Ғалымдардың жүз пайызы толық қолдайтын емле жоқ

​Ербол ТІЛЕШОВ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:
Tilalem.kz

Tilalem.kz

11 қазан, 2018

– Латын әліпбиіне қатысты саяси ше­шім қабылданды. Енді оған көшу бағы­тын­дағы әзірлік жұмыстары қалай жүріп жа­тыр?

– Елбасы Жарлығы шыққаннан бері бір­қатар мақсатты шаралар атқарылды. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Пре­мьер-министрінің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жыл­ға дейін кезең-кезеңімен көшіру жө­ніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Ұлт­тық комиссия құрылып, орфог­ра­фия­лық, әдістемелік, терминологиялық, тех­никалық және ақпараттық сүйемелдеу топ­тары жұмыс істей бастады. Аталған жос­пардағы ең үлкен мәселе – үстіміздегі жы­лы жаңа әліпбидің емлесін әзірлеп, оны бекіту. Осы маңызды мәселені орын­дау үшін жыл басынан бері Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты жә­не Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орталығы бір­қатар ғылыми жұмыстар мен ұйым­дастыру шараларын жүзеге асырды. Атап айтқанда, Тіл білімі институты емле ере­желердің жобасын әзірлеп, біздің сарап­тауы­мызға ұсынды. Ол жоғарыда аталған жұ­мыс топтарына таныстырылып, оның ішін­де орфографиялық және әдістемелік топ­тар осы емле ережелерді бірнеше рет сараптаудан өткізді. Алдымен, 4-10 шілде аралығында Ақмола облысының Зеренді кентіндегі Еуразия ұлттық универси­тетінің оқу-сауықтыру орталығында ғалымдар оны бірінші сараптаудан өткізді. Екінші сараптау республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталы­ғының Қапшағай қа­ласындағы филиа­лында 22-24 тамыз күн­дері ұйым­дастырылды. Ғалымдарды осы­лайша бір жерге топтастырып, еш алаң­­датпай жұмыс істету белгілі бір нә­ти­желерге жеткізді. Мұндай семинарларда ғы­лыми пікірлердің қайшылығы да бол­ды. Бірақ ақылдаса, ойласа келе ғалымдар ортақ ғылыми уәжге тоқтады.

– Бұл ғылыми қайшылықтар неге бай­ла­нысты болды, таратыңқырап айтып бер­сеңіз.

