Жаңа әліпбидің жанды мәселесі

Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 қараша, 2018

Жыл басынан бері әзірленіп жатқан емле ережесінің етек-жеңі жиналып, жаңа бейнедегі коммуникацияның құралы болуға дайын қалды. Емле жобасын құрастырған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары мен оны сараптау мен талқылау, түзетуге қатысқан Қазақ жазуын латынға көшіруге байланысты Ұлттық комиссияның жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері, сондай-ақ ЖОО қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының филологтары біраз мәселенің басын ашып, ереженің дүдамал тұстарын айқындады.

Бірақ тілшілер арасындағы бітпейтін даудың басы тағы да – и, у әріптерінің емлесі. Бұл жаңа әліпби таңдардағы «дәстүрлі» дауымызға айналғандай. Профессор С.Мырзабеков ұстазымыз айтқан: «ию-қию и мен у». 1925ж. төте жазудың емле ережесі тұсындағы тартыс та, 1929-1938ж. латыннегізді жазуда да, 1940-1957жж. орыс әліпбиіне негізделген емледе мәмілеге келмеген де емле осы.

Себебі неде? Бұл мәселе неге шешілмейді?

Алдымен и мен у қандай дыбыстар?

Қазақ тілінің дыбыс құрамын алғаш рет және дұрыс анықтаған орыс ғалымдары – В.В.Радлов пен Н.И.Ильминский. Ғалымдар дауысты саны 9 (8) деп, у мен и дыбысын дифтонгоид (ыj, ұw, іj, үw) (Хусаинов К.Ш. В.В.Радлов и казахский язык. Алматы: Наука, 1984.-171 с. 76б.) немесе дауыссыз (Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизских наречий. Казань, 1861-199с.6б.) деп көрсетеді. А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов бұл дыбыстарды р, л дыбыстарымен бірге шала дауыстылар қатарына жатқызады. Бірақ дауыстыларды тек екі топқа ғана таптастыру қажеттілігінен бұл маңайда дау таусылмайды. 1925 ж. Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіндегі үлкен пікір-таластан, жеке комиссия мүшелерінің қарауынан кейін дауыссыз дыбыс деп табылады (Ә.Бөкейхан, Е.Омаров, Қ.Досмұхамедұлы, Н.Шағиұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жолдыбайұлы), Т.Шонанұлы, Р.Сүгірұлы, Н.Зәлиұлы у, и дыбыстарын дауысты қатарына жатқызды; М.Дулатұлы дауыссыз болғанмен, бір таңбамен беру қолайлы, яғни «бір дыбыс болып естілетін ұзын у мен и-ді бір әріппен жазатын болсақ, жазу жеңілденеді» (Г.Мамырбек Артық әріптің қажеті бар ма?// Ана тілі, 2018. қазан) деп, «ұу, ыу-лар бір дыбысқа ұқсап естіледі. Оны екі әріппен балаларға түсіндіргенде де, жазғанда да ауыр болады, сондықтан ұу, ыу-ларды бір әріппен жазатын ереже шығару керек» (Сонда) деген қазіргі «орыстанған» біздің «санамызбен бірдей (?) ойланды». М.Мырзаұлы да «сұу, бій сықылды сөздердегі у мен и-ді дауысты дейміз, олардың алдында құлаққа естілмейтін ұ, ібар деп әуреленбей, сұу, бій сықылды сөздерді су, би деп жазамыз, сонда жазу жеңілденеді, мұны балаларға үйрету де жеңіл болады» деді (сонда). Бірақ съезд қаулысында қосар әріппен таңбалау қабылданады.

Профессор Ә.Жүнісбек – қазақ фонетикасы тарихында аталған дыбыстарды дауыссыз қатарына қайта алып келген ғалым (Джунисбеков А. Гласные казахского языка. Алматы, 1972.). Сөйтіп, 2002ж. академиялық “Қазақ грамматикасында” у дыбысы жуысыңқы, қос ерін, үнді дауыссыз (Қазақ грамматикасы, Астана, 2002.) болып танылды. Сонымен, аталған дыбыстардың дауыссыз екеніне дау болмады.

