Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Сөз таңдаудағы уәжді ауытқулар

2.4.2019 400

Ауытқу – нормаға сай келмейтін қолданыстар. Терминнің өзінде «сәйкессіздік» мағынасы («белгілі бір дұрыстықтан, заңдылықтан ауып кету» деген сияқты) болғанмен, ауытқу барлық сәтте жағымсыз акт болып шықпайды. Сырт қарағанда, нормадан тыс болып көрінгенмен, шындығында, сол нормадан әдейі ауытқу, яғни әр алуан себеппен болатын ауытқулар орын алады. Сондықтан барлық ауытқу, соның ішінде сөз қолданыстағылар уәжді (мотивті немесе жөнімен) және уәжсіз (мотивсіз немесе жөнсіз) ауытқулар деп қарастырылады. Бұл – тек көркем сөз стилінде ғана емес, барлық стильдерде болатын заңды құбылыс. Бірақ көркем әдебиет тілінде уәжді ауытқулар жиірек кездеседі және олардың өздері әрсипатты болып келеді.

Көркем әдебиет тіліндегі ауытқудың неден (қай нормадан) ауытқу екенін ажыратып қарастыру керек болады. Біздіңше, жалпы әдеби тіл нормасынан және көркем сөз нормасынан ауытқу деп бөліп талдау керек.

Сөз қолданыстағы жалпы әдеби тіл нормасынан ауытқу, біріншіден, әдеби тілден тыс тұрған элементтерді: диалектизмдерді, қарапайым жай немесе дөрекі сөздерді, жаргондарды т.б. автор сөзінде пайдалануға қатысты қарастырылады (олардың кейіпкерлер тілінде жұмсалуы – көркем әдебиет стилінің өз нормасы, өз заңдылығы, сондықтан ауытқу проблемасы негізінен авторлық баяндау тексі бойынша қойылады), бұл – стильдік таңбасы бар сөз дегенді зерттеуге апарады.

Екіншіден, сөздің әдеби тілде қалыптасқан жалпы лексикалық мағынасынан ауытқып қолдану. Бұл орайда жазушының тілге ұқыптылығы және жауапкершілігі әңгіме болады, яғни әдейі жөнімен ауытқу сөз болады.

Үшіншіден, сөздің өзге сөздермен тіркесу нормасын бұзу. Бұл да екі түрлі ситуацияда көрінеді: бірі – білместіктен, жауапсыздықтан болатын құбылыс, келесісі – тіркестер контаминациясы дегенді әдейі пайдалану.

Сөз қолданыста көркем тіл нормасынан ауытқу, біріншіден, жалпы жазушы мәнері дегенге қатысты болса, екіншіден, текст түзімі мүдделеріне байланысты құбылыс болып табылады (текст түзімі жөнінде 98-127-беттерде айтылған пікірлер мен талданған материалдарды қараңыз).

Жазушы мәнері автор позициясы дегенмен ұштасады. Қазіргі (соңғы 20-30 жылдың ішінде) қазақ прозасында баяндаудағы автор позициясы деп аталатын құбылыс айқынырақ көріне бастады. Айталық, сыртқы дүниені суреттеудің автор тарапынан ұстанылатын эмоционалдық кілті біреу болады да ондай шығармада біртектес немесе тіпті бір эпитет қайталанып келеді. Мысалы, Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» повесінде ақ эпитеті және осы сөздің қосымшалы, тіркесті тұлғалары (ақша, аппақ, ақ сіреу, ақ түтек, ақ шаңқан, ақ шағи, ақ таңдақ) – осы шығарманың оқушы сезіміне әсер беретін, автор позициясының сыр сандығын ашатын негізгі кілті: мұнда ҒТР заманында іргедегі шөпті алып келуге жарамай қалған техникамыздың кесірінен үш қыршындай жасты үсітіп өлтіре жаздаған аппақ қар басқан мылқау иен тау іші, сеңдей сірескен ақ сіреу суық дүние суреттеледі. Жігіттерді қинаған түн де аппақ, олардың біреуі – Нұржанның арман-қиялындағы ақ қанат қар қызы, ол да – аппақ, бірақ осы ақ (аппақ) сөзі – мұнда адалдықтың, бақыттың, арманның символы болумен қатар, суықтықтың, қаталдықтың да символы. Шығарма кілті – осы екі символда. Сондықтан көркем сөз стилін жеке діттей қарастырғанда, бір шағын повесте бір эпитеттің өзгесі ауызға түспегендей қайталай беруі кемшілік сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал тіл мәдениеті шарттарын көркем стилистика талаптарымен ұштастыра қарастырғанда, бұл жердегі бір ғана эпитеттің жиі қайталануы, баса қолданылуы – уәжді, ол автор позициясын танытады.