– Ең алдымен, мұндай қайшы­лық­тар­дың болуы заңды екенін айтқым келеді. Ғылыми таным, көзқарас деген бола­ды. Ғылымда қоғамның өзге салалары сияқ­ты үнемі дамып, толығып отырады. Кей­бір бұрынғы қағидалар ескіруі мүмкін не­месе жаңаша мазмұнмен толығуы да мүм­кін. Тіл білімі айталық, техникалық ғы­лымдарға қарағанда мейлінше кон­сер­вативті дегенімізбен, ол да толығып, жаңа­рып тұрады. Мұны айтып отырған се­бебім, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған төл тіл біліміміздің қағидаттары бар. Олар әліпби түзуге де, емле жасауға да тікелей қатысты. Мәселен, Ахаң қалыптастырған дәстүрлі ғылыми тәсіл ең алдымен тіліміздің дыбыстық жүйесіне негізделді. Бұл арада біз үш нәрсені ашып айтқанымыз жөн. Біріншіден, Ахаң классикалық араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негіздеп, өзінің «төте жазуын» жасады. Екіншіден, Ахаң зама­нынан бері әліпби екі рет ауыстырылып, ол емле ережелердің мазмұнына да ықпал етті. Яғни, біз осыдан бір ғасырдай бұрын жасалған Ахмет Байтұрсынұлының және басқа да Алаш оқымыстыларының кейбір дәстүрлерінен осындай әліпби ауыстыру кезеңдерінде ажырап қалдық. Үшіншіден, өзінің ішкі әлеуетін пайдаланып және сырттан келген тілдердің ықпалының әсерімен қазақ тілінің лексикалық қоры едәуір көбейді. Сондықтан да осындай қа­лыптасқан жағдайда ғалымдардың бір то­бы дәстүрлі принципті ұстанайық десе, ке­лесі бір тобы қазіргі қазақтардың таң­баны тану және қабылдау ерекшеліктері өз­геріске түскенін алға тартып, фо­не­ма­тикалық принципке жүгінейік дейді. Пі­кір­талас, жалпылай айтқанда, осы тұста өр­біді. Бұған ескерілуге тиісті мор­фо­ло­гиялық принципті қосыңыз. Сонда өз­де­рінің ғылыми принциптеріне орай ға­лым­дардың өз көзқарастарын ұсынуы табиғи бо­лып шығады. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Тіл саясаты комитетінің тап­сыр­масымен «Тіл-Қазына» орталығы «Қа­з­ақ жазуының тарихы және латын әліп­биіне көшудің ғылыми-тәжірибелік не­гіздері» атты республикалық ғылыми кон­ференция өткізді. Оған барлық жұмыс топтарының өкілдері және еліміздегі осы емле тақырыбына барып жүрген жетекші ғалымдардың барлығы шақырылды. Конференция қорытындысында ілгеріде айтылған фонематикалық принцип не­гізге алынсын деген шешім қабылданды. Бұл принцип бойынша сөздерді жазуда ық­шамдау амалы басшылыққа алынып, не­гі­зінен соңғы жарты ғасырда қалып­тас­қан қазақ жазуы емлесінің қағидаттары ес­керіледі. Мысалы: «сұу», «оқыу», «йіне» де­ген сөздер қазіргіше су, оқу, ине деп жа­зыла береді. Егер біз дәстүрлі прин­цип­ке салып, жоғарыда көрсетілгендей екі таңбаның орнына үш таңба, үш таңбаның орнына төрт таңба, төрт таңбаның орны­на бес таңба жазатын болсақ, қазіргі ем­ле­ге көз­дері де, қолдары да, ең бастысы қа­­был­дау саналары үйренген мил­лион­да­ған тіл тұтынушылар оны қабылдай қояр ма екен?! Менің ойымша, «Жаңа әліпби қа­­был­даймыз деп, ғалымдар жазуды тым қиын­­датып жіберді» деген әлеуметтік қар­­сылық туады. Сондықтан аталған кон­фе­ренцияда: «Жазу барысында ықшамдау прин­ципін негізге алып, оны орфог­ра­фия­лық сөздік арқылы бекітеміз, ал қазақ тілі­нің төл дыбыстық қасиетін сақтау үшін дәстүрлі принципті орфоэпиялық сөз­дікке енгіземіз» деген ой басымдау шық­ты. Сол себепті де, жаңа әліпби емле ере­желері осы принципке негізделіп әзір­ленді. Әлбетте, ғылыми ортада әр алуан көз­қарастың бола беретінін ескерсек, бұл уәж­ді әлі де қолдамайтын ғалымдар бар­шылық. Ғалымдардың жүз пайызы толық қол­дайтын емле қай тілде де жоқ. Мәсе­лен, өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дарының ортасында араб жазуынан ла­тын жазуына көшкен түрік ағайындар оның әліпбиі және емлесі бойынша жар­ты ғасыр бойы айтысып келді. Қа­был­данғанына ширек ғасыр болған әзір­бай­жан, өзбек жаңа әліпбилерінің емле ере­желері бойынша да ғылыми дисскусияның аяқ­талмағанын білеміз. Тіпті бірнеше ға­сыр бұрын қабылданған неміс, ағыл­шын, француз тілдерінің емлелері бойын­ша да ғылыми тартыстар қазір де аңға­ры­лып қалады. Сондықтан біз бір тоқтамға кел­геніміз жөн.

– Өзіңіз айтып отырған емле ережелер жұ­мыс топтарынан өзге ғалымдар арасында тал­қыланды ма, жалпы еліміздің тілтанушы ға­лымдары онымен таныс па?

– Қыркүйек айыннан бастап біз елі­міз­дің барлық жоғары оқу орындарының тіл кафедраларына ем­ле ережелердің жо­ба­сын жолдадық, бар­лығы 52 кафедраға. Бұл кафедралар жо­баны өздерінде ғы­лыми талқыға түсі­ріп, бізге хаттамаларын жіберіп отыр. Яғ­ни, емле ережелер елі­міз­дегі барлық тіл­танушы ғалымдарға таныс­ты­рылды. Оның бер жағында орфогра­фия­лық және әдістемелік жұмыс топта­ры­на енбейтін тәуел­сіз сарапшыларға да са­раптауға ұсын­дық. Олардың да пікірі алынды. Осы ке­ліп түскен пікірлерді, ес­кертпелерді, ұсы­ныстарды «Тіл-Қазына» орталығының ға­лымдары және орфог­ра­фия­лық топ мү­шелері сараптап, олардың ес­керуге тиіс­тілерін ақылдаса отырып, емле ережелер жобасына енгізуде.

– Жаңа емле ережелер қандай да бір сы­­нақтан өткізілді ме?

