Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​ТУҒАН ТІЛДІҢ ТАБИҒАТЫН САҚТАУ – ПАРЫЗ

15.4.2019 679
Қазақ жазуының белгілі маманы, профессор Құралай Күдеринова Аваі.kz сайтына «Бірге жазу – жинақылықтың белгісі» тақырыбымен мақала жариялап бірге жазу үрдісін «ескінің жаңалығы» ретінде жақсы түсіндіріпті. Осы мақаладағы тырнақшаға алынған «бірігуге қарсылардың» ішінде болғандықтан, «мына сөз бірге, ал мына сөз неге бөлек?» деген «әңгіме шығарғандардың» бел ортасында, бәлкім, басында болғандықтан жауап жазуға тура келіп тұр.

Сөз ана тілі сөздерінің ғана жазылуы жөнінде.

Ең алдымен айтарым – әңгіме шығарғанды білмеймін, пікірлер жаңа емленің ережелерін ресми талқылау кезінде айтылды. Сол уәждерді тағы да алға тартуға тура келіп тұр. Теориялық толғаныстарға шылбыр бермей пікір таластырмақпын.

Сөзімді «Бірге жазу – жинақылықтың белгісі» мақаласындағы әрбір абзацтағы пікірлермен салғастыра отырып сабақтайын.

Қ. Күдеринова: «...тілші-ғалымдар тарапынан ұрда-жық, уда-шу, сарымай, ақкөңіл, дүниеқоңыз сияқты бірге жазылатын сөздерді енді жаңа графикамен бөлек жазу ұсынылды. Уәж ретінде – «бұлар синтаксистік және фразеологиялық сөз тіркестері», «сөз тіркестері мен фразеологизмдер міндетті түрде бөлек жазылуы керек», «сөйлем мүшесі ретінде талданады», «сыңарлар арасында синтаксистік қатынас бар» деген себептер ұсынылды».

Ж.Ж.: Талқылауда бұл себептер көрсетіліп отырған әрбір орфограммаға орай айтылып еді. Өйткені ұр да жық, у да шу мен сары май, ақкөңіл, дүниеқоңыз сөздерін бір қалыпқа салып қарауға болмайды. Бұл сөздерге қатысты «сөйлем мүшесі ретінде талданады» деген сөз айтылған жоқ. Фразеологиялық, метафоралық тіркестер тұтас күйінде сөйлемнің бір ғана мүшесінің қызметін атқаратыны – мектеп оқушысына да белгілі жайт.

Қ. Күдеринова: «Сөздердің бөлек, бірге таңбалануы – адамның психофизиологиялық болмысына әсер ететін “көру-жазу тіліндегі”(Ф.Соссюр) ерекше құбылыс».

Ж.Ж.: Бұл – психолингвистика мәселесі. Психолингвистика сөйлеуді зерттейтіні белгілі. Соссюрдің өзі тілдің объективті, сөйлеудің субъективті нәрсе екенін тұғырлап кеткен. Ал емлеге объективтілік керек. «Анау былай ұғады», «мынау былай жазады» деген сияқты субъективті пікірлер ала-құлалыққа, бейқағидалыққа ұшыратады.

Қ. Күдеринова: «Неміс оқымыстысы Л.Вейсгербер неміс тілінде сөздерді біріктірудің өнімді тәсіл болуын ұлттық ойлаудың абстракті сипатының күштілігіне теңгереді. Тілдік таңбаны бүтін көру (яғни оқу) немесе арасын үзбей жазу адам санасының жоғарылауынан, ой тұтастығы мен ұғым бірлігінен, жалпылық пен абстрактіліктен өрбиді».

Ж.Ж.: Үндіеуропа тілдерінің заңдылықтарын қазақ тіліне таңу ретсіздікке ұрындыруы мүмкін. Вайсгербер неміс менталитетіне сүйеніп отыр, немістің тілдік санасында біріктіру қатты дамыған, олар екі сөз түгілі, үш-төрт сөзді біріктіре береді. Қазақтың менталитеті басқа. Мәселеге қазақ этнокогнитивтік тілтануы тұрғысынан қарау керек. Ал сөздердің бірге жазылуынан адам санасының жоғарылауын, абстрактілеу шамасын көру – дәлелсіз, уәжсіз жайт.

