Аяққа тапталған тіліміздің абыройын аяқ киім сататын дүкен аспандатып отыр

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ АЯҚ КИІМ ДҮКЕНІ - «SMAN» Тәуелсіздік алғалы бері өз мәдениетіміз бен тілімізді алдыңғы қатарға қойып, өзіміз би өзіміз қожа бола алмай жүргеніміз бәріне айқын....
Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 мамыр, 2017

Егер Алматы қаласында мемлекеттік органдарды есепке алмағанда, сауда орындарынан мемлекеттік тілде жоғары деңгейде қызмет көрсете алатын жалғыз дүкен бар десек , біз қайғырамыз ба? Әлде таңғалып, оған қуанамыз ба? Әрине, тіліміздің кенде қалып отырғанын осыдан-ақ байқауға болады.

Бұл Алматыдағы «Мega, Dostyk Plaza» сынды ойын-сауық және сауда орталықтарында орналасқан аяқ-киім дүкені. Айтайын деп отырғаным аяқ киім жайында емес, олардың қызмет көрсету ерекшеліктері жайында. Өзім бұл дүкенде бірнеше рет болдым. Кез-келген адамның таңданысын туғызатын жайт - дүкеннің қызметкерлері. Әр жолы барғаныңда олардың қазақ тілінде, тамаша ырғақпен сатып алушыларды өздеріне баурап алатындықтары көңілімді бір марқайтып тастайтын. Журналист ретінде осыны бір жазсам, өзгелерге үлгі болса деген ниет көп уақыттан бері ойымда жүрді. Міне, сәті түсіп, сұхбат алуға барып қайттым.

Жалпы ұжымның айтуы бойынша, бұл дүкен осыдан 3 жыл бұрын өз жұмысын бастаған екен. Дүкеннің «Mega centre» ойын сауық орталығындағы Бекарыс Абайұлы есімді қызметкерімен сұхбаттастық.

Сіздердің мемлекеттік тілге баса назар аударуларыңызға не себеп? Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан біз оны бірінші орынға қоямыз. Себебі ұлтымыз қазақ болғандықтан, осы елдің азаматы болғандықтан бұл біздің парызымыз.

Осы дүкеннің Алматыдағы барлық бөлімшелерінде осылай қызмет көрсетіледі ме?

Иә, біз жұмысқа қызметкер қабылдайтын кезде, ең басты назар аударатын талабымыз ол тіл тазалығы. Біздің басшылықтың талабы осы. Яғни жұмысқа қос тілді өте жоғарғы деңгейде меңгерген азаматтар алынады.

Сіздер тек барлық ұлт өкілдеріне де осылай қызмет көрсетесіздер ме?

Бізге келген клиент қазақ болса, біз оның орыс тілді екеніне қарамастан барынша қазақ тілінде қызмет көрсетуге тырысамыз. Ал егер түсінбей бара жатса, орыс тіліне көшуімізге тура келеді. Біз барынша қазақ тілінің туын биік ұстауға тырысамыз.

«SMAN» брендінің аяқ киімдері қай елде тігіледі, әлде отандық өнім бе?

Біз бұл аяқ киімдерді Түркиядан әкелеміз. Ал Сман дегеніміз ол өзіміздің қазақи есім. Біздің аяқ киімнің сапасы өте жоғары, және сиыр, қой терісінен тігіледі. Бұл терінің түрлері организмге зиян келтірмейді. Ал табанына келер болсақ, Италияда тігілетін аяқ киім табандары біздің аяқ киімдерде де қолданылған. Бағасы салыстырмалы тұрғыда, өзге брендтерден әлдеқайда арзан. Біздегі ортақ баға 25-30 мыңның аралығында. Мұндай сапа үшін бұл әрине қол жетімді.

Сіздер осылай қызмет көрсетіп, дүйім жұртты өздеріңізге баурап келесіздер. Сіздерге қарап бой түзеп, осылай мемлекеттік тілге көңіл бөліп жатқандар бар ма?

Әрине, бізге көптеген елге танымал тұлғалар келіп жатады. Еститініміз көп компаниялар өз қызметкерлеріне «SMAN-ның» жігіттерінен үйреніңдер деп, бізді үлгі етіп отыратын көрінеді. Бұл әрине, қуанарлық нәтиже. Тіпті, кейбір клиенттер аяқ киім алмаса да бізбен сөйлесіп, қызметімізді тамашалап кетуге құмар. Қазақ тілі – өте көркем ырғақты тіл. Меніңше, қазір қоғамда тілді дұрыс пайдалана алмағандықтан оның қадір-қасиетін бағалай алмай жатырмыз. Әр тілді өз кемелінде көркемдеп сөйлесе, ол тыңдаушының құлағына жағары сөзсіз. Біз ана тілімізде дұрыс сөйлей білу керекпіз.

Сіздерге табыс, еңбектеріңізге берекет, әрдайым қазақ тілінің абыройын асқақтатып жүре берулеріңізге тілектеспін.



Баға беріңіз