Әліпби жайын сараласақ

Әліпби – халықтың рухани болмысын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Демек, ол бір топтың, жекелеген қайраткерлердің еркімен немесе басқалардың ықпалымен шешілетін дүние емес. Елімізде латы...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

11 мамыр, 2017

1919 жылы ағарту ісі жөніндегі халық комиссары А.В. Луначарский: «…барлық осы елді мекендеп отырған халықты жаппай латын әліпбиіне көшіру қажет» дегенді айтқан болатын. Осы пікірге орыс сөзін қолдаушылар қоғамы бірден қарсылық көрсетті. Сол кездегі билікке жеткен Кеңес үкіметі латын әліпбиін тездетіп енгізбеу жағында болды. Осы уақытта жаңа бағдардағы мемлекет құрып жатқан Түркияның латынды қабылдауы жаңа Кеңестік өкіметке ұнамады. Олар бірден комиссия құрып, сол арқылы «латын әлібиіне көшіру шетелдіктерге орыс тілін үйретуді қиындатып жібереді» деген мәлімдеме жасады. Сөйтіп, орыс әліпбиін латынға ауыстыру бастамасы көтерілмей жатып, тұйықталып қалды.

1926 жылы Баку қаласында тұңғыш рет Бүкілкеңестік Түркологияның съезі өтті. Бұл жиынға әр елден 131 делегат қатысты. Қазақ, қырғыз, татар, өзбек, Солтүстік Кавказ, Саха және т.б. елдердің өкілдері болды. Онда негізінен үш мәселе қаралды. Терминология, орфография және әліпби. Бұл кезде барлық түркітілдес халықтарды қызықтырған ортақ мәселе – әліпбидің тағдыры еді. Себебі әліпбидің жазудан бөлек, мәдени және қоғамдық маңызы бар екенін қатысушылар жақсы түсінді.

Қазақтың алғашқы мерзімді баспасөздері де, көркем әдеби шығармалары да араб әліпбиімен жарық көрді. Бірақ араб таңбаларының қазақ тілі үшін қолайсыздығы баспасөз бетінде көтеріліп отырды: мысалы, араб әліпбиінде қазақ дауысты дыбыстарын түгел білдіретін таңбалардың жоқтығы, кейбір әріптердің қазақ фонетикасына сай келмейтіндігі, артық немесе жетіспейтін таңбалардың бар екендігі, сондықтан «бұл жазуды қазақ тіліне икемдеу қажет, жоқ таңбаларды қосып, артықтарын алып тастау сияқты жұмыстар жүргізу керек» деген ұсыныстар айтылды. Осы сияқты жайттар араб таңбаларынан түбегейлі бас тартуға әкеп соқтырды.

1929 жылы Орта Азия елдерінде ұлы мәдени төңкеріс басталды. Сол кездің өзінде латын қарпіне көшуге байланысты пікірталас 7-8 жылға созылды. Жаңа әліпбиге алашордашылдар да мейлінше қарсылық танытты. Алаш зиялылары төте жазуды қолдады. Сол жазу арқылы қазақтың мәдениеті, ой-санасы, парасаты қалыптасты деген ұстанымда болды. Өйткені олар әліппені «тап құралы» деп есептеді, «жаңа әліпби халық санасын улайды» деп қауіптенді.

Академик Ө.Айтбаевтың «Тіл¬ғұ¬мырлар» (2014) атты еңбегінде «Ахаң қазақ жазуы дегенде, әу бастан-ақ араб графикасына бейіл береді. Осының өзінде ұлы ойшылдың түбірлі мақсаттары байқалады. Оның мұнысынан кезінде «панисламдық», «арабшылдық» сарын іздеп сарсылғандар болды. Тіпті кінәлады да, айыптады да. Сондықтан да ол, ең алдымен, таза ғылыми принципті негізге ала отырып, қазақ жазуын қалыптастырудың алғышарты ретінде: 1) қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ араб таңбаларын әліпбиден алып тастауды; 2) сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекше» деген белгіні енгізуді; 3) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгілеуді, к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни қазіргі ә, і, ү дыбыстарымен айтылатындығын) білдіру үшін сөздің аяғынан дәйекше таңба қоюды ұсынды. Міне, осының бәрі қазақ тілінің әліпбиі өз табиғатына орай түзіліп, тіліміздегі сингармонизм заңына лайықталып жасалуының нәтижесіңде қазақтың төл жазуы қалыптасты» деп түйіндейді.

