Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

И мен У туралы

7.3.2019 998

«Уәй, жәмиғат, СУ деп жазбай, СҰУ деп жазайық, МИ деп жазбайық МЫЙ деп жазайық дегенге қалай қарайсыздар? Көңілге қона ма, жоқ па? Шындықты тіліп немесе кесіп (қидаламай), не болмаса шырылдатып, шыңғыртып (өте қысқаша) айтуларыңызды өтінемін» депті Асылхан МАМАШҰЛЫ. Біздің жауап: БІРІНШІДЕН, тұуұу тұуралы күуәлік, көлік жұуұу, т.б. осылай кете береді. Бәрін таратып жаза берсек, қатенің көкесі сонда болады. Себебі [ұу], [үу] және [ый], [ій] дыбыс тіркестерін бір ғана У және И әріптерімен таңбалау біздің жазуда бұрыннан қалыптасқан базалық норма. Оған орыс тілінің әсерінің ешқандай қатысы жоқ. Бұлай жазуды, яғни дыбыс тіркесін бір таңбамен жазуды бастаған Ахмет Байтұрсынұлы, негіздеген Құдайберген Жұбанов, кирилшеде нормативтік сөздіктерде бірізді жазылуына еңбек сіңірген Рәбиға апай Сыздықова. ЕКІНШІДЕН, У мен И жиілігі жоғары әріптер. 7 миллион сөзқолданыстан тұратын мәтіндер базасында жасалған (2016) тұңғыш үлкен «Қазақ тілінің жалпы білім берудегі жиілік сөздігінде» түбірлермен қоса, сөзформалардың жиілігі де берілген. Мұнда түбір құрамында [ұу, үу] дыбыс тіркесімен келетін ТУРА, ҚУ, СУ, БУ, КУӘ сияқты сөздермен қоса -УШЫЛЫҚ, -УШЫ, -УЫШ, -У тұлғалы төл сөздер аз емес, сондай ақ УНИВЕРСИТЕТ, РЕСПУБЛИКА, т.б шеттілдік, бірақ белсенділігі жоғары сөздер де бар. И-дің де "жағдайы" тура осындай! Жиілікке қатысты бұндай деректерді 2017 жылғы Тіл білімі институты әзірлеген «Әріп жиілігінің» сөздігінен де көре аласыздар. Сонда бұны таратып жазса, сөздердің онсыз да ұзын тұрқы ұзарады. Жазу үшін аз энергия жұмсау мүмкіндігін қойып, көп энергия жұмсайтын жолды таңдаймыз ба?! ҮШІНШІДЕН, алдында айтқанымыздан шығатын қортынды: дыбыс-әріптік жазу әрбір дыбысты жеке таңбалауды негізгі принципі еткенімен, әрдайым оған бағына алмайды, себебі жазудың басты мақсаты сөйлеудегі дыбыстарды түгендеу емес! Ойды неғұрлым ықшам, тілдік қауымдастыққа икемді әрі саны аз таңбалар жүйесімен жеткізу! Ойды жеткізу! Сол себепті де дамыған, озық жазу үлгілерінде дыбыс санынан әріп саны әлдеқайда аз. 50-ден астам дыбысы бар еуропа тілдеріне небары 26 әріптік әліпби қызмет етеді, жапон жазуындағы бір әріп бірнеше дыбыстан тұратын бір буынды таңбалайды. Ахмет Байтұрсынұлының "Төте жазуында" қазақтың төл 28 дыбысы небары 24 әріп және бір дәйекшемін берілген! Егер СУ деп жазғанда ешбір қазақ баласы қате жібермесе, оны айтқанда да қатесіз [СҰУ] деп айтса, екіәріптік сөзді үш әріппен СҰУ деп жазудан не ұтамыз?! ТӨРТІНШІДЕН, бір ғана МИ сөзінің жеке тұрғандағы дыбысталуындағы қатеге бола, сонау Байтұрсынұлы кезінен қалыптанған И және У орфограммасын өзгерту қаншалықты негізді? Себебі тілдік қатынаста МИ сирек жеке өзі қолданылады, ол МИҒА, МИЫ; МИДЫҢ деген сияқты түрленімде қолданылады. Ал мұндай түрленімде бұл сөз жіңішке сингармотембрмен айтыла алмайды, ногрмасына сәйкес жуан айтылады! Егер бұл принципке салсақ, яғни айтылуы бойынша жазсақ, онда айтылуы [ЖҮРӨК] болу керек еді, қате айтып кеттік деп, ЖҮРЕК емес, ЖҮРӨК деп, осы ізбен ЖҰЛДҰЗ, КӨШӨ, АҒНІЙЕТ, МӘЙСӨК деп жазайық онда... БЕСІНШІДЕН, сол сияқты, И мен У-ды таратып жазуды ұсынып жүрген ғалымдар ОҚЫУ ма, ОҚҰУ ма; ТАСЫУ ма, ТАСҰУ ма; БАРЫУ ма, БАРҰУ ма – қайсысы дұрыс екенін айтпайды, айтқан да емес. Бірде-бірі осыны айтпайды! Демек бұл ғылыми дәйекті ұсыныс деп қорыта алмаймыз. АЛТЫНШЫДАН, жазудың мәселесінде жазумен айналысатын маманнан асып ешкімге жүгінбеген абзал. Себебі тілтаным – ғылым, жазу теориясы, грамотология – сол ғылымның бір тармағы. Физика – ғылым, оптика мен акустика соның бір тармағы сияқты. Оптиканың мәселесін жұртпен ақылдасып шешпейді ғой. Әрине, тілдің мәселесін ақылдаспай шешпейміз, әсіресе емледе тілдік қауымдастық санасындағы орфограммаларды анықтамай, ереже құру қиын. Әйтсе де, маманның аты маман! Жазу теориясынан қазақ тіл білімі кенде қалған жоқ, Аллаға шүкір. Бір қызығы, нағыз мамандар ала сап, үзіп-жұлып әлеужеліге шығып, БАҚ-қа шығып жүгірмейді. Құдай өзі осы салаға байыпты да сабырлы, өз ісіне адал мамандар беріпті. Ал піспеген идеясын бәрі жерге апарып ұлтшылдық ұрандармен әсемдеп, ұпай жинап жүрген «мамандардан» сақ болайық! Асеке, басеке, досым, айтарым осы!

Тегтер: Емле ережесі, латын графикасы, жазу сауаттылығы, орфография, орфоэпия
Авторы: Анар Фазылжан

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

45

ақпарат

Кәкен Қамзин: Көркем тіл компьютерлік технологияға есе жібере қоймас

70

ақпарат

Низами Мамедов: «Қобыланды» жырын он бес жыл аудардым

114

ақпарат

Алматы қаласында"Тіл шебері 2019"қалалық конкурсы өз мәресіне жетті!