Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тіл білімінің жаңа туындысы

1.8.2019 273
Белгілі бір ұлттың, этностың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын, әдет-ғұрпын оның тілінде сақталған лексикалық, фразеологиялық, мақал-мәтелдік және т.б. бірліктердің мазмұнын ашу арқылы түсіндіру тіл білімінің этнолингвистика саласына жатады. Бұл орайда қазақ этнолингвистикасын әдеби шығармалардағы көптеген атауларды зерделеуге белгілі тілші-ғалым Ербол Жанпейісовтің еңбегі мен қосқан үлесі мол. Ол кісі дүниеден өткенімен, соңында қалдырған зерттеу мұрасы жуырда «Қазақ ескіліктері» деген тақырыппен жеке кітап болып жарық көрді. Яғни тіл білімінің этнолингвистика саласы тағы бір ғылыми туындымен толықты.

Өткен ғасырдың аяғында Е.Жан­пейісовтің «Абай жолы» эпопеясының тілін, ондағы ұлттық кодтар мен символдарды этнолингвистикалық тұрғыда терең зерделеген құнды еңбегі алдымен қазақ тілінде «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі» деген атпен, кейіннен орыс тілінде «Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М.Ауэзова)» атты еңбегі қазақ этнолингвистикасы мен этимологиясы салаларында жаңалығы мол, іргелі зерттеу ретінде танылған болатын.

