Сөзжасамдық сыры

Құрметті Ораз Жүнісұлы!
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2019

Тіл жанашыры, ұлт жанашыры ретінде БАҚ құралдарында хабарланып, жазылып жүрген сөзжұмсамдағы қате қолданыстарға жанашырлық танытып, жанайқайыңызды білдіріп хат жолдап отырғаныңыз Сіздің еліміздегі өзгерістер мен жаңалықтарға бейжай қарамайтыныңызды көрсетсе керек. Аға буын ақсақалдарымыздың келешек ұрпақ үшін шырылдап жүргені, әрине, бізді қуантады. Алла «не болса, о болсын» дейтін бейжайлықтан, немқұрайдылықтан сақтасын! Сондықтан Сіздің хатта жазған тілге деген жанашыр пікіріңізге көптен-көп рақмет айтамыз. Ғылымның өзі Сіз бен біздің, тілді қолданатын қарапайым халық пен тілді зерттеушілердің өзара қатынас бірлігі, пікір алмасу, пікір жарыстыру, дәлел, салыстыру, қолданыс, т.б. әрекеттер үрдісінде жетілетіні, дамитыны белгілі. Олай болса, Сіздің де бүгінгі сөзжасамдағы, терминжасамдағы қате қолданыстар туралы айтқан уәжіңіз орынды.

