​Қостанай жаңа әліпбиді жаңа кабинетте оқытады

Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының негізгі миссиясы мемлекеттік және ағылшын тілдерін ересектерге оқыту, сонымен қатар этни...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

08 мамыр, 2019

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында, Қостанай облысы әкімінің қолдауымен арнайы заманауи техникалық құралдармен жабдықталған «Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілін оқыту кабинеті» ағымдағы жылдың 18 сәуірінде салтанатты түрде ашылған болатын. Іс шараның арнайы қонағы ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Мамырбек Гүлфар Мәжитқызы қатысып, жиналған қауым алдында сөз сөйледі. Ғалым хатшы Г. Мамырбек өз сөзінде қазақ тілін латын графикасына көшірудің стратегиясы, ұлт болашағы үшін мәні жайлы, сонымен қатар, мақұлданған жаңа емле ережелеріне де кеңінен тоқталды.

Жаңа кабинеттегі алғашқы сабақ 29 сәуір күні өтті. «Жаңа әліпбидің емле ережелерінің ерекшеліктері» атты таныстыру сабағына Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 25 қызметкері қатысты.

Сабақ барысында қазақ тілін латын графикасына көшірудің маңыздылығы түсіндіріліп, жаңа емленің ерекшелігі мен құрылымы туралы толық баяндалды. Қатысушылар сабақтың теориялық бөлімінде алған білімдерін практикалық тапсырмаларды орындау арқылы бекітті. Іс-шараға қатысушылар белсенділік танытып, жаңа әліпбиге қатысты көкейдегі сауалдарына жауап алды. Департамент қызметкерлері алдағы уақытта жаңа әліпбиді меңгеру үшін қысқа мерзімді курсқа қатысуға тілектерін білдірді.

Орталықта әр аптаның жұма күні «Жаңа әліпбиді меңгеру – жаңғырудың бастауы» атты таныстыру сабақтарын Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» атты латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін республикалық тренерлерді дайындаудың арнайы курстарына қатысып, сертификат иеленген тренерлер өткізіп келеді. Кез келген мекеме қызметкерлері немесе қала тұрғындары келіп қатысып, жаңа әліпбидің құрылымымен танысып, онымен тез жазуды үйренуге машықтанатын болады.

«Тілдарын» орталығы жаңа әліпбиді кеңінен насихаттау мақсатында облыстық «Костанайские новости», «Учительская плюс» газеттерінде сабақтар апта сайын жариялануда. Сонымен қатар, орталықтың сайтында «ОҢАЙ ОҚЫ, ОҢАЙ ЖАЗ» жаңа әліпбиді меңгеруге арналған қашықтықтан оқыту қосымшасы даіске қосылды. Аталған қосымшаға: әліппе, конвертер, тапсырмалар, тестілеуатты тараулар енгізілген және кез-келген тіл үйренушінің өз бетінше тілді меңгеруіне барлық жағдай жасалуда.

Жыл бойы орталық мамандары Қостанай облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының желілік кестесіне сәйкес қаламыздағы орта білім беретін мектептерде, құқық қорғау органдарында, әскери бөлімдерде, ЖОО-да, статистика, төтенше жағдайлар департаментінде, орталықтандырылған кітапхана жүйелерінде жаңа әліпбидің емле ережелерін насихаттауға қатысты кездесулерді жүйелі түрде өткізуде. «Тілдарын» облыстық оқыту орталығының 600-ден астам тыңдаушысы латын қарпінде өткен республикалық, облыстық, өңіраралық жалпыхалықтық диктантқа үш мәрте белсенді қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Осы атқарылған жұмыстардың барлығы әлеуметтік желілерде: instagram, facebook парақшаларында үнемі жарияланып отырады.

Жаңа кабинетте алдағы уақытта да мемлекеттік қызметшілер мен ересек тұрғындарға латын графикасын меңгерту, жаңа емле ережелерін үйрету жұмыстары жалғаса бермек.


Баға беріңіз