Ғалым «Қазақ ескіліктері» атты ғылыми еңбегінде тіліміздің заттық мәдениет лексикасын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттей отырып, түркі тілдерінің материалдары арқылы идиоэтникалық бірліктердің құрылымдық-семантикалық табиғаты мен этимологиясын ашады. Ең алдымен, кітаптың атауына арқау болған «ескілік» сөзінің мән-мағынасына ой жүгіртейік.
Бұл сөздің лұғаттық мағынасы Қазақ сөздігінде: «І. тозығы жету; бұрынғы, ескі қоғамның салт-санасы, әдет-ғұрпы; ІІ. ескіге тән, бұрынғы, баяғы; қарттық, кәрілік; ескі-құсқы, тозығы жеткен» деп көрсетілген (Алматы, 2013, 429-б.).­ Демек, ескілік сөзінің «тозығы жеткен», «ескі салт-сана», «бұрынғы», «қарттық» деген мағыналарын белгілеуге болады. Ақын-жазушылардың шығармаларында да осы негізгі ұғымдар қолданылған. Алайда Мұхтар Әуезовтің «Батырлар әңгімесі» атты ғылыми мақаласындағы «Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түрік жұртының ескілігі деп санауға керек» деген сөйлемінен ескілік сөзінің жоғарыда сөз болған семаларға қосымша «халықтың бұрынғы заттық-рухани мәдениетіне қатысты ұғымды» білдіретін ортақ белгісін аңғаруға болады. ­Профессор ­Ербол Жанпейісов те сөз болып отырған ғылыми еңбегінің атын «Қазақ ескіліктері» деп тіліміздегі идиоэтникалық лексиканы, этномәдени тілдік бірліктерді жинақтап, қазақ халқының бұрыннан келе жатқан заттық, рухани мәдениет ұғымдарын білдірткісі келген болса керек.
Қазақ халқының тарихы оның жүріп өткен жолы арқылы танылады. Алайда «танылу» тек халықтың тіліндегі түрлі аталымдар, өмір сүру, тіршілік етудің мәдени формалары бейнеленген тілдік бірліктердің мазмұнында сақталған. Осы орайда қазақтың заттық лексикасының қолдану аясын, шығу төркінін тіл иелменіне этнографиялық еңбектер мен көркем шығармалар арқылы дәйектей отырып, мазмұндап жеткізу мақсатында жазылған Е.Жанпейісовтің бұл еңбегі қазақ этнолингвистикасының ғана емес, қазіргі түркологияның да жетістігі болып табылады.
Ғалымның сөз болып отырған зерттеу еңбегінің мынадай ерекше тұжырымдарын атап өтуге болады:
– қазақ тіл ғылымының этнолингвистика ­саласы өзінің бастау тінін Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінен алады. Зерттеуші тіл мен этностың арасындағы өзара байланысына алғаш көңіл бөлген тұңғыш түрколог ғалым Махмұд Қашқари екенін айта келе, тіл ғылымындағы дербес бағыт саналатын этнолингвистиканың негізін қалаушы Вильгельм фон Гумбольдттың ғылыми теориялық тұжырымдарына мазмұндас пікірді қазақ тіл білімінің көсемі Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінен де көруге болатынын жан-жақты дәлелдейді. Ғалым этнолингвистиканың негізгі нысаны болып табылатын орыс тіліндегі ­материальная культура, духовная культура ұғым-терминдерін Ахмет Байтұрсынұлы қазақы менталитетке лайықтап тірнек өнер, көрнек өнер деп атағанын, ХХ ғасырдың аяқ шенінде орыстардың (алғаш рет С.Арутюновтың) этнолингвистикалық зерттеулерінде жиі кездесетін культура жизнеобеспечения, предметы жизнеобеспечения дейтін ұғымдық категорияларды А.Байтұрсынұлы күн көру керек-жарақтары, жан сақтау (жан қоштау) керегінен шыққан нәрселер ретінде қазақ тілінде ХХ ғасырдың басында-ақ сәтті терминденгенін айрықша атап өтеді.
– туыстас түркі халықтарының идиоэтникалық бірліктерін бірге алып зерттеу үлгісін «түркі этнолингвистикасы» деп атауға болады. Автордың «зерттеуімізде қазақ ескіліктері деп отырғанымыздың өзі көп жағдайда осы күнгі туыс түркі тілдерінің де, сондай-ақ бұлардың бәрінің де ертеде жеке-жеке отау болып бөлініп шыққан қара шаңырағы – «ескі түрік бірлігі заманындағы» көне түркі тілінің де материалымен барып астасады» деген пікірі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды» деген ойымен үндеседі.
