Әртістердің теледидарды жаулауына журналистердің өздері кінәлі – О.Асанғазы

​Дәл осылай Мәдениет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы  жуырда өткен брифингте айтқан болатын.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

14 қазан, 2016

-Қазақ тілінің дамымауына, мемлекеттік тілдің мемлекеттік қызметте тұрақты қолданылмауына, қажетті құжат беттерінен тек қана аударма түрінде көрініс табуына ешкімді кінәлап, ренжудің қажеті жоқ. Оның артында өзіміз тұрмыз. Қай жерге барсақ та, қай жерде қызмет жасасақ та, туған тілімізді тұрақты қолдануымыз қажет. Әсіресе, мемлекеттік қызметте әріптестермен байланыс орнатқанда, белгілі бір мекемеге хат жазғанда, мемлекеттік тілді бірінші қолдануға тырысқанымыз жөн. Бұл күнде қандай болмасын халыққа қызмет көрсететін орындарға бас сұға қалсаңыз, ақпарат орыс тілінде болады. Егерде сол мекемеге ісіңіз түсіп, қажетті құжаттарды толтыру керек болса, қазақ тілінде үлгі таба алмайсыз. Мінекей, осындай жағдайға жиі ұшырасып жатамыз. Ал егерде сіз сол қазақ тілінде жазылған үлгіні талап етіп, өз сөзіңізден танбай тұрып алсаңыз, әрбір мекеме қазақ тіліндегі үлгіні сізге дайындап береді. Бұрын-соңды ол жерде қазақ тілінде құжаттар болмаса, осыдан кейін құжаттың қазақ тіліндегі үлгісін таба аласыз. Сол себепті талап етуді күшейткеніміз абзал.

Қазіргі таңда қазақ журналистерінің қорқақ болуына жол жоқ. Мемлекеттік тіл үшін қаншама рет таяқ жесең, соншама рет халықтың алдында қаһармансың, сондықтан ана тілің үшін күрес, батылдық таныт. Батылдық танытпауларыңыздың салдарынан әртістердің жартысы дерлік, орындарыңызды басып жатыр. Мұндай жағдайға жол бермеулеріңіз керек. Қазақтілді аудиторияны көбейту сіздердің қолдарыңызда, - деді Оразкүл Асанғазы.


Баға беріңіз