Екінші шет тілін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері

Тіл - адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілмен сөйлесу адамзат баласы үшін тысқары бір дүние емес, ол ішкі құбылыс. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. А...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 мамыр, 2017

Тіл - адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілмен сөйлесу адамзат баласы үшін тысқары бір дүние емес, ол ішкі құбылыс. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Ал өзге тілді үйрету әдісі үнемі заман талабына, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады.

Түрік тілін өзге ұлт студенттеріне оқыту әдістемесі жалпы дидактиканың теориясына негізделеді. Дидактика оқытудың міндеттері мен мазмұнын ашатын, білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеру процесін суреттейтін, оқытуды ұйымдастыру ұстанымдарын, әдістерін және формаларын сипаттайтын, оқыту мен білім беру мәселелерін жасайтын педагогиканың құрамдас бөлігін құрайды. Түрік тілі пәнінің фонетика, лексика, морфология, синтаксис салалары бойынша білімгерлерге дәріс жүргізіледі. Осы граматикалық негізде білімгерлер теориялық білім мен шыңдала түсетіндігі де анық.

Оқыту процесі қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайлармен, адамдардың әрекеттері және тіршілік қажеттіліктерімен, қазіргі таңдағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерімен және күн сайын артып отырған оқушы тұлғасына қойылатын талаптармен де терминделеді. Оқыту процесі терең, берік және дәл білім алуға ұмтылған студенттердің таным жолындағы қимылына байланысты. Оқыту процесі – бұл оқытушы мен студенттердің мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында студенттерге білім беру міндеттерін шешу. Оқыту процесі – тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі. Оқыту екі жақты процесс, онда оқытушы мен студенттердің ынтымақтастық іс-әрекеттері жүзеге асырылады.

Интерактивті оқытуда сабақ өткізу кезінде мұғалім кеңесші, серіктес рөлін атқарады. Ал топ белсенді түрде әрекет ете отырып бірін-бірі қолдау толықтыру арқылы сұхбат құруға үйренеді. Екі оқушының сұхбатына үшіншісі де араласа алады. Ол қарсы топтың оқушысы да болуы мүмкін. Қарсы топтан болғандықтан ол сұхбатқа өзінің сұрағымен немесе екі оқушының сұхбатында айтылмаған тақырыпқа қатысты тың дерегімен де кіре алады. Мұны полилог дейді. Бұл білім алуды жеделдетеді және кездескен қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Интерактивтік әдісі – оқыту әдісінің өзара қатынасқа батып кетуі (оқушы белсенділігінің мұғалім белсенділігінен жоғары болуы). Интерактивті әдіс – мұғалім мен оқушының қарым-қатынасының мейлінше артуы. Бүгінгі таңда жаңа технологияның әдіс-тәсілдері топтамасына дендеп енген интерактивтік оқыту әдіскер ғылымдардың назарын өзіне барынша аударып отыр. Себебі бұл әдіс оқушының бойында төмендегідей әдет дағдыларды қалыптастырады.

* оқушы өзін-өзі батыл, еркін сезінеді. Үйреніп жатқан пәнге деген қызығушылығы артады. Яғни, өз қажеттілігі үшін үйренуге ынтасы артады;

* өзіне бөлінген тақырып бойынша сөйлеу барысында ойлануға, ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге тіпті өзінің бүкіл түйсігін, сезімін белгілі бір мәселеге жұмылдыруға үйренеді;

* оқушылар топ болып, жұп болып әрекет етуге үйренеді;

Бұл тәсілмен өткізілген сабақта мұғалім әр оқушыға жеке көңіл бөле алады. Себебі әрбір оқушының жеке өзіне ғана бөлінген тапсырмасы болады. Мұнда әр оқушы өз жұмысының нәтижелі болуын көздейді. Сөйте тұра олар топ болып, жұп болып жұмыс істейтіндіктен бірлескен әрекеттерінің де жеткілікті болуын мақсат етеді. Сондықтан білімі төмен оқушылар озат оқушылардан кей жерлерде тапсырманың орындалу барысынан көмек алса, ал озат оқушылар топтың әрекетте артта қалмауы үшін серіктесіне көмек береді. Осылайша интерактивті оқыту оқушыларды мәселені бірігіп шешуге үйретеді. Бірігіп жұмыс істеу әрі жеңіл, әрі қызық, әрі тиімді.

Педагогикалық технология өзіне әр түрлі ғылыммен тәжірибенің әр саласында тараған мамандандыру технологияларын біріктіре алады, оларға жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық оқулықтар және т.б. жатады. Оқыту технологиясы – бұл жақын ұғым, бірақ “педагогикалық технологиямен тепе-тең келмейді, өйткені ол педагогикалық технология таңдаған мәселелер, тақырып, пәндерге белгілі шеңберде нақты түсініктерді игерудің жолдарын көрсетеді.” Оқыту технологиясы вариативті және жеке әдістермен туыстас болып келеді. “Оқыту технологиясы” ұғымын алғаш рет педагогика ғылымына егізген А.Макаренко, қазір бұл ұғым оқу-тәрбие үрдісінде кеңінен қолданып жүр. Ал “педагогикалық технология” ұғымына алғаш рет жүйелі зерттеу жүргізген Т.Ильина.