– көркем шығарманың тілі арқылы халықтың ұғым-түсінігі, дәстүрлі-тұрмыстық мәдениеті анықталады. Е.Жанпейісовтің тұжырымы бойынша, «этностың таза өзіндік ерекшеліктерін, әсіресе өткен алыс заманғы дәстүрлі-тұрмыстық мәдениетін айқындауда таптырмайтын маңызды дереккөзі қызметін, сондай-ақ кәсіби көркем шығармалар да атқара алады. Мұндай шығармалардың өзі кейде этностың ажырағысыз бір компонентіне айналып кетеді». Ғалым бұдан бұрынғы ғылыми еңбектерінде идиоэтникалық лексикалардың этнолингвистикалық сипатын М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі арқылы ашуға тырысқан. «Қазақ ескіліктері» еңбегінде де ғалым заттық мәдениет лексикаларын талдау барысында М.Әуезовтің шығармаларымен қатар, ескі жыр-дастандарды, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев және т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын маңызды дереккөз ретінде келтіреді.
– тілдік деректерді диахрондық талдаумен қатар, синхрондық жолмен талдау әдісі де этнолингвистика саласына тән сипат. Профессор Е.Жанпейісов 1994 жылы «Ана тілі» газетіне (№ 3, 20 қаңтар, 7-б.) «Этнолингвистика» тақырыбымен жариялаған ғылыми мақаласында «этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі ол этностың қазіргісін емес, көбіне-көп өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді» деп пікір келтірген болатын. Автор тіл ғылымының этнолингвистика мен әлеуметтік лингвистика салаларын қызметі мен қолданыс аясы тұрғысынан жан-жақты талдап, уақыт арақатынасы жағынан оппозициялық қосарлар қатарында алып қарауға болатынын айтады. Бұл дербес екі сала диахрондық тұрғыда «негізінен тарихи мәнді, тарихтық сипаттағы тіл деректерін» қарастырумен қатар, «таза бүгінгі күннің жалпы қолданыстағы тілдік материалдарын» да зерттейтінін айта келе, осы синхрондық жолмен талдау әдісі этнолингвистика саласына тән сипат екенін айрықша білдірген.
– Қазақтың ескіліктерін негізгі үш бөлікке бөледі. Олар: заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы, мифологиялық лексика. Қазақ этнолингвистикасының теориялық негізін салған академик Әбдуәли Қайдар қазақтың тіл әлемін «Адам. Қоғам. Табиғат» деп үш фактордың аясында зерттеген (Қазақтар: ана тілі әлемінде. Үш томдық этнолингвистикалық сөздік: І Адам. ІІ Қоғам. ІІІ Табиғат. А., 2009, 2013). Академик ғалымның шәкірттері де осы топтастырудың негізінде жан-жақты зерттеу жүргізіп, Әбдуәли Қайдардың этнолингвистикалық мектебін қалыптастырды. Ал Ербол Жанпейісовтің қазақ этнолингвистикасын зерттеп-зерделеуі өзіндік ғылыми ұстанымымен ерекшеленеді. Ғалым мәдениет феноменін екі топқа бөліп, олардың объектісін былайша жүйелейді: «киім-кешек үлгілері, үй мүліктері, баспана түрлері, төрт түлікке қатысты бұйымдар, азық-түлік өнімдері заттық мәдениетті, яғни тірнек өнерді, ал бұдан кейінгі әдет-ғұрыптық ишара көріністер мен символдық түрлі рәсімдік актілер тобы рухани мәдениетті, яғни көрнек өнерді құрайды». ­Сонымен қатар бұларды заттық-рухани мәдениет (тірнек-көрнек өнер) дихотомиясыдеп атап, соңғы дәуірге жатқызады. Себебі біртұтас семиотикалық жүйе болып табылатын архаикалық мәдениет бұлай мүшеленбейді деп тұжырымдайды.
– заттық мәдениет лексикасының идиоэтникалық ерекшеліктері этнолингвистикалық тұрғыда зерттелді. Профессор көп жыл бойы жалпы­ түркілік контексте жүргізілген қазақ ескіліктері жөніндегі зерттеуін заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы және мифологиялық лексика деп аталатын негізгі үш бөлікте қарастыруды жоспарлағанымен, бұл ғылыми кітабын заттық мәдениет лексикасын зерттеуге арнаған. Сонымен,­ сөз болып отырған еңбекте сөздік қорымызда сақталып, бүгінгі күнге жеткен сәукеле, көйлек, тон (қамқа тон, берен тон, себіл тон, қаракес тон, кіреуке тон), шапан, шекпен, ішік, сақсыр, сақпан, самалық, белбеу, жүзік, селебе, киіз үй, лау идиоэтникалық лексикалары және оларға қатысты этномәдени тілдік мәтіндер тарихи-салыстырмалы, этимологиялық талдау әдістерімен зерттелді.
Қорыта айтқанда, профессор Ербол Жанпейісовтің «Қазақ ескіліктері» атты ғылыми еңбегінің басты құндылығы ретінде этнолингвистика саласының теориясы және этнолингвистикалық талдаулары тың жаңалықтармен, маңызды этномәдени мәліметтермен толыққанын ерекше атап өтуге болады.


Тегтер: «Қазақ ескіліктері», ақын-жазушы, кітап, қазақ
Авторы: Гүлсінай ИСАЕВА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

90

ақпарат

Тұңғыш рет тіл форумы өтеді

36

ақпарат

«Іс жүргізу және аударма» атты облыстық семинар өтті

116

ақпарат

Атауларды таңбалауға арналған онлайн семинар өтті