Қазақ тілін оқытудың когнитивті бағыты

Қазақ тілі мұғалімінің педогогикалық мақсаты мен оқушының тілді үйрену мақсаты бір бірімен дәлме- дәл келмеуі мүмкін. Өйткені оқушының тілді үйрену үдерісі өзінің жеке таным әлемінде іске...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

Сондықтан болуы керек қазақ тілі пәні бойынша қалыптасқан тілдік білім тіл үйренушінің белсенді құралына айналмай отыр. Белсенді құрал деген сөзді тек тілдің қарым-қатынас құралы ретінде қызмет ету деп түсінбеу керек. Дайын модельдерді жаттау арқылы да шектеулі сөйлеу жағдаяттарында қарым- қатынасқа түсуге болады. Бірақ ол тіл үйренушіде жүйелі, іргелі ойлау процесінен өтіп, құрылым ретінде қалыптасқан ақпарат, білім қоры негізінде қалыптаспайды. Қысқа уақытқа жадыда сақталған дайын, ойсыз қолданылатын формалар ретінде қолданысқа түседі. Білім алушыда тілдік білім қалыптасуы үшін оның таным белсенділігі арттырып, дайын ақпаратты қабылдаушы ғана емес, ойланушы, сараптаушы тұлғаға айналдыру керек.

Сондықтан оқыту әдістемесіндегі когнитивті бағытты жаңа инновациялық үдеріс деп қабылдамай, табиғи таным процесінің орын алуына мүмкіндік беру деп қабылдау керек. Оқыту тәжірибесі тілді үйретуде адам миында ментальды құрылымдар табиғи түрде құрылғанда белгілі бір нәтиженің болатынын көрсетіп отыр. Ал егер миға дайын құрылымдарды ғана ұсынатын болсақ, оның тежеуіш реакциясы басым болады (Карасик, 2002; Зимняя,2010)

Алайда тәжірибеде мұғалімдер мұндай әдістерді қолдануды қолдамайды. Олардың ойынша, сатылы жұмыс түрлерін орындап отыруға уақыт керек. Ал баланың өзіне зерттеу жұмысын жүргізіп отыруға сабақ уақыты жете бермейді. Сабақ уақыты дағды мен іскерлік түрлерін қалыптастыруға жұмсалуы керек. Шындығында, егер бала алғашқы сабақтарда-ақ тіл туралы өз түсінігін, концепциясын құратын болса, әрине, оған үлкен уақыт керек. Алайда келесі деңгейлерде жаңа материалдарды меңгерту, тіл туралы жаңа мәліметті ұсыну көп уақыт алмайды. Өйткені жаңа мәліметтер қалыптасқан білім негіздеріне сүйенеді де, баланың оны түсінуі, қабылдауы қиындық туғызбайды.

Сондықтан тіл туралы білімді ақпарат ретінде ұсынбай, баланың дербес ізденісі мен ойлауының нәтижесі ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін оқыту әідстемесін құру керек.

Қазақ тілі сабағында тіл бір жағынан қарым- қатынас құралы және үйрену обьектісі болып табылады.

Когнитивті ұстаным оқыту әдістемесіне енгенде, адамның әлемді тану механизмін басшылыққа алады. Яғни адам сыртқы дүниеден ақпаратты қалай алады, қалай оны қорытады? Қалай білім ретінде жинақтайды? Бұның бәрі адам миында жүзеге асатын процестер. Адамның ақпаратты қабылдауы , өңдеуі, сақтауы - өз заңдылығы бар процесс. Адамның сыртқы дүниені қабылдау модельдерін шартты түрде қалпына келтіру негізінде тілді оқыту әдістемесін де модель түрінде жүйелеуге болады. Когниция немесе таным процесі қабылдау, көңіл аудару, жадыда сақтау, әрекет, шешім қабылдау, елестету сияқты компоненттерден тұрады. Қазақ тілі грамматикасын ұсынуда осы таным процестерінің өту механизмін басшылыққа алу керек.

