​Кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдер неге аз?

Соңғы уақытта «Қазақфильм» киностудиясының тың туындыларымен көрерменнен сүйінші сұрайтын сәті жиіледі. Әсіресе тарихи, әлеуметтік тақырыптарды тереңнен қозғаған түрлі жанрдағы тағылымды картиналар...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

06 желтоқсан, 2018

Себеп – көрерменнің отандық өнімді қазақ тілінде тамашалай алмауы. Бұл наразылықты, әсіресе балаларын отандық туындылармен тәрбиелеуге ұмтылып, күнделікті тірліктің күйбеңінен қолы қалт еткенде кинотеатрға асыққан ата-аналар тарапынан жиі көруге болады.

Айтулы мәселенің ушыққан шағы, «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» анимациялық туын­дыларының жалпыхалықтық кино­прокатқа жол тартқан кезімен тұспа-тұс келді. Өйткені көптен күткен тарихи тақырып­тағы картиналарды балдырғандар көп жағ­дайда ресми тілде тамашалауға мәжбүр. Себебі аталған фильмдердің қазақ тілін­дегі көрсетілімі тым аз, яғни күніне тек екі-ақ мәрте, оның өзінде көрермен үшін өте ың­ғай­сыз таңғы және түскі уақытқа қойылған.

Мәселен, жақында ға­на прокатқа шыққан «Күл­­­­тегін» анимациялық фильмі Астанадағы «Сары­ар­қа» мен «Керуен City» кино­театрларының кес­те­сінде жылт етіп көрін­ге­німен, «Ке­руен» ойын-сауық ор­талығындағы кино­театр­дың бағдарламалық кес­тесіне кешігіп барып, тек соңғы аптада қойылды. Кес­те тұрмақ, отандық то­лық­метрлі фильмнің жа­рыққа шыққандығы жайлы жарқ еткен жарнамалық баннер мен туындының бір парақ ақпараттық бағ­дарламасын таба алмай кинозалда сабылғанымыз және бар. Есесіне «Күлтегінмен» әлемдік премьерасы қатар өткен Уолт Дисней (The Walt Disney Company) ком­­­паниясының өнімі – «Ральф интернетке қарсы» мульт­фильмінің жарнамасы алыс­тан менмұндалайды. Жарқын бояулы алып бан­нер бала түгіл, ересек сіздің өзіңіздің анадайдан жанарыңызды жаулайды. Ал енді мұндай жарнамадан кейін бұл туындыны тамашаламай көріңіз?!

«Ральфтың» «Күлтегінмен» салыстырғанда бақыты сол – күніне 9 сеанс қатар жү­реді. Бірақ оның тек екеуі ғана қазақ тілінде. Ал «Күл­тегіннің» күнұзақ көр­сетілімі 1 сеанстан аспайды. Аталған жағдайдың қай­шылығы да сол – қазақ тілінде түсірілген картина еліміздің маңдайалды кинотеатрларында орыс тілінде дыбысталған нұсқасында көрсетіліп келді. Оның өзі­нің көрсетілім уақыты – таңғы сағат 10.40-та. Мұны кинотеатр қызметкерлері қазақ тіліндегі көрсетілім кезінде залға көрерменнің аз жиналуымен түсіндіреді. Ал кинозалдың бергі жа­ғындағы ата-аналар балаларына төл тарихымыздан сыр шертетін отандық өнімді ана тілінде көрсете алмай пұшайман күй кешуде. Сонда қай тараптың уәжі орынды?

Егер фильмдерге қазақ тілінде сұраныс болмаса, мұншама көрерменнің наразылығы қайдан шықты? Ең сорақысы да сол – ресми тілде кино көрген қазақ баласы тарихи кейіпкерлердің есімін де тамашалаған ті­лінде есіне сақтап, «Куль­тегин», «Ер Тостик», «Муз­балак» деп шүлдірлеп шы­ғып жатыр.

Аталған мәселенің мән-жайын білмек ниетте сауа­лымызды «Қазақфильм» киностудиясы Баспасөз бө­лімінің жетекшісі Айнұр Исаеваға жолдадық. Айнұр ханымның айтуынша, «Ки­нематография туралы» заң қабылданбайынша, кино­театрлардағы бұл бей­бере­кетсіздіктің алдын алу мүмкін емес көрінеді. Оған тіпті Мәдениет және спорт ми­нистрлігі де қауқарсыз екен.