Бұл күнде орыс тіл білімінде «характериологическое повествование» (сипат бере баяндау) деп аталатын әдіс қазақ прозасында да бел алып келе жатқаны байқалады. Шығармаға тұтасынан белгілі бір сипат бере баяндауда әлеумет топтарының сөйлеу үлгілері кеңінен пайдаланылады. Мысалы, Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» атты романы ауылда өскен қазақ әйелінің атынан баяндалатындықтан және романның бүкіл оқиға желісі, кейіпкерлер бейнесі сол әйелдің көзқарасымен ұсынылғандықтан, ол романдағы лексикалық, фразеологиялық құрам да, синтаксистік құрылым да бір стильге бағындырылған. Сондықтан мұндағы баяндау тілінен де, кейіпкерлер тілінен де «жиырма бестен асқан дырау жігіт», «қой, құрысын, ұят тағы», «Светасын тіпті сорақы қызғанады», «басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес пе?» деген сияқты қарапайым сөздер мен ауызекі сөйлеу тілі элементтерін жиірек кездестіреміз. Тіл мәдениеті өресінен келгенде, бұлар – әдеби нормадан тыс тұрған сөздер болғанмен, бұл шығармада олардың қолданылуы – өте орынды, яғни бұлар мотивті ауытқулар болып танылады. Бұларды, тегі, орыс тіл біліміндегідей, біздің де көркем шығармадағы баяндаудың «авторлық нормалары» деп атағанымыз дұрыс болар.

Белгілі бір сипат бере баяндау үлгісін Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» атты шығармасынан да көруге болады. Мұнда автор атынан берілген баяндаудың өзінде сипаттауыш сөйлемдердің дені ауызекі сөйлеу тіліне тән болып келеді: «борпы аяқ Сақып, зыр-зыбыл құла» (әңгіменің бас кейіпкері Қарабаланың мінген осы атының өзге анықтауыштары да осы іспеттес (шілтік құла, китің құла), «қақшаңдаған әкесі», «дарылдақ шайханашы», «әрпіл-тәрпіл өлең жолы», «қайырма жаға», «ақ көйлек киіп қатқан жігіт», «қитұрқы әңгіме» т.т. Диалогтердегі ғана емес, автор тіліндегі етістіктердің едәуірі – стильдік бояуы қалың сөздер, олар да көбінесе қарапайым сөздер немесе ауызекі сөйлеу тіліне тән элементтер болып келеді: «орысшаның да түбін түсіреді», «әйелдер жағы жырқ-жырқ күледі», «қара өлеңді қайқайтады екен», «ақ школдың білімін бір-ақ қақшып... жетінші класты бітірді», «көкең көңілі түссе, сылқитып тұрып орысша бір боқтайды да...», «сыздиып отырған жас немелер... тызалақтап жүр» т.т. Мұндағы адамдардың аталуы да неме, көкіме, бозымбай, бегей, жұтыр, қара сирақ, можан-топай, қасқа сияқты болып келеді.

Автор осы әңгімені «оқуы» үш кластан аспаған, бірақ адал еңбек иесі – Қарабала мен оның «бағы жанбаған» тентек құрдасы – Оңбайдың, тіпті әрісі осы екеуінің іс-әрекетіне, қимыл-қыбырына ортақ ауыл адамдарының позициясынан, солардың ойлауы, бағалауы, түюі тұрғысынан баяндайды. Демек, бұл туындыдағы әдеби тілден тыс тұратын элементтер: қарапайым сөздер, мошқайды тәрізді бірен-саран диалектизм, ауызекі тілдік синонимдер, қысқасы, пәс (төмен) стильдік сөздер белгілі бір мақсатпен әдейі қолданылған. Автор сөзінде келгеніне қарамастан, бұлардың қолданылуы – уәжді. Бұл ауытқулар – бүкіл шығарма идеясына (мазмұнына) қарай, текст түзу мүддесінен туған қолданыстар.

Сипаттама қос сөздердің (сын есімдер мен үстеулердің) бірсыпырасы ауызекі сөйлеу тілінен алынады да кейде әдеби нормадан тыс тұлғалар болып көрінеді. Мысалы Қ.Жұмаділов шығармаларындағы ойпыл-тойпыл («Ойпыл-тойпылы жоқ, айғай-сүргіні аз, сенімді ортада әлі де жүре тұрғысы келіп, астанада қалып қойды». – «Атамекен»), әкей-үкей («Әсіресе Алтай екеуінің әңгімесі жарасып, өзара әкей-үкей болып, осында келгелі іргелері бөлінбей қойған». – сонда), бақарлы-шақарлы («Баяғыда Аршалының қақ жартысын алып жататын бақарлы-шақарлы бір әулеттен қалған көз, ескінің жұрнағы». – сонда), С.Бердіқұловтағы «арби-сарби мұнаралар», Т.Әлімқұловтағы «әш-пүш әңгіме», «уқан-суқан қып жіберу», «олқылы-толқылы», О.Бөкеевтегі «ақарлы-шақарлы семья», «салба-салба самырсындар», «апалас-төпелес уақыт» сияқты тұлғалар – нормативтік сөздіктерде тіркелмеген, демек, әдеби нормадан тыс тұрған элементтер. Бірақ осыған қарамастан, біздіңше, бұлардың көпшілігін уәжді ауытқулардың қатарына жатқызуға болады, өйткені, біріншіден, дәл сол контексте бұл қос сөздердің экспрессивтік бояуы қоюлау сезіледі, екіншіден, не сөз түбіріндегі семантикасына, не контекске қарай мағыналары көбінесе түсінікті болып тұрады. Мысалы, Мұнаралардың түндегі түрі арби-сарби деген сөйлемдегі соңғы қос сөздің мағынасын арбию етістігінен шығарып тануға болады, яғни арбиған-сарбиған мұнаралар деген ассоциация туады. Немесе уқан-суқан сөзінің әңкі-тәңкі сияқты жағымсыз мәнде жұмсалып тұрғанын контекске қарай айтуға болады: «... Председательмен карта ойнап, басын уқан-суқан қып жіберді». Әрине, мұндай сирек кездесетін тұлғаларды стильдік ассоциациямен (экспрессия үшін) қолданғанда, ең алдымен, олардың түсінікті болуын көздеу керек, содан соң өзге варианттарынан дәл сол жерде ұтымдылығын салмақтау қажет. Ол екі шарт орындалмаған күнде бұлар тәрізді ауызекі тілдік немесе сирек ұшырасатын элементтерді кез келген жерде қолдана беру – нормадан уәжсіз ауытқу болып шығады.

