Мен классикалық көшпелі өмір салтын көрген жалғыз адаммын

Ақселеу Сейдімбеков жайлы бір үзік сыр және Қарағанды облысында өткен "Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің облыстық әдеби-шығармашылық байқауы" туралы
Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 қараша, 2016

«Ақселеу Сейдімбек өзінің "Күй шежіре" (1992) атты кітабында былай деген болатын: "Өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан, азапты өмірді тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберуіміз қажет-ақ". Бұл сөз оның өмірі мен шығармашылығының бағдарламасы іспеттес». Қ.Салғараұлы.

Қарап отырсақ Ақселеу Сейдімбек бүкіл саналы ғұмырын елінің ертеңі үшін сарп еткен. Мұндай көзсіз ерлікке, туған жерін, атамекенін, халқын, елін шын жүрекпен сүйген адам ғана бара алары сөзсіз. Жастық шағынан бастап жанкештілікпен еңбекпен дос болған. Әрбір секундтың қадірін білу, сезіну деген осы. Қара бастың қамын ойлаудан аулақ, не істесе де, не жазса да халқы үшін, жалпы адам баласы үшін жазған. Нағыз бақыт - осы болар.

Ақселеу абыз өмірден өткенде Ғалым Жайлыбай өз ағасымен былайша қоштасқан екен:

Қош бол, аға!

Асығыстау қоштасты да өмірмен,

Бір жұлдызым ағып түсті көгімнен.

...Қорқыт баба қобызы боп күңіреніп

Тәттімбеттің күйлері боп төгілген.

Дараның да дарасы едің, ағасы,

Қамқа тонның жағасы едің, ағасы.

Қадір түні қадірлісін ап кетіп,

Күңіренеді бар қазақтың баласы. деп бастап,

Тірілердің рухына тұғырсың,

Ертегідей есте қалар ғұмырсың.

Бар қазақты құшағыңа сыйғызып,

Ұлтым - деген, Жұртым - деген бір ұлсың. деп жалғай келе,

Қалам алып бетбақ жонның шетінен,

Күңгір-күңгір күмбез іздеп кетіп ең...

Абыз дала Аңыз дала перзенті,

Алдыңызды жарық қылсын, өтінем.. деп түйіндеген.

Ақселеу Сейдімбектің қадір түнінде фәниден бақиға аттанғаны туралы айта келіп, елім деп еңіреп өткен асыл азаматтың шынайы азаматтық тұлғасын көркем суреттеген. «Қасиетті Рамазан айында бақилық болғандар жұмаққа барады» деп айтушы еді. Жаныңыз жәннәтта болсын!

Қасиетті сөз өнеріндегі, ғылымдағы үзеңгілесі Мырзатай Жолдасбеков:

«Сонау шалғайда, далада туып, жастайынан жетім қалып, білім алып, кемеліне жетіп, бүкіл елін танып, елдің Ақселеуіне айналды. Жұрт ардақтап Аха деуші еді. Байғозы бабасының ауызынан түскендей, сом денелі, батыр тұлғалы болатын. Жа- ратылысы, пішімі мол еді. Туған жердің төрінде алшаң басып жүруші еді. Ақселеу кеткелі ортамыз ойсырап қалды. Ақылман еді. Шешен де еді, көсем де еді, Ақселеу. Сөйлесе сөзді түбінен тартушы еді, айтса жұрттың көкейіндегісін табушы еді! Өмір бойы тірнектеп жинаған қазақ шежіресі ту- ралы кітабын аяқтағанда: «саусағым жау- ыр болды, қағазға да беттемей қалыппын Дегені де есте. Иә, Ақселеу саусағы жауыр болатындай, қағазға да, қаламға да беттей алмайтындай қыруар еңбек бітірді». Деп күңірене еске алады.

Осы жерде қазақ әдебиетінің аспанында жарқ етіп, аққан жұлдыздай өте шыққан Сұлтанмахмұттың мына сөздері еске оралады.

«Жұмасына екі ғана обед етем (ет татам). Құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным - ала қағаздың беті... Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да, көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ».

Сабақтастық деген осы болса керек. Ақселеу абыз да Сұлтанмахмұт сияқты қазақты бар болмысымен сүйген жан.

