Пунктуацияның коммуникация үдерісіне әсері

Соңғы жылдары тіл біліміндегі зерттеулерде тілдік және тілдік емес құралдардың қызметі, олардың түрлі функционалды-стильдік сипатты мәтіндердегі коммуникативті-прагматикалық әлеуетіне ерекше мән бе...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 мамыр, 2017

Лингвистикалық зерттеулердің жаңа ғылыми парадигмаларға бет бұруы тілдік қатынас барысында коммуниканттардың қосымша семиотикалық жүйелерге иек артуын арнайы зерттеуді қажет етеді. Сол себепті тілдің қызметі, адамның сөйлеу-ойлау ерекшеліктері туралы қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан үңіле түсу керек. Лингвистикалық парадигманың антропоөзектілігі лингвистикалық концепцияларды қайта қарап, бірқатар шеткері (перифериядағы) құбылыстарға қызығушылықты арттырып отыр. ХХ ғасырдағы тіл білімінің дамуы тіл жүйесіне сәйкес келетін, яғни тілдік кодтың міндетті талаптары сақталған дұрыс құрылымдарды сипаттауға негізделсе, қазіргі кезде, керісінше, тіл жүйесіне сәйкес келе бермейтін, оқырман санасында қалыптасқан кодқа кереғар ерекшеліктерге ерекше мән берілуде. Яғни коммуниканттардың тілдік қатынасы жан-жақты сипаттала бастады. Бұл бағыт әсіресе когнитивті лингвистика, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, паралингвистика салаларында қарқынды сипат алып келеді.

Тыныс белгі жазу қажеттілігін өтеу үшін кейінірек пайда болған. Ол мәтіннің синтаксистік, логика-грамматикалық, интонациялық, коммуникативті-прагматикалық қажетін өтейді. Мәтіндегі тыныс белгілердің қызметі автордың өз ойын жеткізудегі жаңа ізденістерімен, коммуникативті-прагматикалық міндеттерімен ғана шектелмейді, сондай-ақ тілдік жүйенің өзіндік эволюциялық үдерістерімен де тығыз байланысты болады. Пунктуациядағы өзгерістер тілдік жүйедегі үдерістермен, тілдік тұлғаның араласуымен жүзеге асады. Профессор Ф.Оразбаева қазіргі кезде коммуниканттардың өзара сөйлесу, пікір алысудағы қызметіне ерекше мән берілетінін ескерте келіп, тілдік қатынасты «сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу, қарым-қатынас жасау дегенді білдіре келіп, адамның екінші біреуге жеткізейін деген ойын жарыққа шығаруды көздейтін; қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түпқазығы» ретінде сипаттайды [1].

Ғалым тілдік қатынаста хабарды жүзеге асырушылар, хабарға тікелей қатысушылардың орны ерекше екенін айта келіп, оны белгілі бір ақпаратты, деректі хабарлайтын баяншы, ақпаратты жеткізетін бірліктер, ақпаратты не деректі – қабылдаушы деп жіктейді:

«Баяншы – сыртқы объективті әсерді, өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі тілдік амал-құралдардың, бірліктердің көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік қарым-қатынасқа түсуші.

Бірліктер – хабарлаушыдан шыққан дерек туралы басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер.

Қабылдаушы – белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мәнін тілдік бірліктер арқылы түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасына өткізіп ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты ары қарай іске асырушы.

Баяншыға да, қабылдаушыға да – бәріне ортақ әрекет – байланыс, қатынас. Ал байланыс, тілдік қатынас тіл арқылы жүзеге асады. Адамдар арасындағы өзара байланыс болмаса, сөйлесім әрекеті де жүзеге аспайды. Байланыс – тілдік қатынастың негізін жасайтын, оны іске асырушы өзек, адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынастың қажетті шарты. Баяндау мен қабылдау үрдістері тілдік қатынастың барлығына тән [1, 229-б.].