И мен у қалай таңбаланып келді?

Араб графикасына негізделген ХVІІІғ. жәдид, ХІХғ. кадим жазуында 9 дауысты 3 қана әріппен таңбаланғандықтан әріп тіркесі туралы сөз болған жоқ. Ал кирил әліпбиімен жазған Ы.Алтынсаринның “Қырғыз хрестоматиясында” кійиз, тійме және оку, окуулук, току деген әртүрлі емле кездеседі. А.Байтұрсынұлы оқулықтарының алғашқы басылымдарында жәдид жазуы дәстүрі сақталып, бір таңба жазылады: татуласу, татулық, тану, ашулану, ашу (Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992.-414 б.328б.), кейінгі оқулықтарында аралас жазылды. Яғни А.Байтұрсынұлы жазуында қосар таңба бірізді сақталмады. Қосар таңба сол заманның өзінде машақатты болды, мысалы, тілші-ғалым Г.Мамырбектің мақаласындағы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөзіне назар аударайық: «Таластың үлкені ұу туралы. Жаңа оқығандар түгіл, оқығандарымыз да бұған төсеніп кете алмай жүр. Сөздің буынын ашқанда кейде ы, кейде ұ шығады. Ы шықса жалғыз у жазылады. Және сөздің түбіріне сүйенеді: оқу, жору, танудың түбірінде ы дыбысы бар оқы, жоры, таны. Сондықтан жалғыз у жазылуы тиіс. ...Ал енді түбірінде ыдыбысы жоқ алу, бару, асу, табу, татуларға келгенде тағы тайқып кетеміз. Буындарын ашамыз да алыуы, барыуы, асыуы, табыуы, татыуы болады дейміз. Бұлардың түбірі ал, бар, ас, тап, тат болған соң алұ – уы, барұ – уы, асұ – уы, табұ – уы, татұ – уы болып неге жазылмайды. Бұл жерде не естілуге, не түбіріне сүйене алмай қаламыз. Онан да етістік болса жалғыз у жазылады деген ереже болса дау аз болар еді. Әйтпесе, алұ – уы, барұ – уы, асұ – уы, табұ – уы, татұ – уы деген сөздерде кейде ұ, кейде ы естіледі деп қалай айта аламыз? Бәрінде де у естіліп тұрған жоқ па?», - дей отырып: «сұу, бұу, құу, тұу сықылды у ұзын естілетін орындарда жалғыз ақ у жазылсын деймін. Қайтсе де жұуу керек, ай тұууға таянды, сағым құуу жарамайды дегендегі қаздай тізілген көп ұуу-ларды қолайлы деп айтуға болмайды. Жазу оңайласын десек, у-ларды қысқарту керек» (Ж.Аймауытұлы. Емлені өзгертуге жоба // Еңбекші қазақ 1924 ж. 7 қаңтар). Міне, бұл – кирил әліпбиіне өтпеген, қазіргі дауыстыны да дауыссызды да бір у әрпімен таңбалаған, «орыстанған» сананың ауылы алыс заманда айтылған сөз.