Сөздің реті келгенде Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығына қысқаша тоқталып өтсек:

Ақселеу Сланұлы Сейдімбек Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу аулында 1942 жылы 12 желтосанда дүниеге келген. Әкесі Слан Екінші дүниежүзлік соғыста қайтыс болып, әкесінің ағасы Аманбектің тәрбиесін көріп өскен.

1959 жылы Жаңаарқа ауданының орталығында №1 қазақ орта мектебін бітірген соң, комсомолдық жолдамамен Қызылтау, Ақтау кендшарының мал шаруашыльнында үш жыл еңбек етеді. Акселеу Сейдімбектің өскен ортасы, әсіресе, аудан орталығынан шалғайдағы мал шаруашылығында еңбек еткен жылдары оның сана-сезімін қалыптастырған, ел өмірінің дәстүрлі болмысына көз қанықтырған, тіптен болашақ шығармашылық ізденістеріне түбегейлі ықпал еткен тағдыр-талайлы жылдар болған.

Тарихтың әр қилы кезеңінде әлеуметтік-саяси ахуалмен тағдырлас ұрпақтың қалыптасып отыруы табиғи үрдіс. Екінші дүниежүзлік соғыстың аласапыранынан кейінгі әлеуметтік ауыртпашылық жылдарында қазақ ауылдары төрт түлік малдың сүмесімен күн көруге мәжбүр болды. Сөйтіп, әлі де болса этностың жадынан көмескіленіп үлгермеген көшпелі өмір салттың шаруашылық-мәдени жүйесін қазақ ауылдары өзде- рінің әлеуметтік өмірлеріне негіз етті. Сол өмір салтпен өзектес дәстүрлі мәдениет те үзілмей сабақтасып, өмірдің алуан арнасында көрініс тауып отырды. Міне, осындай тарихи - әлеуметтік ахуалда, дәлірек айтқанда XX ғасырдың 40-50-60 жылдарында дәстүрлі тәлім-тәрбие көрген, болмыс-бітімі ұлттық қасиеттерге мейлінше қанық ұрпақ қалыптасты. Бұл ұрпақты қазақ даласында үш мың жылдай дәурен сүрген көшпелі өмір салттың сүт кенжесі деуге болады.

Қ. Ақселеу Сейдімбектің мал шаруашылығында еңбек еткен жылдары жазған мақалалары, өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде, республикалық "Қазақстан пионері" газетінде жарияланып тұрды. Бұл ретте, оған ақыл-кеңес беріп, шығар- машылық жолды таңдауына әсер-ықпал еткен адам - сол кезде аудандық газетте қызмет атқарған белгілі жазушы Асан Жұмаділдин болды.

Ақселеу Сейдімбек университетті бітірген соң, 1968-1987 жылдар аралығында облыстық және республикалық баспасөз орындарында әдеби қызметкер және меншікті тілші ("Лениншіл жас" - "Жас алаш"), жауапты хатшы ("Орталық Қазақстан"), әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі ("Социалистік Қазақстан" - "Егемен Қазақстан"), бас редактор ("Білім және еңбек" — "Зерде" журналы және "Әлем" альманағы) болып қызмет атқарды. Бұл жылдар оның ел өміріне белсене араласқан, жетістікке де, кемшілікке де шырылдап үн қосқан, әсіресе, ел жадындағы рухани қазыналарды жаңаша парықтап, оған құныға ден қойған, сөйтіп ұлттық мәдениетке қатысты эмпирикалық материалдармен қоржынын тоғайтқан кезі еді.