– Әлбетте. Мұндай сынама жұмыстар та­мыз айында Астана, Алматы қалал­а­рын­да және Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қ­а­зақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыс­та­рын­да өткізілді. Сонымен бірге, жаз айла­рын­да оқушылардың демалыста бола­ты­ны ескеріліп, «Балдәурен» респуб­ли­ка­лық оқу-сауықтыру орталығы басшылы­ғы­ның қызу қолдауымен осында демалып жат­қан әр өңірден келген оқушылар ара­сында да сынама жұмыстары жүр­гізілді. Мұндай сынамалар 3000-ға жуық адам­ды қамтыды. Сондай-ақ сынама сұ­рақтары толықтырылып, күрделендіріліп тіл мамандарына да жіберілді. Жалпы, сы­намаға барлық министрлік өкілдері, рес­публикалық ақпарат құралдарының өкіл­дері, мемлекеттік қызметкерлер, мұ­ға­лімдер, қызмет көрсету орындарының қыз­меткерлері сияқты әртүрлі әлеуметтік топ­­тар қамтылды. Жаңа әліпбидің ем­ле­сін бұлайша сынақтан өткізіп отырған се­бебіміз, әліпбиді ауыстыру – тек линг­вис­тикалық құбылыс емес, сонымен қа­тар әлеуметтік құбылыс деп қарауымыз қа­жет. Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көз­қарасы айқындалып, жан-жақты са­раптаулардан кейін шешімдер қ­а­был­да­натын болады.

– Жалпы, жаңа әліпби емле ереже­ле­рі­нің маңызы жөнінде көпшілік оқырман қауымға ай­та кетсеңіз?

– Егер тілді сол халықтың өмір сүруі­нің, қарым-қатынасының, өзін бір халық ретінде сезінуінің ең басты айғағы дейтін болсақ, сол тілді жүйеге түсіретін, сол тілде жазу мәдениетін қалыптастыратын ем­ле ережелерді тілдің конституциясы деу­ге болады. Емле ережелер тілдік ерек­ше­ліктер мен құбылыстардың жүйеленген хаттамалық құжаты. Яғни, тілдің табиғаты сақталу үшін мәдениет пен ғылым һәм сақ­талып, һәм даму үшін, халық өзінің ті­лінде білім алуы, әлемді тану үшін емле ере­желердің маңызы орасан зор. Тіпті ол со­лардың барлығының да басты кепілі. Сон­дықтан да біз осы емле ережелердің әзір­ленуі мен сарапталуына ерекше мән бер­дік.

– Енді ары қарай бұл емле ережелер қа­лай бекітіледі, көптің қолданысына қа­шан беріледі?

– Қыркүйек айының соңына қарай бұл емле ережелерді біз Ұлттық комис­сия­ға жолдайтын боламыз. Осы комис­сия­да мақұлданса, оны ары қарай жыл­жытуға арнайы пәрмен беріледі. Біздің ойымызша, ол жылдың аяғына дейін тағы да тиянақталып, атап айтқанда Ұлттық ко­миссияда айтылған ұсыныстар еске­рі­ліп барып қолданысқа енгізіледі. Келесі, 2019 жылы нөлдік сыныптар жаңа әліпби не­гізінде оқытыла бастайды. Демек, бұл ем­ле ережелер соларға арналған оқу құ­ралдарында қолданылады. Сонымен бір­ге, латын графикасы негізіндегі «Қазақ ті­лі­нің үлкен орфографиялық сөздігі» дайын­далады. Орфоэпиялық және басқа да сөздіктер шығарылады. Емле ере­же­лер­дің толық дайын болуы жаңа әліпбиді бар­лық салада қолдануға толық мүмкіндік аша­ды.

– Өзіңіз айтып отырған емле ережелерді көп­ке таныстыру қалай жүзеге аспақшы?

– Қазіргі кезеңде «Тіл қазына» ұлттық ор­талығы жаңа әліпбидің және оның емле ере­желерінің бірнеше мобильдік қо­сым­ша дайындай бастады. Қазақстанның әр­бір азаматының қалта телефонында әліп­­би нұсқасы, емле ережелер жинағы бола­ды. Яғни, әркім өз телефонынан жаңа жазу ережелерін үйрене алады. Сонымен бір­ге, «Тіл қазына» деген үлкен портал дайын­дап жатырмыз. Былайынша айт­қанда, бұл портал әліпбиге байланысты бү­кіл ақпарат жинақталған жаңа әліп­биі­міздің «астанасы» болады. Емлені үйрену жол­дары, лингвистикалық жаңалық­тар­дың бәрі соның ішінде болады. Порталдың іші­не бір таңбадан екінші таңбаға авто­мат­ты түрде ауыстыратын конвертор ор­на­ластырылады. Яғни, әрбір адам өзінің қа­лауынша, айталық, кирилдан латын, ла­тыннан кирилл таңбаларына мәтінді аз уа­қыттың ішінде аударып ала алады. Емле ере­желерінің жинағы үлкен таралыммен шы­ғарылып барлық өңірлерге, меке­ме­лер­ге, оқу орындарына таратылатын бо­ла­ды. Сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ор­талығы ғалымдары мен әдіскерлері жаңа емлені үйретуге арналған нұсқаулық та дайындамақ. Ол оқытушыларға, әдіс­кер­лерге, жаңа емлені үйренушілерге ар­нал­мақ.