Пунктуация жазба тілдің дамуына сәйкес әрі баяншының діттеміне байланысты өзгеріп, толығып отырады. Е.В.Падучева баяншының сөйленім субъекті, дейксис субъекті, сана субъекті, бақылаушы ретінде түрлі қызмет атқаратынын айтады [2,33-34-бб.]. Мәтіннің қандай болып шығуы авторға (баяншыға) байланысты болғанмен, автор да белгілі бір деңгейде мәтінге тәуелді болады. Мәтін ақпаратты жеткізіп қана қоймай, қабылдаушыға әсер етуі де керек. Сондықтан баяншы сол қоғамда қолданылып жүрген тілдік құралдарды пайдалана отырып, ойын мақсатына сәйкес жеткізуге тырысады. Мәтін авторы, баяншы тілде бұрыннан бар, қолданылып жүрген тілдік құралдар қорын пайдаланумен қатар өз ойын жеткізу үшін тыныс белгілерді мақсатына сәйкес түрлендіре отырып қолдануы мүмкін. Бұл орайда вербалды және бейвербалды құралдардың көмегімен кодқа салынған ақпаратты, яғни түзілген мәтінді дұрыс қабылдайтын, яғни кодты дұрыс түсіне білетін қабылдаушының да орны бөлек. Яғни сөйлеушінің ойын дұрыс жеткізуі ғана емес, тыңдаушының оны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдауының да коммуникация үшін маңызы ерекше. Коммуникация сәтті болуы үшін сөйленім әрекетінің субъектілері – сөйлеуші мен тыңдаушы, қабылдаушы атадан балаға беріліп отыратын кодтарды меңгеріп қана қоймай, дұрыс қолдана білуі қажет [3,18-б.].

Коммуникация сәтті болуы үшін баяншы мен қабылдаушы бірдей коммуникативтік құралдарды қолданып қана қоймай, сонымен қатар сол құралдың білдіретін мәнін түсінуі керек. Тыныс белгілердің қойылуын дұрыс түсіне білген оқырман мәтінді түсінумен қатар одан эстетикалық әсер де алады. Авторлық пунктуацияны терең түсіне білген оқырман жазушының діттемін, айтайын деген ойын анық байқайды. Академик Рәбиға Сыздық: «Адамдар айтайын деген ойын бір-біріне ауызша да, жазба түрде де жеткізе алады, орфография немесе емле, дұрыс жазу қағидаларын белгілейді. Ал дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты – айтылмақ ойды жазба түрде дәл, айқын жеткізіп беру. Әдетте жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына арналады. Сондықтан емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс. Емле ережелерінің тиянақсыздығы жазатын адамға үлкен қиындық келтіреді. Белгілі бір сөздер мен сез тіркестерінің жазылуы бір ізге түспеген болса, ең сауатты адамның өзі толқып, қиналады», – деп жазады [4, 29-б.].

Тыныс белгілер жиі қолданылуының нәтижесінде өзіндік мәнге, қызметке ие болады. Әрқайсысының атқаратын қызметіне сәйкес тыныс белгілер көпшілік сипат алып, жалпыхалықтық қолданысқа түседі. Мәтін мазмұнын жеткізу үшін баяншы түрлі тәсілді қолданады. Тілдік тұлға ойын дұрыс жеткізу үшін сол қоғамда нормаға айналған (қалыптанған) ережелерге сүйенуіне тура келеді. Сонда ғана баяншы мен қабылдаушының арасындағы түсіністікке қол жеткізуге болады. «Норма деп тану үшін «әлеуметтік бағалау», яғни сол тілде сөйлейтін қалың жұртшылықтың «дұрыс не дұрыс емес, жағымды, әсем не жағымсыз, орынды не орынсыз» деген танымы, бағасы болуы керек. Нормалылық танымына тұрақтылық (стабильность), дәстүрлілік, көпшілікке біршама ортақтық белгілер де кіреді. Бұлар – тілдегі нормалылықтың әлеуметтік категория ретіндегі белгісі. Сөйтіп, жүйелілік, реттілік болып танылатын норма – тілдің барлық көрінісінде, яғни қолданысының барлық түрінде орын алатын тілдік, әлеуметтік категория. Тілдік норма дегеніміз – көпшіліктің қатынас құралы ретіндегі тілдің қолданысында оның әлдеқайда орныққан, дәстүрлі құралдары, амал-тәсілдері, тәртіптері; норма – тіл-тілдің қай-қайсысының да даму (қызмет ету) кезеңдерінің баршасына тән құбылыс» [4,37-б.].

Пунктуация мәтінді белгілі бір бөліктерге жіктеп, мағынаны жеткізу үшін қажетті құрал ретінде тілдің графикалық жүйесіне енді. Пунктуация ақпараттың вербалды бөлігімен бірге қолданыла отырып, өзіндік ақпарат жеткізе алады. Мысалы: Жаным-ау, мына Құдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі, әлі боран! Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау сорлыны! – деп уайым айтып, ұзын қара сақалын ұстап Базаралы ойлана қалды (М.Әуезов, Шығ.). – Тоқтатпашы көшті, тоқтатпа!.. Әй-й, салды балақ сасық күң-ай! Сенің шашыңды жұлмасам ба! – деп ойбай салды (Ж.Аймауытов, Шығ.). Берілген мысалдарда тыныс белгілер кейіпкердің мінезін, күйзелісін, болмысын аша түсуде өзіндік қызмет атқарып тұр. Тыныс белгі болмаса не дұрыс қойылмаса, мәтінді түсіну де қиынға соғар еді.