Қ. Күдеринова:«Біріккен сөз термині мен бірге жазылу термині – екі түрлі саланың ұғымдары. Біріккен сөз – тілдік сөзжасам термині, яғни екі сөзден құралып, бірге жазылатын күрделі сөздің бірге жазылатын түрі. Ал бірге жазылу – грамматологиялық термин (оны ғылыми жұмыста босаралықсыз таңбалану деп те атадық), орфографияның ұғымы, сөзжасам процесінің жазу тұрпаты, сөзжасамдық үлгінің орфографиялық кескіні».

Ж.Ж.: Біріккен сөз бен бірге жазылуды кереғар етуден не пайда бар? Бірге жазылу біріккен сөздің жазылу пішіні емес пе? Жазуды зерттейтін грамматология дейтін сала бар екені рас, бізде жазба жадыгерлікті оқып, тәпсірлеп жатқандар - грамматологтер. Бұл саланы дамытушылар ауызша тіл мен жазба тілдің арасына «Қытай қабырғасын» салғысы келетіні де рас. Ауызша тіл мен жазба тілдің айырмашылығы тіл таңдайтынын мамандардың бәрі айтады, ол мамандардың ішінде Қ. Күдеринова да бар: «Ал ауызша тілмен көп айырмасы бола бермейтін немесе айырмашылығы жеткілікті түрде көрсетілмей жүрген тілдер үшін жазу – тілдің өмір сүруінің бір формасы ғана» [Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010. – 43-б.] Меніңше, қазақ тілінің басқа тілдерден артықшылығы – ауызекі сөйлеу мен жазбаша сөйлеудің арасында соншалық айырмашылықтың жоқтығы. Содан болар бұлар стильдік тарам ретінде әбден танылған. Грамматологияға қатысты еңбектерден де осы тұрғыдағы тұжырымдарды табуға болады. Оның үстіне, «грамматика» да жазудан келіп шыққанын ұмытпау керек. Мұның негізінде де жазу бар. Демек, грамматологияда грамматика заңдылықтары ескеріледі.

Қ. Күдеринова: «... ұрда-жық, уда-шу сөздерін алайық. Бұл сөздер 1988 жылғы Орфографиялық сөздіктен (редакторы – Р.Сыздық) бастап осы формада жазылып келеді. Алдымен «ұру сосын жығу», «уілдеу және шуылдау» (немесе қос сөздің мағыналы-мағынасыз түрі (ат-мат, шай-пай сияқты) ретінде) деген күрделі қимылдарды сипаттау арқылы пайда болғаны белгілі. Бірақ тіл – тірі ағза. Мағыналық өзгерістер бұл сөзді «ожар, содыр» мағынасының жеңілтектеу сипатын атайтын сөз деңгейіне көтерді. Сөйтіп, «ұр да жық» бірігудің табиғи жолы – дефис – арқылы жазылды. Бұл бірігудің алдындағы саты деген сөз еді. Ол ұрдажықтық деген біріккен сөзді жасады».

Ж.Ж.: Ұрдажықтық дегенде бірігудің уәжі бар, ол – сөзжасамдық -тық (зат есім жасайтын) жұрнағының ықпалы. Мәселен, темір жол бөлек жазылса, теміржолшы –шы жұрнағының ықпалымен бірігеді.

Қ. Күдеринова: «Емле ережесін талқылауда бірқатар ғалымдар аталған сөздер дефис арқылы жазылмайды, ұр, сосын жық деген екі қимылды көрсетеді, сондықтан бөлек жазылу керек дегенді алға тартты. Да демеулік шылау, сөйлем мүшесіне талданады деді. Ұрда-жық, аста-төк, уда-шу сөздерін кір де шық, бар да айт деген синтаксистік еркін сөз тіркестерімен бір деңгейде қарады».

Ж.Ж.: Бірқатар ғалымдар «Ұр да жық екі қимылды көрсетеді» деген жоқ, фразеологиялық тіркес деді. «Да сөйлем мүшесіне талданады деді» дегені шындыққа келмейді, өйткені шылаудың сөйлем мүшесі бола алмайтынын мектеп оқушысы да біледі. «Да»-ны демеулік шылау, шылау сөз бөлек жазылатыны даусыз қағида екенін айтып едік. «Ұрда-жық, аста-төк, уда-шу сөздерін кір де шық, бар да айт деген синтаксистік еркін сөз тіркестерімен бір деңгейде қарады» дегенін жала демеске шара жоқ. Бұл еркін тіркес емес ыңғайлас қатынастағы түзілімдер деген едік. Енді «ұрда-жық», «аста-төк» дегендерді қалай түсінбекпіз: дефис тұрған соң қос сөз дейін десек, «да» мен «та»-ны қайда қоямыз. Жатыс септігінің жалғауына келмейді, өйткені етістік түбір түрінде септелмейтіні белгілі. Осы соңғы күдік соңыра шәкірттердің ойына келетініне күмән жоқ.

