Жаңа емлеге деген қоғамның көзқарасы қандай?

Қазіргі таңда елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде қазақ жазуын латын графикасына көшіруді кезең-кезеңімен жүзеге асыру шаралары жүргі...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

03 қазан, 2018

Қазіргі таңда елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде қазақ жазуын латын графикасына көшіруді кезең-кезеңімен жүзеге асыру шаралары жүргізіліп жатыр. Осымен байланысты ең әуелі, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық топ мүшелері жаңа емле ережесінің жобасын даярлады. Емледе қазақ сөздерін, шеттілі сөздерін, терминдерді, бірнеше нұсқамен жазылып жүрген ескі кітаби және діни сөздерді жаңа жазуда белгілеудіңережелері көрсетілді. Емле ережелерін түзу барысында туындаған бірқатар күрделі мәселелерді қоғам талқысына салу мақсатында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы сынама-сауалнама (апробация) жұмыстарын өткізді. Апробация өткізу барысында сауалнамаға қатысушылар акут әліпбидің кемшіліктері мен шеттілі сөздерін таңбалаудағы қиындықтарға қатысты көптеген ұсыныс-пікірлер білдірді. Ұсыныс-пікірлерде басым түрде айтылған мәселелер ретінде мыналарды атап өтуге болады:

1) Ы (y) мен у (ý) таңбаларына өзгерістер қажет.

2) И (I) мен і (I) дыбыстарының бас әріптерінде айырмашылық болмай қалатындықтан, таңбаларды өзгерту керек.

3) Ш (sh) және с (s), х (h), һ (h) әріптерімен келетін сөздерді оқуда қиындық туатындықтан, ш таңбасын диграфпен емес, жеке әріппен таңбалау қажет.

4) С таңбасы үшін s-ты алған соң, ш таңбасы үшін акут қойылған s алынуы керек.

5) У-ды U-мен беру керек.

6) Әліпбиге диграф таңбаларды ендірудің мүлде қажеті жоқ.

7) Кірме дыбыстар таңбаларын әліпбиге алмаған соң, ч (ch) әрпін де әліпбиге ендірмеген дұрыс.

8) Кейіннен қ-мен таңбаланып жүрген рақмет, рақат, дастарқан тәрізді сөздер х-мен берілуі керек: рахмет, рахат, дастархан.

Бұл ұсыныс-пікірлер әліпбиге өзгеріс ендіру қажеттілігін және емле ережелерін қоғам пікірімен санаса отырып аса ыждаһаттылықпен бекіту керектігін айқын аңғартады.

Қазіргі таңда күрделі мәселелердің қатарынан орын алып тұрған нәрсе шеттілдік сөздердің емлесі болып тұр. Себебі, жаңа латын әліпбиінде сегіз таңба:э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ жоқ. Ал орфорграммасында осы таңбалар бар шеттілі сөздерін жаңа жазуда қалай береміз?

Апробация барысында, бұл мәселеге қатысты қоғамның көзқарасы үшке бөлініп тұрғанына көз жеткіздік:

1) Айтылымда да, жазылымда да қазақтың табиғи дыбыстау заңдылықтарына бейімдеп «сындыру».

2) Орыс тілінің орфографиясы бойынша жазу.

3) Түпнұсқа тілдің (ағылшын, т.б.) заңдылығымен жазу.

Шеттілі сөздерін айтылымда да, жазылымда да қазақтың табиғи дыбыстау заңдылықтарына бейімдеп «сындыру» әдісі ерте кезден орныққан (бәтіңке, самауыр, кінәз, т.б.). Алайда қазіргі жаһандану заманында тілімізге ағылып еніп жатқан шеттілдік сөздердің барлығын «сындыру» әдісіне бағындыра аламыз ба? Екінші көзқарас бойынша шеттілі сөздерін орыс тілінің орфографиясы бойынша жазу. Бұл үрдістің халық санасына мықтап орныққаны соншалық әліпбиге енбей қалған 8 таңбаны (э, ц, ю, я, щ, ë, ь, ъ) іздеушілер саны басым. Бірақ шеттілі сөздерін орыс орфографиясымен жазып, орыс орфоэпиясына сүйеніп айтуды доғаратын кез келді. Ол үшін жазылымда көрсетілген шеттілдік сөздердің айтылым жүйесін де орнықтыру қажет. Шеттілдік сөздерді орыс тілі арқылы меңгерген қазақ қоғамы оны жазылымы бойынша дыбыстауға жатсынып қарайды. Мәселен, апробация барасында конституция, король т.б. сөздерін дәл осылай айтуды ұят деп есептегендер саны біршама болды және оларды қате жазбас үшін ь, ц таңбаларын әліпбиге ендіру керек деген көзқарас басым. Орыс тілі арқылы орныққан барлық шеттілдік сөздерге қатысты қоғам көзқарасы осыған саяды. Алайда болашақта компьютер сөзін латын әліпбиімен kompýter (компутер), продюсер сөзін рrodýser (продусер) деп таңбалаймыз. Егер орыс орфоэпиясында қала беретін болсақ, бұл сөздерді жас ұрпақ кампутер, прадусер деп дыбыстау үрдісін қалыптастырады да әлемдік стандарттан ауытқиды. Сонда орыс орфоэпиясынан арылудың қандай жолы бар? Мәселен белгілі журналист Ғалым Боқаштың ұстанымы бұл мәселені шешіп беруде елеулі қызмет атқарады. Журналистің «Жаһан жаңалықтары» хабарында олимпиада, пропорсия, полисиа, Корей, т.б. көптеген шеттілдік сөздерді осылайша айту үрдісі жаңа емленің халық арасында «жатсынбай» сіңуіне септігін тигізері сөзсіз. Ендігі мәселе жаңа емле ережелері бекігеннен кейін, әсіресе, теле-радио жүргізушілері, танымал журналистер тарапынан орыс орфоэпиясынан бас тартушылық белең алса, халықтың санасындағы «олай айтсақ күлкілі ғой, ұят болады, сауатсыз деп ойлайды» деген біржақты пікір жойылады. Жоғарыдағы үшінші көзқарас бойынша шеттілі сөздерін түпнұсқа тілдің (ағылшын, т.б.) заңдылығымен жазу. Алайда орфографияда түпнұсқа принципті ұстанғанмен, орфоэпияда оны басшылыққа ала алмайтынымыз анық. Бұл орайда А.Байтұрсынұлының «халықтың сөйлеу тілімен санасу керек» деген қағидасын естен шығармаған абзал.

Гүлфар Мамырбек

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері,

Ұлттық комиссия жанынан құрылған

орфографиялық топтың мүшесі


Баға беріңіз