Үштұғырлы тіл: Қазақстанда тілдерді оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері хақында

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері әлемдегі көптеген елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрды. Бұл қарым-қатынастың нәтижелі болуынд...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үштұғырлығы туралы алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында айтқан болатын. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Ал 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», — деді.
Тілдердің үштұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаhандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Қазақстанның қазіргі кезеңдегі қарқынды даму жолындағы елді демократияландыру, әлеуметті әлеуеттендіру саласындағы талпыныстары білім беру жүйесін жаңаша өркендетуді, оқыту, тәрбие үрдісін жетілдіруді талап етіп отыр.

Қазіргі таңда білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, тілдің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай тілдерді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «Қазақ тілін оқытудың үздіксіз моделі» атты бағытында балабақша-мектеп-орта арнаулы оқу орны-жоғары оқу орны-жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық деп ұласатын тізбесінде тіл үйретудің жалпымемлекеттік жүйесі қарастырылған.

Қазіргі жағдайда мектептің бастауыш сыныптарында, орта, жоғары оқу орындарының бірінші курсында және ересек адамдарға арналған тілдік курстарда бастапқы деңгейінде тілді еркін меңгерудің алғышарты ретінде лексикалық және грамматикалық минимумы қалыптастырылу қажет. Мұндай тәжірибе әлемде баршылық. Айталық, Жапондарда «Дзёё кандзи», «Кейку кандзи» деген сияқты міндетті тілдік, иероглифтік міндетті минимумдары бар. Білуге тиісті тілдік минимумдарды бекіту Ресейде де қолға алынды. РФ Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 1 сәуірдегі «Шетел тілі ретінде орыс тілін меңгерудің деңгейлері және оның талаптары» атты № 255 бұйрығы бұл елге сырттан келіп жұмыс істейтіндердің орыс тілін білуін міндеттейді. Осы бойынша олар 780 сөз білуі тиіс. Қазіргі халықаралық тәжірибеде, оның ішінде Қазақстанда да танымал болған ағылшын тілін меңгерудің американдық TOEFL және британдық IELTS жүйелері де белгілі бір тілдік минимумды білуді талап етеді. Атап айтқанда, осы екі танымал жүйе ауқымында 650-1000 сөзден тұратын мәтінді білу қажет.

Тіл үйретуде аса қажетті лексиканы таңдаудың ғылыми-әдістемелік дәстүрлері ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан басталады екен. Мәселен, 1921 жылы «Teachers Word Book» атты сөздігінде Ф.Л.Торндайк ағылшын тілінің жиі кездесетін 10 мың сөзін 4 миллион сөздік қолданыстан тұратын әр алуан мәтіндерден жинақтаған екен. 1930 жылы ағылшын жазушысы әрі лингвисі Ч.К.Огден Лондон қаласында ағылшын тілінің негізгі лексикасын қамтыған «Dictionary of Basic English» атты сөздігін шығарады. Бұл сөздік 850 сөзді құраған. Автордың ойынша, осы сөздер қарапайым деңгейде тілдесуге жеткілікті екен. Бұл логикалық және философиялық қағидаттар негізінде құрылған сөздікке 200 нақты зат атауы, 400 жалпы атаулар, сынды білдіретін 150 сөз, автордың қолданысы бойынша «100 сөз – оператор» енгізілген. «100 сөз – оператор» ішіне 18 етістік және басқа сөз таптарының сөздері енгізіліпті. Бір қызығы – Ч.Огден сөздігін зерделеу мақсатында 1943 жылы сол кездегі Ұлыбритания Премьер-Министрі Уинстон Черчилль мен АҚШ Президенті Франклин Рузвельт арнайы комитет те құрыпты. Егер соғыс жағдайында қос империя басшылары осындай шараға барса, онда лексикалық минимумның тіл үйретудегі маңызының айрықша болғандығы. Ағылшын тілінің мамандары бұл сөздіктің бүгінде маңызын жоймағандығын жазып жүр. Бастапқы сөздік қорды қалыптастыруға бағытталған дәл осындай сөздіктер 1930 жылдардан бері әртүрлі авторлар тарапынан дайындалып келеді. Солардың ішіндегі аса танымал болған тәжірибелердің бірі – ағылшын тілін үйренуге арналған Эрих Вайс сөздігі. Ол ағылшын тілін үйрену үшін бастапқыда ең басты 107 сөз қажет деп есептейді. Оның пікірінше, осынша мөлшердегі сөз күнделікті ауызекі тілдің 50 пайызын қамтиды екен. Дегенмен, Ресейлік А.В. Петроченков өзінің Эрих Вайспен келіспейтінін айтып, ауызекі тілде қолданатын сөздердің 50 пайызын қамту үшін 135 сөз керек деп санайды. Оның «135 основных слов английского языка» деген кітабы көрші елде үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге Ресей ғалымдары, әдіскерлері ағылшын тілімен бірге неміс, француз, итальян, жапон, қытай, корей, фин, португал және тағы басқа тілдерді үйренудің лексикалық минимумдары негізінде оқу құралдарын жарыққа шығарды. Осындай мақсатты һәм жүйелі жұмыс біздің елімізде де атқарылу керек. Әлбетте, тіл үйрету әдістемесінің өзіндік бағыттары, тәсілдері бар екендігі белгілі. Олардың қай-қайсы да өз орнында маңызды һәм қажетті. Солардың ішінде қазақ тілінің лексикалық минимумына құрылған бұл бағыт – қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдірудің басты бағыттарының бірі.

Ғалымдардың айтуынша, белгілі бір тілде ең қарапайым деңгейде сөйлеу үшін адамға 400-500 сөз білу қажет екен. Мәселен, 500 сөз дейік. Енді сөздік қоры аса мол қазақ тілінен осы көлемдегі сөзді қалай іріктеп аламыз, соған келейік.


Баға беріңіз