Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тілден алыстау – ұлттан алыстау…

27.8.2019 135

– Биылғы Тамыз кеңесінің басты жаңалығы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей өзінің қатысуы. Бұл – білім, тәрбие мәселесін мемлекеттік тұрғыдан бүкіл қоғам болып қолға алатын кезеңге келгенімізді білдіреді. Рас, осы жылдар негізінен қазақстандық мектепті қалыптастырудың ізденіс жылдары болды. «Қазақстандық мектеп қандай болуы керек?» деген тарапта көп іздендік. Министрлер тарапынан осы ізденісті жүзеге асыру мақсатында реформалар енгізудегі асығыстық, оны аяғына жеткізбей, орта жолда қалып қоюы, қоғамның толық қолдауына ие болмаған кезең де болды. Сондықтан биылғы педагогикалық оқудың ерекшелігі – аса жоғары деңгейде жас ұрпақ мәселесіне көңіл бөлініп, оның ішінде сапалы білім беруге айрықша назар аударылды.

Президент өз сөзінде бұған үлкен мән берді. Жалпы қоғамның, мемлекеттің дамуының дөңгелегін айналдыратын күш, ол, әсіресе, білім беру саласы. Білім беру саласы мен жас ұрпақ тәрбиесі біздің мемлекетіміздің болашағы деп санасақ, мұғалім, ата-ана және жас ұрпақ, осы үштіктің бірлестігі – қоғамның дамуын алға қарай
дамытушы күш екендігіне баса көңіл бөлді. Мұғалімнің біліктілігіне, өз ісіне жауапкершілігіне тоқталып, түрлі біліктілікті көтеру курстары жоғары жақтың ұйғарымымен емес, мұғалімдердің қажеттілігіне қарай ұйымдастырылуы керек дегенді қадап айтты.
Конференцияда шығып сөйлеушілер тарапынан мұғалім мен ата-ананың бірлестігі жайында сөз қозғалды. Олар ата-ана мен мектептің байланысының нашарлағанын ашық қозғады. Ата-ана қауымдастығы мен мектеп бірлестігінің – білім мен тәрбие мәселесінің негізгі қайнары екендігін айта отырып, осы салада мұғалім мен ата-аналар қауымдастығын құру жөнінде мәселе көтерілді. Түптеп келгенде, ата-аналар мен мұғалімдер қауымының бірлестігі жас ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызды орын алатынын, қазір жасөспірімдер арасындағы әртүрлі қылмыстың көбеюі, зиянды заттарға әуестігі, олардың жас шамасына мән бермей, қолайсыз әрекеттерге баратыны, оның денсаулығына әсер ететіні, тіпті суицидке апаратындығы секілді көп мәселелер ашық айтылды.
Президент білім беру саласын күшейтумен бірге, тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін тілге тиек етіп, қазіргі уақытта тәрбие мәселесі екінші кезекке ысырылып бара жатқанын, біз қазақстандық мектепті құрамыз деп жүріп, тәрбие мәселесін ақсатып алғанымызды айтты. Бұл бүкіл қауым болып ойланатын мәселе. Мәселен, жақында бір баспасөзден биыл Ақмола облысында дүниеге келген әрбір оныншы сәби 15 жасқа толмаған қыздардың перзенті екенін оқып, қатты қиналдым. Статистика бойынша, биыл Ақмола облысында кәмелеттік жасқа жетпеген жеткіншектердің 9214-і, яғни он мыңға жуығы әртүрлі жұқпалы жыныстық ауруларға шалдыққаны айтылған. Бой жетіп қалған қыздар мен жеткіншек жасына жеткен ұлдарға жыныстық тәрбие мәселесінде осалдық танытып, ашық айтпай, жеке сөйлеспей, отбасылық тәрбиенің кемшін түсіп жатқанынан барып, опық жеп жатамыз. Жоғарыда келтірілген мысал – соның бір дәлелі. Мұның бәрі Отбасы институты, Әке мектебі, Ана мектебі, яғни отбасы тәрбиесіндегі құндылықтардың, отбасы тәрбиесіндегі берілетін тәрбиенің, ұлттық тәрбиенің төмендеуінен. «Ұлттық тәрбиенің негізгі көзі, бастауы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірудің бастауы – отбасы» екенін Президент те атап өтті.
Ел Президенті ата-аналарды педагогтардың қызметін құрметтеуге шақырды. Шын мәнінде ата-ана үй-ішінде, отбасында шай ішіп отырып, «мектеп не бітіреді, мұғалім қайда қарап жүр?» деп мектепті, мұғалімді сөгіп, балалардың көзінше үйреншікті сөз айтудың өзі – жас жеткіншектердің психологиясына кері әсер ететінін көп жағдайда ескермей кететіні бар. Ал ата-аналар қауымдастығы мен ұстаздардың бірлестігі, ынтымақтастығы – ұрпақ тәрбиесіндегі ең үлкен күш.
Биылғы педагогикалық-республикалық оқудың ерекшелігі – жаңа реформалар енгізу дегеннен бойды аулақ салып, білім беру жүйесін жетілдіру мәселесіне көңіл аударғаны өте құптарлық жайт. Білім беруде оқулық сапасын жақсарту, мұғалім біліктілігін арттыру, заманға сай инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, материалдық қорға байланысты жайттардың айтылуы, үш ауысымдық мектептерді жою үшін күресу, тіпті 2019-2020 жылдардың ішінде 35 мектеп салу арқылы үш ауысымдық мектепті жою міндеті қойылып, сол сияқты апатты мектептерді жою үшін 7 мектепті жаңадан салу мәселесінің қозғалуы көңілге қуаныш ұялатады.
