Аудиодиктант – жаңа емле ережесін меңгертудің тиімді тәсілі

Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 шілде, 2019

Бүгінде қазақ жазуын латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жоспарына сәйкес түрлі жұмыстарқызу жүргізілуде. Атап айтқанда, әліпби мен емле ережелерін түсіндіруге қатысты шаралар өз мәнінде қолға алынуда. Бұл бағытта жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін оқыту бойынша 72 сағаттық курстан бастап, 12 сағаттық семинар, 24-36 сағаттықкурстар ұйымдастырылып, негізінен, тіл мамандарының біліктілігі арттырылуда. Сондай-ақ халықты жаппай оқыту басталмағанмен, тренингтер арқылы көпшілік қауымға емле ережесінің мақұлданған жобасын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Тренингтің негізгі мақсаты қатысушылар үшін арнайы практикалық дағдыларды қалыптастыру болып табылады. Алайда тренингтермен ғана шектеліп, емле ережесіне қатысты жаңалықтың бәрін қамтып өту оңай емес екені белгілі. Осы орайда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан ашылған Ресурстық тіл орталығы тарапынан жазу дағдысын қалыптастыру мақсатында 2018 жылдың екінші жартысынан бастап, облыс көлемінде жәнеөзара ынтымақтастық аясында еліміздің басқа да өңірлерінде «Аудиодиктант жазамыз» онлайн-акциясы ұйымдастырылып келеді.

Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін таныстыра отырып, латыннегізді әліпбиде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған акцияға бүгінгі күні Қарағанды облысынан басқа Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстары, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалалары қатысып үлгерді. Акцияға қатысқан азаматтар саны бүгінге дейін 3088 адамды құрап отыр.

Аудиодиктанттың өткізілу тәртібіне келетін болсақ, әр аптаның дүйсенбі күні WatsApp желісінде топ (конференция) ашылып, бейсенбіге дейін латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бойынша таныстыру және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бейсенбі күні сағат 16.00-де диктант жазу басталады. Аудиомәтін екі рет тыңдалады. Алғашқысы мәтінмен таныстыру мақсатын көздесе, екіншісі мәтінді жазу үшін беріледі. Барлық қатысушы жазған мәтіндерін топқа жібергеннен кейін тексеру үшін латын қарпінде терілген мәтін беріліп, әркім өз жұмысын тексеріп, қателерін түзейді. Өзін-өзі тексеру арқылы әліпбидегі өзгерістерді пысықтап, есіне сақтайды.

Аудиодиктант жаздырғанда аудиомәтінге қойылатын арнайы талаптар үнемі ескеріліп отыру керек. Бұл арада тыңдайтын мәтіннің (диалог/монолог) шынайылығы, тыңдалым мәтінінде қамтылған сөздердің көлемі, лексикалық минимумға сай келуі, емле ережесіне сәйкестігі, сонымен қоса мазмұнның контингентке (тіл үйренушілердің жас ерекшеліктеріне) сай болуы назардан тыс қалмайды.

Жалпы,біз тыңдау арқылы қоршаған орта, ондағы болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алып, тілдік қорымызды байытамыз. Сонымен қоса ақпаратқа талдау жасап, ой елегінен өткіземіз. Сол себепті тыңдау арқылы диктантжазғызып, қорытынды жасау тиімді әдістердің қатарынан саналады. Бір ғана мәрте аудиодиктант жаздырып, емле ережесіндегі өзгерістерді тұтастай меңгеріп кету мүмкін емес. Ол үшін аудиомәтіндер мән беруге, ережесін есте сақтауға тиісті тақырыптарға сай беріліп отыруы керек. Мысалы:

  • акутты әріптерді дұрыс жазуға қатысты;
  • бірге немесе бөлек жазылатын сөздердің емлесіне қатысты;
  • күрделі атаулардың жазылуына қатысты;
  • дефиспен жазылатын сөздерге қатысты;
  • латыннегізді жаңа әліпбиден түсіп қалған әріптердің емлесіне қатысты;
  • шеттілдік сөздердің жазылуын меңгертуге қатысты т.б.

Төменде шеттілдік сөздердің емлесін меңгертуге арналған мәтінді мысал ретінде ұсынып отырмыз.

Мәтіндегі гелотология, терапия, иммунитет, стресс, Уильям,энергия, депрессиясөздері аудиодиктант жазу барысында ерекше мән беруді қажет етеді. Бұл сөздерді қатесіз жазу үшін тыңдаушыларға диктант жазар алдында қандай ережеге көңіл бөлу керектігі ескертіледі. Тағы бір ескерте кететініміз, жалпы бақылау диктанты емес, емле ережесіндегі нақты бір мәселеге қатысты болғандықтан, әдетте, аудиодиктанттың көлемі шағын болып келеді. Мәселен, 80-150 сөз аралығында. Жоғары айтып кеткеніміздей, аудиомәтін жазу барысында мәтіннің мазмұнының тартымдылығы, маңыздылығыескеріледі.

Өйткені неғұрлым қызықты мәтіндерді жазуға тыңдаушы да ықыласты болады.

Жалпы, аудиодиктант жаздыру арқылы қандай нәтижеге қол жеткізуге болады? Біріншіден, диктантқа қатысушылар жаңа әліпбидегі әріптерді меңгереді. Екіншіден, жазу дағдысы қалыптасады. Үшіншіден, диктант жаза отырып, емле ережесін меңгереді. Төртіншіден, диктант онлайн түрінде өткізілетіндіктен, аудиторияны молынан қамту мүмкіндігі жоғары. Бесіншіден, аудиодиктантқа қатысушылардыңемле ережесін қаншалықты меңгергендігіне қорытынды жасауға мүмкіндік туады. Міне, осындай мүмкіндіктері болғандықтан да, Ресурстық тіл орталығы мамандары тарапынан аудиодиктант жаздырту арқылы латыннегізді жаңа әліпбидің емле ережесін меңгерту нәтижелі жұмыстың біріне айналып отыр дегіміз келеді.


Баға беріңіз