Сонымен, түркі тілдес халықтар 1924-1929 жылдар арасында латын әліпбиіне көше бастады. «Латын әліпбиін енгізу ерте» деп Мәскеудегі жиналыста ұйғарылғанымен, латын жазуына негізделген қазақ жазуының жобасын Н.Төреқұлов 28 әріп бойынша әзірледі. 1929 жылы Қызылордада Т.Шонанұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұбанов, Е.Д.Поливанов, т.б. қызу талқылаған конференцияда бұл әліпби тағы да жетілдірілді.

Біздің елімізде түркі тілінде сөйлейтін халықтар орыс графикасына негізделген әліпбиіне көшуді қажет деп тауып, Қазақ елі де 1929 жылы латын графикасына көшті. Сонымен, латын таңбаларына негізделген қазақ әліпбиінің құрамында 29 әріп болды. Жаңа енген сөздерді дұрыс жазуға әріптер жеткіліксіз болды. 1940 жылы қабылданған қазіргі қазақ әліпбиін орыс таңбаларына негізделіп жасалды.

1991 жылы әліпби мәселесін ең алғаш Қазақ Ғылым академиясының академигі Әбдуәлі Қайдар көтерген болатын.

Қазақстанда әліпби мәселесіне байланысты қалыптасқан 4 негізгі көзқарас бар.

Бірінші көзқарас: кирилл әліпбиін қолданушылар «ғылыми-әдеби еңбектерден бір сәтте айрылып қаламыз, өйткені оны қолданушылар болмайды» деген пікірді жақтайды.

Екінші көзқарас: араб әліпбиін қолдаушылар шығыс жұртымен қайта табысудың амалы деп есептейді және Ахмет Байтұрсынов қолданған төте жазуды алға тартады.

Үшінші көзқарастағылар көне түркілік жазуды (рунология) аңсап отырған шағын топ «көк түрік жазуын жаңғырту – түркі жұртының түркі әлемі алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс» деп санайды.

Төртінші көзқарасқа келсек, латын әліпбиін жақтап отырған ғылым мен қоғам өкілдері оны өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп санайды.

Өзекті мәселенің мән-жайын салыстыру мақсатында түркітілдес мемле-кеттердің, нақтырақ айтқанда, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркмен¬стан мемлекеттерінің тәжірибелеріне зер салдық. Олай болса, қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын бағамдай отырып, ішкі және сыртқы жағдайды толық ескеріп, әліпбиді қашан, қандай жолдармен ауыстыру керек деген мәселелерге салыстырмалы тұрғыдан тоқталайық.

Түркі халықтарының тілі ұқсас болса да осы кезге дейін әр түрлі әліпбимен жазып жүр. Латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бір ізге түсірілген емес. Бірақ негізінде оңнан солға қарай жазылатын араб әріптеріне қарағанда, кириллица мен латын әріптерінің жүйесі бір. Тек бірқатар әріптердің таңбаларында өзгерістер бар.

Бұл орайда латын әліпбиіне көшкен Түркия, Әзербайжан және Өзбекстанның төмендегі ащы сабақтарын ескермесек болмайды.