Ал 1929ж. латын графикасына көшкенде у дауыссызын - v таңбасымен, й дауыссызын j таңбасымен жаздық. Сөйтіп, төл сөзде де, кірме сөзде де ьj, ij, uv, yv әріп тіркестері болды: kylyv, qьluv, sijstema, barijant, tijgen, eluv, buvaz, suv, quvgan (С.Мұқанов, Қ. Бекқожин. Әдебиет хрестоматиясы. 1936ж.). Бірақ 1933ж. көп ұзамай әліпбидің осы тұсын жeтілдіру қажеттігі шыға бастады. Қ.Жұбанов: “уу, үу, ұ, ү, у әріптерімізбен таңбалап жүрген түрлі дыбыстардың бәрі де жалғыз у-мен көрсететін жерлері болушы еді. ...Бұл үлкен шатақ еді. Осы шатақтан құтылмақ болғандағы қарманғаны әлгі қосар әріптер болады. Бірақ шатақтан құтқару орнына әлгі қосар әріптер одан әрі қосарлана, шатақты шиеленістіре түсті” деді. С.Аманжолов и, у таңбаларының салдарынан миссисипи, миссури сияқты сөздердің mijssijsijpij, mijssyvrij деп 6, 7 әріптің онына, 13-9 әріпке дейін жазылуы дұрыс болмағанын айтты. Ғалым и, у әріптерінің жуан-жіңішкелігін түбір не қосымша ажыратып тұрады; ал жуан-жіңішке пары бар сөздердің жіңішкесін таңбалауға болады деді: ti-tji, tyu-tu (Аманжолұлы С. Жаңа әліппенің кейбір дыбыстарын өзгерту, емле мен терминді дұрыстау туралы // Социалистік Қазақстан. 23.08.1933.; Аманжолов С. Орыс графикасына негізделген қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясы. Алматы, 1940.-30 б. 17б.). 30 жылдары Ғ.Ниязұлы деген автор “Социалистік Қазақстан” газетінің төрт бетінде 700 жол басы артық ы, і таңбаларын салуға кеткенін айтады.

Сонымен, Қ.Жұбановтың, кейін С.Аманжоловтың ұсынуымен 1938ж. 2 қаңтарда қабылданған “Қазақ тілінің орфографиясын өзгерту” туралы қаулыда uv (ұy), уv (үу) қосар әріп u таңбасымен ауыстырылады: uvagьt-uаgьt, uvьq-uьq, yvәdе-yәdе, kеlуv-kеlu, quvus-quьs. Мынадай ескерту болды: y (u), түу (tyv), sуv (сүу) сөздерін екі әріппен беру ыңғайсыз, әрі сөз мағынасын айыруға кедергі келтіретіндіктен (ту мен түу деген одағайлар) қосар әріппен жазу. Оған Қ.Жұбановтың у дыбысын “дауысты қылып та, дауыссыз қылып та айтуға болады, екі ерінді жақындатсақ, сонор, жақындатпасақ, дауысты болады, у мен v шыққан жері де, түрі де бір болғандықтан қатар келгенде қосылып кетіп бір дауысты болады” деген (Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999.-581 б. 51, 59) пікірі негіз болады.

Сол сияқты ьj (ый), ij (ій) қосар дыбыстарының орнына бір ғана і таңбасы алынды. Тек тый, сый сөздерінде бұрынғы емле сақталатыны туралы ескерту болды (Академик Н.Сауранбаевтың еңбектері. І том. Алматы, 2000,-400б.). Сөйтiп, ұу, түу, сый, тый сөздерінен басқалары бір әріппен жазылатын болды.

Орыс әліпбиі негізіндегі қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясының жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторы С.А.Аманжоловтың басшылығымен жасалады да, 1940ж. емле ережелері жарық көреді. Емле ережесінің талқылауға ұсынылған ресми нұсқасы 1953ж. газет бетіне жарияланады. 1957ж. үкіметтің арнайы қаулысымен қабылданғанға дейін аталған жоба қалың жұртшылықтың талқысына түсті. Пікірталастар әсіресе “Қазақстан мұғалімі”, “Социалистік құрылыс” мерзімді баспасөздерінде үзбей басылып отырды. Мақалаларға зер салсақ, мұндағы пікірдің көбі и әрпінің емлесіне қатысты (у әрпін қосармен жазу тіпті сөз болмаған). Барлық буындағы ый, ій әріптерін қысқартып жазу ұсынылған. и-ді ки дегенде бір әріппен, қи дегенде екі әріппен (қый, қыйын) жазу, сөз басы мен терминдерде бір әріппен (иық, ғылми), тіпті болмағанда екі вариантпен де жаза беру, оны қатеге санамау (қағида//қағыйда) сияқты әртүрлі жолдар ұсынылған (Кеңесбаев І. Өңделген қазақ жазуы // Социалистік Қазақстан. 9.06.1957).