Б.Лехачев “педагогикалық технология” оқу әдістері мен тәсілдерін анықтайтын арнаулы құралдар жиынтығы деп жазса, Г. Селевконың түсініктерінде “педагогикалық технология” үш түрлі аспектілермен көрсетіледі.

* оқыту әдістері мен педагогикалық әдістерді жобалау және мазмұндау мақсаттарын талдайтын әрі зерттейтін педагогикалық ғылымның бір бөлігі;

* оқытудың жоспарланған нәтижеге жету көздері мен әдістері;

* педагогикалық құралдар мен әдістемелік, аспаптық, технологиялық үрдістерді жүзеге асыру.

Г.Селевконың “қазіргі заманғы білім беру технологиясы” кітабында білім беру технологияларын кең түрде қарастырған. Атап айтқанда, олар төмендегідей:

* жеке басты педагогикалық үрдістерге бейімдеу;

* материалдарды қайта жасаумен дидактикалық жетілдіру;

* жеке пәндердің педагогикалық технологиясы;

* табиғаттану технологиясы:

* баламалы технологиялар;

* білімгерлердің белсенділіктері мен шығармашылықтарына негізделген педагогикалық технология;

* оқу үрдістерін ұйымдастыру және басқару тиімділіктері негізіндегі педагогикалық технология.

Жоғарыда айтылған тұжырымдарға сүйенсек, жаңа педагогикалық технология ұғымы белгісіз, жаңа оқыту амалдары, іс-әрекеттерінен ізденуді, білім мен тәрбие берудегі ғылымның нәтижеге қол жеткізуі, жаңа ізденістерді тиімді пайдалану, сол арқылы жоғарғы көрсеткіштерге жету деген сөз.

Қазіргі таңда оқыту технологиясы туралы екі пікір қалыптасып отыр. Бірінші, “технология-өнер,шеберлік”деген ұғымның синонимі ретінде аталады, яғни, «педагогикалық шеберлік» деген ұғымды білдірсе, екіншіден, “білім беру ісін технологияландыру, сол арқылы жоғары сапалы өнім алу, ғылым мен өнердің синтезі” деген мағынаны білдіреді. Өндірістегі технология сапалы, жаңа бір нәрсе жасап шығаруды нақты мақсат етіп соған жақсы материал, шикізат іздейді, оның жобасын конструкциясын жасайды, жоғары сапалы құрал-жабдықтарын әзірлейді. Ал педагогикалық технология үшін баланың жеке бас ерекшелігін білу, білімді соған қарай бағыттай беру – ең басты мәселе. Білімді тұлғаға қарай бағыттау, белсенді, жан жақты дамыған, өзіне сенетін, өмірге икемді тұлға қалыптастыру болып табылады.

Жаңа педагогикалық технологияларды қолданысқа енгізуде оқу-тәрбие үрдісінің қолайлылық жағдайын туғызу, оның базалық қорын жасау – жұмыс сапасының негізі болып табылады.

Осы технологиялардың ішіндегі қарқынды оқыту технологиясы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Қарқынды оқыту технологиясы – тілдерді оқытып – үйретуде алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін, нәтижелілігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл технология – берілген уақыт мөлшерінде үлкен табыстарға қол жеткізе отырып, білімгерлердің шығармашылық қабілетін жетілдіруге, кәсіби шеберлігін шыңдауға негізделген.

Қорыта келе, жалпы дидактикалық ұстанымдардың барлығы түрік тілін модуль арқылы оқыту ұстанымдарымен өзара тығыз байланысқан. Түрік тілін модуль арқылы оқыту - жаңа іргелі әдістемелік жүйе. Түрік тілін модуль арқылы оқыту ұстанымдарының ерекшелігі, олар жалпы дидактикалық ұстанымдардың жүзеге асу жолдарын нақтылайды.

Оқыту технологияларын сабақта тиімді қолдану білімгерлердің білім сапасын арттырып қана қоймайды, оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға өз әсерін тигізеді. Тек олардың ерекшеліктеріне мән-мағынасына қарай таңдап, қолдана білсек, ұтарымыз көп.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жақсылықова К. Қазақ тілін орыс тілі бөлімдерінде модульмен оқытудың ғылыми теориялық негіздері. Алматы. 2000

2. “Қазақстан мектебі” журналы, №5 2003ж. 34-б.

3. К.Ж. Бұзаубақова “Жаңа педагогикалық технология” Тараз 2003

4. Б.А.Тұрғынбаева “Дамытуда оқыту технологиялары” Алматы 2000

5. М.В. Кларин “Интерактивные обучение – инструмент освоении нового опыта” Педагогика 2000 № 7


Баға беріңіз