1. Күні бүгінге латын әліпбиіне 1928 жылы көшкенмен, әлі де түрік тілінің дыбыстық қорындағы бірқатар дыбыстарды таңбалайтын әріптер түрік әліпби жүйесіне енбей қалған. Өзбекстанда да ондай мәселе бар;

2. Сан ғасырлық араб графикаларына негізделген рухани мұраларын пайдалана алмай отыр;

3. Балалар әдебиеті тапшы;

4. Ғылыми әдебиеттің түгелге дерлігі кирилл графикасында жазылған;

5. Мұғалім дайындау мәселесі өзекті;

6. Жекеменшік мекемелер іс-қағаздарын латын әліпбиіне көшіруге асық-пайды;

7. Өзбекстанда орыс мектептері кирилл жазуын қолданады;

8. Өзбекстанда латын әліпбиінде оқитындар азайған соң, ұлттық баспасөзге (газет-журналдар) де сұраныс азайған. Ол, әсіресе орта жастағылар мен үлкендер арасында қатты байқалған.

Осындай мәселелерді ойға алған¬да Қазақстан латын әліпбиіне көшер болса, кездесуі мүмкін басты қиыншылықтар деп нені атауға болады?

Бірінші – латынға көшкен жағдайда «қалай оқып, қалай жазамыз?» деген пікір. Орыс тілін кириллица әліпбиімен қалдыратын болсақ, мемлекетке де, халыққа да қиыншылық туғызуы мүмкін әрі тиімсіз. Бұл тұрғыдан алғанда, латын әліпбиіне өту үдерісі баяу қозғалары анық.

Екінші – бұрынырақта ақын, қайраткер М.Шаханов айтқан «латынға көшу елді екіге бөледі, тіл, мәдениет жағынан бөлінген қазақтардың жігін онан әрі тереңдетеді» деген пікір бар.

Үшінші – шығармалары кирилл әліп¬биімен шыққан еңбектердің оқылу, зерттелу мәселесі. Кирилл әліпбиі негізінде көне мәдени мұра, ауыз әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазылды. Араб графикасынан латын графикасына, латын графикасынан кирилл әліпбиіне көшкен тұста қоғамның басым көпшілігі сауатсыз еді, сондықтан ол реформалар қоғамның біршама бөлігіне және мәдени мұрамыздың шағын бөлігіне қатысты болды. Бүгін енді халықтың түгелдей сол мәдени мұрадан айырылып қалу қаупін ескертеді.

Бүгінгі компьютер заманында ғаламтор жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бұл әліпби бізге таңсық емес. Латын әріптеріне көшкен уақытта оның іске асуында көп қиыншылық болады деуге негіз жоқ. Өйткені бүгінгі таңда, әсіресе жастар ағылшын тілін білгендіктен, қиналмай оқи да, жаза да біледі. Тіпті қазір ғаламторда, әлеуметтік желілерде олар латын әріптерімен жазып та жүр.

Біз латын әліпбиіне көшер болсақ, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстан сияқты түркітілдес елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың қателіктерін қайталамас үшін үлкен дайын¬дық жұмыстарын жүргізуіміз керек.

Бүгінгі тәуелсіз түркі тілдес мемлекеттер түркітану ғылымында еркін кеңістікте әрекет етіп жатқанымен, оқшаулану, даралану сипаты басым. Сонымен қатар ортақ мұраларды жеке ұлтқа телу, меншіктеу құбылыстары да жоқ емес.

Анық бір мәселе бар – қазақ елі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшері сөзсіз. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Жаңа әліпбиге қашан көшетініміз туралы Президентіміз: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп тура жолды нұсқады.

Бұл жаңғыруда әліпби мәселесі Елбасы тарапынан анық қойылды. Енді тек іске асыру жолдары тезірек қарастырылса құба-құп. Қазақ тілінің әліпби кестесін жасақтаумен іс бітпейді, ең бастысы оны тіл тұтынушыларының оңай да жеңіл қабылдауын қамтитын тетіктер, шаралар қажет. Соның ішінде жаңа әліпбиге негізделген орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерден бастап, қолданушыға қажетті барлық ресурстар қолда боларлықтай әлеуетті әзірлеу де басты міндеттерге жатады.


Баға беріңіз