Ал кейбір қос сөздердің тұлғалық (фонетика-графикалық) варианттарының көбінесе әдеби сыңарын қолданған жөн. Мысалы, «оқсын-оқсын», «бірсін-бірсін», «керме-қар», «еме-жемге келгенде», «бәкін-шүкін» сияқтылардың оқтын-оқтын, біртін-біртін, кереғар, жеме-жемге келгенде, кәкір-шүкір параллельдері әдеби норма ретінде біршама орныққан тәрізді, оның үстіне алдыңғы дублеттердің стильдік артықшылығы да шамалы болмақ.

Етістіктердің ішінде де әдеби жазба тілде бұрын көп кездесе бермейтін бірқатар сөздер бұл күнде қайсыбір жазушылардың тілінде еркін әрі жиірек қолданылатын болды. Мысалы, О.Бөкеевте: алқұлымдау (Орталарынан алқұлымдап дарын шыққандай болса, дандайсып кетпей... Тек алғұлымдап аман-есен ортамызға қосылса дейміз ғой), қаңғылестеу («Адасқан қаздай қаңғылестеп жүргені»), адағайлау («Атып тұрып адағайлап әр тұсқа көз жүгіртіп еді»), қаптағайлау («Қар ұшқындап, қаулаған өрттей қаптағайлайды»), Ә.Кекілбаевта: аңылжу («Ата қоныстың аңылжып иесіз қалғанына...»), Т.Әлімқұловта: мәтібисіну, салқомсоқтану, тәмпіштену («Мақы тұқымының мәтібисініп, салқомсоқтанып, балағы жырық шалбар киіп тәмпіштенгеніне жынымыз келуші еді»), алағаржақтану («Әлденеден өңілі алағаржақтанып...»), кәрімсіту («...Әдемі ақ сүр бетін кәрімсітіп көрсетті»), Д.Досжановта: алаағаттану («Құжыра сырт сылағы түсіп, алағаттанып қалыпты. Жол ер қажаған ат арқасындай алағаттанып көрінеді»), әңкүстену («Ендігі буын әңкүстенбей, әділ етсе»), М.Мағауинде: ошаң ету («Таяу төңіректе ошаң еткен жан жоқ») сияқты қимыл атаулары кездеседі. Бұлардың бірқатары жергілікті сөз болуы мүмкін (аңылжу, алқұлымдау, әңкүстену, алағаттану, алағаржақтану), бірсыпырасын жазушы өзі жасауы да мүмкін (кәрімсіту, мәтібисіну т.б.), енді біразы сөйлеу тілінде бар, бірақ сирек жұмсалып, мағынасы көмескі тартқан элементтер болуы мүмкін. Бұл сияқты бейтаныстау етістіктердің қолданысын әрдайым нормадан жөнсіз ауытқу деуге болмайды. Өйткені бұлар көп ретте стильдік жүгі бар қолданыс болып келеді. Мысалы, «біртегіс емес, ала-құла болып көріну» мағынасында ала-құлалану деген бейтарап сөзден гөрі алағаттану сөзінің бояуы қоюырақ, бейтарап реңді әңгілену, әумесерлену дегендерге қарағанда, әңкүстену ұтымдырақ. Демек, бұдан нормадан мотивті ауытқулардың түрлері әр алуан болатындығы көрінеді.

Ұлт сайты

Тегтер: Емле ережесі, латын графикасы, жазу сауаттылығы
Авторы: ​Рәбиға Сыздықова

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

30

ақпарат

Салалық терминдерді біріздендіру бұқарамен бірге талқыланды

75

ақпарат

Көркемсөз оқу шеберлері анықталды

52

ақпарат

​Латыннегізді жаңа әліпби: құрылымы, ерекшелігі, жазылымы