Қ. Күдеринова: «Ұрда-жық, содырлау адам, аста-төк молшылық заман, уда-шу болу қимылды емес, сипаттың тұрақты атауына айналған сөздер, сондықтан олардың орфографиялық кескіндері, образдары алдыңғылармен бірдей бола алмайды. Сипаттау емес, атау сөз қызметіне көшкенін орфографиялық кескінделуі арқылы осылай білдіре аламыз».

Ж.Ж.: Мұның фразеологиялық тіркес екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал фразеологиялық тіркестің ұйысуына қарай заңдылықтары бар. Соның ішінде фразеологиялық тұтастықтар сөздің аналогі бола алады, мысалы: төбе шашы тік тұру, ақ түйенің қарны жарылу, жанды шүберекке түю т.с.с. тіркестер сөздің орнына жүре береді. Ас та төк, ұр да жық, у да шу дегендер де осы сияқты. Бұл – дәлелденген заңдылықтар. Сондафразеологиялық тұтастықты, идиомаларды ақтүйеніңқарныжарылды, төбешашытіктұрды, жаныншүбереккетүйді деп бірге жазуымыз керек пе?! Ал дефиспен жазылу мәселесіне келсек, мұндағы қағида сол, дефис, екі сөздің арасында (ал мына тіркес үш сөзден тұрады) аналогиялық және антитезалық қатынас болғанда, қойылуға тиісті. «Атау сөз қызметіне көшкені» деп отырғанына себеп – бір деноататты бейнелейді дегені деп ұқтық. Сөйлемдердің де номинативтік қызмет атқара алатынын ескерсек, олардың да кейде бір денотатты беретінін ескерсек, сөйлемді де бос аралықсыз жазбақпыз ба?

Осы сияқты уәждерді бірқатар ғалымдар айтып еді, бірақ ереже жазатын қалам аз ғана адамның қолына берілгендіктен, ондай пікірлер ереже түзгенде еленетін емес.

Енді профессор Қ. Күдеринованың «ескінің жаңалығы» дегенінің себебін іздеп көрейік.

Ескінің бір жаңалығы.2013 жылы шыққан «Орфографиялық сөздікте» ұлттық өлшемді білдіретін бір тұтам, бір аттам, бір асым, бір атым т.с.с. тіркестерді біріктіру еді. Мұндай тіркестердің денотаты біреу ғана деп есептелінді. Орыстың тілдік санасында «бір» деген сан қолданылмай өлшемнің өзін беретіні сияқты қолданысты (горстка чая, мешок зерна т.с.с.) еске түсіреді. Олай болса, екі-үш аттам, бес атым, екі асым сияқтыларды бірге жазу керек болады, өйткені бұлардың денотаты да тұтас нысан ретінде болады. Оның үстіне санамызда қалыптасқан бір адым, бір қадам, бір елі, бір сүйем т.с.сияқтыларды да бірге жазуға мәжбүр боламыз ба? Бірегей талап болмаса, ереже де болмайды. Бұл ереже мақұлданған «Жаңа емле ережелерінен» алынып тасталды, алайда соңыра жаңа орфографиялық сөздікке сол қалпында көшіріле салуы әбден мүмкін, өйткені бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс деп саналатынына күмәндануға болмайды.