1956ж. Тіл және әдебиет институты емле ережесін талқылауға шақырылған жиналыста профессор М.Балақаев қосар ый, ій таңбаларының орнына и әрпін жазуды ұсынады. Осы жиналыста «жазудағы ала-құлалықты» жою үшін қосарлы дыбыс естілетін жерлерде жалаң и жазуды ұсынған оқу-педагогика баспасының редакторы Р.Сыздықованың сөйлеген сөзі үлкен себеп болған (Қуанов Е. Қазақ алфавиті мен орфографиясын жетілдіре түсейік // Қазақстан мұғалімі. 12.01.1956.)

Бұл емле жұртшылық тарапынан бірден қолдау табады. Қарсы пікір болмаған сыңайлы. Сөйтіп, жазудағы экономия, жазу мен ауызша тілдің арасындағы параллель түзілім қазақ жазуына табиғи жолмен, өз қалауымызбеносылай келген еді. Бұл қазірде көп айтылатын «орыс әліпбиінің кесірі», «қызыл саясаттың» қырғыны, «орыстақы қоғамның» жемісі емес. Және Байтұрсын әліпбиін қолданатын қытай қазақтарының қазіргі жазуының өзінде 1954 жылы ый, ій тіркестерін бір таңбаға ауыстыруға орыс әліпбиінің «кержақтылығы» себеп болмады.

Жаңа әліпбиде и мен у қалай таңбаланады?

Латыннегізді жаңа қазақ емлесінің негізгі ережелері жобасын әзірлеу, талқылау, сараптау жұмыстары басталғаннан бергі тілші қауым ортасындағы даудың басы тағы - осы. Емлені «транскрипциямен» беру (ыйық, қыйық, бійік, кійінүу, ұуұлдырық) сөздің морфем құрамын айқындайды, буынға оңай бөлдіреді, тасымалды дұрыс жаздырады дейді осы пікірдегі ғалымдар. Иә, өте дұрыс, бірақ ол ауызша тілде. Жазуда емес. Жазу дыбысталған сөздің бәрін таңбалай алмайды. Тек дыбыстың негізгі реңкін, мағына ажырататын реңкін таңбалайды. Тек ағылшын тілін оқып бастағанымызда алдымен орфоэпиясын, транскрипциясын үйренетініміз секілді орта мектеп, бастауыш сынып, ЖОО тілші мамандарды даярлайтын орындарда қазақ тілінің ауызша сөзін, орфоэпиясын оқыту керек, санамызға қазақ орфоэпиясы туралы ұғымды қалыптастырумыз қажет.

Әйтпесе 30 жылдары «ұзын у мен ұзын и қазақ тілінде жоқ дегенге өзім түсіне алмаймын. Көп жыл мұғалім болып бала оқытып көрдім. Балаға ұу, ыу, ый деген әрқайсысы екі дыбыс деп түсіндіру қиын. Тілдің заңы ғылым жолы деп, жазуды қиындатып алып жүрмейік» (И. Арабайұлы) десе, қазіргі зымыран замандағы жазуымызда не жорық!

и мен у-ды бір әріппен таңбалап дағдыланып кеткен қазіргі жазуды өзгертіп, жаңа емле ұсынуда үлкен себеп болуы қажет. Сауаттылықты төмендетсе немесе оқу мен жазуда қиын болса, оқытуда ауыр болса, тіл табиғатына сай келмесе, айтылым сазына кереғар болса, сөз жоқ, жазу реформасын пайдаланып, бұндай ережені қайта қарау қажет. Мысалы, Астана қаласы №54 мектеп-лицейінің 1-4 сынып оқушыларының жазба жұмыстарын тексеру барысында 102 оқушының 9-ы сиыр сөзін – сыйр, сыйыр; тиін сөзін – тіийін және т.б. түрде таңбалап, қате жібергені байқалды. Мұғалімдер «қате негізінен нашар оқитын оқушыларда жиі, бірақ «и» емлесі оқушыларға аса қиындық туғызбайды» дегенді айтты. Ал Қ.Жұбанов өзі өмір сүрген кезеңдегі оқушы қатесінің көбі ый, ій әріптері болып отыр деген. Сондықтан сауат ашуда аса қиындық тудырмаса, жазуда кісінің уақытын үнемдесе, бір таңбамен жазатын қазіргі жазу дағдымыздан айырылмағанымыз жөн.