Сіздің хатта келтірген мысалдарыңыз қазақ тіліндегі сөзжасамдық, яғни зат есім тудыратын өнімді жұрнақтардың бірі – -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы арқылы жасалған термин сөздерге қатысты беріліпті. Бұл жұрнақ – ерте заманнан бері етістіктен зат есім тудыратын ең өнімді қосымша, сондықтан ол осы етістіктен зат есім тудыратын қосымшалар тобында алдымен беріліп те жүр. Бұған тілімізде бұрыннан бар мына сөздер дәлел: суырма, бума, бөлме, көмбе, түйме, кездеме, кеспе, қатырма (тағам), сүзбе, баспа, кіріспе, сілтеме, шығарма, түсіндірме, сипаттама, жолдама, баяндама, мазмұндама және т.б.
Сіз хатта келтірген екінші жаңа жолдағы сөй­лем­деріңізде қимылға болымсыздық мағына үстейтін -ма/-ме тұлғалы етістік сөздермен және -ма/-ме жұрнағы арқылы жасалған зат есімдермен келген мысалдар беріліпті. Біздің түсінуімізше, екі түрлі қызмет атқаратын -ма/-ме қосымшасын сөйлемде алмастырып қолдану арқылы жасанды қолданыстарға айналдырып отырған сияқтысыз. Алайда бұл қосымшаның тілдегі қызметі екі түрлі. Көшірме, анықтама деген, біріншіден, зат атауын білдірсе, екіншіден, сөйлеу кезінде қимылға болымсыздық мағына үстейді. Бұл қосымшалардың қазіргі тіл тұрғысынан, мағыналық жағынан бір-біріне мүлде қатысы жоқ әртүрлі қосымшалар екенін белгілі грамматист-ғалым, профессор С.Исаев былайша тұжырымдаған болатын: «Бұл қосымшамен сырт түрі ұқсас болымсыз етістік қосымшасы – шын мәнінде омоним ғана, екеуі – екі түрлі тілдік деңгейдің тұлға көрсеткіштері, болымсыз етістік тұлғасы – сөзжасамға қатысы жоқ, грамматикалық, дәлірек айтсақ, лексика-грамматикалық сипаттағы тілдік құбылыс. …Бұл қосымша белгілі бір қимыл іс-әрекетті, процесті білдіретін негізгі туынды сөздерден (етістіктерден) сол қимылға қатысты оның нәтижесін, іске асыратын құрал атауларын, бұйым-жабдықтардың, мекен-орындардың, ас-тағамдардың, т.б. атауларын білдіретін сөз жасайды» (Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, 1998. – 265 б.).
Жоғарыда қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы С.Исаев атап көрсеткендей, зат есім тудыратын -ма,-ме… қосымшасын болымсыздық мән үстейтін етістіктің болымсыздық жұрнағымен мағыналық жағынан шатас­­­тыруға болмайды. Тіліміздегі кезбе, терме, түйме, көмбе, шаппа, бөлме және т.б. байырғы сөздерімізді болымсыздық мән үстеп тұр деп ешбір қазақ баласы шатаса қоймас. ­­Өйт­кені­ бұл қосымша қазірде мағыналық жағынан бір-біріне мүлде жуықтамайтын омоним қосымшаларға айналған.
Тілімізде әу бастан қимыл мәнді сөздерден зат атауларын жасауда белсенді қызмет атқаратын -ма/-ме қосымшасы бүгінде жаңа сөздер мен терминдер жасауда да белсенділік танытып отыр. Халқымыздың ешбір кедергісіз қабылдаған аялдама, әдістеме, көшірме, сараптама, анықтама, кепілдеме, мөлшерлеме, тұжырымдама сияқты сөздерді ұғымның мағынасын ашпай тұр деп айтуға болмас.
Сіз келтірген мысалдардың ішінде бұл жоғарыда атал­ғандардан басқа қазіргі кезде екі нұсқада жарыспалы түр­де қолданылып жүргендері де бар. Мысалы: зерттеу – зерттеме, сынақ – сынама, нұсқау – нұсқама, болжам – болжама. Алайда бұл сөздерді жоғарыда аталған анық­тама, көшірме, әдістеме сөздерімен тең қоюға болмайды. Өйткені бұл сөздерде қимыл мәнді түбір сөздерді -ма/-ме қосымшасы толығымен игере алмаған десе де болады. Әсіресе, нұсқама, болжама деп айту – қате қолданыс (дұрысы – нұсқау, болжам), сондықтан осы сөздерге қатысты пікіріңізбен келісеміз. Сіз айтқандай, жасанды қолданыстар туғызудың қажеті жоқ деген ойыңыз осы мысалдарға қатысты болар. Сол сияқты «скакалканы» «секірме» деп қолдану да, Сіз атқандай, дұрыс емес, тілімізде, әсіресе құрал атаулары -ғыш/-гіш, -уыш/-уіш жұрнақтары арқылы жасалатыны белгілі. Егер ойын атауы болса – секірме ойыны, ойнайтын құрал атауы болса – секіргіш десе де болар еді. Сол сияқты өткел сөзін – өтпе деп қолдану дұрыс емес деген пікіріңізді қол­даймыз. Бұл қазақ тілін жетік білмейтін, яғни өткел сөзін білмейтін адамдардың сөзі болар.
Ұңғыма сөзінің ұңғы бола алмайтыны – ұңғы сөзі қимылды білдіреді, яғни үңгу, қазу. Зат атауына айнал­дыру үшін -ма/-ме-нің жалғануы заңды. Шанышқы сөзін шаншыма деп қолдану да, Сіз көрсеткендей, дұрыс емес, егер ол орыстың «вилька» сөзінің баламасы болса.
Қазақта көтеріп алу деген тілдік қолданыс бар, сондықтан көтерме сауда деп қолдану дұрыс деп есептейміз.
Хабарлама сөзі қазіргі кезде әртүрлі нұқсада алынып жүр. Хабарландыру – ісқағаздарының термині. Ал көмекші етістік тіркестіріп, қимылды білдіруде хабар жасау дегеннен гөрі хабарлама жасау деген дұрыс болады. Хабар – ақпараттың өзі, ал хабарлама – сол ақпарат туралы халықты құлақтандыруға арналған ықшамдалған, жинақталған, сұрыпталған бөлігі.
Сіз хатыңызда дүниежүзі қабылдаған терминдерді аударуға қарсы екеніңізді білдіріпсіз. Қазіргі кезде тілімізге шеттілдік, орыс сөздерінің дендеп еніп жатқаны ­сон­шалықты, мүмкіндігінше «қарсы тұрып», төл сөздерімізді қолданысқа енгізбесек, тіліміз жаһандық өркениетке жұтылып кеткелі тұр деуге болады. Өзгелер қолданды деп, өз тіліміздің мүмкіндігін қарастырмасақ, шетелдік «қонақ» сөздерден аяқ алып жүргісіз болатын жағдайға душар болатынымыз анық. Сондықтан шеттілдік сөздерді тіл мүмкіндігіне қарай мейлінше балама тауып қолдануға ұмтылу – әрбір қазақ баласының мақсат-мұраты болу керек деп ойлаймыз. Бірі қате болар, бірі дұрыс болар, «көш жүре түзеледі», қатесі өзінен-өзі қолданыстан шығып қалады, дұрыс баламалар тілімізден етене орын алып, сөздік қорымызды байыта бермек. Қашанғы шеттілдік сөздерді қимай, төрімізге шығарып отыра бермекпіз. Келешекте латын қарпіне өту науқанында да шеттілдік сөздерді мейлінше игеру мақсаты қойылуға тиіс.
Сондай-ақ сынып, пайыз, мұражай, мұрағат болып халық арасына кең тарап, сіңісті боп кеткен сөздерді қайтадан класс, процент, музей, архив деп қолданайық дегеніміз дұрыс болмайды. Әрине, қазіргі уақытта бұл сөздер жарыспалы қолданыста. Пианиноны – күйсандық десек, неден ұтыламыз? Музыканың – саз екенін иісі қазақ баласы біледі. Музыкант сөзін сазгер деуде де аса бір қателік бар деп айта алмаймыз.
Құрметті Ораз Жүнісұлы! Сіздің қазақ тілінің бүгінгі жай-күйіне қатысты жанашырлықпен айтқан сын-пікірлеріңіз бен уәждеріңізге тағы да рақметімізді айта отырып, Сіз сияқты азаматтардың қоғамдық құбылыстарға араласып, ой-пікірлерін білдіріп отыруы қуантарлық жағдай деп білеміз.



Баға беріңіз