Тыныс белгілердің қызметі мәтінде айқын көрінеді. Себебі мәнмәтіннен, мәтін синтагматикасынан тыс тыныс белгінің ерекшелігін айқындау мүмкін емес. Тыныс белгілер мәтіннің дұрыс жеткізілу, дұрыс қабылдануы үшін қызмет етеді. Мысалы: Көкшетаудың табиғаты қандай еді деген сөйлемнің соңына леп белгісі не сұрақ белгісінің қойылуы сөйлемнің мағынасын түрліше ұғынуға негіз болады. Сұрақ белгісі қойылса, нақты сұрақ, яғни Көкшетаудың табиғаты туралы сұрау түрінде болса, леп белгісі қойылған жағдайда Көкшетаудың табиғатын еске алып, сүйсіну, табиғаттың көркемдігіне тәнті болу мәнінде ұғынылады. Ешқандай тыныс белгі қойылмаған жағдайда сөйлемнің мағынасын айыру қиынға соғады. Сондықтан тыныс белгілер мәтінтүзуші қызмет атқарады деп айтуға толық негіз бар. Себебі тыныс белгі стильтүзуші құрал ретінде автордың өз ойын дұрыс жеткізуіне, оқырманға әсерлі болуына қызмет етеді. Яғни тыныс белгілер – автордың коммуникативті діттеміне сәйкес тілдің өзіндік заңдылықтары бойынша қолданылатын жүйелі түзілім. Тыныс белгілердің жалпы қызметі – коммуникативті міндетті өтеу, нақты қызметі белгілі бір сөйлеу әрекетінде көрініс табады.

Пунктуация мәтінді белгілі бір бөліктерге жіктеп, мағынаны жеткізу үшін қажетті құрал ретінде тілдің графикалық жүйесіне енді. Пунктуация ақпараттың вербалды бөлігімен бірге қолданыла отырып, өзіндік ақпарат жеткізе алады. Мысалы: Жаным-ау, мына Құдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі, әлі боран! Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау сорлыны! – деп уайым айтып, ұзын қара сақалын ұстап Базаралы ойлана қалды (М.Әуезов, Шығ.). – Тоқтатпашы көшті, тоқтатпа!.. Әй-й, салды балақ сасық күң-ай! Сенің шашыңды жұлмасам ба! – деп ойбай салды (Ж.Аймауытов, Шығ.). Берілген мысалдарда тыныс белгілер кейіпкердің мінезін, күйзелісін, болмысын аша түсуде өзіндік қызмет атқарып тұр. Тыныс белгі болмаса не дұрыс қойылмаса, мәтінді түсіну де қиынға соғар еді.

Тыныс белгілердің қызметі мәтінде айқын көрінеді. Себебі мәнмәтіннен, мәтін синтагматикасынан тыс тыныс белгінің ерекшелігін айқындау мүмкін емес. Тыныс белгілер мәтіннің дұрыс жеткізілу, дұрыс қабылдануы үшін қызмет етеді. Мысалы: Көкшетаудың табиғаты қандай еді деген сөйлемнің соңына леп белгісі не сұрақ белгісінің қойылуы сөйлемнің мағынасын түрліше ұғынуға негіз болады. Сұрақ белгісі қойылса, нақты сұрақ, яғни Көкшетаудың табиғаты туралы сұрау түрінде болса, леп белгісі қойылған жағдайда Көкшетаудың табиғатын еске алып, сүйсіну, табиғаттың көркемдігіне тәнті болу мәнінде ұғынылады. Ешқандай тыныс белгі қойылмаған жағдайда сөйлемнің мағынасын айыру қиынға соғады. Сондықтан тыныс белгілер мәтінтүзуші қызмет атқарады деп айтуға толық негіз бар. Себебі тыныс белгі стильтүзуші құрал ретінде автордың өз ойын дұрыс жеткізуіне, оқырманға әсерлі болуына қызмет етеді. Яғни тыныс белгілер – автордың коммуникативті діттеміне сәйкес тілдің өзіндік заңдылықтары бойынша қолданылатын жүйелі түзілім.

