РУХАНИЯТ КІЛТІ - ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

Қарағанды, Саран, Осакаров және Абайда «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинар өтті. Игілікті шара Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орт...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 қыркүйек, 2018

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім, Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов және аталған мекеменің бас директоры кеңесшісі Оразкүл Асанғазы мен Терминология және ономастика бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев сөз сөйледі. 700 адамнан аса халық жиналған бұл шараға жергілікті билік өкілдері, тіл жанашырлары, жас буын өкілдері және ардагерлер қатысты.

«Ана тілі - ұлттың тірегі, рухани мәдениетімізді дамытудың негізі», - дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы. Республикалық семинарда тіл жанашырлары қазақ тілінің мәртебесін көтерумен қатар, қолданыс аясын кеңейтудің жаңаша жолдарын жан-жақты зерделеді. Олар ұлттық код тамыры тарихтың тереңінен нәр алу керектігін де тілге тиек етті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілген латын графикасына көшудің маңыздылығына аса мән берілді. Бұл жайлы «Бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің 22 мемлекеті латын әліпбиін қолданысқа енгізген. Біле білсек, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары әдебиетіміздің басым көпшілігі латын әліпбиінде шығарылған көрінеді. Әліпбиіміздің жаңаруы шетелдердің мәдениетін кеңінен тануға, жас буындар білімін шыңдауға зор мүмкіндік берері анық. Демек, жаңа әліпбидің арқасында өшкенімізді жаңғыртып, ақпараттық кеңісті­гімізді сүзгіден өткізетін күн жақын» - деген пікірлер айтылып жатты.

«Латын графикасына көшу дұрыс, әрі дер кезінде қабылданған шешім. Үлкен комиссия құрылды. Осы жұмыстың қорытындылары мен латын әліпбиіне көшудегі емле ережелері министрлік пен орталық үкіметтің қарауына шығарылады»,–дейді саясаттану ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышов.

«Мәселені нақты шешу жолдары және оның тәсіл­дері тым аз. Бұл – сол жолдарды білмеу ме, әлде сол тәсілдердің іске асуына сенбеу ме, ол жағын білмеймін, бірақ қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істейтін дәрежеге жеткізудің тағы бір жолы – халықаралық тәжірибе­де өзінің тиімділігін дәлелдеген жолын көрсету артық болмас деп ойлаймын. Прибалтиканың жергі­лікті тұрғындары: «Маған орыс тілінде сөйлеген адамға ешқандай ренішім жоқ. Себебі, әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз. Сондықтан орыс тілінде сөйлеген адамға «Аузыңды жап, бұл мемлекеттің тілі – латыш тілі. Сен сол тілде сөйлеуге тиіссің» деген сөз айтпаймыз. Бірақ олар да біздің сөйлеу тілін таңдау құқығымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз. Оған ренжімейтін шығар. Жергілікті ұлт­тың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілін, мемлекеттік тілді құрметтеуі ғана. Ал сіздердің «менің білетін тілімде жауап беріңдер» деп талап етулерің – барып тұрған бассыздық, адам құқығын сыйламаушылық» деген тұжырым айтыпты. Ұзын сөздің қысқасы, осы «Прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін – мемлекеттік тілді тірілтіп алды.

Біздің қазақтілділер, оның ішінде қазақ азаматтарының өздері осы әрекетке қарсы шығып (біреулері – біліп, енді біреулері – ақы­мақтықтан), аяқтан тартуы ғажап емес.Бірақ, тағы да қайталаймын, көпшілігіміз­дің іс-әрекеті бір жерден шықса, қазақ тіліне деген қажеттілік табиғи түрде өмір­ге келетіндігінде талас жоқ»,–деп ой бөлісті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім .

Қазақ тілінің бірбеткейлі халықтар достығының тамырына айналуы оның өміршеңдігіне байланысты. Айтылған нәрсенің барлығы ісімізден көрінсе мақсатқа жетеміз. Қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақтілді азамат­тардың өздері жасайды.

«Бүгін ерекше күн болып тұр. Көрген-түйгендерімізді келешекте студенттерге жеткіземіз деген ойдамын. Әсіресе, Саран халқы мен жиналған қауым үшін аса маңызды», –дейді семинарға қатысушы Анар Баймолдина.


Кездесулерде онамастика тақырыбы да өзекті тақырыптардың бірі болды. Семинарға қатысушылар елді мекендер мен көшелердің тарихи атауларын қайтару төңірегінде нақтылап қаузады. Келелі кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Ал Қарағанды облысындағы шара үлкен баспасөз маслихаттымен аяқталды.


Баға беріңіз