– Емле ережелерінің жазу барысында қа­зақтың байырғы төл сөздерімен бірге шет ті­лінен енген сөздердің жазылуына да мән бе­рілген болар.

– Дұрыс айтасыз. Сан ондаған жылдар бойы шет тілінен қазақ тіліне енген сөздер орыс тілі арқылы келді. Осы тілде қалай жа­зылса, қазақ тілінде де солай жазылуға тиіс болды. Бұл тілімізге кеңестік кезеңнің сая­сатынан тиген салқын екенін бәріміз жақ­сы білеміз. Бұл сөздердің көптігі сон­шалықты олар тіпті тіліміздің кейбір заң­дылықтарын, табиғатын бұзды. Орыстілді қазақтарының санасында орыс тілінен енген сөздердің осы тұрпаты ерекше сақ­талып, бейнеленді. Қанша ұрпақ осындай тіл­дік дағдымен тәрбиеленді. Әліпби ауыс­тыру кезінде, емле жасау барысында да халықтың ішінен де, тіпті ғалымдардың ортасынан да әлгі саясат салқынының табы сақталғанын байқадық. Ал осы жаңа әліпби емле ережелерін әзірлеу және сараптау барысында қазақ тіліне тән емес таң­балардың барлығын алып тастау мүм­кін болмады. Қалайық, мейлі қаламайық біздің сөздік қорымызға, ғылым тіліне, тер­минологияға ондаған мың осындай сөз­дер енгенін байқадық. Иә, олар жүз­деп, мыңдап емес, он мыңдап саналады екен. Сондықтан жаңа әліпбиде орыс тілі әліп­биінен енген кейбір әріптерді қал­ды­ру­ға тура келді. Бәлкім, ол дұрыс та болған шы­ғар. 1924 жылы Білімпаздар съезінде Ел­дес Омарұлының араб тілінен келген кей­бір дыбыстарды шығарып тастайық де­геніне, Ахмет Байтұрсынұлы қарсы бо­лып, ондай дыбыстардың сөйлеу та­би­ға­тымызға еніп кеткені жөніндегі айтқанын бі­леміз. Қазір де сондай кезең болып тұр. Өзің сұрағыңа қарай тікелей жауап бер­сем, онда жаңа әліпбиге енбей қалған ь, ъ, щ, ц, ю, я таңбалары келетін сөздерді жаңа­ша жазу мәселесі туындады. Емледе бұлар оңтайымен шешілді деп ойлаймын. Олар­ды жазу қазақ тілінің төл дыбыстық ерек­шелігіне мейлінше жақындатылды. Мә­селен, «альманах», «альбом» деген сөз­дер жаңа әліпби бойынша «әлбом», «әл­манах» деп жазылатын болды. Бұл ба­ғыт­та жаңа емле ережелерінің жаңалығы көп деуге болады.

– Осы емле ережелерін әзірлеуге қандай ғы­лыми мекемелер, қанша ғалым қатысты?

– Жоғарыда айтқанымдай, емле ере­же­лерді әзірлеген мекеме – Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты. Дегенмен осы институт дайын­даған емле ережелер сараптау барысында өзге де ға­лымдардың қатысуымен бірқатар өзге­ріс­терге түсті. Осы сараптау жұмысына Еу­ра­зия ұлттық универ­ситетінің, Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогика уни­верситетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің, Қыздар педа­гогикалық университетінің, Назарбаев универси­тетінің, Сүлейман Демирел атындағы университеттің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда, А.Жұбанов атын­­дағы Ақтөбе, Тараз инновациялық-гу­манитарлық универ­ситетінің ғалым­дары белсене атсалысты. Осы сұхбатты пай­далана отырып, ғалымдардың бар­ша­сына алғысымызды жеткізгім келеді. Жалпы, шілдеден басталған сараптау жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасып, ғалымдарымыз еліміз үшін маңызды мәселеде жұмыла жұмыс ат­қара алатынын толық дәлелдеп берді. Со­нымен бірге, сынама жұмыста­рына ай­рықша қолдау көрсет­кендері үшін Ақ­мола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақ­төбе, Қызылорда облыстық Тіл бас­қар­малары мен орталықтарының бас­шы­ла­ры­на да алғысымыз шексіз. Мұны айрық­ша айтып отырғаным, бізде ғылыми жа­ғы­нан да, ұйымдастырушылық жағынан да әлеуетті үлкен тілдік ұжым қалыптасқан. Сондық­тан да қазақ тілінің жаңа әліпбиі ен­гізу сәтімен, уақытымен болады деп ой­лаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.


Баға беріңіз