Қазақ тілінің сөздік құрамындағы қытай тілінен енген сөздер

Мақалада басқа тілден және қытай тілінен сөз енуінің басты себептері жайында, яғни қазақ тіліне басқа тілдерден сөздердіңенуі экономикалық, сауда, саяси жəне мəдени қатынастарға байланысты болғанды...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 желтоқсан, 2018

Қазақ тіліндегі диалектикалық тіл ерекшеліктеріне мән беріп , тілдік өзгешеліктердің өзіндік себептері болатындығын және ондай кірме сөздердің ана тілімізді байытуға зор үлес қосатыны жөнінде алғаш рет аңғарып, мақала жазған жазушы – Жүсіпбек Аймауытов болды. Мақала 1926 жылы «Еңбекші Қазақ» газетінде «Тіл туралы» деген тақырыпта жарияланған.

Автор қандай тіл болсын таза тілдің болмайтындығын, оның басқа тілдермен қарым-қатынас жасау нәтижесінде көптеген сөздердің күнделікті қолданысқа еніп, сіңіп кететінін және қазақ тілі де осындай сөздермен толығып отырғандығы туралы айтады. Қазақтың қай өңірінің тілі нағыз таза тіл екенін айту қиын. Мысалы, бөкейліктерде татар, араб, парсы, орыстың, Жетісу мен Сырдарияда өзбектің, Қостанайда орыс пен ноғайдың, Семей мен Ақмолада араб пен орыс тілдерінің әсері мол екенін, сол себепті қазақтың қоспасыз таза тілін табу оңай болмайтындығын айтқан. Тілімізге әлдеқашан сіңіп кеткен: әлем, рас, дос, пара, мезгіл, уақыт, дүние, пенде, мейман, өнер, қымбат, дәулет, хат, кітап, қалам т.б араб, парсы тілінен енген сөздерді күнделікті тұрмыста жиі қолданамыз. Бұл тілдерден енген сөздер қазіргі қазақ тілінің активті лексикасының шамамен 15% -ын, пассивті лексикасының 7% -ын құрайтыны дәлелденген.

Басқа тілден сөздердің енуі,кейде оларды кейбір жолмен аударып алу арқылы қабылдаушы тілдің сөздік құрамын толықтырып байытады. Кеңес дәуірінде түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің, лексикасы орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген сөздермен толығып, оның аумағы кеңіді. Белгілі бір тілдің сөздік тілдің ішкі мүмкіндіктерінің есесінен, бұрыннан бар сөздерден туынды сөздер жасаудың есесінен дамып байыса, сонымен қатар басқа тілдерден жаңа сөздердің енуі арқылы да толығып отырады.

Тілдің морфологиялық құрылымымен салыстырғанда, фонетикалық жүйесі өзгеріске жиі ұшырайды. Бұл жайында М.Томанов «Қазақ тілінің фонетикалық жүйесінің ерекшеліктері әртүрлі дәуірде басқа мәдениеттермен, тілдермен байланыста болудың нәтижесінде қалыптасқан» дей келе, қазақ тіліне араб-парсы және орыс мәдениетінің ықпалы мол болғандығын айтады.

Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай. Әлемдегі басқа тілдер секілді қазақ тілінің сөздік құрамы да төл сөздер және шет тілдерінен енгенкірме сөздер деп екі бөліктен тұрады. Сонымен қатар, кірме сөздерді қабылдауда өмір қажеттілігіне байланысты жұмсалатын сөздер және саналы таңдау, актив сөз қорына жататын кірме сөздер деп екі түрлі бағыт байқалады. Алдыңғысына фонетикалық дыбысталуы өзгерген сөздер жатады, соңғысына қалаулы терминдер немесе олардың эквивалент баламалары жатады.