Көрнекті ғалым Н.Уәлидің докторлық диссертациясының «Орфографиялық нормаларды саралаудағы қиындықтар: біріккен сөз» деген тармақшасында сөзбірігімге ықпал ететін екпін екендігіне сүйенеді. Мұны бунақты аталым, ырғақты сөз деп атайды. Узус мәселесіне келгенде дағдымызға айналып кеткен біріккен сөздер бар екенін жоққа шығаруға болмайды: шетел, кәсіподақ, баспасөз, өнеркәсіп т.т. Ғалым бірақ сөздерді біріктіруге деген ынтамен норманы бұзуға шылбыр бергендей. Мәселен, қалта сағат, қол сағат, қоңырау сағат, қабырға сағат деген тіркестерді ғалым біріккен сөздер деп таниды. Мұндағы «сағаттар» гипоним түрлік атау да, «сағат» - гипероним, тектік атау. Гипоним мен гиперонимде мағыналық байланыс болады, олар бір өрісте тұрады және әр басқа сөздермен аталады ғой. Орыс тілінен мысал: дом – изба – хата, вилла, лачуга, хибара, особняк деген сияқты. Ал мыналардағы алдыңғы сыңарлар «сағат» деген заттың түрін білдіріп тұрған анықтауыштар. Сөздердің тіркесуі арқылы да бір денотат бейнеленетінін ұмытуға болмайды. Сол сияқты қол мерген, көз мерген, темір жол, тас жол, қой қора, ат қора деген сияқтыларды бірге жазылуын көздейді. Олай болса, кез келген заттың түрлері көп болады. Оның үстіне қазақ тілінде зат есім+зат есім қалыбымен сөздердің анықтауыш-анықталғыштың қатынаста тіркесуі өнімсіз тәсіл емес. Осыған бақсақ, заттың ішкі түрлік анықтауышы зат есімнен жасалған тіркестердің бәрін бірге жазу керек болады. Мысалы, ағаш есік, темір есік, шыны терезе, пластик терезе, резеңке етік, керзі етік, қасқыр ішік, түлкі ішік т.т. көптен де көп. Бұлар қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері ретінде сол Тіл білімі институты әзірлеген академиялық грамматикаларда қарастырылғанын тілтанушылардың бәрі біледі.

Н. Уәли діттемесін кейін оның шәкіртінің, Құралай Күдеринованың, жалғастыруын дұрыс әрекет деп санаймыз.

«Жаңа грамматика жаңалықтарында» Қ. Жұбановтың: «Бет орамал, темір күрек сияқты бірі анықтауыш, бірі анықталушы болып тіркескен сөздерді синтаксис қарайды... Әр сөз өз алдына сөйлем мүшесі бола алады. Бет деген сөз сөйлемнің бір мүшесі – анықтауыш, екінші мүшесі анықталушысы болады», – дегенін естен шығармау керек сияқты.

Сайып келгенде, профессор Қ. Күдеринованың көздеп отырғаны – ізгі ниет. Сөздік құрамды сандық жағынан көбейту. Алайда, сан емес, сапаны ойлағанымыз жөн. Сөздерді жасанды түрде біріктіруден сапа (мағына) өспейді, бұрыннан бар мағына сол күйінде қалмақ. «Жап-жаңа» сөз жасалмайды, жаңа сөз тілдің бұрыннан бар мүмкіндіктерін қолдану арқылы жасалады, олай болмаса «абракадабра» болып шығады.

Классик тілтанушы Қ. Жұбановтың біріккен сөзді «заңсыз қосынды» деп атағаны белгілі. Тәрізі, біріккен сөздің тіл табиғатынан шықпайтынын ескерткені болар, ал кіріккен сөз туралы сөз басқа! Осыны теріс көрмеуіне қарағанда, Құралайдың өзі де еріксіз ылдиға түсіп отырған сияқты. Еріксіз түскен ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық.

Осы ғасыр басында Тіл білімі институтында біріккен сөз туралы мәжіліске қатысқаным бар. Ғалымдардың бір тоқтамға келе алмағанын көзім көрді.

Мамандардың 1983 жылғы орфографиялық ережелерді ғана заңды деп танып отырғаны дұрыс. Одан кейінгі ережелер мен одан тыс түзілген емле сөздіктері субъективті, плюралистік талпыныстар деп есептейік. Сондықтан бұрын, 1983 жылға дейін, дағдымызға еніп кеткен бірігімдергеендігі емлемізден орын берейік, жасанды жолмен жаңа сөз жасауға асықпайық.Әр нәрсені өз атымен атайық: тұрақты сөз тіркесін лексикаланған тіркес деу қисынсыз, тұрақты сөз тіркесін тұрақыт сөз тіркесі дейік. Ненің де болса асыл нұсқасын сақтау – парыз.

А. Байтұрсынұлы «Қазақша сөз жазушыларға» деген мақаласында: «... емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса тілді бұзып, емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек. Тілдің табиғатына қарамай зорлап емлеге таңып байласақ, қытай қатындарының аяғы болып шығады», - деген еді. Емле түзуде осы ескертуді бағдар еткеніміз жөн.


Жантас Жақыпов, ф.ғ.д., профессор,

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі.

Тегтер: Til-Qazyna, Тіл-Қазына, Латын әліпбиі, Емле ережесі
Авторы: Tilalemi.kz

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

90

ақпарат

Тұңғыш рет тіл форумы өтеді

36

ақпарат

«Іс жүргізу және аударма» атты облыстық семинар өтті

116

ақпарат

Атауларды таңбалауға арналған онлайн семинар өтті