Терминология – тілдің маңызды саласы

Термин мәселесі – күн тәртібінде тұрған, өзектілігін жоймайтын тақырыптардың бірі. Әсіресе олардың бірізділігі, шет тілінен аударылуы сияқты мәселелер әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Елімізде т...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 қазан, 2018

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары орыс тіліндегі көптеген термин-сөздер жаппай қазақ тіліне аударылды. Бұл мәселеге қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деді. Сәтсіз аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халық­аралық деңгейге жақындату керектігін айтты.

Академик Ә.Қайдар аталған мәселеге қатысты: «Терминнің бәрі – сөз, ал сөздің бәрі – термин емес» депті. Айтса, айтқандай, бір жылдары «балкон» сөзі – «қылтима», «фонтан» – «шаптырма» болып аударылды. Бірақ бұл аудармалар таразыға салынып, Мемлекеттік Терминология коммиссиясында бекітілмеді. Осы жерде айта кететін мәселе – бұрыннан шет тілінен еніп, құлағымызға сіңісті, тілімізге жатық болып кеткен, айтуға жеңіл сөздердің бәрін бірдей аудара бермеген жөн. Мысалы, «наркотик» – «есірткі» деп аударылып, бекітілді. Ал емдеу орталығы – наркодиспансердің атауы сол күйінде қалдырылды. Оны қазақшалағанмен, дыбыс­талуы жағынан құлаққа ерсі естіліп қана қоймай, мағынасы жағынан да қораш болатын еді.
Жалпы термин жасау тарихының әріден, яғни Ахмет Байтұрсынұлы, ­Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы тәрізді ағартушы ғалымдарымыз өмір сүрген кезең­нен бастау алатыны белгілі. Тіл ғылымы са­­ла­сындағы терминология дамуының әр ке­зеңінде шет тілдерден енген сөздерге көзқарас пен ұстаным әртүрлі болды. Менің ойымша, қазақ терминологиясы саласының дамуын үш кезеңге бөліп қарауға болады: біріншісі – 1920-1990 жылдар аралығы, екіншісі – 1990-2015 жылдар және үшіншісі – 2015 жылдан қазіргі кезге дейінгі кезең. Бірінші кезең негізінен лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесі­нен тұрады. Бұл жолда Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлұлы сынды қоғам қайраткерлерінің терминжасамға қосқан үлестері орасан зор.
Бала кезімде әжемнің «август» айын «ағұс», «профессор» сөзін – «пропесұр» дейтініне таңғалатынмын. Бәлкім, орыс тілінен енген сөздерге тілі келмейтін шығар деп ойлайтынмын. Жақында Астана қаласындағы Мемлекеттік архивте энциклопедист-ғалым Телжан Шонанұлының жазбаларына көз жүгірте отырып, ойымның мүлде қате болғанына көзім жетті. Ғалымның жиыр­масыншы жылдары баспасөз бетінде жарияланған мақалалары мен жазған ең­бектерінде «август» – «ағұс», «география» – «жағрапыйа», «трактор» – «тырактұр», «агроном» – «ағыраном», «фосфор» – «поспұр», «профессор» – «пропесұр», «сепаратор» – «сепаратұр» деп жазылыпты. Зерттеу материал­дарына сүйенсек, ол кезде Алаш зиялылары қазақ тілінің табиғатына жат сөздерді ғана өзгеріссіз, сол күйінде алуды көздеген. Мысалы, Т.Шонанұлы өз еңбектерінде терминдерді қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына, ерекшелігіне қарай жасау керектігіне баса назар аударған. Өз әріптестерін термин жасауда қазақ тілінің заңдылығын сақтауға, тілдің өзіндік таби­ғатына, ерекшелігіне аса мән беруге, қазақ тіліне жат нәрсені таңбауға шақырған.
Тіл мамандарының уәжіне сүйенсек, «тіліміздегі терминдердің 70-80 пайызы қазақтың төл сөздері болуы керек те, қалған 20-30 пайызы кірме сөздер болуы қажет». Ал осы 20-30 пайыз бөтен сөздер тіліміздің табиғатын, құрамын, құрылысын бұза алмайды екен.
«Кез келген тілді базалық құрылымы негізінде 16 сағатта үйренуге болады» дейтін ресейлік белгілі полиглот, көрнекті лингвист Дмитрий Петровтың тіл, термин төңірегіндегі пікірлері өте қызық. Ол орыс тілі мен ағылшын тілінде дыбысталуы да, мағынасы да бірдей сөздерді жұрнақ жалғау арқылы ажырата отырып, сөз жаттаудың керемет тәсілін ұсынды. Мысалы, орыс тіліндегі «конституция» сөзі ағылшын тілінде «конститушән», «корпорация» – «корпорейшән» болып алынған. Бұдан орыс халқы ағылшын терминдерінің табиғатын сақтай отырып, өз тілдеріне дыбыстық ерекшеліктеріне орай икемдеп алғанын байқаймыз. Бұл – сонау 1920-1930 жылдары термин жасау мәселесіне жіті қараған ғалым Т.Шонанұлының «жат сөздерді тілімізге дыбыстық ерекшеліктеріне орай алуға тиіспіз» деген ұстанымына барабар әдіс. Демек, шет тілінен қазақ тіліне терминдерді аудару мәселесінде осыны негізге алуға тиіспіз. Жалпы термин жасау ісінде, терминдерді біріздендіру мәселесінде әрбір сөздің мәтіндегі қолданылу ерекшелігіне, оның құқықтық нормамен мағыналық үйлесіміне зер салу керек. Ол үшін шығармашылық көзқарас қажет. Мұнсыз тіліміздегі терминдердің мағыналық тұлғасына жан кірмейді.
Ал терминолог Ш.Құрманбайұлы: «Тілші-терминолог ғалымдар терминологияны біріздендірудің бес сатысын атап көрсетіп жүр. Бірінші – белгілі бір тар мамандықтың шеңберінде біріздендіру; екінші – сала шеңберіндегі біріздендіру; үшінші – нақты бір ұлт тілінің шеңберіндегі біріздендіру; төртінші – туыстас тілдер шеңберіндегі біріздендіру; бесінші – тіларалық, ұлтаралық біріздендіру; алтыншы – халықаралық, ортақ терминдері бар тілдер арасындағы біріздендіру» дейді. Бұл ұлт тіліндегі терминдердің әлі де даму, қалыптасу сатысында екенін көрсетеді. Біз бұдан тілдің ұдайы қозғалыста, даму процесінде болатындығын ұғамыз. Жалпы бүгінде заңнама саласындағы басты міндет – тіл мәртебесіне сай ана тілімізде термин жасау, шет тілінен аударылған терминдерді біріздендіріп, жүйелеу, зерделеу. Бұл міндеттің алдағы уақытта өзінің жүйелі шешімін табатынына бек сенеміз.


Баға беріңіз