Кірме сөздер дегеніміз – өзге тілдерден әр түрлі себептер нәтижесінде қабылдаушы тілге енгізілген сөздер, бұл кез-келген тілдің лексикасында кездеседі. Яғни сөздің дыбыстық тұлғасы да, мағынасы да өзге тілге қатысты сөздер кірме сөздер делінеді. Олар қоғамдағы саяси, мәдени, экономикалық қатынастардың, ғылым мен техниканың дамуына байланысты тілге енген жаңа сөздер мен сөз тіркестері, фразеологиялық орамдар. Тіл – үнемі өзгеріп, тоқтаусыз дамып отыратын тарихи категория, қарым-қатынас құралы, әрі мәдениеті болғандықтан, ол өзінің даму тарихында әртүрлі кезеңдерді өткізеді. Әлемде сан алуан тілде сөйлейтін халықтар өзара бір -бірімен түрлі байланыс жасайтындықтан, кейбір сөздер бір тілден екінші тілге ауысып еніп отырады.

Қазіргі лингвистиканың маңызды мәселелеріне тілдердің өзара байланысы мен ықпалы болып табылады. Кірме сөздердің ғылымилығы, ғылыми стильге тәнділігі, ғылыми-кәсіптік және ғылыми-техникалық тілге тәуелділігі, олардың халықаралықтылығы, ішкі формаларының түсініксіздігі, формальды белгілерінің болуы және тағы басқа олардың қолданысындағы ерекшеліктерін танытады. Өзге тілден енген сөздердің басым көпшілігі өздерінің мағынасын сақтап, семантикалық жақтан өзгеріске көп ұшырамайды. Кірме сөздерді қабылдағанда, оның ішкі формасы, дәлелдемесі ұмытылады. Қабылдаушы тілде бұл тәрізді сөздердің қандай морфемалардан құралғаны, қалай пайда болғаны, әдетте, еске алынбайды. Дегенмен, кірме сөздер тіліміздің ішкі заңдылықтары мен нормаларына бейімделе отырып сан алуан өзгеріске ұшырайды. Кірме сөз құрамындағы қазақ тіліне жат дыбыстар онымен ұқсас дыбыстармен алмастырылады. Кірме сөздер әдеби тілде, ауызекі сөйлеу тілінде, сленгте, арго, жаргондарда жиі кездеседі. Кез- келген тілдің лексикасында ауызша енген кірме сөздер де, жазбаша енген кірме сөздер де бар. Ауызша түрде енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне байланысты зат атаулары болып келеді. Ауызша енген кірме сөздерге тән ерекшелік сол- олар қабылдаушы тілдің дыбыстық заңдарына, орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған сәйкестендіріледі. Мысалы, орыс тіліндегі волость деген сөздің қазақ тіліне енгенде болыс болып өзгерілуі қазақ тілінің ол сөзді өзіне тән дыбыстық ерекшеліктеріне икемдеп игеруінен. Түркі тілдері мен басқа тілдердің арасында да сөз ауысу тек біржақты ғана емес, екіжақты болып отырған. Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер көбінесе ғылыми-техникалық, әдебиет пен өнер т.б. арқылы енген және солардың белгілі бір саласына бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады. Олар тек лингвистика саласын қамтып қоймай, әр түрлі салаларда кеңінен етек жаюда. Бұлар өркениет ұғымдарына телінген сөздер болу қасиетімен сипатталады. Сөздердің бұл тобы білдіретін ұғымы мен мәніне байланысты интернационалдық сөздер болуға икемделеді де, олардың тілден-тілге ауысу, кең түрде таралу қасиеті басым болады. Ондай сөздердің кейбіреулері өзінің білдіретін ұғымы мен мазмұнының айрықша маңызды болуына байланысты дүние жүзіне, күллі халықтардың тіліне ауызша түрде де, жазбаша түрде де еніп, жаппай және жиі қолданылатын сөздерге айналды. Мысалы, компьютер, интернет деген сөздер бүкіл әлемге таралып, әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтардың баршасына бірдей таныс сөздерге айналып отыр. Жазбаша түрде енген сөздерге тән қасиеттің бірі – олардың басым көпшілігі өзінің дыбысталу түрін сақтайды. Қазақ тілінде сөйлейтін халықтар өзге тіліден енген термин сөздердің ағылшынша дыбысталуын сақтап айтуды көздейді. Өзге тілден енген сөздердің басым көпшілігі өздерінің мағынасын сақтап, семантикалық жақтан өзгеріске көп ұшырамайды. Мұнымен бірге, басқа тілдік сөздердің кейбіреулерінің құбылып, мағынасын өзгертетіндері де болады. Кейбір көп мағыналы сөздер басқа бір тілге ауысқанда, әр түрлі мағынасында емес, белгілі бір мағынасында ғана ауысуы мүмкін.

