Әдістеме туралы түйгеніміз немесе мәскеулік әдіскер тәжірибесі

Қазақ тілін оқытудың жаңа бір жүйесін іздеу, зерттеу, тәжірибеге енгізу сияқты маңызды мәселелер бүгінгі күні өзектілік танытуда. Себебі,мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде, оны барлық сала...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 қазан, 2016

Жоғарыда айтылған, яғни, белсенді лексикаға құрылған әдістеме қазіргі кезеңде кең таралып келеді. Солардың бүгінде бізге ең белгілісі – ресейлік әдіскер Дмитрий Петровтың «Полиглот» бағдарламасы арқылы танылып жүрген жобасы. Ресейдің «Россия. Культура» телеарнасында тұрақты түрде көрсетіліп жүрген бұл бағдарлама тіл үйренудің жаңаша модельдерін ұсынуда. Егер бұл әдіскер ұсынып жүрген осы модельге назар аударсақ, онда осы әдістеменің негізіне ең жиі кездесетін лексиканыңалынғанын байқар едік. Осы ерекшелікке телеарнадан танып жүрсек, енді сол белгілі әдіскердің Астана қаласында ұйымдастырылған семинарына қатысу барасында тағы да көз жеткіздік. Әлбетте,қазақ тілінің күнделікті жиі қолданылатын лексикалық минимумынан құрылған,бірегей әдістеме дайындап жатқан біз үшін қызықты, жаңа әрі басқаларына ұқсамайтын әдістеменің авторы Дмитрий Петровты теледидар мен интернет арқылы ғана емес, енді, міне,тікелей өзінен үйренудің сәті түскені біздің әдістемелік идеяларымызға жәрдемін тигізді. Жалпы бұл 2016 жылдың маусым айының 6-9 күндері елордамызда өткізілген Дмитрий Петровтың «Тілдерді жеделдетіп меңгерудің психолингвистикалық әдістері» атты төрт күндік семинар-тренингі тіл үйретудің мазмұны мен құрылымының ішкі бірлігін, өзара сабақтастығын осы салада жүрген біз сияқты мамандарғажете ұғындырды. Мұндағы мазмұны деп отырғанымыз олкүнделікті жиі қолданыстағы белсенді лексика, ал құрылымы дегеніміз осыны әдістемелік тәсіл негізінде белгілі бір оңтайлы, тиімді кесте арқылы ұсыну. Соның нәтижесінде, ресейлік әдіскер тіл үйренушілерге ағылшын тілінің грамматикасын түсінікті формада кестетүрінде түсіндіріп, әлбетте, қиындығы аз болмайтын тіл меңгеру сияқты күрделі үдерістің оңай әдісін және оныңқыр-сырын жан-жақты ашып берді.

Нәтижесінде, тілдік тосқауылдары бар, ағылшын тілін мүлдем білмейтін ұлты, кәсібі, ақыл-ой деңгейі әртүрлі бір топ азамат ағылшын тілінің базалық білімін игеріп, ауызекі тілде сұхбаттасуды үйреніп шықты. Осы аз ғана уақыт ішінде бұл әдістеме сан алуан психологиялық кедергілерді жеңуге көмектесіп, тілдік нормаларды еркін игеруге мүмкіндік берді.Ал студент кезімнен ағылшын, француз, қытай тілінің базалық деңгейін меңгерген мен үшін ілгерінді тәжірибесі мен айтарлықтай нәтижесін көрсеткен осындай әдістемелік құрылымның тілдік білімді игеруге өте қолайлы екені нақты мысалжүзінде түсініктіболды.