Қазіргі пунктуацияның тәжірибесінде «пунктуациялық норма» термині тар мағынада, яғни тек тыныс белгілердің қолданысы ретінде қалып қоймайды, одан да кеңірек түсіндіріледі. Пунктуациялық норма сөйлеу нормасымен/мәтін ішіндегі ойдың жүйелілігімен сәйкесетін тұстары жиі орын алады. Яғни жалаң күйдегі сөйлемдердегі тыныс белгілердің қолданысы мен қызметін зерттеу өткен ғасырда орын алған, қазіргі таңда пунктуациялық нормаға көшу дегеніміз мәтіндегі немесе сөйлеу тіліндегі коммуникативті-прагматикалық нормадағы тілдік бірліктердің қолданысы. Мәтіннің өте күрделі тілдік құрылым екендігін білеміз. Оны айқындайтын басты белгілері – жүйелілік және тұтастық. Мәтіннің тұтастық категориясы мәтінді ұғынып, оның мәнін түсінгенде ғана пайда болып, логикалық жағымен тығыз байланысты болса, жүйелілігі күрделі бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі әдіс-тәсілдермен ұйымдасуынан көрінеді. Коммуникативті-прагматикалық норма дегеніміз белгілі бір қоғамдағы коммуниканттардың түрлі тілдік жағдаяттағы сөйлесімді құрайтын түрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің құрылымы. Тілдік норма әр деңгейдегі тілдік бірліктердің өзара тіркесім қабілетін белгілесе, сөйлеу нормасы нақты бір уақыт кесіндісінде сөйлеу жағдаятында қалыптасады. Яғни сөйлеу тіліне коммуникативті-прагматикалық нормалар тән болып келеді. Сөйлеу жағдаятына байланысты тіл бірліктерін таңдау ережелері болады. Мұндай нормалар тіл үйренушілер арасындағы қарым-қатынас үстінде, тіл меңгеру барысында қалыптасады. Тіл үйренуші санасында аталған нормалар тәрбие, тәжірибе, білімнің арқасында қалыптасып, қабылданып, сөйлеу жағдаятының түріне қарай, сөйлеуші қажеттілігіне қарай қолданысқа түседі. Осы көрсетілген нормалар (коммуникативті, тілдік, прагматикалық пункцтуациялық) сөйлеуде бір жүйеге түсіп белгілі бір коммуникативті жағдаяттағы әлеуметтік болмысы анықтала түсті. Қарым-қатынас барысында тілдің көбіне прагматикалық қызметіне мән беріледі. Ауызекі қатысым барысындағы әрбір сөйлесімнің ықпал ету күші адресат факторымен қатаң түрде санасуы керек. Қатысым орнатудың сәттілігі коммуникативті-прагматикалық нормаларды сақтауға да көп байланысты. Өйткені қатысым нақты коммуникативті жағдаят, әңгімелесушілердің интенциясы мен ниетін негіздейтін үйлесімді тілдік амалдарды таңдау, әңгімелесушілердің ара қатынасы, жеке сөйлеу дағдылары мен қатысым жағдайы арқылы реттеліп отырады. Коммуникативті жағдаятқа мынадай белгілер тән: белгілі бір әлеуметтік орта, оның белгілері, коммуниканттардың өзіндік мінез-құлқы, сөйлесу барысындағы көпшілікке қарап айтылған тілдік/тілдік амал-тәсілдер қатары; сөйлесетін ортақ тақырыптың атауы, ондағы тыңдаушы мен айтушының арасындағы әлеуметтік, қоғамдық, мәдени-тұрмыстық аясының теңдігі; қатысымға қатысушылардың мақсаты мен уәжі коммуникативтік жағдаяттың компоненттерімен тығыз байланысты болып келеді.

Тыныс белгілер – барлық тілге тән әмбебап құбылыс. Олардың қолданысын жете түсінген жағдайда ғана адресант пен адресат ортақ мақсатқа қол жеткізе алады. Жазбаша қатынастың қажетін өтейтін пунктуация мәтінді оқушыға жазушының ойындағыдай етіп жеткізу үшін қызмет етеді. Пунктуациялық нормалардың қалыптануы (кодификациялануы) нәтижесінде тыныс белгілердің негізгі ерекшелігі, синтаксистік құрылымдардағы қолданысы айқындалды. Алайда құрылымды нақтылап, мазмұнды егжей-тегжейлі түсіну үшін тыныс белгілерінің қойылу ережелерін білу жеткіліксіз. Әрбір белгінің қасиеті мен сапасын білу үшін оның пайда болу, даму, кемелдену жолына назар аударған жөн. Пунктуацияның функционалды аспектісі мәтіндегі тыныс белгілер қойылысының пунктуациялық нормалармен қаншалықты сәйкес келетінін, автор (адресант) қолданысы мен оқырман (адресат) қабылдау деңгейін сипаттауға мүмкіндік береді.

Әдебиеттер:

1 Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: Ан Арыс, 2009. – 368 б.

2 Падучева Е.В. Говорящий как наблюдатель: об одной возможности применения лингвистики в поэтике //Известия РАН. Серия литературы и языка. – 1993. – № 3. – С.33-44.

3 Жұбаева О. Қазақ тілінің когнитивті грамматикасы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. – 392 б.

4 Сыздықова Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Алматы: Елшежіре, 2014. – 290 б.


Баға беріңіз