ХХ ғасырдың аяғында, ХХІ ғасырдың басындағы ғаламдану үдерісінің салдарынан тілде пайда болған кірме сөздерге зерттеушілер үлкен назар аударып келеді. Бұл мәселе Г.Пауль, Л.Блумфильд, У.Вайнрайх, В.В.Радлов, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, Л.П.Ефремов, М.М.Копыленко, К.Аханов, Ю.С.Сорокин, Н.И.Гайдуллина, Ә.Болғанбаев, Б.Қалиев т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңінен қарастырылған болатын.

Осы мәселе туралы зерттеуші ғалымдардың ғылыми еңбектерінде қазақ тіліндегі кірме сөздерді:

а) араб, парсы тілінен енген сөздер;

ә) орыс тілінен енген сөздер;

б) моңғол тілінен енген сөздер;

в) түркі тілдерінен енген сөздер – деп қарастырады.

Қазіргі кезде лингвистер қазақ-ағылшын тілдік қатынастарына да назар аудара бастады. Ағылшын тілінен енген сөздердің көп көлемінің пайда болуы, олардың қазақ тілінде берік орнығуы қоғамдық және ғылыми өмірдегі қарқынды өзгерістермен түсіндіріледі. Ақпарат ағымдарының артуы, ғаламдық компьютер желісі, интернеттің пайда болуы, мемлекетаралық және халықаралық қатынастардың күшеюі, әлемдік нарықтың, экономиканың, ақпараттың, технологияның дамуы, олимпиадаларға, халықаралық фестивальдарға, сән көрмелеріне қатысу – тілімізге шет тілдері сөздерінің кіруіне себеп болды. Мәселен, зерттеуші К.Ахановтың айтуынша, «Сөздік құрамында басқа тілден сөз енбеген тіл жоқ деуге болады. Дүние жүзіндегі әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар өз ара бір – біріне сөз ауыстырады».

Халықтардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы арқылы сол халықтардың тілдерінен мәдениет, саясат, білім т.б. салаларға қатысты сөздер енеді. Бүгінгі күнде көршілес Қытай елімен сауда-экономикалық, оқу-ағарту, мәдениет саласында халықаралық достық қарым-қатынас күннен- күнге жиілей түсуде. Қытай елінен экспортталып жеткізіліп жатқан киім-кешек, сан-алуан жеміс пен көкөністер, түрлі техникалық бұйымдар мен басқа да өнімдер және сауда-саттыққа байланысты сөздер біртіндеп кіріп, қолданысқа ене бастағандығы байқалады. Яғни, қазақ тілінің сөздік құрамынан қытай тілінен енген сөздерді де кездестіруге болады. Мысалы, тоюнь- тауар жеткізу, кыһу- тұтынушы, лаубән- бастық, саумияу- сканерлеу, мянбаучы - микроавтобус, вопучы- алыс жолға арналған төсекті автобус, хуаба - интернет арқылы шет елмен сөйлесетін орын т.б. Бұл аталған сөздерді көбінесе базар мен жүк тасымалдайтын мекемелерде жиі қолданады. Сонымен қатар, ертеден енген янь- заң сөзі, пәйзы - бренд, сапалы зат, жуозы - жер үстел, куайзы – қытайдың тамақ жеуге арналған таяқшасы, чайдау – үлкен әрі жалпақ пышақ, доң – шелек, лазы – бұрыш (көкөніс), байсай ( қырыққабаттың бір түрі), луобо - кәді, пияз, жусай және чиңсай- көкөністер, гуйру және суйру лағман ( ру- ет, ла- созу, мянь- қамыр немесе ұн), мәнті ( мәнтоу), манпар, дапанжи (үлкен табақтағы тауық еті) тағамы т.б. Яғни, кірме сөздер көбінесе басқа мемлекеттен ауысқан зат немесе ұғымдар атауы арқылы еніп, тілді толықтырып отырады.