и, у таңбалары сөздің айтылу жүйесіне кереғар болған жоқ. Бір ми сөзінің айтылу нормасы өзгерді деп қазақ сөзінің бүкіл айтылым нормасынан айырылып барамыз деп байбалам салудың қисыны жоқ. ми сөзі түбір күйінде жиі қолданылмайды. Ол миыма, миың, мидай тұлғасында жазылып, [мійімә], [мійіңә], [мійдәй] түрінде айтылып көрген емес. Сөз, қосымша құрамындағы дауысты әріп арқылы алдыңғы буындағы дыбыстың жуан не жіңішке екенін тілтұтынушы аңғарып келеді.

Сонымен, қазақ тілі емлесінің жаңа ережесі бойынша ı (й), ý (у) әріптері дауыссызды таңбалайды (aı, úı, demeýshi, qaýyn) және уı (ый), іı (ій), uý (ұу), úý (үу) дыбыс тіркестерін таңбалайды (ıgilik, ınelik, ınabat, ıman; kıim, tıin, álipbı, tarıhı; ýyldyryq, ýyz, ýildeý; týys). Бұл емле ережесі бастауыш, орта мектеп мұғалімдері, студенттер және жалпы көпшіліктен алынған сауалнама нәтижелері және ЖОО оқытушылары пікірлері негізінде бекіді.

Қазақ тіліндегі кез келген дауыссыз дыбыс жеке айтылғанда ы дауыстысымен тіркесе айтылады (бы, пы, ыл, жы...). Бірақ жазғанда таңбаланбайды. ı, ý әріптері басқа дауыссыздар сияқты жеке таңбалаланғанда (б, т, с...) қосар дыбысты, дауыстымен іргелес келгенде дауыссыз дыбысты береді. А.Байтұрсынұлының р, л, у, и дыбыстарын босаң жолды, ауыз шығысты, шала дауысты қатарына жатқызып, бұл төрт дыбыстың дауысты фонема тәрізді септік, жіктік, тәуелдік жалғауларын қабылдайтынын айтқан пікіріне сай, басқа дауыссыздарға қарағанда, р, л үнділерімен бір деңгейде қаралу керек деп ойлаймыз. Өйткені [ырас], [ілек], [ұқлоқ], [үлөкет] сөздерінің айтылымында сөз басында қысаң дауысты селбесіп айтылатыны жай құлаққа да шалынымды.

Қазақ ауызша сөзі мен жазуының өз нормасы мен жүйесі болатынын, сондықтан оларды бір-біріне айналдырып алып қолдану керектігін ең алғаш айтқан ғалым – профессор Р.Сыздық еді (Сыздықова Р. Орфоэпиялық нормалар жайлы // Өрелі өнер. Алматы, 1976, 37б.). Ғалым жазба мәтінді сол қалпы қайталамай, айтылым тезіне салып оқуды қатты қадағалайды.

Жазу – шартты таңбаларды қолданатын коммуникация. Сондықтан емле мәтінді оқуға, ойды таңбалауға кедергі келтірмейтін, көзшалымға ұсынақты, жазуға қысқа, ықшам ереже жасау керек.

Жазу транскрипция емес. “Сөздің фонетикалық дәл репрезентациясынан ауытқыған орфография жетілген болып саналады” (В. Хаас). Сондықтан қатар айтылуы тұрақты сақталатын дыбыстардың бір әріппен берілу мүмкіндігін пайдалану керек деген пікірдеміз.


Баға беріңіз