Баспасөз беттеріндегі күн құрғатпай жарияланып жататын мақалаларына қоса, бұл жылдары Ақселеу Сейдімбектің әңгімелері мен повестері "Ақиық" (1972), "Қыр хикаялары" (1977), "Тауға біткен жалбыз" (1979), "Аққыз" (1981) деген атпен, очерктері "Кеніш" (1979), "Серпер" (1982) дегенатпен жеке кітап болып жарық көреді. Ұлттық-этнографиялық бояуы қанық әңгімелері мен повестері орыс, қырғыз, өзбек, эстон, чех, неміс, ағылшын тілдеріне аударылады. "Кеніш" кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының лауреаты болып, бірінші сыйлықпен марапатталады. Оның 1981 жылы жарық көрген "Күңгір-күңгір күмбездер" атты ғылыми-көпшілік кітабы қазақтың дәстүрлі мәдениетін өзінің төлтума қалпында біртұтас құбылыс ретінде қарастыруымен, тарихи- этнографиялық дерегінің молдығымен, әсіресе, ұлттың рухани әлемін парықтаудағы тың тұжырымдарымен оқырман назарын аударған еңбек болды. Бұл кітап 1985 жылы "Поющие купола" деген атпен Е. Қажыбековтың аударуында орыс тілінде жарық көрді. Әлем әдебиетінің әйгілі туындысы, Гомердің "Илиада" және "Одиссея" атты эпикалық поэмаларын қазақ оқырманына таныстыруға алғаш талпыныс жасаған адам—Ақселеу Сейдімбек. Гомер поэмаларының қара сөзбен әңгімеленген нұсқасын ол қазақ тіліне аударып, бұл еңбегі 1974 жылы жеке кітап болып жарық көреді. Бұл аударма оқырман қауымның, әсіресе, оқушылар мен студенттердің сұранысына ие болып, үлкен тиражбен бірнеше рет қайта басылып шығады.

Ақселеу Сейдімбектің азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы — оның жалтақсыз ұлтжандығы. Бұл ұлтжандылық - әйтеуір бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадыр-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығармашылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, бұрын із түспеген соныға құлаш ұрып, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе, халық мұрасының еленбей жатқан қырларын түгендеп отыруға айырықша құштар. Оның шығармашьшық және ғылыми еңбегінің бедерлі тұстарын былайша саралауға болады: бұрын жиналмаған да зерттелмеген қара өлең мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді; алғаш рет қазақ эпостарының қара сөзбен насихатталуына мұрындық болды; алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырманына таныстырды; алғаш рет тарихты жеке тұлғалар арқылы зерделеу идеясына ден қойды; Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті; сөйтіп, көшпелілердің төлтума мәдениеті деген категориялық ұғымның орнығуына тегеурінді үлес қосты; қазақтың музыкалық мәдениетінде бес мектептің барын алғаш рет саралап танып, олардың даралық сипаты мен типологиялық тұтастығын айғақтап берді; қазақтың ән өнерінің тарихи-эстетикалық қасиетін алғаш рет кешенді қалпында танытуды мақсат еткен телехабарлар сериясын (8) жасады; әр қилы пікір-бағаға қарамастан халық мұрасы ретінде алғаш рет қазақтың бейпіл сөздерін жинап, оның ғылыми басылымын жарыққа шығарды; белгілі тұлғалар өмірінің ғибратты сәттерін жинақтауға себепші болған "Деген екен" айдарын бастап берді. Сөз жоқ, мұның бәрі де халықтың рухани дәулетін сабақты жібіне дейін түгендеуді мұрат тұтқан ұлтжанды азаматтың қам-харакеті екені кім-кімге де күмән келтірмесе керек. Осындай қасиеттерінің арқасында оның есімі халық арасында айырықша құрметке ие.

Ғалым-этнограф 2000 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры болып еңбек етті. 2009 жылы 16 қыркүйек күні өмірден өтті.

2014 жылдан бері Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің облыстық әдеби-шығармашылық байқауы өткізіліп келеді.

Байқаудың мақсаты: мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиет пен көсемсөз жанрын жандандыру, өзіндік жазу өрнегі бар жас ақындар мен жазушыларды, көсемсөз шеберлерін анықтау, шығармашылығымен танылып жүрген жастарға қолдау көрсету, ұлы дала тарихы мен мәдениеті, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық болмыс мәселелеріне арналған шығармаларды насихаттау.

Аталмыш байқау дәстүрлі түрде биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 2014 жылы – 30 жұмыс тапсырылып, А.Сейдімбеков атындағы арнайы жүлде – Серік Сағынтайға табысталса, 2015 жылы 38 жұмыс тапсырылып, А.Сейдімбеков атындағы арнайы жүлдеге Қабидолдин Рауан ие болған.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан, Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің (қазақ және орыс тілді) облыстық әдеби-шығармашылық байқауы биыл да ұйымдастырылды.