Қазақ тіліне енген қытай сөздерінің саны онша көп болмағанымен , өзіндік қолданылу аясы белгілі бір аймактың халқының тілінде ұшырасады. Мәселен, жоғарыда аталған сөздерді ҚазақстанныңҚытаймен шекаралас орналасқан Шығыс Қазақстан, Мақаншы, Нарынқол, Шонжы, Дружба, Жаркент өңіріхалқының қолданатынын, шекаралас болғандықтан қытай тілінің өзіндік әсері болатындығын байқауға болады. Оның бір себебі ретінде 1930 жылдардағы қуғын- сүргінге ұшыраған қазақтардың 1955-1962 жылдары елге оралуымен байланысты екендігін атап айтуға болады. Бұл туралы Е.Бектұрғанов «Үржар, Мақаншы диалектологиялық экспедициясының материалдарынан» деген зерттеу жұмысында«Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері» атты тақырыпта көптеген дәлелдер келтірген. Әрине Қытай халқымен көршілес, шекаралас болғандықтан қазақ тіліне бұл тілдің ықпалын тигізетіні қалыпты құбылыс.

Әр тілдегі кірме сөздердің мөлшері тарихи жағдайлармен тығыз байланысты. Себебі кез-келген тілге сол елдегі тарихи оқиғалар өз әсерін тигізетіні белгілі.Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ пен қытай халқы арасындағы қарым-қатынас екі мың жылдан аса уақыт бұрын басталғанын білеміз.18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басынан бастап өзара қарым-қатынас бұрынғыдан да жиілей түскен. Осы кезеңде, яғни 19 ғасырдың екінші жартысында қазіргі Алтай –Тарбағатай Жоңғар Алатауы арқылы өтетін мемлекеттік шекара белгіленіп, этникалық біртұтас халық екіге бөлінуге мәжбүр болды. Осылайша қазақ халқының бір бөлігі Шығыс Түркістанда немесе Шыңжаңда (Ханзуша – Жаңа Өлке) орнығып қалды. Жалпы билік Манжур қытай- империясының қолында болғандықтан түрлі салада қытай ұлтымен және басқа да жергілікті халықтармен тығыз араласып, қарым-қатынаста болғандықтан қазақ тіліне қытай тілінен кейбір кірме сөздер ене бастады.

Тіл білімінің негізгі саласының бірі болып табылатын линвистикада диалектологияның алатын орны ерекше. Қазақ тіліндегі диалектикалық ерекшеліктерді зерттеу жұмысы соңғы жылдары республика көлемінен шығып, алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақ диаспорасы тілін де қамти бастады. Осындай ерекшеліктер негізінде Қазақстан жерінде Қытайдан көшіп келген қазақтар тіліндегі қытай тілінен енген кірме сөздердің бар болуы жалпы қазақ тілінде өз алдында бір ерекше диалект қалыптастырғандығына көз жеткіземіз. Осы мәселе жайында Н.Сауранбаев: “Бір халықтың өкілдері республика шекарасынан жырағырақ барып, екінші бір халықтың территориясына мекендеген аймақтарда ауыс-түйіс кірме элементтердің көп болатынын, соның салдарынан ерекше бір аралас говор пайда болатынын” айтады.