Қатысушылар үшін аса тиімді, пайдалы болған семинардан кейін әрине, біз бұл әдістеменің ерекшелігі жөнінде тағы да ойландық. Және оны табу бізге аса қиындық әкелмегенін де айтуға тиіспіз. Себебі Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы 2015 жылдың қазан, қараша айларынан бастап қазақ тілін үйретудің лексикалық минимумы бойынша жұмыстар жүргізіп, соның негізінде «Қазақ сөзі» атты жоба дайындауда. Осы жобаны жүзеге асыру барысында біз ең жиі қолданылатын сөздерді, сөз тіркестерін игертудің алуан түрлі тәсілдерін саралап, олардың ең тиімділерін таңдауға тырыстық. Д.Петровтың әдістемесіндегі негізгі ерекшелік те осындай тиімді жүйені таңдаумен тікелей байланысты екендігін ескерсек, біз тіл үйретуде мәскеулік әдіскердің тәсіліне жуықтағанымызды да ұғындық. Әрине,ағылшын тілінің ішкі лингвистикалық табиғаты мен қазақ тілінің өзіндік табиғатының арасында түбірлі айырмашылықтар бар екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан біз Д.Петровтың әдістемесін солайымен көшіріп алуды насихаттамаймыз. Мұндағы мәселе - әр тілді үйренудің реті және соған сай тәсілдер жүйесі болатыны белгілі. Сондықтан да баршамыз қазақ тілін меңгертудің осындай тиімді жүйесін табуға және оны қолдануға атсалысқанымыз жөн. Д.Петров өткізген бірнеше күндік семинар тілді үйренуді оңай және оңтайлы, ең бастысы шынайы нәтиже берерлік мысалын паш етті. Сондықтан әдістеме саласындағы баршамыз осындай оңтайлы әдісті қалыптастыру амалдарын жасағанымыз жөн. Сонда тіл үйрету нәтиже бермек. Д.Петровтың тіл үйрету әдістемесіндегі және бір жақсы, тиімді жағдай – оның тіл үйренуші аудиториямен еркін диалогқа баруында, мәселені күрделендірмей мейлінше оңай, тиімді түсіндіріп және соған тіл үйренушілерден жауап ала білуінде. Яғни, бұл мәскеулік әдіскер тіл үйренудің тек лингвистикалық материалды игерту ғана емес, оныңпсихологиялық тұстарын да шеше білуінде. Өйткені тіл үйрену барысында адам өзі соған еркін түрде ашылып, бойындағы психологиялық кедергілерді жеңе алуы керек, әрине, осы тұста оған оқытушы көмекке келіп, осы кедергіден өтуіне қолұшын береді. Мұның барлығы тіл үйрету әдістемесінің қажетті құрамдас бөліктері. Сондықтан бүгінгі күнде мемлекеттік тілді үйретуде біз тіл үйретудің психолингвистикалық мәселелеріне де қанық болғанымыз дұрыс. Себебі, адам өзіне беймәлім әрекетті үйренгенде бойындағы сенімсіздікті жеңуі қажет. Д.Петров әдістемесіндегі және бір атап өтерлік ерекшелік бірінші сабақтан бастап тіл үйренушілерді коммуникацияға бейімдеу, яғни, тіл үйренушілерге сол тілдің алғашқы сөздерін, сөз тіркестерін, тіпті сөйлемдерін игертуӘрине, біз бұл арада дәл осы әдістемелік ерекшелікті Д.Петров алғаш рет қолданды дей алмаймыз. Мәселе, мәскеулік әдіскердің қай тіл үйретсе де осы тілдік әрекетке аудиторияны бірден бейімдеуде. Яғни, бұл әдіскердің тіл үйренушіні бастапқы сабақта-ақ тілдік әрекетке бағыттауы. Біз көбінесе сол бастапқы сабақтарда көбіне көп жаттанды нәрселерге шамадан тыс уақыт арнаймыз да, сол арқылы тіл үйренушіні жалықтырып та аламыз. Жалыққан адамнан құлшыныс тууы екіталай.

Тіл үйрету үдерісінде күнделікті жиі қолданылатын лексиканы анықтап алу және осы ауқымды меңгерту – бірнеше әдістемелік ілгерілеуге қол жеткізеді.

Біріншіден,тіл үйренушінің ең қажетті лексикасын меңгеруіне мүмкіндік туғызады, яғни, біз тіл үйретудің бастапқы сатысында оның жадын пассив сөздермен толтырмай, қарапайым қажеттілігін қанағаттандарамыз;

Екіншіден, осы лексикалық минимумды игерту мақсаты бізді әдістемелік тәсілдерді тиімді қолдануға, сол ең қажетті сөздер ауқымында ғана оңтайлы тәсілдерді табуға және оларды үйрету үдерісіне қолдануға, айналып келгенде әдіскердің шығармашылық шеберлігіне мүмкіндіктер туғызып, жалпы тіл үйрету әдістемесінің жаттанды шеңберден шығуына, сондықтан оқытушы мен әдіскердің өсуіне оң ықпалын тигізеді.

Үшіншіден, жөнімен таңдалған әдістемелік қадам одан ары қарай іштей жетіліп, дами түседі. Қазақ тілін үйрету әдістемесі мысалында айтар болсақ, онда тілімізді меңгертудің әдістемесі бүгінгі күннен анағұрлым дамыған сатыға көтеріледі.

Әрине, тіл үйрету әдістемесі алуан қырлы, сан тарапты, үнемі жетілдіруді қажетсінетін шығармашылық мүмкіндіктері мол сала. Сондықтан да біз нені үйретуіміз бен қалай үйретуіміздің өзара берік байланысын, жанды сабақтастығын танып, жақсылып зерттеп барып, тіл үйренушілерге ұсынсақ, онда әлбетте, баршамыздың атқарып жүрген жұмысымыз да нәтижесін бермек.


Баға беріңіз