Байқауға Қарағанды облысының Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Приозерск қалаларынан, Жаңаарқа, Абай, Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Шет, Нұра, Ұлытау аудандарынан және Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дан, ҚарМТУ-дан, «Болашақ» академиясынан, Қарағанды гуманитарлық колледжінен, Саран гуманитарлық – техникалық колледжінен, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктен, БАҚ-тың тілшілері, мұғалімдер, мектеп оқушылары, т.б. 16 мен 35 жас аралығындағы барлығы 65 үміткер поэзия, проза, көсемсөз жанрларында шығармаларын тапсырды. Оның ішінде поэзия жанры бойынша – 36, проза жанры бойынша – 12, публицистика жанры бойынша – 17 шығарма ұсынылды.

2016 жылдың 14 қарашасында өткізілген іріктеу кезеңінде әділқазылар алқасының мүшелері әрбір ұсынылған шығарманың тақырыбы жағынан байқау шартына сәйкестігін, идеялық мазмұны, көркемдік сапасына, автордың сөз саптау мәнері, стильдік ерекшелігіне назар аудара отырып, өте-мөте әділдікпен, қырағылықпен, жүректерін қолдарына ұстап отырып 18 қарашада өтетін ақтық сынға қатысатын 10 үміткер іріктеп алынды.

Ақтық сында әділқазылар алқасының мүшелері оза шапқан жүлдегерлер мен байқау жеңімпазын анықтап, жүлделер үлестірді.

Байқау жеңімпаздары дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарды марапаттау 2016 жыл 18 қараша күні «Достық үйі» ғимаратында болып өтті. Әділ-қазылардың бірауызды шешімімен, аталмыш сөз бәйгесіне публицмистика жанры бойынша қатысқан облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы Қуаныш Аманқұлов А.Сейдімбеков атындағы арнайы жүлдеге (бас жүлде) ие болды. Қуанышқа жүлдесі құтты болсын дейміз.

Поэзия жанры бойынша І орынды Мақсат Күземхан жеңіп алса, ІІ орынды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, Нұрдос Кәрім қанжығасына байлады, ал ІІІ орынға әділ-қазылар жас ақын Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің филология факультетінің 2 курс студенті Бек Ноғайбайұлын лайық деп тапты.

Проза жанры бойынша І орын шыңында Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 3 курс студенті Демеу Ақмарал көрінсе, ІІ орын биігін Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылынан келген мұғалім Құмай Ақан бағындырды, ал ІІІ орын мінберін Шет ауданы, Кеншоқы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Балшекер Иргимбаева місе тұтты.

Публицистика жанры бойынша І орынды «Арқа ақшамы» газетінің жауапты хатшысы Ерболат Қуатбеков иеленсе, ІІ орынға Жаңаарқа ауданы Ынталы ЖОББМ 11-сынып оқушысы Ақмаржан Қамиева лайық деп табылды, ал ІІІ орынды облыстық Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Гәкку Медеубаева иеленді. Ал Астана қаласынан арнайы келген А.Сейдімбековтың інісі Асылхан Сейдімбеков ағамыз бастап келген Сейдімбековтар отбасының тағайындаған арнайы жүлдесіне 65 үміткер арасынан Қанафин Нұрқанат лайықты деп танылды.

Ақселеу Сейдімбек «Жұлдыздар отбасы» журналының редакторы Жарылқап Қалыбайға берген сұхбатында былай деген екен:

«Бүкіл Моңғолияда, Қытайда, Өзбекстанның Қарақалпақстан жағында мал жайылым шаруашылығына көшкенде тек қана менің ауылым классикалық көшпелі өмір салтын сақтап қалды. Мен өзімнің қатарларымның ішінде, бәлкім, қалам ұстап жүрген, этнографиямен айналысып жүрген адамдардың ішінде классикалық көшпелі өмір сал-тын көрген жалғыз адаммын». Бізге де Ақселеудей тарланның ізімен жүру нәсіп етсін!

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын! Сіздің еліңіз үшін еткен ерен еңбегіңіз сізді ешқашан өлтірмек емес...

Жәлел ШАЛҚАР

Қарағанды қаласы


Баға беріңіз