетте білім мазмұнын жаңарту бағ­дар­ламасы жүріп жатыр. Ол үшін мұғалім­дерді даярлау факультеттері және педаго­ги­калық кафердралар әлемнің осы саладағы тың жаңалықтары, оқу құрал­дарымен та­нысуы тиіс. Сондықтан осы бағытта та­нымал Кембридж, Оксфорд секілді ғылым ордаларына шыққан педа­гогика бағы­тындағы бірқатар кітаптарды аудара бастадық. Дейл Шунктің «Оқыту теория­сы» және Хелен Битэм мен Рона Шарптың «Цифрлы дәуір педа­гогикасы: XXI ғасыр­дағы білім беру» атты туындысы педагогика саласында ізденіп жүрген мамандар үшін жақсы оқулық болмақ. Сондай-ақ әдебиет теориясын дүние­жүзі қалай біледі, қалай оқытады, қалай зерттейді дейтін үлкен сауалдардың жауа­бы жинақталған бірқатар кітаптарды аударуды назарға алдық. Бізде тіл білімі мен әдебиет теориясы жолға қойылған, жан-жақты зерттелген деген түсінік бар. Десек те, бұл өзімізде қалыптасқан әде­биет теория­сы­ның мектебі. Дүниежүзі басқа тілдердегі әдебиетті қалай зерттейді, өзара салыс­тыруы қандай деңгейде дегенді түсіну үшін Джулия Ривкин мен Майкл Райанның «Әдебиет теориясы антологиясын», Майкл Райанның «Әде­биет теориясына кіріспе» дейтін кітап­тары аударылуда.

Тарих саласы да назардан тыс қалған жоқ. Росс Данн мен Лаура Митчеллдің «Panorama: Дүниежүзі тарихын» аударуды қолға алдық. Өнер тарихына байланысты Сэр Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабы да бар. Бұл оқу құралы 1959 жылы жарық көріп, 16 рет қайта басылған. 8 мил­лион тиражбен таралған туынды тек өнер­танушылар үшін ғана емес, жалпы қалың оқырман үшін де қызықты болады деп сенеміз. Барлық суреттері мен иллюстра­цияларының сапалы көшірмелері бар.

Шығыстану бағытында «Ориентализм» деп танылған ғылым тармағының негізін салушы атақты ғалым Эдуард Саидтың осы аттас туындысын аударудамыз. Мұнда ба­тыс мәдениеті мен ғылымы шығыс дү­ниесін қалай танитыны туралы жан-жақты сараптама бар.

Халықаралық құқық, яки құқықтану бағытында да биыл бірқатар оқу құрал­ын қазақшалауды қолға алдық. Атақты құ­қықтанушы Малкольм Шоудың Inter­national Law дейтін үлкен туындысы бар. Осы автордың пайдасы орасан оқулығы «Халықаралық құқық» деген атаумен ауда­рылуда. Дипломатия ісіне жақсы көңіл бөл­ген Роберт Трагердің «Дипломатия: Коммуникация және халықаралық тәртіп негіздері» атты кітабы да оқырманға даярланып жатыр. Мұнда дипломатияны математикалық формулаларға салып түсіндіретін қызықты тәсілдер бар. Бүгінгі тұрмыс-тіршіліктің ғаламторға байланып бара жатқан заманында Пат­рисия Уоллейстің «Интернет психоло­гиясы» атты туындысын аударып, оқырман назарына ұсынғымыз келді. Бұл – әсіресе, жастардың қызығушылығын оятып, назарын баулап жүрген интернет техноло­гиялардың артында тұрған психологиялық таным-тәсілдерге арналған оқулық. Тіл біліміне қатысты Стивен Пинкер «Тіл – инстинкт» атты кітабы аударылуда. Бұл оқу құралын дүниежүзі лингвистері талдап, таразыға салып жатқанын білеміз. Тілтанушылар үшін қызықты әрі пайдалы болатын тағы бір кітап аударылуда. Ол – Торе Янсонның «Тіл тарихына кіріспе» туындысы.

Аударма барысына аудармашылар, ғы­лыми және әдеби редакторлар жұмыл­дырылған. Бұған қоса, сырт көздің, яғни сырттағы тағы басқа маманның да пікірі ескерілуде. Бүгінде, осы төрт тарап бас қосып, түрлі талқылаулар өткізу арқылы аударылып жатқан кітаптарды сапалы әрі түсінікті аудармамен ұсыну үшін еңбек етуде. Алдыңғы лекте аударылған 18 кітап­ты қазақшалау барысында термин аудар­масына қатысты бірқатар қиындықтар ай­тылғанын білеміз. Мұндай жағдайлар биыл да кездесуде. «Әлеуметтік ғылым салала­рының қай-қайсысынан болмасын, ғылым тіліндегі терминдерді әлі де көптеп аудару керектігін түсіндік және әр саладағы ғалым­дардың тікелей қатысуымен сондай тер­миндерді қазақ тіліне ыңғайлап, ғы­лыми айналымға енгізуге тырыстық. Бірақ экономика, менеджмент салаларындағы жалпы қабылданып кеткен терминдерді қазақылауға аса ұмытылғанымыз жоқ. Өйткені бұлар – бүгінде күнделікті өмірде де, оқу үдерісінде де қаз-қалпында қолда­нылып жүрген сөздер. Әр кітапты аудару барысында мұндай мәселелер болған және бола да бермек. Мұның барлығын үнемі жан-жақты талқылау, талдау арқылы оқыр­манға түсінікті етіп ұсынуға тырысып жа­тыр­мыз» дейді Рауан Кенжеханұлы.


Баға беріңіз