Қ.Жұмаділов осы мәселелер жөнінде өз талдауын жасап былай дейді: Қытайдан көшіп келген қазақтардың тілі солтүстік шығыс және оңтүстік диалектісіне тән шығыс говорларына елеулі әсер етіп отырғаны белгілі. Демографтардың айтуынша 1955-1962 жылдар арасында Шыңжаңнан Қазақстанға 400 мыңнан астам адам көшіп өткен, бұл күнде 800 мыңнан асып кетті”,- дейді. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін квотамен келген қазақтардың саны тіпті де артты. Осы қазақ диаспорасы бұл күндерде тұрмыстық сөйлеу дағдысы арқылы тұрған ортасына тілдік ықпалын тигізіп үлгерді. Қарапайым сөздер заттың өзімен бір тілден екінші тілге енетін болса, арнаулы терминдер ғылымның, техниканың, мәдениеттің дамуымен қатар дамиды. Ол ұғымдардың бір тілден екінші тілге енуі үшін екінші тілдің де соларды қабылдау қажеттігінен туған қажеттіліктер болуы тиіс. Бұл қажеттілік біртіндеп халықтың тіл санасының дамуы процесінде туады. Осыған орай қытай тілінен кейбір сөздерді қабылдау процесі жылдар өткен сайын жаймен еніп отырады.

Тілші, ғалым Б.Бапиннің зерттеуінде қытай тілінен қазақ тіліне енген кірме сөздер туралы зерттеу жұмысында айтып өткен ғалымдар: В.П.Васильев (қытай тілі мен Орта Азия халқы тілдерінің өзара қарым-қатынасының дамуын зерттеуші), әйгілі түркітанушы ғалымдар Л.Д. Будагов, С.Е. Малов (қытай-түркі тілдеріне де қатыстыжекелеген сөздердің этимологиясын зерттеген), В.И.Новогородский (ұйғыр және қытай тілдерінің өзара ықпал етуін зерттеген). Дегенмен қытай тілінен қазақ тіліне енген кірме сөздер осы уақытқа дейін арнаулы зерттеу тақырыбы ретінде ғылыми тұрғыда толық қарастырылмаған.

Ал қытай тілі сияқты өзге тілден енген сөздердің қазақ тілінен алатын орнын, мұндай элементтердің мағыналық, фонетикалық, өзгерістерге ұшырау жолдарын, және де кірме сөздердің лексикалық, семантикалық, грамматикалық, этимологиялық мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, анықтаудың мәні ерекше зор. Себебі тілдік құбылыстардың бүгінгі жайын білу үшін ең алдымен оның өткендегікүйін білу маңызды, өйткені мұндай мәліметтер жаңадан ене бастаған құбылыстарды, элементтерді анықтауды қажет етеді. Сондықтан қазақ тіліндегі қытай тілінен енген кірме сөздерді тіл білімі ғылымы саласы тереңірек зерттеуді қолға алып, ғылыми тұрғыда талдап, қорытынды тұжырым жасайды деп сенеміз.

ӘДЕБИЕТ

1 Бектұрғанов Е. Үржар, Мақаншы диалектологиялық экспедициясының материалдарынан // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. -Алматы, 1962. -131-141б.

2 Сауранбаев Н.Т. Қазақ тіл білімінің проблемалары. -Алматы, -120 б.

3Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние. -Алматы, 1998. -622 б.

4Ибрагимова Ж. Парсы тілінен енген сөздер. Ана тілі, 2017. -№31, -5 б.

5Аханов К. Тіл білімінің негіздері. -Алматы, 1993. -152 б.

6Васильева С.Г. Китайско-русский словарь иностранных заимствований в современном китайском языке. – М., 2009. -158 с.


Баға беріңіз