«Жалпы бұл прокат мә­селесі бұрыннан қозғалып келе жатқан түйткілді жағ­дайдың бірі. Тіпті біздің осал тұсымыз десек те болады. Алайда прокат мәселесі, оның сеансының көп болу не аз болуы, қай тілде, қай кинотеатрда және қай уақытта көрсетілуі, өкінішке қарай бізге, «Қазақфильм» киностудиясына тәуелді емес. Бұл мәселені тіпті Мәдениет және спорт министрлігі де шеше алмайды. Өйткені кинопрокат жүйесі толы­ғымен жекеменшік ком­па­ниялардың қолында. Біз­­дің кез келген туындымыз, мәселен, «Күл­тегінді» алайық, премьера алдында кемінде 2 ай бұрын ки­нотеатрлардың прокат кес­тесіне енгізіліп, олармен арнайы келісімшарт жасалды. Келісімшарт алғашқы екі аптаға, яғни кинотеатр тілі­мен айтқанда екі «уикендке» ғана құрылады. Егер сол уақытта мульт­фильм жет­кілікті деңгейде кө­­рер­мен жинай алса, шарт әрі қарай ұзартылатын болады. Керісінше жағдайда келісім де тоқтатылады. Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе – келісімшарт жасасу барысында киностудия өз өнімдерінің ыңғайлы уақытта және міндетті түрде қазақ тілінде көрсетілуін ескертеді. Бірақ шынтуай­тына келген кезде, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Аталған түйткіл төңі­регінде біз кинотеатрлар жүйесінің директоры Ерлан Бұхарбаев мырзаға хабарласып, осы мәселені шешу туралы талай келіссөздер де жүргізгенбіз. Ерлан мыр­заның айтуы бо­йынша, қа­зақ көрермені кинотеатрға бармайтын көрінеді. Бірақ «Қазақфильм» кино­сту­дия­­сының ресми парақ­ша­сына толассыз келіп жат­қан қазақ тіліндегі кино­лардың көрсетілімі турасында жазған кө­рерменнің наразылық хатта­рында шек жоқ. Алайда біз мұ­ны кинотеатрлар жүйесінің ди­ректорына айтып түсіндіре ал­мадық», дейді Айнұр Исаева.

Айнұр ханымның пі­кірінен кейін іле біз де «Керуен» сауда ойын-сауық орталығындағы кинотеат­р бас­шылығына жолық­тық. Алған жауа­бы­мыз ай­на-қате­сіз «Қа­зақфильм» ки­носту­дия­сының берген мә­ліметімен сәйкес келді. Ки­нопарк қыз­меткерлерінің түсіндір­геніндей, премьера күні кинотеатр кестесіне жаңа туындының екі тілдегі нұс­қасын қатар қояды екен. Алғашқы күні қай тілге көрермен көп келсе, есепке сай сол тілдегі көрсетілімге басымдық беріледі-мыс.

Әйтсе де, бұл кинотеатр­ларда белең алып тұрған түйткілді мәселенің то­лық­қанды шешімі емес. Өйт­кені еліміздің әрбір аза­матының кинотеатр­да қалаған киноны қазақ тілінде көру құқығы заң­намамен бекітілген. Нақты атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Мә­де­ниет туралы» За­ңының 28-4-ші бабында былай деп жазылған: «1. Қазақ­стан Республикасының аума­­ғында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. 2. Ұлттық фильм­дерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қа­рай басқа да тілдерде жү­зеге асырылуға тиіс. 3. Шет­ел телеарналарынан ретрансляцияланған фильм­дерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) бар­лық фильмдерге 2012 жыл­ғы 1 қаңтардан бас­тап қазақ тi­лiнде дубляж жа­салуға тиiс».

Бұдан түйеріміз – Қазақ­стан Республикасының «Мә­дениет туралы» заңында тар­қатылып айтылғандай, отандық кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерді өзге тілдегі сеанстардан кем қой­мауға және «прайм таймда» көрсетуге міндеттелуі тиіс. Одан бөлек, аталған мә­селе алдағы уақытта қа­был­дануы күтіліп отырған «Кинематография туралы» заңының қолданысқа енуі­мен бірге түбегейлі жойы­лады деп сенеміз. Өйткені келешекте қабылданар заң­да бірнеше тармақ бойын­ша ұлттық деңгейдегі ки­но­туындылардың жал­пы­ұлттық прокаты және оны «прайм таймға» қо­ю міндеттеледі деп күтілуде. Сондықтан бұл мәселені әзірге уақытша ғана түйт­кіл деп қабылдап, «Ки­нематография туралы» заң аталған мәселенің түбегейлі шешімін тауып, қазақ кө­рермені өзіне қажетті кинотуындыны қалағанынша қа­зақ тілінде көре алады деп үміттенеміз.


Баға беріңіз