Тілді оқытудың когнитивтік – психологиялық концептілері

Оқытудың ассоциативтік теориясы

Ассоциация дегеніміз байланыс. Оның негізін салғандар Дж Локк, Я.А.Коменский. Адамның сезімдеріне,көрнекі қабылдауға негізделеді. Оның бірнеше кезеңдері бар:

  • Бірінші кезең: жеке, изоляциядағы білімді алу;
  • Екінші кезең: жеке жүйелі байланыстың орнауы;
  • Үшінші кезең. жүйеішілік, пәнішілік байланыстардың орнауы
  • Төртінші кезең пәнаралық, жүйеаралық байланыстардың орнауы

Білімді меңгеру, оқу материалын меңгеру дегеніміз әртүрлі деңгейдегі ассоциациялық байланыстардың орнауы болып табылады. Ассоциация ойлауға құрылады. Ал ол үшін білім алушыға қажетті ақпараттар жеткілікті берілуі керек. Және берілетін ақпаратты қабылдайтындай білім қоры немесе база болуы керек. Онсыз негізді ойлау, нәтижелі білім қоры қалыптаспауы мүмкін. Сондықтан берілетін материал:

  • қолжетімді
  • логикалық байланысты
  • дұрыс қабылдануы
  • білімді белсендіруі тиіс.

Оқытуда гештальт теорияны пайдалану керек. Ол бойынша білімді ұсыну, қабылдау, білімді игеру тұтастық сипатқа ие жүйе ретінде қаралады. Гештальт теория білімді жүйелі құрылым ретінде қарастыруды, берілетін ақпаратты үзік бөліктер түрінде емес, тұтас жүйе ретінде қалыптастыруды талап етеді. Сонда құбылыс туралы білім алушының санасында жүйелі, тұтастық сипатқа ие білім қоры қалыптасады. Адам танымы бөлшектерді қабылаудан гөрі тұтастықты құруға, оны қабылдауға бейім. Ол берілген ақпараттан маңызды және маңызды еместі жіктеуге, топтастыруға бейім тұрады. Тұтастықты іздеуде, қалыптастыруда адам ойлауына тән ассоциативтік байланыстар орнату жатыр. Ол ассоциативті байланыстар орнатуда ұқсастықтар мен айрымашылықтарды анықтау немесе ұқсату процестері жатыр.

Оқытудың концептуалдық моделі

Берілетін ақпарат тірек ұғымдар негізінде диаграмма немесе сызбалар түрлерінде берілсе, білім алушының жүйелі әрі ұзақ уақытқа жадыда сақтауын көмектеседі. Сызбалар ақпараттың көшірмесін жадыда сақтауға және қайта жаңғыртуға ықпал етеді.

Когнитивтік бағыттар

Бұл бағыт Ж.Пиаже, Л.С.Выготскийдің теорияларына негізделеді. Ж.Пиаже адамның когнитивті механизмдері екі әрекетке негізделген деп есептейді. Ол адамның сыртқы өмірге бейімделуі. Ассимиляция – жағдайларды ескі сызбаларға икемдеу, аккомодация- адамның ескі әрекеттерді жаңа жағдайға икемдеуі. Осы екі процесс арасындағы тепе-теңдікті сақтауды Ж.Пиаже дамудың көзі деп есептейді. Басқа сөзбен айтқанда, тәжірибе жинау, өзара әрекеттесу танымды дамытатын, сонымен байланысты тұлғаны дамытатын процестер болып табылады.

Тілді оқытудағы когнитивтік бағыт тілді үйренудің ең тиімді нәтижелі жолын ұйымдастыруды мақсат етеді. Тілді үйрену үдерісі де таным процесіне сай ақпаратты талдаудан, орналастырудан, жүйелеуден, қолданудан, автоматизмге жеткізуден тұрады. Психологтар тілді меңгеруде ішкі танымдық процестер болады деп есептейді. Адамның туған тілін меңгеруі сыртқы дүниені танумен қатар жүреді. Тіл әрі танытушы, әрі таным обьектісі ретінде екі қызмет атқарады. Ал екінші тілді немесе шет тілін меңгеруді туған тілді меңгертуші табиғи процеспен салыстыруға болмайды. Мұнда саналылық компоненті басым болады. Сондықтан екінші немесе шет тілін меңгергенде, тілдің жүйелі, құрылымдық сипаты грамматикалық категория ретінде балаға бірден ұсынылуы керек .

Оқушы өз туған тілінің грамматикалық құрылымын бірден түсініп қабылдап кетпейді. Ал туған тілі туралы білімі оның екінші тілді меңгеруіне негіз болады. Өйткені оқушыда тіл туралы жалпы түсінік болады. Екінші тілді үйрену барысында оқушыда қайшылықтар туады. Ең басты қайшылық таным процесі мен тілді меңгеру процесі туған тілді меңгергендегідей қатар жүрмейді. Бұл қайшылықты шешуге мұғалім тікелей қатысуы керек. Бұл мұғалімнен әдістемелік дұрыс ұстанымды керек етеді. Тіл туралы түсінік те табиғи жолмен іске асады.


Баға беріңіз