Баршаға ортақ қасиетті құндылық

Мемлекеттік тілдің дамуына назар аудару, әсіресе өңірлерде тиісті дәрежеде қолға алынса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Бұл орайда Атырау облысындағы игі жұмыстарды атап айтуымызға болады. Облыс аум...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қыркүйек, 2018

Мәселен, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты, сондай-ақ қазақ тілінің күн тәртібінде тұрған толғаулы мәселелерін арқау еткен әртүрлі деңгейдегі шаралар, оқырмандардың белсенділігі тіл тұғырын биіктетуге жақсы мүмкіндік беріп келеді. Осы орайда Атырау облысынан тіл жайындағы топтама материалдарды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Тіл – адамзат баласының бір-бірімен ойды білдірудің, дүниетанымын жеткізудің, пікір алмасудың жалпылама қатынас құралы. Ол қоғамымызда, өмірдің, іс-әрекеттің барлық саласында кең көлемде қолданылады. Дүниежүзінде қаншама ұлт пен ұлыс болса, соның басым көпшілігінің өз тілі бар. Ұлттар достығының ұстаханасы саналатын Қазақстанда да тіл саясаты өз деңгейінде жүргізіліп, Ата Заң аясында өркендеп келеді. Еліміз өз егемендігін алып, дербестігін жариялаған тұста қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілсе, орыс тілі – мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми қолданысқа ие болды. Қазақстан халықтары тілдерін дамытудың стратегиясы үш негізгі мақсатта: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту; орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау; этностық топтардың тілдерін дамыту бағытында жүргізіледі.

Тілдерді қолдану мен дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып, тіл саясаты оның ішінде мемлекеттік тілдің проблемалары еліміздің қауіпсіздігіне, оның мемлекеттілігінің нығаюына тікелей қатысты мәселе ретінде басымдық алды. Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деуі де көп нәрсені ұғындырады.

ХІХ ғасырдың басында кемеңгер зиялымыз Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалмауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген нақыл сөзі өз өміршеңдігін әлі де жойған жоқ. Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені сөзсіз. Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. «Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі» деп білетін әр отандасымыз оның құтын қашырмай, мерейін асыруға міндетті. Қазақстанның азаматы саналатын кез келген адам, кез келген этностың өкілі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік тілді өз тілім деп қабылдауға тиіс. Сонда ғана шын мәніндегі татулық пен тұрақтылыққа қол жеткізе алатындығымызды естен шығармауы керек.

Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында елімізді мекендейтін барша этнос өкілдерінің мүдделері де ескерілген. Бізде орыс тілін айтпағанда өзбек, ұйғыр, тәжік, украин тілдерінде оқытатын мектептер бар. Жалпы білім беретін мектептерде дербес пән ретінде 15 ана тілдері оқытылады. Бұл олардың тілін сақтап қана қоймай, сонымен бірге ұлттық ерекшелігінің, әдет-ғұрпының, мәдениетінің жоғалмауына септігін тигізеді. Аталған мектептер оқу курстарына қазақ тілін енгізіп, мемлекеттік тілді игеруге де мүмкіндік жасап отыр. Бұл тілді дамытуға жасалған дұрыс қадамдардың бірі. Себебі жоғарыда айтып кеткенімдей, өзін Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт.

Елімізде саны жағынан орыстардан кейінгі орынды өзбек диаспорасы алады. Тәуелсіз қазақ елінің оңтүстік өңірі өзбек ағайындармен тарихи шекаралас, көршілес болғандықтан олардың басым бөлігі осында қоныс тепкен. Ресми емес деректерді сөз етсек, өзағаңдар Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының 50 пайызға жуығын мекендейді екен. Өздерінің таза өзбек тілінде оқытатын 64 мектеп, аралас оқытылатын 75 мектеп жұмыс жасайды. Өңірде өзбек тілінде газет-журналдар басылып шығып, облыстық «Қазақстан-Шымкент», «Отырар», «Сайрам ақшамы» сияқты телеарналарында өзбекше жаңалықтар мен бағдарламалар таратылады.

Екінші бір саны жағынан көп болып келетін ұйғыр диаспорасы ежелден Алматы облысы Ұйғыр ауданы аумағында шоғырланған. Шамамен 240 мыңдай адамның басын біріктіреді. Қазақстанда таза ұйғыр тілінде оқытатын 14 орта білім беретін және 70-ке тарта аралас сыныпты мектептер бар. Диаспора тілінде шығатын «Уйғур авази» газеті өңірдегі мемлекеттік немесе ресми тілдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысынан да кем емес. Аптасына бір рет түрлі-түсті 12 бетті болып, 11 мың дана көлемінде таралады. Алматы облыстық телеарнасы мен жергілікті радиолардан ұйғыр тілінде хабарлар беріледі. Әлемдегі жалғыз музыкалық комедиялық ұйғыр театры да осында жұмыс істейді. Республикалық ұйғыр мәдени орталығының деректері бойынша, Қазақстандағы ұйғырлардың бәрі дерлік туған тілінде сөйлейді, қазақ тілін де жақсы меңгерген.

Қазақстандағы неміс диаспорасының тарихы 200 жылдан астам уақытты алып жатыр. Қазіргі кезде елімізде 220 мыңнан астам неміс ұлтының өкілдері тұрады. Елімізде ұлы Гетенің тілін тереңдете оқытатын 6 мектеп жұмыс істеп келеді. Ал 84 жексенбілік мектепте 3000-нан астам бала оқиды. Неміс тілінде «Deutcshe Allgemeine Zeitung» республикалық газеті мен «Феникс» әдебиет альманахы басылып шығарылуда. Бұдан өзге «Kasachstan im Blickpunkt» телебағдарламасы, танымдық радиохабарлар диаспора өкілдеріне ұсынылады. Алматы қаласында неміс драма театры өз қойылымдарын көрсетіп, неміс халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін сақтап қалу бағытында мақсатты жұмыс істейді.

Мұндай қамқорлықтар Қазақстандағы этно-мәдени орталықтардың барлығына да жасалынып отыр. Олардың тілін дамытулары, салт-дәстүрі мен мәдениетінің жойылып кетпеулері мемлекет назарынан тыс қалмайды. Тілдерді дамыту – елдегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Еліміздегі диаспора өкілдері өз тілдеріне немқұрайдылық танытпай, оның маңыздылығына жете мән беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білулері керек. Қазақстанда тілге қысымшылық көрсету деген атымен жоқ. Соның арқасында еліміз достықтың, тыныштықтың, тұрақтылықтың мекеніне айналды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, өз тіліңе деген құрмет – өзіңе деген құрмет. Тіл мәртебесі – ұлт мерейі. Ана тілінсіз қай ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Өз тіліңде сөйлегенге не жетсін?!

Айбек НӘЖІМОВ

Құрманғазы ауданы

anatili.kazgazeta.kz


Баға беріңіз