Үш тілділік жөніндегі мәселеде де Президенттің, министрдің сөзіндегі салиқалы, сабырлы білім беруді жетілдіру мақсатындағы айтылған жоспарлар ойға қонымды. Мәселен, Президент ағылшын тілін екінші тіл ретінде оқытуды 2-3 сыныптан бастауды, тіпті ата-аналардың қалауы бойынша 5-сыныптан бастап енгізуді ұсынды. Министр Президенттің айтқан тапсырмасы басшылыққа алынатынын айтты. Шын мәнінде, барлық ұлттық құндылықтардың қайнары – ана тілінде! Мектепте әлі буыны қатпаған, сөйлеу тілі қалыптаспаған, өз ойын ана тілінде толық жеткізе білмейтін баланы, өзі білмейтін екінші тілмен күштеу – бала психологиясына үлкен соққы. Біздің ана тілінен алыстату арқылы тәрбие мәселесінде ұтылғанымыз осы педагогикалық кеңесте жақсы айтылды. Ана тілінен алыстау деген – ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүрден, ән-күйімізден алыстау.
Ең сүйінші хабар – 2011 жылы көз жазып қалған, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз негізін қалаған «Әліппе» қайтадан оқу жүйесіне енгізілетіні. «Әліппемен» бірге бүлдіршіндердің «Әліппемен қоштасу» мейрамы да қайтады. Бұл – ұлттық негізге бұрылудың бір көзі.
Бүкіл инфрақұрылымдық, озық технология, компьютерлік оқыту, электронды оқыту жүйесінде латын графикасына көшу арқылы біз ана тілімізді дүниежүзілік ғылым деңгейіне көтеруге күш саламыз. Кезең-кезеңімен жүйелі түрде 2025 жылға қарай толық жүзеге асады. Президенттің орта білім беру жүйесін 2025 жылға дейін жетілдірудің стандартын жасау жөнінде тапсырма беруі ел үшін қуанарлық жағдай.
Үкіметке білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 12 жылдық үлгіге асықпай көшірілуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Оқу жүйесі бес күндікке көшірілгеннен кейін, мұғалімдердің жұмыс істеу күні де бес күндікке ауыстырылады. Бұл мұғалімнің ғылыми жобалармен жұмыс істеуіне, біліктілігін дамытуға, отбасы тәрбиесімен шұғылдануына, шәкірттерінің мектептен тыс жүргізілетін мәселелерін кеңінен ойластыруға көп мүмкіндік береді. Сондықтан 2025 жылға дейін 12 жылдыққа жан-жақты дайындықпен көшірілуін қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы – өзекті мәселенің бірі.
Біз «мамандандырылған жұмысшылар жетіспейді, шетелден жұмысшылар келуде, жасөспірімдер мамандық меңгеруде кеш ойланып, тіпті қай мамандықты таңдайтынын ата-ана шешетін болды» дегенді көп айтамыз. Сол тұрғыдан келгенде, кәсіби бағдар беру мәселесін 9-11 сыныпта емес, енді 7-сыныптан бастап оқыту да орынды.
Ауылдық шағын мектептер мәселесі – бүгінгі қоғамның жанайқайы. Мысалы үшін, шекаралық аудандарда мектеп жабылып, ата-аналардың көшірілуі, мемлекеттік шекараны бос қалдыру мәселесіне әкеліп соғуда. Осының бәрі, түптеп келгенде, мектепке байланысты. Шағын мектептердің жағдайы, ондағы білімнің бағдарламаға сай берілуін қамтамасыз ету мәселесінің тілге тиек болуы құптарлық. Осы орайда қала мен ауылдың арасындағы білім берудегі мәселенің кемшіліктерін жою мәселесі орынды қозғалды. Мәселен, педагогикалық қауымның мінберге шығып грант бөлу мәселесінде тіліне қарай емес, білім деңгейіне, білім алған балына қарай бөлінуін қозғауы ой тудырады. Себебі жоғары оқу орнына түсетін гранттарда орыс тілінде оқып шыққан балалар үшін шектік балы төмен, қазақ тілінде бітірген балалар үшін шектік балл жоғары. Сондықтан оқушылар түптеп келгенде орыс тіліне қарай бейім тұратындығы байқалады. Сол сияқты орыс бөліміне грантқа түсіп, үш жылын оқып, соңғы 4-курста жекеменшік оқу орнына ауысып, шетелге кетіп жатқандар бар. Бұлай мемлекеттің ақшасын ысырап етуге жол берілмеу керек. Грантта оқыған жас маман міндетті түрде үш жыл қызмет ету жөніндегі міндеттің қарастырылатынын қос қолдап қолдаймыз. Мұның бәрі жас ұрпақтың, өзімізде тәрбиеленген жас маманның мемлекет мүддесі үшін, Отан үшін жұмыс істеуі қажеттігін көздейді. Ал әлгіндей жағдайда мемлекеттің үш жылында оқыған грантын, ақшаны қайтарасың деп талап ету – өте орынды.
Сөзімді түйіндесем, биылғы педагогикалық кеңес жоғары деңгейде өтті. Ел Президенті бұл жиынға алғаш рет қатысты. Ол ұстаздар үшін үлкен мақтаныш. Осы орайда бұл тамыз мәслихатын болашақты көздейтін жаңалығымен есте қаларлық және білім беру жүйесін дамытудағы сабырлы, салиқалы жаңа бір кезеңге өтудің баспалдағы болды деп санаймын.

Тегтер: қазақ тілі, мемлекеттік тіл, ана тілі, сөз

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

68

ақпарат

Әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге "міндетті" болуы тиіс!

165

ақпарат

"Қазақша жақсы біледі екенсің" деді бір қазақ...

142

ақпарат

"Қазіргі қазақ поэзиясымен тайталаса алар бір жұртты көре алмай отырмын"